Бір мақалам үшін Ресейге кіруге тыйым салды
Жасыратыны жоқ, өзге ұлттарға ықпал ететін қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары жоқтың қасы. Төл газет-журнал мен сайттарымыз түгіл, бөтен жұрт арасында теледидарымыздың да әмірі онша жүрмейді. Алайда, кеше Ресейдің Ішкі істер министрлігі тарапынан маған келіп түскен нөмірі 3/197706527075 хат жоғарыда жасалған тұжырымның шындығын сәл болса да жоққа шығарды. Қабарда-Балкар полицейлерінің хабарлауынша, 2019 жылдың 25 наурызында олар 2019 жылдың 28 ақпаны қабылданған Зольск аудандық соты қаулысы негізінде маған Ресейге кіруге тыйым салыпты.
Әдетте, Ресейдегі әкімшілік істер бойынша айыппұлды төлеу, даулы жағдайды реттеу үшін айыпкерлерге 60 күн беріледі. Менің жағдайымда Қабарда-Балкар республикасы бойынша ішкі істер министрлігі тіпті 30 күнді күтпей, заңды мерзімнен бұрын маған қарсы шешімді қабылдады. Неге? Мұндай асығыстықтың себебі басқа: дәл сол 25 наурызда Abai.kz порталы ресейлік заңсыздықты әшкерелейтін «Кәрлі Қабарданың «сәлемі» атты мақаламды жариялады. Ашуланған қапқаздықтар өз кемшіліктерін түзеудің орнына, аталған жолсыздықты одан әрі өрбітіп жіберді. Сайып келгенде, мақалам жарық көрген күні қапқаздықтар ресейлік-қазақстандық қатынастардың бейбіт даму жолына тағы бір бөгет салып жіберді.
Кейбір орысшыл бауырларымыз менің қиыншылығыма іштей қуанып, ресейліктердің әділсіз әрекеттерін қолдады. Ресейдегі полицей мемлекетін пір тұтатын ағайындар, орыс аумағынан шетелге кетуге асыққан бейбіт журналисті қамауға алынғанын үлгі етерлік әрекет деп санайды. Осындайларға айтатыным: қолдарыңыз тисе, «На страже ксенофобии и экстремизма» мақаламды оқып шығыңыздар. Оның мазмұны, алты жыл бұрын «тек қана орыстар үшін», «тек қана славяндар үшін» секілді ғаламтордағы ұлтшыл хабарландырулар жөнінде Мәскеу қаласы прокуратурасына шағымдандым. Бұндай экстремистік хабарландыруларды кім береді, қайда жариялайды анық болса да, прокурорлар шағымымды полицейлерге жолдап, түк те бітірмеді. Әлі күнге дейін орыс прокуроры мен полицейі тарапынан жауап түскен жоқ.
Орыс журналистерінің өзі, Қабарда-Балкар аймағын Ресейдегі парақорлық пен қылмыстың көшбасшысы деп есептеді. Орыс зерттеушілерінің өзі, Қабарда-Балқар аймағын Ресейдегі өмір сүру деңгейі ең төменгі өңірлердің санатына жатқызады.
Бірақ, жергілікті «тәртіп» сақшылар мен «әділет» қызметкерлердің пікірі басқаша. Зольск аудандық полициясында да, Зольск аудандық сотында да құжынаған қылмыскерлерді көрмедім. Көбінесе, айнаға қарап, өзімді ғана «тамашаладым». Бәлкім, маған кесілген үкім Қабарда-Балкар республикасының шиеленіскен жағдайын бірсыпыра жеңілдететін шығар...
Данияр Наурыз
Abai.kz