Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Саңлақ 6590 2 пікір 31 Мамыр, 2019 сағат 21:23

Қызылордалық «Қайсардың» қарқыны көңіл қуантарлық

Биыл қызылордалық «Қайсар» футбол клубы керемет өнер көрсетіп жүр, - деп жазады Абай-ақпарат.

Қазақстан Премьер лигасының алғашықы екі турында жеңіліп, маусымды сәл сәтсіз бастағанымен, 30 наурыздан бастап 22 мамырға дейін 11 ойын бойы жеңілістің кермек дәмін татқан жоқ. Осы аралықта ел чемпионатының турнирлік кестесінде екінші орынға дейін көтеріліп, Қазақстан кубогының жартылай финалына жолдама алды.

Осы 11 ойынның тоғызында жеңіске жетіп, екі мәрте тең түсті. Оның өзінде ел чемпионы «Астана» мен үздік командалардың бірі «Ордабасы» ғана қызылордалықтардан бір ұпай олжалай алды. «Қайсардың» бір ерекшелігі - өз алаңында да, сырт алаңда да төрт аяғын тең басады. Кейбір командалар секілді өз үйінде жеңіске жетіп, қонаққа барса болды ұтылып қайту деген бұларда жоқ. Сөзіміздің дәлелі, жаңағы тоғыз жеңістің жетеуіне сырт алаңда қол жеткізген.

«Қасқырлардың» бұл жеңіліссіз сериясы 22 мамыр күні Қостанайда үзілді. Қазақстан кубогы жартылай финалының алғашқы матчында жергілікті «Тобыл» қызылордалықтарды 1:0 есебімен жеңді. Қарымта ойын 19 маусымда «Қайсардың» өз алаңында өтеді. Сол кезде ел кубогының ақтық сынына жолдама жеңіп алуға толық мүмкіндігі бар.

Команда капитаны Мақсат Байжанов

Өкініштісі, Стойчо Младенов шәкірттері ел чемпионатының XIІ турында «Жетісудан» жеңіліп, турнирлік кестедегі орнын сәл төмендетіп алды. Талдықорғанда өткен ойынның тағдырын 52-ші минутында Оганесян соққан жалғыз гол шешті.

Ал бүгін өткен ел біріншілігінің XIІІ турында «Қайсар» өз алаңында «Ертісті» қабылдады. Екі ойын қатарынан жеңіліп, қарқынын аз да болса бәсеңдетіп алған қызылордалықтар «Ертісті» еш қиындықсыз жеңді.

«Қайсар» — «Ертіс»

Гол cоққандар: Барсегян 49 (1:0), Ламанж 84 (2:0).

Дәл қазір «Қайсар» Премьер лиганың турнирлік кестесінде 26 ұпаймен төртінші орында тұр. Бірақ көшбасындағы «Астанадан» бар болғаны алты ұпай ғана қалып келеді. Оның үстіне елордалықтардан екі ойынды кем өткізген. Демек, сол екі матчта қоржынға толық алты ұпай салса, ел чемпиондарын қуып жетеді.

Екінші сатыдағы «Тобылдан» тек үш ұпайы ғана аз. Басқаша айтқанда, қостанайлықтар да қол жетпес алыста емес. Ал шымкенттік «Ордабасы» командасының «Қайсармен» ұпайы бірдей. Тек доп айырмасымен ғана үшінші сатыда тұр. Ел чемпионатының аяқталуына әлі 20 тур бар. Егер «Қайсар» осы қарқынынан танбаса маусым соңында жүлделі орындардың бірінен көрінуі әбден мүмкін. Бұған қоса, Қазақстан кубогында топ жаруға да мүмкіндігі бар.  Себебі, ел кубогын соңғы бес жылда төрт рет жеңіп алған «Қайрат» биыл ширек финалда жарыс жолынан шығып қалған. Ал ел чемпионы «Астана» тіптен 1/8 финалдан аса алған жоқ. Егер «Қайсар» жартылай финалда «Тобылдан» өте алса, финалда «Ордабасы» - «Атырау» жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963