Мемлекетті патшалар емес, ғалымдар билейді...
Пайғамбарымыз хадисінде «мына дүние ақыреттің егіні» деген. Яғни, не ексең, соны орасың. «Қалай өлсеңдер, солай тірілесіңдер, қалай тірілсеңдер, солай өлесіңдер» деген хадисінің мәні зор. Бұл дүниедегі танымың, о дүниеде пайдасының зор екенін білдіреді. Ғылым Алланың бір сипаты (Абай). Құранда Алла-Тағала мен құдыретімді адамдар арқылы ғана ашамын деген. Ғылымға тереңдеген сайын Алланың құдыретінің шексіздігін сезінесің.
«О дүниеде ғалымдардың өздерінен мәртебесінің жоғары екенін шаһидтер көріп, менде неге кезінде ғалым болмадым деп өкінеді екен (Имам Ғазали)». Сүйенер дәлелі бар әл-Ғазалидың. Сонда Алла жолында қайтыс болған шаһидтердің мәртебесінен, ғалымның мәртебесі жоғары екенін көрсетеді.
«Ғалымдар болмаса мына дүние оңбас» деген ата-бабаларымыз. Өйткені адамды санасы билейді. Адамның болмысы ойдан тұрады. Ақылды сананы, ойды қалыптастыратын ақыл иелері, яғни, ғалымдар.
Бұл түптеп келгенде мемлекет көппен санасуға тура келеді деген сөз. Сондықтан әлем мен мемлекетті билеушілер патшалар емес, ғалымдар деп білем. Бірақ оны сезінуге өте терең сана керек.
ТАРИХТА АЛЕКСАНДАР МАКЕДОНСКИЙДІ ҚҰДЫРЕТТІ ЕТКЕН ӘКЕСІ ФИЛИП ЕМЕС, АРИСТОТЕЛЬ ЕДІ.
Ғалымды ғалым ететін күмән мен терең ой. Бірақ Алла шексіздік. Ал адамға шектеулі ақыл берілген. Бірақ сол шектеулі ақыл осы дүниенің барлық ғылымын ашуға құдыреті жетеді. Күмәннің өзі де Аллаға жақындатпақ (Ислам философтары).
Ғалым болар адам мен дүниені өзгертер жанның басынан саналы идеямен улану өтеді екен. Сосын сол идеяға құл болады. Екідүниеде сен үшін сол идея өміріңнің мәніне айналады. Бұл нағыз адамдық болмыстың көрінісі. Қалған тірліктер бос тірлік (Абай).
Сенің нағыз адам болғаныңның көрінісі - ғылымға деген идеямен ауырғаның (Шәкәрім). Бұл туралы Хакім Абай былай дейді: "Адам ғылымды шын көңілімен көксесе ғана, ол адамның аты шын адам болады". Ақида ғалымы Имам Матуруди: «Ақыл- жаратылыс сырын түсіну үшін берілген Алла Тағаланың сыйы. Әрі біз жаратылыс жайлы терең ой жүгіртуге бұйырылдық» деп ғылыммен, біліммен айналысудың, ақылды үнемі қозғаудың Жаратушы тарапынан бұйырылған іс екенін дәлелдеп тұр. Бұл ғылыммен міндетті түрде айналысу керектігін ұқтырады. Бір орында қозғалмаған судың саситыны секілді, ми қозғалысқа түспесе адам алжи бастамақ немесе адамдық бейнеден таймақ.
Алла Тағала құран кәрімде: «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?», деу арқылы, адамдардың бір-бірінен білім, ғылым арқылы артық бола алатынын меңзеп тұр. Басқаша артықшылықтың бәрі бос. Байқап қарасақ осы аятта Алла Тағала сұрақ қою арқылы білімнің қадірін меңзеп, білімді мен білімсізді салыстыруға шақыруда. Әрине, білімділер мен білімсіздер тең бола алмайтыны айдай анық. Білімді әрқашан жоғары, артық, білімсіз – төмен әрі кемшін.
Адам қайтыс болғанда, амал дәптері жабылғанда, мына үш кісінің ғана сауабы жалғаса береді екен: «артынан дұға жолдайтын игі ұрпақ қалдырған, ел игілігіне жарайтын дүние салдырған, артына ілім қалдырған адам».
Пайғамбарымыздың сипаттауы бойынша ақиқатты іздеген "ғалымдар" үшін періштелердің өзі қанаттарын жайып, мұхиттағы мылқау мақұлыққа дейін дұға қылмақ.
Алланың негізгі мына дүниені жаратудағы хикметін, сырын ғылымнан ғана таба аламыз. «Білім байлықтан артық: білім сені қорғайды, сен байлықты қорғайсың» деген қазақта тәмсіл бар. Шынымен де адамның білімін Алладан басқа ешкім тартып ала алмайды.
Зәредей көлемдегі білім мен таным - адамға қуаныш, ал азғана білімсіздік - адамда қорқыныш туғызбақ (Ғазали). Әрбір жаратылыс - өзінің болмысына сәйкес міндеттерді орындаған кезде ғана рахат таппақ. Мұны Мәшһүр Жүсіп бабамыз былай деп тұжырымдайды: «Ғылым-білімге ғұмырын сарп қылған пенденің жаны тіріліп, сыйлы болады, ал ғылым-білімге ғұмырын сарп қылмаған пенденің жаны өлік жан есепті. Өзі өліп жатқан өлікті кім керек қылады?! Ондай жан дүниеде һәм ақыретте де сый-құрмет көре алмайды».
Өзің үшін оқы!
Өзің үшін үйрен!
Егер осылай жасайтын болсаң; өзіңе де, өзгеге де әсерін көресің...
Сен іздеп тұрған нәрсе, сені де іздейді.
Жарас Ахан, тарихшы
Abai.kz