Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2270 0 пікір 23 Маусым, 2011 сағат 06:00

Әдеттің Қасқыры. Ақымақ әлем жасасын!

(Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың құлағына алтын сырға)

Жартасқа бардым,

Күнде айғай салдым....

Абай

Ха - ха! Бұл менің зығырданым қайнап, ащы запыран шығара ызалана күлгенімнің қағаз бетіне түскендегі түрі. Неге ыза қысып отыр дейсіз ғой жас талапкер, яғни шалақазақ тілімен айтқанда абитуриент, мен айтатын, сен тыңда.

(Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың құлағына алтын сырға)

Жартасқа бардым,

Күнде айғай салдым....

Абай

Ха - ха! Бұл менің зығырданым қайнап, ащы запыран шығара ызалана күлгенімнің қағаз бетіне түскендегі түрі. Неге ыза қысып отыр дейсіз ғой жас талапкер, яғни шалақазақ тілімен айтқанда абитуриент, мен айтатын, сен тыңда.

Оқуға түскін келе ме? Пожалыста, мылқау емтиханға, яғни тест тапсыруға дайын болыңыз. Төрт пәннен 50-ден жоғары ұпай жинасаңыз болғаны ақшаңызды төлеп институт пен университеттердің біріне студент болып қылжия аласыз. Ал, 120 ұпайдан 50 ұпай жинай алмай қалсаңыз тағы да бетіңізден отыңыз шығып ұялып, немесе тауыңыз шағылудың қажеті жоқ. Ондай су миларға да мемлекет қарайласқан. Журналистика, музыка, сурет салу, дене шынықтыру сияқты мамандықтардан шығармашылық емтихан тапсырып «өнерлі» немесе «спортшы» студент атанып шыға келуіңізге әбден болады. Ән деп ән айтпадым, немесе туғалы аяңдағаннан басқа жүгіріп көрмеуім-ау деп қапа жемеңіз. Өзі де бала жинай алмай отырған жоғары оқу орындары сізді, мәртебелі талапкер, аяқ-қолыңызды жерге тигізбей әуелетіп, шығармашылық емтихаңызда ең жоғары 50 ұпайды қоржыныңызға салып береді. Сонымен, «ерінбеген етікші, ұялмаған өлеңшінің» кері келіп  төрт жыл титықтап жүріп қолыңызға журналист, музыкант, спортшы, суретші деген диплом алып шығасыз. Қалған мамандықтар да осының ар жақ бер жағы. Өз атын дұрыс жаза алмаса да ақы төлеп оқитындардың орны бөлек. Ақысын төлесе болды, «алдыңа келсе атаңның құнын кеш» дегендей аудиторияда қалқиып отырғанына тәуба деп келесі курсқа көшіре бересіз. Келесі курс демекші екінші курста студент біткеннің бәрі Мемелекеттік аралық бақылауда (МАБ), шалақазақша айтқанда ПГК-да білімін сынайды. Осындағы білім деңгейі арқылы құрметті біздің министрлік жоғары оқу орындарының білім беру беделін анықтайды. ПГК-дан төмен көрсеткіш көрсеткен білім ордаларының бір жыл бойы көздерге көк шыбын үймелеп, комиссиядан көз ашпайды.

Сол себепті студенттің ПГК тестінен жоғары ұпай жинауына студенттен бұрын оқу  орнының өзі  мүдделі. Жалпы нақты істі көрсетуден жалаң ұран мен жағымсыз әрәкеттерге жақындау басшылық көктемде болатын ПГК-ға сонау қара күзден дайындалады. 2-курстың студенттері анайы «қамқорлыққа» алынып, әлгі тапсыратын төрт пәннің тестіне дайындалуға кіріседі. Заңға томпаң келсе де сабақтан кейін әлгі бейшараларды алып қалып, қинап алты ай бойы тест жаттатады. Бейімбет Майлиннің «Түйебай» әңгімесін оқыған болсаңыз, сондағы надан молданың балаларға сабақ жаттатқанын елестетеді. Бұларды оқытататын мұғалімге де ақы төленбейді. Көнбегендер мына дағдарыс кезінде қаламсабын тістеп көшеде қалары сөзсіз. Несін айтасың арнайы кесте құрылып сабақ жүргізіледі. Мемлекеттік тест тапсыратын «құрметті 2-курстықтарға» көше сыпыру, ағаш егу, концерт кою, қоғамдық жұмыстарға араласу, босанып қалу сияқты жұмыстар мен «сылтауларға» тиым салынады. Сәл-пәл босаңсып, бұрандап жүргендерге құрық салынып, оған көнбей бұлқынғандар мемелекеттік комиссияға дейін оқудан шығарылып, көзі құртылады. Сөйтіп ПГК-ға аман жеткендері көктемде тест тапсырады-ау әйтеуір. Өздері тапсырмайды, тағы бейшара жалақысыз жарты жыл дайындаған пән мұғалімдер көмектеседі. Қалай дейсіз ғой! Қызықтың көкесі міне осында.

Министрлік жіберген төрт-бес комиссияны бірнеше жоғары оқу орындары аяғынан тік тұрып күтіп алады. Ішпегенін ішкізіп, кимегенін кигізіп дегендей бір сөзбен айтқанда аузынан ақ майын ағызып қояды. Тексеруші жақтың  аузын алғаннан кейін өз «барбароссасын» іске қосады.

Тест болатын күні таң сәрі сағат алтыдан тест шеше алады-ау деген білімпаз мұғалімдерді жинап, тасада тұрған қуықтай аудитория, я болмаса қойма, шеберханаға тоғытады. Ол өздерінің тілінде «бункер» деп аталады. Сағат тоғызда тест басталған уақытта алдын-ала сұрыпталып дайындалған кезекші мұғалімдер студенттің алдындағы тест кітапшасын әкеп, әлгі шеберханаға тоғытылған білімпаз мұғалімдерге жеткізеді. Олар тесті шешіп қайта жібереді. Айтар ауызға оңай  көрінгенмен таңғы алтыдан алпыс адам тоғытылған аядай бөлмедегі аласапыранды көрсеңіз, Горбачевтың кезіндегі арақтың өшіреті әдірем қалады. «Құрметті 2-курстықтардан» келген тесті шешуде қазақтың алауыздығы алдыңнан шықпаса тағы қызықсыз. Кезекші мұғалім мен тест шешетін мұғалім өз танысын, өз мамандығын, өз факультетін алдымен ұшпаққа неге шығармасқа. Келіспеушілік, қырғиқабақтың аядай бөлмеде айғай-шу мен жаға жыртысуға дейін жетеді. Әрине, подвалдағы сүрең жоғарыда шыбын қағып жүрген мәртебелі комиссияның құлағына жетпейді. Жеткен күннің өзінде «көрер көзім көрместей болды» деп күнін өткізуші комиссия әлгі жандәрмен топтың есігін қағуға құлықсыз. «Үй қамақта» сағат алтыдан сарыла тосып, енді айғай-сүреңнің ішінде қиқулап, тест шешіп отырған пән мұғалімдерінен сыртта жаушы боп шапқылаған кезекші оқытушылардың да жағдайы алыс кете қоймаған. Ұзыны бар, қысқасы бар, арығы бар, толығы бар тест тасу операциясында комиссияның көзіне түспей қалтырыс-қалтырысқа тығылып, этаждан-этажға шабуда. Бұл уақытта комиссия қайда дейсіз ғой? Әр жердің дәл осындай оқу орындарының оқытушыларынан құрылған комиссия  келгелі үлкен  күтімнен бастары айналып, мәңгіп қалған. Тым принципшіл асауларының өзі бұйдаға көндігіп, төрағаның айтқанынан шықпайтындай жуасыған. Жуасымағандарының ол жақтағы басшыларына біз жақтағы басшылардың телефон соғып иләйләға түсіруі қиын дейсің бе, тәйірі. Студенттерді жайғастырып, тесті таратқан комиссия біраз дем алу үшін күтуші топпен бір кабинетке шайға кіреді. Әр жердің ерекшелігі, ана жерде  ананы, мына жерде мынаны танисыз ба деген сияқты татымсыз әңгіме соғып, шай сораптап, түнгі қонақтан кейін «бас жазып» дегендей уақыт ұттырады. Сырт көзге ұят болмасын деп, рейтке шығып, тексеріп қояды, анда-санда. Керіліп, кекірініп тойдан шыққандай маңғаз комиссияны көрген кезекшілер бұрыш-бұрышқа тығылып, жер таппағаны партаның астына кіріп әуреге түседі. Араның ұясындай шулап жатқан «үй қамаққа» жаушы келіп, қай жауап дұрыс дегенге қызылкеңірдек болып таласып жатқан пән мұғалімдерінің әптігін басып, біраз уақытқа тыныштандырады. Тексерген боп ескертулер жасап комиссия кезекті шайға кіргенде, кезекшілер қайта атқа қонады. Қойны-қонышына кітапшаларды толтырып алған егде мұғалімнің сүрініп құлап, дені-қарны ақтарылып жатқанын көз алдыңызға келтіріңізші. Мемлекеттік тест сұрақтарын әдейі осы «қызметке» арнайы киген кең коптының ішіне тықпалай, сүріне-қабына бағытын жоғалтпай еңпеңдей жөнелді. Соншалықты бейшара мүскінге түскен мұғалімнің қимылына аудиторияда отырған студенттер қарық.  Жалпы тест тапсырып отырған студенттердің қабағы қисайып, үрейленіп, я болмаса қысылып отырғаны некен-саяқ. Әукесі салбырап, ентіге жеткен кезекші мұғаліміне «маған жетпіс ұпайдан асырып әкелсеңіз болғаны» деп заказ беріп, қаламсабын партаға соққылап, шалжиып отырғаны.

Сонымен, ПГК-ның нәтижесі оны тапсырған 2-курс студенттерінің емес, аласапыран асығыста, «үй қамақта» тест сұрақтарына жауап берген мұғалімдердің білімі деп біліңіз.

....Біраз уақыт болды әлгі мұғалімдер үй қамақтан шығыпты. Оларға көмекке сотка (тилепонды айтам) келіпті. Енді үйіңізде отырып, агент арқылы соткаға түсірілген тесті шешіп балаңызға көмек беріп қарық бола аласыз. Дәл кешегі ЭНТ-ңіздің 100 пайыздан асып жығылуы сол сотекеңнің арқасы. Жалпы біздің көк байрақты еліміз президентіміз тілге тиек еткен ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУДЫҢ нәтижесін көрсетіп-ақ жатыр. Бә-ре-кел-ді!!! Ақымақ әлем жасасын!!!

Әдеттің Қасқыры

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5498