Қапыда қалма, қандас!
Құдайға шүкір, бүгінгі таңда алыс-жақын шетелдерден көшіп келіп, Қазақстан Республикасының азаматтығын алам деген қандастарымыз үшін Заңнамалық тұрғыдан еш кедергі жоқ. Батыл шешім қабылдап, ширақ қимылдаған азаматқа тұрақты тіркеуге тұру, азаматтық алу – түк те қиын емес!
Соңғы оншақты жылдың көлемінде Көші-қон саясатының басы-қасында жүрген, «Халықтың көші-қоны туралы» заңына елеулі өзгертулер мен толықтырулар енуіне ықпал еткен азамат ретінде мен осылай деп кесіп айта аламын!
Соған қарамастан, мыңдаған қандастарымыз «Оралман» мәртебесінің мерзімін өткізіп алып, қатты қиналды. Оның өзіндік себептері де болды.
Біріншіден, Оралман мәртебесiн алған адамдар мен олардың отбасы мүшелерi: 1) оралмандарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегiн бейiмдеу және ықпалдастыру қызметтерiн көрсетумен; 2) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық көмекпен; 3) Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең жағдайда мектептерде және мектепке дейiнгi ұйымдарда орындармен, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын көлемде техникалық және кәсiптiк, орта білімнен кейiнгi және жоғары бiлiм беретiн оқу ұйымдарына оқуға түсуге бөлiнген квотаға сәйкес бiлiм алу мүмкiндiгiмен; 4) Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең жағдайда әлеуметтiк қорғалумен; 5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесумен қамтамасыз етiледi. Осы жеңілдіктерден пайдалану үшін қандастарымыз «Оралман» мәртебесін алып алады да, ары қарай Қазақстан Республикасының азаматтығына құжат өткізбей, «ұзын арқау, кең тұсау» деп, екі жаққа жалтақтап жүріп уақыт өткізіп алады.
Екіншіден, Қытай Халық Республикасында туындаған саяси жағдай да өз әсерін тигізді.
Осы мәселені шешу үшін, «Халықтың көші-қоны туралы» Заң жобасы 2017 жылы Мәжілісте талқыланған кезде шама келгенше шығар жол ұсынып, әрекет жасадық. Өкінішке орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті басшыларының кесірінен ол ұсыныстарымыз өтпей қалды. Өтсе де жарым-жартылай қанағаттандырылды. Бұл туралы кезінде айттық та, жаздық та...
Міне, уақыт талабына сай, сол түйкілмен қоса, өзге де мәселелерді заңнамалық тұрғыдан түбегейлі шешу үшін Парламентте «Халықтың көші-қоны туралы» заңына тағы да өзгертулер мен толықтырулар енгізу жұмысы қарастырылғалы жатыр.
Біз өз тарапымыздан қажетті ұсыныстарымызды алдын-ала бердік. Ол ұсыныстардың бір бөлімі Заң жобасына енгені де белгілі болды. Енбегенін Мәжілістегі жұмыс тобының талқысы барысында депутаттар арқылы енгізуге әрекет жасаймыз.
Алла қалап, Халық қалаулылары қолдап, ол ұсыныстарымыз өтіп жатса, «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы одан ары кемелденіп, көшіп келушілердің құжаттануы тіпті де оңтайлана түсетініне сенімдімін.
Бірақ, бұл өзгерісті күтпей-ақ, қандастарымыздың талап-тілегін ескерген Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтатудың аз-ақ алдында – 16 наурызда оралмандар мәртебесін жеңілдетілген тәртіппен 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін бір мәрте ұзартып беру туралы шешім қабылдап кетті.
Елбасының бұлай шешім қабылдауына ұсыныс жасаған ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев екенін ұмытпайық, ағайын!
Елбасының этникалық қазақтардың проблемалық мәселелерін шешу туралы сол тапсырмасына сәйкес, еліміздің аумағындағы барлық этникалық қазақтарға, уақыты қай кезде өткеніне қарамастан, оралман мәртебесінің жарамдылық мерзімін ұзарту бойынша бір реттік акция жүргізілуде.
Сондай-ақ, «Оралман» мәртебесінің мерзімі өтіп кетуіне және өзге де себептерге байланысты визасының, төлқұжатының уақыты өтіп кеткен қандастарымызды «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі министрінің 2015 жылғы 7 сәуірдегі №315 бұйрығына сәйкес, алдымен «Азаматтығы жоқ тұлға» деп танып, ары қарай құжаттандыру жұмысы қолға алынып жатыр.
Сондықтан, Елбасымыздың осынау қамқорлығының аясында жасалып жатқан жеңілдіктен қандастарымыз қапы қалмауы керек. Өздері тұрған орынның Көші-қон мекемелерінен құжаттарын дұрыстап алғаны жөн.
Ал, туындаған мәселелер болса, «Nur Otan» партиясы бастаған қоғамдық ұйымдарға барып, заңгерлер мен медиаторлардың көмегіне жүгінсе болады.
Бұл жеңілдіктен әсіресе Тәуелсіздік жылдары Өзбекстан Республикасынан келіп, белгілі себептермен Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрген туысқандар толық хабар тауып, жылдың соңына дейін құжаттанып алғаны дұрыс болар еді.
Сол үшін, құрметті туысқандар, интернет әлемінің «Facebook», «WhatsApp», «WeChat», «Instagram», «telegram»... желілерін пайдаланып, осы мақаланы өз топтарыңызға жаппай бөлісулеріңізді өтінем!
Қандастарымыз қапыда қалмасын!!!
Ауыт Мұқибек
05.06.2019
Нұр-Сұлтан қаласы
Abai.kz