Серік Ерғали: «Қазақ ортасы билікке қарап күн өткізуде»
Ел Тәуелсіздігіне 20 толса да, тағдыры күреске толы күй кешіп келе жатқан мемлекеттік тіл - ана тіліміздің әр күнгі ахуалына алаңдап, тіл майданында табандылықпен ақыл-ойын, білім-білігін, қаламын қару етіп туған тілді тұғырына қондыруға жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген азаматтардың бірі - Серік Ерғали. Серік мырза мемлекеттің мерейлі жылында ердің жасы елуге толып отыр. Әр кез қазақ қоғамындағы ұлт ісінен шет қалып көрмеген Серік Әбдірешұлымен ел мен жер, тіл мен салт-дәстүр жайында болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«Абай-ақпарат»
- Серік мырза «Елу ердің жасы» дейді ғой. Елуге келіп жатыр екенсіз, құтты болсын. Білуімізше, Сіз осы елуді аса дабырайтпай қарсы алған сияқтысыз. Неге? Елге барып, ат мініп, шапан жамылып қайтуға көңіліңіз шаппады ма, әлде ат мінгізіп иығыңызға шапан жабатын ағайын ауыл жақтан табылмады ма?
Ел Тәуелсіздігіне 20 толса да, тағдыры күреске толы күй кешіп келе жатқан мемлекеттік тіл - ана тіліміздің әр күнгі ахуалына алаңдап, тіл майданында табандылықпен ақыл-ойын, білім-білігін, қаламын қару етіп туған тілді тұғырына қондыруға жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген азаматтардың бірі - Серік Ерғали. Серік мырза мемлекеттің мерейлі жылында ердің жасы елуге толып отыр. Әр кез қазақ қоғамындағы ұлт ісінен шет қалып көрмеген Серік Әбдірешұлымен ел мен жер, тіл мен салт-дәстүр жайында болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«Абай-ақпарат»
- Серік мырза «Елу ердің жасы» дейді ғой. Елуге келіп жатыр екенсіз, құтты болсын. Білуімізше, Сіз осы елуді аса дабырайтпай қарсы алған сияқтысыз. Неге? Елге барып, ат мініп, шапан жамылып қайтуға көңіліңіз шаппады ма, әлде ат мінгізіп иығыңызға шапан жабатын ағайын ауыл жақтан табылмады ма?
- Рахмет! Биылғы жыл мен үшін ғана емес, еліміз үшін мерейжас жауған жыл ғой! Соның қалқасында біз секілді біршама қыз-жігіттер де елуге келіп қалыппыз. Қазақ хандығының негізі қаланғанына - 555 жыл; қазақ хандығын басқаруға қатысқан, алашқа бас қолбасшы болған Кіші жүз ханы - Әбілқайырдың 330 жылдығы; қазақтың ұлы ханы Абылайдың 300 жылдығы; қазақ халқы үшін Отан соғысы болған тарихи күрделі кезеңде бетбұрыс жасаған 1726 жылғы Ордабасы құрылтайына биыл - 285 жыл; Ресей патшалығындағы тұңғыш та соңғы қазақ автономиясы болған Бөкей ордасының құрылғанына - 210 жыл; Ішкі қазақ Ордасының соңғы билеушісі, прогресшіл реформатор Жәңгір ханның туғанына - 210 жыл; Алашорда өкіметінің негізін қалаушы Әлиханның 145 жылдығы; қазақтың ақырғы ханы Кенесарының таққа отырғанына -140 жыл; әлемнің тұңғыш қазақ палуан-чемпионы - Қажымұқанның 140 жылдығы; әлем тарихында тұңғыш рет қазақ жерінің ғарышқа адам аттандырғанына да - 50 жыл! Қызыл империяның іргесін сетінеткен Желтоқсан жалпықазақтық ереуіліне - 25 жыл; әлемге гуманды қазақ халқы барын паш еткен Семей полигонының жабылу шарасы мен елдің солтүстік аумағын қымтаған Орал оқиғасына - 20 жыл. Бәрінен де бұрын АЛАШТЫҢ АЗАТТЫҚ АЛҒАНЫНА - 20 жыл! Осылардың бәрімен қабаттасып, дүниеге келгенімді бұлдап, туған жерді мазалап нем бар? Онсыз да ірілі-ұсақ той-домалақтан қолдары тимейтін жұрттан ат мініп, шапан жамылу бір түрлі жылу жыйғандай шара секілді. Мен үшін ол - ХХ ғасырдың дәстүрі.
Ауыл жақта төрге отырғызатын да, төре қылатын да ағайын жетеді: дос-құрбыны былай қойғанда, ауыл әкімі Сәндібай құрдасымнан бастап, облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлына дейінгі биліктегі азаматтар тонның ішкі бауындай кісілер. Тілемсектену мен сұрамсақтанудың жөні жоқ. Ел тарихындағы жоғарыда атаған мерейлі мерекелер менің де елу жасымды айғақтап, айшықтап жатыр. Ұлт тарихының осы бір айтулы, айшықты кезеңінде дүниеге келіп, ғұмыр кешіп жатқанымның өзі бір ғанибет!
Десем де, пенде болғасын жылу сөз бен жылы бөз қай пенденің де жанын жадыратады. Әрине, биылғы осы мерейлі жылы туған өлкемде елдік ауқымдағы халықтық шара жоспарланып жатса, соның іргелі өтуіне үлкен сценарий жасап, үлесімді қосар едім де, сонымен бірге мерей жасым да бірге аталып өткендей әсер алар едім.
- Туған, өскен ортаңызды еске алып бір естелік айтып көріңізші. Кімге еліктедіңіз, кімге ұқсағыңыз келді? Қандай оқиға жадыңызда сақтаулы? Алғаш естіген есті сөзіңіз қандай сөз? Оны кім айтты?
- Туған өлкем жайында рухани ауқымда айтсам, алматылық зиялы қауым арасында «кіші жазушылар одағы» аталған Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы Жарқамыс кенті, Жем өзені бойындағы Қойлыбай деген жайлауда, қазақтың рухани ғарышын әйгілеген жазушы Мұқтар Әуезов атамыз қайтқан жылы, бірақ дүниенге кеңес империясының абыройы асқақтап, ғарышқа Гагарин ұшып, жыртылып-айырылған жылы туыппын. Содан ба екен, біздің ғұмырымыз ылғи да айтулы да дүмпулі оқиғаларсыз болған емес.
Туған ортам - кеңестік шопанның отбасы, тоғыз ұл-қыздың тұңғышымын. Өскен ортам - қазақ ауылы, «қой ауыл», «шөп ауыл» аталып, өз базары өзіне жарасқан, мыңғыртып мал өргізген өңірденмін. Ес білгенде еліктеген кісім - Ақкөл жайлауында төрт отар қойлы ауылға бұрғыланған құдықтың моторын оталдырып, су беретін Көшербай ағам болған. Ол кісінің астында МТЗ тракторы болатын. Шамасы, мал айдағаннан гөрі техника айдауға құмар болған сол кездегі қай бүлдіршінге де тән сезім менде де туындаса керек.
Мен жетінші класты бітірген жылы белгілі ақын Бәкір Тәжібаев келді, ұмытпасам ол кісі сол жылы елуге толса керек. Ол «кіші жазушылар одағын» құрушы жерлестеріміз - Тобық Жармағамбетов, Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбаев сияқты алып ақын-жазушылардың бірі еді. Бәкір ағамыз ол кезде «Ақбұлақ» әнімен әйгілі болып, Роза әпкеміздің бағын ашқан «Әлия» әнінің өлеңін жазған, талай айтулы әннің сөзін шығарған сері ақын ретінде елімізге танымал болатын. Ақбұлақ - Жарқамыстың батысында он шақырым жердегі Жемнің кішкене саласының құм басқан арнасының бойындағы бұлақ. Ол жерде Бәкір ағамыз бен бірге біздің әкейлердің балалық шағы бірге өтіпті. Сол кісіге еліктеп, өзімше ақын болуға ұмтылып, ісіп-кепкенім бар. Әрине, оның барлығы балалық сезімдер ғана, Өмір өз дегенін істетпей тынбайды.
Өмірімде де қалған, өмірлік ұстанымымды да ұстартқан бір оқиға жадымнан кетпейді. Бала кезім. Бір күні ауылымызға совхоздың «шөпті бүлдіретіндері» келіп, үлкен жиын өткізді. Сонда қаралған мәселе - етке жеке малды өткізу жоспарының орындалмай жатқандығы еді. Сол күні малмен ғана күн көріп отырған бір малшының бермеймін дегеніне қарамай, бір сиырын тартып етке өткізіп жібергені жаныма қатты батты. Әсіресе, ауылдық учаскелік милиция қоқаңдап, әлгі малшыны ұрып-соғуға барғаны көкіректе әлдебір саяси сезім оятты. Содан бастап, әділет мәселесіне көп үңілетін болдым. Көкем (біздің жақта әкені осылай атайды) жиырма бес жыл бойы үздіксіз ауылдық кеңес депутаты болған кісі, ылғи да халық депутаттары сессиясындағы болған жайды, өзінің қалай араласқанын мақтанышпен әңгімелеп отыратын. Оған апам (анам) «көп бөспе» дегендей басу айтатын еді; екеуі де өздерінің көрген көп бейнетінің зейнетін толық көрмей, өмірден озды. Соған қарағанда, есімде қалған есті сөз «сессия» болар. Бірақ одан да бұрынырақ естіген, аяулы, жанымды қыдықтайтын «Секен» деген әке-шешем еркелеткен сөз! Елуге келсем де, сол шақты аңсайтыным рас...
Тағы бір есте қалған жайт бар. Ол мектеп бітірген бойда болған еді. Сол кезде жас шопандар бригадасы мектеп бітірушілер есебінен құрылып, жастарға қой бақтыратын. Мені де қойшының баласы ретінде «бригадаға қал» деген үгітпен біраз қыспаққа алды. Мен сынбадым. «Әкемнің өмір бойы мал баққаны жетеді, мен оқимын» деп отырып алдым. Ақыры мектеп басшылығы менің төлқұжат алуға қажетті құжаттарымды ауданға жібермей, барынша қысымға алды. Мен қалмадым, бірақ ауданда бір ай жатып, құрдастарым оңай қол жеткізген төлқұжат үшін бюрократияның батпағына өз алдына тер төгуге тура келді. Сөйтіп, өмірге жолдаманы қысылтаяң жолмен алып, жағымсыз сезім бойды кернегені бар.
Әкем шопан болса да, ауылдық билікке кәдімгідей ықпалы бар еді, совхоз басшылығы қабылдайтын шешімді бекітетін депутаттар сессиясының кәзіргі мәлихаттан да құзыры болыңқырағаны анық. Әкемнің сол депутаттық мінезі мені саясатқа жетелеген сықылды. Бір қызығы, ол кісі қанша үгіттесе де, компартияға мүшелікке өтпей кетті.
- Орыс тіліне де аса жетік азаматтардың бірісіз. Бұл тілді алыс ауылда өскен бала қалай үйреніп алып жүр? Орыс тілімен ауызданғандардың дені ана тіліне қарсы сөйлеп жатады. Олар туралы не дейсіз? Осы сауалдарға жауабыңызды «АиФ Қазахстанда» жарық көрген Әуезхан Қодардың сұхбатымен байланыстырып көріңізші.
- Менің өскен жерім орыс тіліне өгей маңай емес, Жарқамыс - әуелі Табын ауданының, сосын Темір ауданына орталық болған, Ақтөбе облысындағы геология саласына ертерек қазық қағып, орыс мұнай барлаушыларын қоныстандырған шағын кент. Алайда, қой ауылда өскен маған орыс тілі жақын болды дей алмаймын. Орта мектепті біресе нағашымның, біресе әпке-жездемнің қолында, өз үйімде, интернатта жатып үш мектепте төрт рет көшіп бітірген адаммын. Қаражар сегізжылдық мектебінде Жанат жеңгем орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Ол кісі бізге орыс тілін үйреткеннен гөрі, ұлтымыздың санын арттыруға көбірек үлес қосып, жиі жүкті болатын ардақты аналардың бірі еді. Класта борды кертіп отырып, бізге сөздік жазғызып, соны жаттату әдісімен шектелетін. Оның үстіне орысша әңгімелесу дағдысы мен орта болмағасын, ол тілді қайдан меңгерейік. Орыс тілін институтта қазақша оқысақ та, сол кезден бастап меңгердік әрі басты ақпарат көзі мен қоғамдағы күнкөріс тілі болғандықтан, барымызды салдық қой. Және соған кеңес тұсында бізді мәжбүр етті. Тіпті, институтта да біршама пәндер орысша жүретін, оны меңгермесек те, жаттап, аттап, әйтеуір, меңгеретінбіз. Оның үстіне, ол кезде қоғам орыс тілін меңгермегендерді адам санамады да, шалғай аудандардың 1-хатшылары амал жоқ өздерінің балалары үшін орыстілді орта мектеп ашып жатты. Солардың бірқатары бүгінде қазақ тілінің жоқшысы болғансып жүр. Бұл қызыл қоғамның екіжүзділікті дәріптеген сыйқы еді!
Институт бітірген соң, Мәскеудегі ағылшын тілінің сырттай үш жылдық курсына түстім, арзан әрі тіл үйренуге ыңғайлы еді, поштамен тапсырма мен емтихан тапсыратынмын. Мәскеуге жіберген ағылшын тіліндегі бақылау жұмысымнан емес, жұмыс тілі ретіндегі орысшасынан қате кететін. Жалпы, орыс тілі әлемдегі қиын тілдердің бірі екенін тіл оқытушылардың өздері де мойындайды, өйткені, ол тілдің ережеге бағынбайтын (исключение) тұстары көп. Басты қатыратын родтары өз алдына. Әр сөзде құбылып тұратын екпіндері тағы бар. Шындығында ол тіл Қазақстанда тұтасқан тілдік ортаның арқасында және қазақ тілінің мүддесін аяққа басу салдарынан ғана салтанат құрып отыр.
Орыс тілімен ауызданғандарға келсек, мәселе барынша тереңде. «Жұт - жеті ағайынды» дейді қазақ. Басқа республикаларға қарағанда, біздің ел қызыл империя тұсында ерекше бақылау мен қысымда болды. Мысалы, қалаға пропискаға тұру қазақ үшін аса үлкен кедергілердің бірі болып, Қазақстан қалаларының қазақтанбауы бақылауда болған еді. Сөйтіп, ірі қалалардағы жиырма пайыздан аспаған қазақтар ешқашан қазақтілді орта құрай алмайтыны әбден ескеріліп, олардың орыстануы жоспарланған саясат еді. Әрбір ірі қалаларда тек қана бір бірден қазақ мектептері болды. Демографиялық бұл «установканы» бұзған Шымкент, Атырау, Қызылорда қалаларының инфрақұрылымы мейлінше төмен болатын да, үлкен ауылға көбірек ұқсайтын, есесіне ол қалалардың көркеюіне қаржы аз бөлінетін. Осы жағдайды көріп өскен қазақтың бір буынының бойына қазақ болу сенімі азайып, кембағалдық мінез қалыптастырып үлгерді. Оның астарында егемен ел бола алмау психологиясы жататын. Осындай жағдайда,тіпті, астанамыз Алматыдағы зиял қауымның өз балалары да орыстілді ортаның құрбаны болып, ана тілдерінен мақұрым қалды. Тек қана №12 жалғыз қазақ мектебін бітіргендері болмаса.
Жағдай өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары, егемен болу қарсаңында шұғыл өзгере бастап еді. Тіпті, орыстілді қазақ ата-аналары балаларын орыс мектептерінен жұлып алып, қазақша оқытуға құмартты, оған қосылған қазақ емес ата-аналар да аз болмайтын. Бірақ сол кездегі тәуелсіз елдің тіл саясаты бұл үдерісті қолдай алмады. «Әуелі экономика, сосын саясат» деген тұжырым арқылы қоғам «әуелі қарын тойдырайық, сосын ел бола жатармыз» деген ұранды аңғарды да, ескі әнге біртіндеп қайта көше бастады. Ақыры, қоғамда орныға бастаған қазақтанудың алғашқы нышаны сап тыйылды. Сол екі ортада, әлгі орыстілді қазақтар қауымы сан жағынан да, сапа жағынан да молайды, нығайды.Бүгінде ЖОМдардағы көптеген факультеттер орыстілді қазақ жастарының, ал орыстілді мектептер қазақ балаларының есебінен ғана жабылмай отыр. Сөйтіп, әуелгі орыстілді буынды қайтадан кембағалдық сезім жандарын жайлады. Оның үстіне олар кеңес өкіметі тұсында өздерінің ойып тұрып алған орындарын көксейтін болды, себебі, кеше ғана аяқастында жүрген қазақтілді қазақтар қала мен билікке қаптап, балаларын орысша оқытып, алдыңғы орыстілді буынды ығыстыра бастады. Сөйтіп, Олжас, Әуезхан секілді аға буынның тұщы етіне жаңа Қазақстаннан ащы таяқ тие бастады. Бұрын олар, өздерін қазақ руханиятының, интеллектуалының шыңы сезінсе, енді ешкім бола алмайтын күйге жетті. Сондықтан іштей нала мен кек пайда болды да, оны жарып шығатын себеп керек еді. Міне сол себеп - Қазақстанды толық Қазақ елі етіп, әлгі «шала ортаны» түбірімен ығыстыратындай фактор қазақ тілінің патшалық құруы емес пе?! Сондықтан да, бұрынғы қазақ тіліне орыс-славяндар тарапынан жасалған өштік эстафетаны енді өзіміздің орыстілді бауырлар қолға алды. Ал, алдыңғы топтың Ресейге ағылғандықтан қатары сиреп, жағдайды бақылаушы кейіпте ғана қалды.
- Әуезхан Қодар демекші, кейінгі жылдары ұлт пен тілге қыли қарап жүрген Олжас Омарханұлы туралы қандай пікірдесіз? Өткен жолы Олжекең 75 жасын тойлауға Алматыға келген сапарында «Мені сынайтын жігіттер, шығармаларымды оқысын, сонда бәрін айтқанмын» деді.
- Менің ойымша, олармен айтысу-тартысу соншалықты керек емес, өйткені, олар біздің тарихи таяқ жеп жатқан бауырларымыз, олар - кешегі қызыл империяның бізге қылған отарлық жәдігері іспетті жұрнақ. Олармен айқайласып, дауласып, өңешімізді жыртудың, кешегі отар болғандығымызды көрсетудің керегі жоқ! Оның орнына, соларды бізге айдап салып отырған жағдайға қарсы іргелі түрде іс атқаруға көшуіміз керек. Өз елімізде өз тіліміздің ортасын нығайтып, оның патшалығын құруға кіріскен жөн. Қолда бар ақыл мен қуатты, күш-жігерді босқа пышыратпай, тіпті, орыстілді жас бауырларымызды сол жолға тарта білуіміз керек. Олардың іштей намысқа булығып, өртенердей болып жүргені қаншама!? Біздің оңбай ұтыларымыз сол болады, егер бір қазақ тіл жағынан екіге жарылса, дін жағынан төртке жіктелсе. Бізге бүгінде сөз қуғаннан гөрі, тегеурінді де тиімді, нәтижелі іс керек! «Жетім бала - кекшіл» деген, не дегенмен, жетімсіремейік, біздің әкеміз бар, ол - 20 жасар ҚАЗАҚСТАН!
Өз басым орыстілділерден көп нәрсе үйренуге тырысамын, сондықтан да орыс тілін жақсы білетіндей көрінем. Шындығында, орыс тілі арқылы біздің алып жатқан пайдамыз бар, енді содан ақпарат өндіру мен таратуды, соны сатуды үйренсек, тіліміз қоғамнан бұлжымас орнын табады, орда тігіп, ортасын нығайтады. Бізге керегі де сол.
Ал, Олжекеңнің туындыларын көзден таса етпеймін, әсіресе, лингвистикалық зерделеу шығармаларынан көп нәрсе аламын, үйренемін. Келесі буын ағылшынтілді ортадан тікелей нәр алса, әлемдік деңгейге сонда шығамыз! Ал, кәзір шынын айтайын, орыстар біз үшін идеал болудан қалды, себебі, әлемге бірегей ұстаз - Жаһандану деген үдеріс бар! Сондықтан да, менің Олжас ағам мен Әуезхан замандасым өздерін қайда қоярға білмей жүр!
- Секе, латын әліпбиіне көшуді және оны ғылыми негіздеуді талмай уағыздап келе жатырсыз. Ал, еліміздің латынға жуық арада көшер түрі көрінбейді. Осы жайбасарлықтың астарында не жатыр?
- Қазақ ортасы билікке қарап, күн өткізуде, ал билік ішкі-сыртқы ықпалға алаңдап, арқасын ер қажаған мәстек аттай не істерін білмеуде. Мәселе ұлттық мүдде үшін биліктің шешім қабылдамауында емес, одан да тереңде - билікке шешім қабылдататындай ұлттың ықпалының жоқтығында! Бар осалдықты билікке артқаннан біздің мәселеміз шешілмейді, мәселенің бір бөлігін халық пен оның элитасы қолға алуы керек, соған тәуекел керек. «Ел бірлігі» доктринасы халықтың ықпалымен қабылданбады ма? Керек болса, ол - елдің стратегиялық бағытын белгілеген саяси құжат! Мәселен, ғылыми орта бір мәмілеге келіп, халыққа қоғамдық негізде әліпби жобасын жарияласа, оған ешкім ештеңе демейді. Ал, одан әрі әлгі ғылыми дәйектелген әліпбиді күнделікті бейресми жағдайда қолдануға көшейік, телефонда, агентте, өзара хат-хабарда. Тіпті, жеке сайттар латынша материал жариялай бастасын. Басты үдеріс осылай басталады. Одан әрі, биліктің бір күні амалсыз Үкіметтің қаулысын болмаса президенттің жарлығын жариялауы ғана қалады. Қысқасы, бұл тарапта алғышарт жасайтын элиталық топ болмай отыр. Жанқиярлық пен азаматтық бастама жоқ! Бәрін де Көктен күту әдеті еңсені басып отыр.
- Латын демекші, қолданыстағы қазақ тіліндегі ішінара сөздерін айтылуы бойынша жазып дағдылануымыз қажеттілігі жайында да мәселе көтеріп келесіз.
- Жалпы, кәзіргі әліпби қазақ тіліне тән емес, орыс пен қазақтың ортақ алфавиті! Соны мойындаған күннен бастап, қазақ тілінде төл әліпби жоқтығы есімізге түсетін болады да, әліпби реформасының маңызы қаншалықты екені сонда ғана мойындалмақ. Әйтпесе, жұртың бәрі мәселе қарыпты ауыстыруда деп жүр, мүлде олай емес, мәселе - қазақ тілінің әліпбисіз отыруында! Ал, әліпбисіз тілде дұрыс орпографиялық ереже де, емле де болмайды, тілдің айтылым заңы да жүзеге аспайды. Орысша «музыка» жазылып, «музыйка» түрінде айтылатын сөзді қазақ тілінде орыс тілінің ережесімен қолданып жүрміз.Бұл бір сөздегі ғана қате, ал тіл мамандарының айтуынша, қазақ тілінің кәзіргі қолданысында елуге тарта алуан қағидалық қателер бар. Айта берсе, бұл қыруар мәселе, онымен мамандар айналысып, оған арнайы қаржы бөлініп, қолға алынуы керек. Ал, біз президенттің жарлығын күтіп отырмыз, оның неге керек екені белгісіз. Егер ғылым дайын болмаса жарлық не береді? Тілбілім институты латын әліпбиінің үш бірдей нұсқасын әзірлепті деп естідік. Сонда бұл не? Ғылымның екі емес, үшжүзділігі болып шықпай ма? Ғылыми орта айтысса да, тартысса да бір нұсқаға тоқталуы керек еді ғой.
- Секе, ұлт тілінің ұлы жолына түсуіңізге не түрткі болды? Осы жылдар ішінде тіл мәселесі күресінде жеткен жеңістеріңізді де айта отырсаңыз?
- Бәрі де намыстан, ұлт болуға деген ұмтылыстан ғой. Сосын аздап ғылыми ойлау жүйесінің орныққанынан, қай адамда да жеке пайым болады. Сол дами келе орнығып, кейбір уәж айту қалыптасады. Өкінішке орай, бізде әлі де ғылыми тартыс мәдениеті қалыптаспаған, оны ұйымдастыратын, қолдайтын орта жоқ. Білім ордалары мен ғылыми журналдар сол миссияны мойындарына алудан жүрексінеді. Жалпы, тіл мәселесін үш топқа бөлуге болады: ғылыми мәселе, мемлекеттік салада қолдану мәселесі, қоғамдық ортадағы қазақ тілінің жағдайы. Қазіргі кезде өткен ғасырдың 90-жылдары белсенген қоғамдық бастама кәзір сұлық төмендеді. Өйткені, мемлекет бұл мәселеден өзін барынша оқшаулап отыр. Өзекті мәселе өзінің маңыздылығын осылай «жоятын» түрі бар. Тіліміз қыр аспағандықтан, жекелеген жеңісті айтып, талғажау ету де ұят, тіліміздің масқара жағдайынан өзіміздің абыройымызды көтермей-ақ қояйық. Ол - анамыздың сырқатынан бизнес жасаумен тең нәрсе.Егер де тіл үшін нақты жоба атқарамын дегендер болса, бірігуге болады, әсіресе, оған жастар кіріссе, құба құп!
- Наурыз мейрамына қатысты салт-дәстүрлер жөнінде жиі жазып, қоғам назарын төл жаңа жыл мерекесіне аударуға күш салып жүрсіз. «Наурызнама» атты кітапта дайындап жатыр деп естідік. Наурыз тақырыбына қалай келдіңіз?
- Наурыз тақырыбына ұлы мерекемізді бақылай жүріп, оның барған сайын мереке емес, сахналық қойылымға айналып бара жатқанын байқап, намыстана жүріп келдім. Ақыры, ол турасында қоғамдық пікір де бірыңғайланды, жұрттың бәрі сынайтын болды, бірақ шеңберден шығу үшін бірдеңе ұсыну керек еді. Ақыры бойлай келе, «Нау мен ырыс» деген зерттемелік еңбек пайда болды. Кітап болып басылуда. Бұйыртса, алдағы жылдар Наурыздың нағыз жаңа жылға айналу үдерісі болар. Халқымыз өгей уақытпен өмір сүруден шаршады. Ол - тек қана мереке емес, мистикалық шындық, біз өз жаңа жылымызды дәріптегеннен бастап, Уақыт пен Кеңістікті қазақша сүруді бастайтын боламыз. Мен оған саналы түрде кірістім, Наурызды сахнадан өмірге түсірсек, басқа мерекелер де ұлттық дәріп пен дәстүрге түседі. Өзінше қуана алатын ұлт, өзінше де өмір сүре алатын, өз мемлекетіне ие болатын жолға түседі. Наурыз - біздің ата-бабамыздың кемінде бесмыңжылдық Уақытты өлшеу мен дәріптеу дәстүрінің көрінісі. Алматыдан солтүстік батысқа қарай 170 шақырымда орналасқан Аңырақай тауындағы жартаста Сиыр жылының мерекесі бейнеленген. Одан артық бұл мерекеге түркілердің қатысындай нағыз дерек ешбір халықта жоқ! Қазақ - Кеңіс пен Уақытқа тамырын терең жайған әлемдегі бірден бір нәсілдің ұрпағы! Осы тұжырым мені мәдениеттанудан бір-ақ шығарды.
- Астананың тұрғынысыз. Қаланың қазақшасы көңіліңізден шығып жүр ме?
- Қаланың астана болғанына биыл мүшел жас - 13 жыл. Бұл қалалық дәстүрдің қалыптасуына аз уақыт.Ал, біздің тілдің мәртебелік құзыры ешбір қалада, оның ішінде тоқсан пайыз қазағы бар Шымкентте де, Қызылорда да, Атырауда да, басқасында да оңып тұрған жоқ: билік Ресейдің мемлекеттік тілін жұмыс тілі етіп алған, коммерция да орыс тілінде барлық жарнама мен тұтыну ақпаратын қолданады, ал барлық қалаларда да қазақтар өз тілдерін нық қолдануды қолға алмай отыр. Тіпті, қазақ тілінде сөйлеуге жасқанады, әуелі орысша ұғынысып алып, қазақша білетіндеріне көздері жеткесін бір біріне қазақша сөйлейді. Қоғамдық автобус кондукторлары жолаушыларға орысша сөйлеп, өзара қазақша ұғысады. Бұл - ел болуға деген сенімсіздік, кешегі отарлық езгінің әбден сіңіскен, құрым киізге айналған көрінісі. Ол Астанаға да тән. Бұл - үш сектор біріккенде ғана үзетін бұғау: мемлекеттік сектор өзіне тән міндетті атқармай отыр; коммерциялық сектор қазақтілді тұтынушы құқығын аяққа басуда; қоғамдық орта өз ықпалын көрсете алмай, мүшкілдің ахуалын кешуде. Бұдан әрі төзуге болмайды, ақыл мен қайратты біріктіріп, уақытқа сай қимылдау керек! Оған мүмкіндік бар, соның мысалын көрсетуге тәуекел керек, ағайын!
- Жаттанды болған бір сауал бар. Тіл мәселесін көтеретін азаматтардың отбасы, ошақ қасында туған тілдің халі мүшкіл болады деседі. Сіздің үйде бұл жағы қалай?
- Бір ұл, бір қызым бар. Күйеу балам орыс мектебін бітірген, отбасы кеңестік қала дәстүрін әбден сіңген адамдар еді. Заты қазақ болғасын ба, ықпал бар ма, кәзір қазақшасы молайды. Немеремнің тілі қазақша шықты, қазақша балабақшада. Бірақ өз елімде өз тіліме қатысты менің бұлайша есеп беруім, жанымды жәбірлйді. Қаншалықты шарасыздыққа ұрынғанбыз деп күйінемін. Жалпы, тіл мәселесі түкке тұрғысыз проблема! Кәзіргі орыстілді мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілді білуді міндеттеу арқылы және орта мектептерге белгілі бір пәндерді қазақ тілінде оқыту арқылы тілдік ортаны қалпына келтірсек, қалғаны соның салдары болар еді! Бұл - руханияттың алдына ештеңені оздыруға болмайтынын көрсететін ахуал. Бұл - жұтқа ұшырағанда да ұрлыққа бармай, аштан өлген қазақтың діліне сәйкеспейтін саясат. Бұл - тілді ештеңенің де құрбаны етуге болдырмайтын тарихи кезең еді! Бірақ сол шынайы өмірге айналып отыр...
- Әңгімеңізге рахмет!
«Абай-ақпарат»
Серік Әбдірешұлы Ерғали
1961 жылы 16 маусымда Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Қаражар ауылында туылған. Мамандығы - математик-мұғалім әрі заңгер. Ақтөбе пединституты мен А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетін бітірген.
1989 жылы «Жем» антиядролық тобын құрып, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының Ақтөбе облысы бойынша өкілі болды. 1990 жылы 24 қаңтарда «Алдаспан» пікірталас клубын құрды, клуб сол жылғы қазан айында қоғамдық-саяси-рухани бірлестікке айналды. 1991 жылы 6 көкектен бастап Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысының батыс (алты облыс кірген) аймақ бойынша үйлестірушісі, Орталық үйлестіру комитетінің мүшесі. 1991 жылы Қазақстанның республикалық партиясын ұйымдастыруға араласып, партия төрағасының орынбасары болып сайланды.
1991 жылғы тамыздағы Семей полигонының жабуын талап еткен «Азат» қозғалысының Семейдегі апталық шарасына, 1991 жылғы қыркүйектегі Орал көтерілісіне басшылық жасағандардың қатарында болды. 1993 жылғы Кеңқияқ кентіндегі болған мұнайшылар ереуіліне дем беріп, оның нәтижелі болуына атсалысты.
1990-1992 жылдар аралығында жоғарыда аталған ұйымдардың қызметі ауқымында ұйымдастырылған түрлі қоғамдық-саяси шаралардың басы-қасында болды. 1993 жылы Ақтөбе қаласында баспанасыздарға арналған «Отау» құрылыс-әлеуметтік кешен құрып, жеке үй салу қозғалысын дамытуға үлес қосты.
1996-2005 жылдар ішінде Ақтөбе облысы бойынша азаматтық қоғамды дамыту мақсатымен «Рух» қайырымдылық қорын, «ДемОрда» мекемесін, «Арда» бірлестігін ұйымдастырды. Осы ұйымдардың қызметі аясында әлеуметтік отызға тарта жобаны жүзеге асырды. Оның ішінде Байғанин ауданында ауылдық клубты салу, «Айтысты жаңаша ұйымдастыру», ауылды ауызсумен қамту секілді жобалар бар.
2001-2004 жылдар ішінде «Рух», «Балжария» газеттерін, «Жас дәурен» бюллетені мен «Арда» электрондық газеттерін шығарып, «Ойсал» сараптамалық телебағдарламасын ұйымдастырды. «Есет батыр» тарихи сахналық телевидофильмін түсірді.
«Көсеге», «Тілтағдыр», «Ұлт пен ұран» саяси-қоғамдық пайымдар мен жастарға арналған «Алдаспан» өнегелік туынды жазды. Мәдениеттану саласында «Түркілік ін-ен тұжырымы», «Рушежіре» кітаптарының және «Нау мен ырыс» зерттемесінің авторы. Шетел қазақтарын отандастыруға арналған «Бауырластыру тұжырымдамасын», «Қазақы жаңа әліпби тұжырымдамасын» дәйектеді.
Қазақтілді балалар үшін Х.Андерсеннің ертегілерін қазақшаға аударып бастырды.