Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 7143 24 пікір 24 Мамыр, 2019 сағат 12:38

Қазақ жастары енді Ресейге барып шерулетпек пе?

Қазақстандық ерікті жастар келер жылы Ресейде өтетін Жеңістің 75 жылдығына арналған шеруге қатыспақ. Аталған шараға  “Жеңіс волонтерлері” қоғамдық қозғалысы орталық штабының төрайымы Ольга Амельченкова шақырған көрінеді.

21-мамыр күні  Президент жұмысын уақытша атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайға барды. Сол сапарында Қ.Тоқаев Қазақстан-Ресей жастарының форумына қатысты. Аталған форумға екі елдің екі мыңнан астам белсенді жастары жиналған. Жиын барысында, Ольга ханым Ресей волонтерлерінің жұмыстарымен таныстырып, келер жылы болатын Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл толуына орай өтетін бірқатар шаралармен таныстырған. Сондай-ақ, “Біздің қоғамдық қозғалыстың ұраны - соғысты енді болдырмау. Сол мақсатта Жеңістің 75 жылдығына орай әр елдің волонтерлерін жинамақпыз. Осы шараға қазақстандық жастарды да шақырамыз” деді О.Амельченкова.

Ольга ханымның бұл ұсынысын Қ.Тоқаев толығымен қолдайтынын айтқан. Сөйтіп, қазақ жастары келер жылы Мәскеуде өтетін “Жеңіс шеруіне” қатыспақ.

Біріншіден, Екінші дүниежүзілік соғыс – Сталин мен Гитлердің ортақ қылмысы екенін бүкіл әлем біледі. Демек, соғыста жеңімпаз болмайды. Ал, қазіргі Ресейдің жалаулатып жүрген “Ұлы Жеңіс” дейтін сөздері жай ғана олардың идеологиялық саясаты.  Мұны қазақ жастары түсіну керек.

Екіншіден, Амельченкованың әлеуметтік желідегі парақшасын қарап отырып, байқағанымыз –  Ресейдегі “Бессмертный полк” шеруінің белсенді өкілі. Яғни, парақшасынан бізге бөтен “Георгий лентасын” тағып, мәз болып жүрген бала-шаға мен жастарды, орта буын мен қарттарды көресіз. Ал, “Георгий лентасы” туралы белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы:  "Георгий лентасы" 9 мамырға еш қатысы жоқтығы баяғыдан белгілі. Шын мәнісінде ол сепаратизм мен отаршылдықтың нышаны. Оны дәріптеу арқылы Кремль өлген "халықтар түрмесін" қайта тірілткісі келетіні жасырын емес. Ендеше бұл лентаны елімізде дәріптеуші мемлекеттік қызметкерлер жауапқа тартылу керек. Себебі бұл - еліміздің бірлігі мен тәуелсіздігіне жасалған қастандық”, - деген болатын. Демек, сол кішкентай лентаның да астарында үлкен саясат жатыр деген сөз.

(Сурет Ольга Амельченконың әлеуметтік желідегі парақшасынан)

Үшіншіден, жастардың санасына соғысты мейрам секілді сіңіру дұрыс емес. Шын мәнінде, ол соғыстың ашылмай жатқан құпиясы көп-ақ. Оның үстіне Ресей Президенті Екінші дүниежүзілік соғыс құжаттарын 2040 жылға дейін ашпауды қатаң тапсырғаны туралы осы уақытқа дейін де айтқан болатынбыз.  Демек, бұл соғыстағы Сталиннің қылмысы Гитлерлік саясаттан артық болмаса еш кем болмаған деген сөз. Ал, Путин Сталиннің сол қылмысын жасырып отыр.

Әрине, соғыста шейіт кеткен аталарға дұға жасап, тағзым ету парызымыз. Бірақ, шынайы жүректен істелуі тиіс сол рәсімді неге Ресейдің лас идеологиясымен жалаулатамыз? Сол белсенді жастарды неге Алаш арыстарын ардақтап, солардың ісінен үлгі алуға насихаттамайды? Қазақ жастары неге сол Алаштықтарды қасақана қырған Сталинді дәріптеу керек? Жастарды ұйытатын ортақ идеология жоқ екен деп, олар Ресей идеологиясының құрбаны бола беру керек пе? Жалпы, мұндай лас технологияға жастарды итеріп қою өте  қауіпті екенін біздің билік неге түсінбейді?

Түйін. Биылғы жыл еліміз үшін ресми түрде  - “Жастар жылы”. Бірақ, бес айдан бері сол жастарды ұлттық идеологияға біріктіретін бірде-бір халықтық жобаны байқай алмадық. Ең болмаса, осы мемлекетті құру жолында Сталиндік репрессияның құрбаны болған Алаш арыстарын жастар санасына дұрыстап насихаттай алмадық. Нәтижесінде, жастардың бір тобы қызыл қырғын жасаған Коммунистік партияның құрамында жүрсе, енді бір тобы Ресей идеологиясының құрбаны болмақ. Сонда, бұл елде жастарға шын жаны ашитын ешкім болмағаны ма?

Нұрбике Бексұлтанқызы 

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371