Жексенбі, 29 Желтоқсан 2024
4943 4 пікір 25 Наурыз, 2019 сағат 09:38

Кәрлі Қабарданың «сәлемі»

Таулы аймақты аралағанда, жағымсыз жағдайға ұшырадым. Ұзын сөздің қысқасы, заңды сыйлайтын адам ретінде Ресейдегі 90-күндік мерзімімнің аяқталуына байланысты, осы мемлекеттің Гүржістанмен шекарасына асықтым. Орыс мемлекетінің қалың ортасында тығылмай, «Мәскеу-Ереван» халықаралық бағытындағы автобусқа міндім. Бұндай оғаштау қадамымның себебі: Мәскеуге жақын Украинаға бару үшін қазір арнайы шақыру керек. Беларусь шекарасы толыққанды мемлекеттік шекара есептелмейді, олар менің төлқұжатыма мөр қоймас еді. Балтық жағалауы елдеріне виза керек. Сайып келгенде, ең жақын шетел шекарасы – Қапқаздың ар жағында орналасқан. Сондықтан, заңды мерзімімнен сәл кешігіп қалып, қиындау хикаяға душар болдым.

Ресейлік-гүржістандық шекараға жетуіне санаулы сағаттар қалғанда, Қабарда-Балқар Республикасының аумағында орналасқан «Малка» полицей бекетінің қызметкерлері мені ұстап алды. Қоғам үшін қауіпті жырынды қылмыскер әлде мас қалпында автокөлікті айдаған жүргізуші іспеттес, қарулы топтың қоршауында мені аудандық полицей басқармасына апарды. Әрине, кінәм едәуір «ауырлау» еді: Ресейде рұқсат етілген 90-күндік мерзімімнен бірнеше сағат бойы артық болғаным.

Сонымен, Қабарда-Балқар Республикасы Зольск аудандық сотының қаулысы бойынша, маған 2 000 (екі мың) ресейлік сомның мөлшерінде айыппұл кесілген. Жарайды, «кінәлі болдым» дей салайық. Алайда, неге сондай «күнәһарды» сот процесінің аяқталуынан соң еркіндікке жіберді? Неге қарулы топтың қоршауында депортацияны жасамады? «Күнәһар» Данияр қайтадан Ресейдің көші-қоң заңнамасын бұзып, осы мемлекеттің аумағында рұқсатсыз қалса ше?! Демек, әділсіз соттың басты мақсаты заңдылықты қорғау емес. Қазы-билерсымақтардың көксегені: кезекті пендені кінәлі қылып, Мәскеудегі бастықтарының алдында өздерінің ұпайын түгендеуі. Ал, «күнәһардың» келесі қылықтарына қабарда-балқар пысықайларының қандай шаруасы бар? Ең бастысы, тағы бір кісінің ар-намысына кір келтірілген, кезекті адам «әділет»-тің шырмауына түсірілген.

Оған қоса, жергілікті полицейлері мен сот қызметкерлері Ресейдегі қазақ елшілігінде жұмыс істейтін таныстарыма хабар беруіме тыйым салды. Мен 2019 жылдың 27 ақпаны 23 сағат 25 минутында ұсталғанмын. Сайып келгенде, соншама кеш уақытында елшілік қызметкерлеріне хабарласуы ретсіз болар еді. Содан кейін, «қонақжайлы» Қабарданың қамауында телефон байланыссыз түнедім. 28 ақпан күні, сот мәжілісінің алдында әлгі таныстарыма өз жағдайым туралы ақпарат жіберуіме сот пен полицей қызметкерлері рұқсат бермеді. Тіпті, қолымдағы қалтафоным да жарамсыз болды. Себебі, тарифымның мерзімі 27 ақпаннан бастап бітті. Өйткені, сол күні Гүржістанға жетіп, Арменияға бет алуға жоспарладым. Сондықтан, ресейлік байланыс тарифты ұзартпадым. Тасбауыр жергілікті тұрғындардың салқын жауабын осы сілтемеден тыңдай аласыздар: https://vocaroo.com/i/s1knA9q3FjPn  Немесе осы сілтемеге құлақ түріңіздер: https://instaud.io/3sRP

Осы оқиғаға қатысты ұлт мәселесін қозғағанымыз жөн болмақ. Әлгі қабарда-балқарлықтарға айтқаным: «Кезінде, ата-бабаларым Қазақстанға талай Солтүстік Қапқаздың жер аударылған тұрғындарына қол ұшын беріп, баспана мен күнкөрісімен қамтамасыз етті. Мен сіздерден баспана немесе тиын-тебенді сұрамаймын. Әділеттілікті ғана талап етемін!» Әділ шешім түгіл, екі-үш минуттық телефон әңгімеме жағдай жасамады депортацияланған бишаралардың тұқымы. Ал, тарихи естеліктеріме олар мынадай жауап қатты: «Қазақ халқының қонақжайлығына рақмет, бірақ өткен заманның оқиғаларын қайтеміз?» Кейбір қандастарымыз «ассамблея», «халықтар достастығы» ұғымдарына шын мәнінде сене береді. Дегенмен, өзге ұлттардың көбісі бұндай ұғымдарды пысқырмайды да.

Данияр Наурыз

Abai.kz

 

 

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2084