Расул Жұмалы: "Қосанов жауапкершілікті сезінетін саясаткердің қадамын жасады"
Ай бойы алашапқын болған сайлау да аяқталды. Сайлаудан кейінгі сарсаң да саябырсыды. Бұл жолы ел басқармаққа екіленіп шығып, ел-жұрттың алдында жарнамасын жасағандар жетеу еді. Десек те, доданың басты фавориттері – қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен оппозиционер саясаткер Әміржан Қосанов болды. Сайлау аяқталысымен Қосанов өз жеңілісін мойындап, Тоқаевты құттықтады. Бұл Қосановты қолдаушылардың ашуын туғызды. Арты абыр-сабырға ұласты. Егжей-тегжейін ежіктеп айтып жатпайық, барлығын қазақстандық һәм шетелдік ақпарат құралдары тәптіштеп жазды. «Қара су сапырғанмен сорпа болмайды» дегендей, қайталай бергеннен нәтиже де өзгермейді. Біз шама-шарқымызша сараптап көрейік. Қорытынды шығарайық.
Сонымен, жақсылы-жаманды сайлау өткіздік. Президент таңдадық. Жасыратыны жоқ, ел-халық Қосанов пен оның командасына өкпелі. Сайлаудың соңы митингке ұласты. Бұл сайлаудың өзге сайлаулардан артық-кемі қаншалық? Билік транзиті орын алды ма? Қосанов неге ресми нәтижелерді күтпей жатып, жеңілісін мойындады? Қосанов пен оның командасы биліктің қуыршағы ма? Парламент сайлауына Қосанов командасы қатыса ма? Сұрақ көп. Біз бүгін сол сұрақтарға жауап іздеп белгілі саясаттанушы Расул Жұмалыны сөзге тарттық.
– Расул аға, сіз өзіңіздің «Жаңа Қазақстан» форумындағы әріптесіңіз Қосановтың командасында болдыңыз. Қасында жүрдіңіз, кеңесшілік жасадыңыз. Ал Әміржан Қосанов болса, сайлаудың ресми нәтижелерін күтпей жатып-ақ, президент Тоқаевты жеңісімен құттықтап қойды. Ел-жұрттың ашуын туғызған да осы жағдай. Неге өйтті?
– Рас, мүмкін асығыстық жасаған да болар. Ресми нәтижелерді күтіп барып, мәлімдеме жасауы керек пе еді... Дегенмен «экзит-полл» нәтижелері жария болды. «Экзит-полл» – сайлау аяқтала салысымен, сайлаудың алдын ала көрсеткіштерін білдіреді. Бұл бізде ғана емес, әлемдік практикада қолданыста бар нәрсе. Анау, АҚШ-та да, Батыста да, мынау Украинада да осы «экзит-полл» нәтижелері жария болысымен, жеңілген үміткерлер жеңген үміткерлерді құттықтап жатты. Бізде де солай болды. «Экзит-полл» нәтижесі бойынша Қосанов шамамен 15,5 пайыз дауыс алды.
– «Экзит-полл» бар болғаны 13 мың адамның жауабы негізінде жасалды. Ал бізде жалпы электорат 12 миллион адамды құрайды. Олардың 77 пайыздан астамы дауыс берген. Шамамен 8-10 миллион адам. Осынша халықтың дауысын 13 мың адамның пікірімен өлшеу және қисынсыз ғой...
– Жоғарыда айтқандай, бұл кез келген мемлекетте жүргізілетін зерттеу. Жалпы әлемдік практикада «экзит-полл» дегеніміз – ресми саналмаса да, белгілі бір үміткердің қанша дауыс жинағанын білдіретін және түпкілікті нәтиже шығаратын зерттеу. Бұл Еуропада да солай, Америкада да солай. «Экзит-поллдың» нәтижесі мен түпкілікті нәтиженің айырмашылығы әдетте 1-2 пайыздан аспайды. Мысалы, «экзит-полл» 15 пайызды көрсетсе, ресми нәтиже 20-25 пайыз болмайды. Бұл мүмкін емес жағдай. Әрі кеткенде 16-17 пайыз болады. Сондықтан, «экзит-полл» нәтижесі шыға салысымен, бұл белгілі бір үміткердің жеңіске жеткенін немесе екінші тур болатынын білдіреді. Ресми деректерді күтпей жатып-ақ, жеңілген үміткер жеңіске жеткен үміткерді құттықтайды. Бізде де солай болды.
Ал енді бізде сайлауға деген түсінік Батыспен салыстырғанда өзгешелеу ғой. Жұрт ресми деректерді күту керек еді дегендей пікірлер айтты. Оның да негізі бар.
Дегенмен, өзіңіз қараңызшы, 9 маусым күні кешке шыққан «экзит-полл» нәтижесінде Әміржан Қосановтың көрсеткіші 15,5 пайыз болды. Ал ертесі күнгі ресми нәтиже 16 пайыздан сәл асты. Иә, осы ресми нәтижені күту керек пе еді, асығыстық жасамау керек пе еді? Дегенмен, бізде де әлемдік тәжірбиедегідей, «экзит-полл» мен ресми нәтиженің айырмашылығы анау айтқандай алшақ болған жоқ.
Тіпті, Қосанов ресми нәтижені күтіп барып, құттықтаған күннің өзінде ел-жұрттың өкпе-реніші тарқамайтын еді. Сондықтан, Қосановтың қашан құттықтағанының айтарлықтай әсері болған жоқ. Әйтеуір ашуланған азаматтар бәрібір реніштерін білдіретін еді. Ол «экзит-поллдан» кейін бола ма, жоқ, ресми нәтижелерден кейін бола ма, аса бір маңызға ие емес.
– Мәселе сайлаудың қорытындысын мүлде мойындамауда шығар, бәлкім. Өйткені, жұрт билік жариялаған 16 пайызға сенген жоқ.
– Халық «экзит-поллдың» 15 пайызына да, ОСК-ның 16 пайызына да сенген жоқ. Бұл нәтижелерге біз де сене қоймаймыз. Рас, халық сайлау қорытындысын мүлде мойындамау керектігін алға тартты. Алдап кетті деді. Сондықтан, мәселе принципті түрде Қосановтың қашан құттықтағанында жатқан жоқ. Сайлау қорытындысына халықтың сенімсіздік танытуының негізгі себебі – ол осыған дейінгі өткен сайлаулар. Сондықтан да мәселе – сайлаудың түпкі нәтижесін мойындамауда жатыр.
28 жылдың ішінде біз 6 рет президенттік сайлау өткіздік. Оның басым көпшілігі өз уақытынан бұрын, яғни кезектен тыс өтті. Барлығында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев айқын басымдықпен жеңді. Осы 28 жылда бізде сайлауға деген сенім қалмады. Барлық жерлерде жаңағыдай фальцификациялар болатынына үйреніп қалды. Дауыс бұрмалаушылық, топтап бюллетен салу т.б. осыған дейін де талай рет болды. Сондықтан да, осы жолы біраз азаматтар сайлауға белсенді араласты. Жер-жердегі сайлау учаскелеріне бақылаушы болды. Дауыс бұрмалау фактілерін әшкереледі. Біршамасын әлеуметтік желілерден көрдіңіздер.
– Оппозиция атынан сайлауға түскен Әміржан Қосанов принципті түрде сайлау қорытындысын мойындауы керек пе еді, әлде жоқ па?
– Әуелі мойындамау туралы айтайық. Сайлау күні біздің штабымызға сайлаудың нәтижелері туралы алдын ала актілер келіп жатты. Протоколдар... 9 маусым күні сайлау аяқталып, қорытынды шығаруға аз ғана уақыт қалған. Ал біздің штабымызға келіп түскен протоколдардың жалпы саны 50-ге жуық болды. Осы жолы жалпы еліміз бойынша 10 мыңға жуық сайлау учаскесі болды ғой. Нақты айтсақ, 9970 сайлау учаскесі болды. Міне, сол 10 мыңға жуық учаскеден бар болғаны 50 шақты протокол ғана біздің қолымызда болды. Олардың барлығында Әміржан Қосанов 60/40, 60/30 пайызбен жеңген екен. Қалғанын қолға түсіре алмадық. 50 протокол дегеніңіз, жалпы электораттың жарты пайызы ғана. Кей жерлерде протоколдарды берді. Ал кей жерлерде қолға берген жоқ. Жасыратыны жоқ, кей жерлерде бақылаушылардың өздерінде де табандылық болған жоқ. Сондықтан, протоколдарды ала алған жоқ. Салыстырмалы түрде айтайын, сайлау өткелі қанша күн, міне, күні бүгінде біздің қолымызда ұзын-ырғасы 150-дей ғана протокол бар.
Екіншіден, 9 маусым күні, түнге дейін біз облыстардағы өзіміздің өкілдерімізбен хабарласып отырдық. Рас, Қосановты қолдаған бірнеше өңір болды. Әсіресе, Батыста, Маңғыстауда Қосановты қолдаушылардың екпіні үлкен болды. Ресми хаттамалардың қорытындысынсыз-ақ, біз осындай ақпараттарды алып отырдық.
Ал Солтүстікте, Қостанай, Петропавл, Павлодар, Қарағанды секілді аймақтарда Қосанов ойсырай жеңілген екен. Бұл ақпараттарды біз сол аймақтардағы өзіміздің сенімді өкілдерімізден, штаб жетекшілерінен білдік.
Тіпті, қазақы деген, қазақ оппозициясы, қазақ зиялылары туған Семейдің өзінде билік өкілі айқын басымдыққа ие болып, Қосановтан гөрі едәуір көп дауыс жинаған. Бәлкім осының алдында Қасым-Жомарт Тоқаевтың сол өңірге ресми сапармен барғаны ықпал етті ме, әлде Тоқаевтың Семейге облыс мәртебесін қайтарамын деп берген уәдесі әсер етті ме, әйтеуір Семейде Тоқаев жеңді.
Бізде 14 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қала болса, солардың әрқайсысынан біз осындай мәліметтерді алдық. Әрине, Маңғыстау, Батыс Қазақстан секілді жекелеген өңірлерде біз жеңіске жеткенімізге қуандық. Алайда, жекелеген облыстардың нәтижесімен бүкіл Қазақстанның қорытындысын шығара алмаймыз ғой. Кей жерлерде Қосанов жеңді. Кей жерлерде Тоқаев жеңді. Мысалы, Маңғыстаудан жеткен ақпаратқа біз қуандық. Ал Қостанай, Семей секілді аймақтардағы нәтижеге де сендік.
Ақыры «экзит-полл» нәтижелері шықты. Оған қоса, жаңағы аймақтардан жинаған ақпаратымыз бар. Сондықтан, жоғарыдағыдай шешімге тоқталуға тура келді. Өйткені, сайлаудың қорытындысын мойындамау үшін, қолымызда нақты фактілер болуы керек. Дәлелдемелерсіз дау шығара алмаймыз ғой. Содан бері неше күн өтті?.. Нақты дәлелдемелер әлі күнге қолымызда жоқ. Ал актілер саны бар болғаны 150-ге жуықтайды. 10 мың актіден 150-і ғана қолымызда бар.
Қандай да бір мәлімдеме жасау үшін қолымызда негіз болуы керек. Дәл сол 9 маусым күні бізде ондай дәлелдемелер болған жоқ. Әміржан Қосанов осыған сүйене отырып, Тоқаевтың жеңісін мойындаған болар.
– Әлеуметтік желілерде түрлі фальцификациялар әшкере болып жатты ғой...
– Жаңағыдай фальцификацияны анықтады ма?.. Демек, әрі қарай ол бақылаушы әлгі дауыс бұрмалаған адамды сотқа беруі керек. Ондай актілер жоқтың қасы. Иә, пресс-конференциялар өткізілді. Әлеуметтік желілерге фактілер салынды. Ал әрі қарай ше? Екінші, үшінші қадамдар ше? Бұрмалаушылық жасалды ма, ол адам әшкере болды ма, демек ол адам сот алдында жауапқа тартылуы керек. Осы жағынан табандылық байқалмады.
Әрине, ренішпен қарауға болады. Бірақ, айыптап, асыра қаралауға жол беруге болмайды. Бұл 16 пайыздың өзі көңіл көншітпесе де, нәтиже. Алда басқа да шаралар келе жатыр...
– Мойындамау ше? Ондай да мүмкіндік болды ғой...
– Иә, мойындамауға да мүмкіндік болды. Мойындамау нені білдіреді? Мойындамау – бұл ең алдымен сайлаудың әділ өткеніне күмән білдіру, нәтижелерді жоққа шығару. Алайда мойындамау – осымен шектелмейді. «Мен сайлаудың нәтижесін мойындамаймын» деп мәлімдеме жасап қойып, қарап отыруға және болмайды.
Мойындамау деген – наразылық. Наразылық болған соң, алаңға шығу керек. Басқа елдердегідей, өзіңіздің мойындамайтыныңызды алаңда, халық алдында, қоғам алдында көрсетуіңіз керек. Бұл өте жауапты мәселе. Алаңға шықты делік. Ал оның арты қандай жағдайға әкеліп соқтырады?
– Бірақ, халық бәрібір алаңға шықты ғой. Қосанов әу баста Әбіләзовке қарата сөйлеп, «сен халықты алаңға шығуға үгіттейді екенсің, сол алаңға өзің де шық. Мен бұрын митингке шыққанмын. Ертең де шығамын» деген ауандағы сөздерді айтты. Ал сайлаудан кейінгі митингке жастар шықты. Халық шықты. Қосанов шыққан жоқ... Алаңдағы жұрт «Қосанов алдап кетті» деп ашынды...
– Айтып отырмын ғой. Бұл үлкен жауапкершілік. Жұртты алаңға жинау оңай. Ал оны тарқату ше? Жалпы, сайлауға деген көзқарас бізде әртүрлі болды. Біреулер қолдады. Біреулер немқұрайлылық танытты. Енді біреулері байкотшылардың жанынан табылды. Тіпті, байкотшылары бар, басқалары бар, Әбіләзов ұрандап, Алматы, Астана қалаларында митингке шығып жатты. Шындап келгенде, наразылық үдеген, осы бір шақта халықты алаңға шақыру үлкен ағаттық болар еді. Әрине, шақыру, үндеу оңай да, оны бақылауда ұстап тұру бар ғой. Барлық мәселеге жауапкершілік керек. Саясаткердің басты жауапкершілігі мәлімдеме жасауда жатқан жоқ.
Саясаткердің басты артықшылығы – әрбір қадамының, әрбір мәлімдемесінің, әрбір ісінің арты неге әкеп соқтыратынына жауапкершілікпен қарау. Осы тұрғыдан алғанда, мен Қосановтың осы жолғы қадамын қолдаймын. Өзінің қара басының, жеке амбициясыныың жолында қара халықты отқа айдап салған жоқ.
Естеріңізде болса, сайлаудың басында Қосанов «митинг арқылы, шеру арқылы мәселені шешу неғайбыл» деді. Қайта ушықтырып жіберуіміз мүмкін еді. Қосанов әуел баста өзгерістің өркениетті жолын таңдайтынын алға тартқан. Меніңше, бұл Қосановтың саясаткер ретінде пісіп жетілгенін көрсетті.
– Митингілер бәрібір өтті. Ол митингілер туралы бізді қойып, әлемдік ақпарат жазып жатты. Қаншама адам қамалды. Қосанов неге Ринат Зайтов секілді сол халықтың алдына шығып, басу айтпады, сабырға шақырмады?
– Негізі хронологиясына қарасаңыз, митингілер 9 маусым күні басталып кетті. 9,11,12 күні митингілер өтті. Сөзімізге жауап берейік, деректер келтірейік. Осы үш күндегі митингілер – бұл Мұхтар Әбләзовтің жақтастары шақырған, ұйымдастырған митингілер еді. Әбләзовтің үндеулерін қарап шығыңызшы, «осы үш күнде митингіге шығамыз, осы күндері сайлауға байкотымызды айтамыз» деген еді.
Әміржан Қосанов 9 маусым күні құқық қорғау ұйымдарының асыра сілтеушілігіне қатысты өз мәлімдемесін жасады. Бұл митингті байкотшылар ұйымдастырды. Басқалай айтқанда, Қосановтың өзін жоққа шығарған, оны сынаған, оған жала жапқан, оған қарсы шыққандар ұйымдастырды.
Енді Қосанов өз қарсыластары ұйымдастырған митингке келіп, солардың қатарынан табылуы қаншалық логикаға саяды?
Сайлау нәтижелері шыққаннан кейін, Қосанов өз штабында БАҚ өкілдерімен, бұқара өкілдерімен кездесіп, өз ұстанымын айтты. «Мен өзгерістерді қалаймын. Бірақ, өркениетті өзгерістерді қалаймын. Тіпті керек болса, осы жолда билікпен диалогқа баруға дайынмын. Бірақ, мен үшін бұл өзгерістердің құны біреудің бір тамшы жасы мен қаны болатын болса, маған бұл керек емес» деді.
Сырттан отырып арандатушылар бар, диванда отырып, жұртты алаңға шақырып, өздері сол алаңға шықпайтын ұйымдастырушылар бар. Жастарды айдап салып, манипуляция жасап отырғандар бар. Ертең біреудің басы жарылып, көзі шығатын болса, ол жастардың ата-анасының, туыстарының алдында кім жауап береді? Сыртта жүріп, бұйрық берген адамдар ма? Жоқ! Олар жауап беретін болса, кешегі митингтерде қанша адам ұсталды, жауап берер еді ғой...
– Әміржан Қосановтың өзі де сондай митингтерге шықты ғой. Ұйымдастырды, басы-қасында жүргенін өзі де талай рет айтты...
– Рас, бұған дейін де оппозициялық бағытта жүрген Әміржан Қосанов бірнеше шерулер ұйымдастырды. Сөз жүзінде емес, шын мәнінде сол шерушілердің алдыңғы қатарында болды. Жауапкершілікті мойнына алды. Түрмеге де отырып шықты, сол үшін. Бұл тұрғыдан, Қосанов сөзі мен ісі сабақтас екенін дәлелдеген адам.
Жоғарыдағы сұрағыңызға төтелей жауап – осы жолы 9-10 маусымда Қосанов қатаң, радикалды қадамға баруды жөн көрмеді. Жауапкершілік деп отырғаным осы. Кез келген шеру баста бейбіт болады. Ал оның арты қандай дүрбелеңге ұласуы мүмкін екенін білеміз. Кезіндегі араб елдеріндегі, кезіндегі қырғыздағы оқиғаларды көрдік. Мұндай кезде өркениетті демократия жайына қалады да, оның орнын анархия басады, бүлік басады, толқу басады. Бұл елдегі тұрақсыздыққа әкеп соқтырады. Осы есеппен қарасақ, жауапкершілікті сезінетін саясаткердің қадамын Қосанов жасады.
– Дегенмен, осы таңдауы үшін де Қосановты «сатқын» деп айыптап, оның атына неше түрлі, айтуға ауыз бармайтын ауыр-ауыр сөздер айтылып жатыр ғой. «Қосанов билікке сатылған» деді. «Қосанов алдап кетті» деді. «Украинада әртіс президент болса, бізде президент боламын деген адам әртіс боп кетті» деді...
– Оныңыз рас. Көп әңгіме айтылды. Қосанов жеке басының абыройына нұқсан келетінін, көпшілік бұл шешімді дұрыс түсінбейтінін білді. Жұрт бұны әлсіздік, билікке сатылғандық деп ұғатынын білді. Бәрібір осы қадамға барды. Мәселе жеке бастың абыройында емес. Елдің ішкі тұрақтылығында. Бұл билік транзиті кезеңі. Мүдделер қақтығысы көп.
– Болат Атабай «ТриКО» жобасы туралы жазды. Әлеуметтік желіде біраз азамат сіздерді «биліктің жобасы» деп айыптады. Жалпы Қосановтың да, оны қолдаған Дос Көшім, Айдос Сарым, Расул Жұмалылардың да атына түрлі айыптаулар айтылуда...
– Шындап келгенде бұл әңгімелердің барлығы дерлік бос сөз. Осы күнге дейін Қосановқа, бізге құры жала жабулар ғана болды. Соның жетегіне еріп кету де дұрыс емес деп есептеймін.
Иә, сайлауға дейін де, сайлаудан кейін де осындай алып-қашпа әңгімелер өршіп кетті. «Қосанов пен оның командасы билікпен ауыз жаласқан» деді. Не демеді деңізші...Әсіресе, ескі оппозицияның серкелері, Әбләзовтер тарапынан осындай әңгімелер көп айтылды. Бұл жалғыз сол 9 маусым күні емес қой. Бір ай бойы осы... Нақты дәлелсіз, жалаң айыптаулар...Қосанов додаға қалай түсті, солай басталды. Өздері сайлауға түскен жоқ. Басқа біреудің түскенін қабылдай алған жоқ. Келісе алмады. Сөйтіп, қарсы шықты. Қарсы шыққанда да, сол, сіз айтқандай, «билікпен ауыз жаласты» дегеннен артық ештеңе айта алмады. Айта алмайтын еді. Өйткені, еш дәлелі, еш аргументі жоқ.
Олар, Қосановты айыптау үшін, оның барлық қадамдарын зерттеп, тексерді. Билікпен қаншалық жақын екенін зерттеді. Ілік іздеді. Таба алмады. Бір ай бойы, сол, орыстың аулада отырып алып, өсекті көпіретін «бабкалары» секілді, қауесет таратудан асып, әріге бара алмады. Нақты факті болса, кәне? Мынадай көлік сыйлапты, мынадай ақша алыпты, жеке басына мынадай жағдай жасапты деген фактілер бар ма? Жоқ.
Әміржан Қосанов 1998 жылдан бері оппозицияда жүрген адам. Тіпті, оны сынап отырған азаматтардың өзі кезінде билік құрамында министр, әкім, комитет басшы болып жүргенде Қосановтың билікпен диалогқа келмегенін айтып жатыр. Ал өздері лауазымды қызметтерде жүргенде билікке талай рет жеңілгенін білеміз. Мен, сол 2005, 2007 жылдарды айтып отырмын...
21 жыл бойы принципті түрде оппозицияда жүрген Қосановқа қатысты қандай дәйек бар? Болса жауап беріп көрейік, айтсыншы сол адамдар...
Керісінше, Қосанов туралы белгілісі мынау: Қосанов осы 21 жыл бойы билікпен ымыраға келген жоқ. Биліктің сойылын соққан жоқ. Биліктен бір тиын ақша алған жоқ. Алматыда қарапайым пәтерде тұрады. 15 жыл бойы бір көлікпен жүреді. Балалары қарапайым қазақ мектебінде оқыған. Кейбіреулердікі секілді спецмектеп емес. Оның ішінде 3 рет түрмеге отырды. Бірнеше мәрте соққыға жығылды. Отбасы мүшелеріне де сес көрсетілді т.б.
Билікпен ауыз жаласқан болса, биліктің өкілі болса, өтірік оппозиция болса, 21 жыл бойы осындай жағдайларға төзер ме еді? Кім ондай оппозицияға барады? Қисынсыз ғой...Адамды қанша жерден сатып алуға болады дегенмен, логикаға сыймайды.
Нақты бірде-бір дәлел жоқ. Өсек. Ал өсекке қалай комментарий береміз?! Сол өсекті таратушылар тым құрығанда бір дәлел келтірсін. Сонда жауап береміз.
– Әлгіндей айыптауларды ескі оппозиция өкілдері ғана айтқан жоқ. Қосановты қолдаған азаматар да айтты. Сайлауда бақылаушы болған адамдар айтты...
– Қосановты қолдады дегенде, ресми деректер бойынша Қосановты 1,5 миллион адам қолдады. Оған дауысын берді ме, яғни оны қолдады. Логикаға салсық, осылай.
Сол сайлауға қатысқан, бақылаушы болған азаматтардың пікірінше, халықтың 30-40 пайызы Қосановты қолдады. Енді, сол қолдаушылар қайда? Мүмкін біреулерінің көңілі қалған шығар. Біреулер қателесіп дауыс берген шығар. Енді ол адамдар оң мен солын танымайтын мектеп баласы емес қой. Әркім өз таңдауына жауап беруі керек.
Иә маған да, сайлауға дейін жеке таныстарым хабарласып сұрады. «Сен саясатта жүрсің ғой. Кімге дауыс береміз» деді. Мен солардың біреуіне де Қосановқа дауыс бер деп айтқан жоқпын. «Бұл өз таңдауларыңыз. Өздеріңіздің азаматтық шешімдеріңіз. Анаған немесе мынаған дауыс бер деп айта алмаймын. Жеке өз басым Қосановқа дауыс беремін» дедім.
Яғни, Қосановқа дауыс бере ме, жоқ па, сайлауға қатыса ма, жоқ па, бұл әркімнің өз еркі, өз таңдауы.
Ресми нәтиже бойынша 1,5 миллион адам Қосановты қолдап дауыс беріпті. Сол 1,5 миллион адам бір күннің ішінде 180 градусқа ауысып кетуі, қаншалықты қисынды әрекет?! Бізде сайлау мәдениеті жоқ десек, тағы өзімізге тиеді. Бірізділік қайда? Табандылық қайда? Әркім өз таңдауына табандылық көрсетуі керек қой... Қоғамның де түрлі желеулермен, түрлі қауесеттердің соңына еріп кеткенінен көңіл қалғаны жасырын емес.
– Десек те, 16 пайыз деген Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы 6 сайлаудағы, билік қарсыластарының жинаған ең жоғары көрсеткші. Бұған дейін Серікболсын ақсақал ғана 12 пайыз дауыс алған еді...
– Рас, айтасыз, 16 пайыз әрине, біреуге ұнамайтын шығар, дегенмен, әжептәуір көрсеткіш. Осы 28 жылда 6 рет президенттік сайлау өткіздік. Соның ішінде жалғыз Серікболсын Әбділдин ақсақал ғана 12 пайыз дауыс жинады. Ол 1999 жылғы 10 қаңтардағы сайлау еді. Дегенмен, Әбділдин мен Қосановты салыстыруға және келмейді. Ол кезде Серікболсын Әбділдин біріккен оппозициялық коалиция атынан түсті. 2005 жылы президенттік сайлауға түсіп, 6,5-7 пайыз дауыс алған Жармахан Тұяқбайды да оппозициялық коалиция қолдады.
Ал осы жолы Әміржан Қосановты оппозиция қолдаған жоқ. Оппозиция біріккен жоқ. Керісінше, байкотшылап кетті. Қосанов 21 жыл бойы оппозицияда жүрген адам ретінде, жекелеген ұйым атынан түсті. Сонда да 16 пайыз дауыс жинады. Қосанов жинаған көрсеткішті «Нұр Отанды» айтпағанда, парламенттегі партия өкілдері де жинай алған жоқ. Сондықтан, жекелеген адам үшін 16 пайыз үлкен нәтиже.
Бұл Қосановтың жетістігі емес, әрине. Қоғамның жетістігі. Сол 16 пайыздың бір бөлігі, Қосановты шынымен қолдап дауыс берді. Ал кейбіреулер, әйтеуір биліктің өкілі болмаса болды деген ниетпен дауыс берді. Сол арқылы билікке наразылығын көрсетті. Меніңше, бұл жолы Қосановты қолдағандардан гөрі, билікке қарсылық білдіргісі келгендер дауыс берді. Және бұл билікке үлкен түрткі болды.
– Және билік сол 16 пайызды, 1,5 миллион адамның дауысын мойындады ғой...
– Дұрыс айтасыз, билік ресми түрде 16 пайызды мойындады. Биліктің сценарийі өзгерді. Естеріңізде болса, биліктің атынан әлеуметтік желілерде ресми сауалнама жүргізгендер, Қосанов ары кеткенде 5 пайыз жинайды деп болжады. Кейін, ол сан 7 пайызға өзгерді. Әдетте, әлемдік тәжірбиеде осындай зерттеулердің артында ресми биліктің өз сенарий тұрады. Ел-жұрттың тамырын басып көреді, осылай. Әу баста, билік Қосановты 5-7 пайыздан аспайды деп болжаған. Бірақ, ол сенарий өзгерді. Ресми түрде 16,5 пайыз мойындалды. Бұл қоғамның оянғанын көрсетті. Бұл үлкен жетістік. Әрине, ол жетістікті Қосанов та, оның командасы да меншіктей алмайды. Қоғам сілкінді. Қоғам оянды. Билік амалсыздан болса да, сол нәтижелерді мойындады.
Сайлаудан кейін, президент Тоқаев өз бағдарламасын,10 басымдықты ұсынды. Сол 10 басымдықтың ішінде, Қосановтың саяси бағдарламасына енген бірнеше пунктерді табасыз. Яғни, Қосановты қолдаған 16 пайызбен, солардың арман-тілектерін қазірдің өзінде билік мойындап отыр. Әзірше, сөз жүзінде. Іс жүзінде қалай болатынын уақыт көрсетеді. Дегенмен, президенттің бағдарламасына сол мәселелердің енуі де өз алдына нәтиже.
– Кешегі жастар толқуының тағы бір себебі – қоғамның ұзақ мерзімді өзгерістерге төзімінің таусылғаны шығар... Қанша дегенмен, біз 28 жыл бойы бір сенарийге түзілген сайлауи жүйелерді көріп келеміз ғой...
– Жоғарыда айтқандай, кез келген демократияландыру, либерализациялану бір күнде жүзеге аса салмайды. Біз 25-30 жыл бойы авторитарлы мемлекетте өмір сүріп келдік. Жұрттың ашу-ызасының бір себебі сол болуы керек. Қосановқа дауыс беріп, оны президенттікке өткізе салып, өмірді бір-ақ күнде өзгерте салу деген әңгіменің өзі логикаға сыймайды. Әрине, пенде болған соң, өзгерістердің тез өткенін қалаймыз. Алайда, саясаттағы оқиғалар тез бола салмайды ғой. Ол үшін саяси демократиялық дәстүрлер қалыптасуы керек. Ол үшін қоғамның өзі де бұған белсенді араласуы керек. Бұл ұзақ мерзімді үрдіс. Қазірше, сол үрдістің алғашқы қадамы жасалды. Ол кешегі – 16 пайыз.
Өкінішке орай, біз сол 16 пайызды әрі қарай дамытып, ұлғайтудың орнына кері кетіп барамыз. Бір-бірімізге сенімсіздік танытып, бір-бірімізге жала жауып, бір-бірімізді қаралап, жұмылған қоғамды ыдыратуға күш салудамыз. Біз қолымызда бар 16 пайыздың өзін ыдырату үшін жұмыс жасап жатқандаймыз. Өкінішке орай, біздің қоғамның қазіргі көрінісі осы.
– Енді парламенттік сайлау келе жатыр. Осы жолғы сайлауда орталықтандырылған партиялық команда өкілдерін жолда қалдырған Қосанов пен оның командасы парламентке бара ма?
– Шынында 9 маусыммен бәрі аяқталған жоқ. Қосановтың парламент сайлауына қаншалық қатыса алатынын дөп басып айта алмаймын. Оның өз жоспарлары, өз ұйғарымдары бар шығар. Жалпы парламенттік сайлаулар туралы түрлі әңгімелер бар. Заң бойынша 2020 жылы өтуі тиіс. Бірақ, біздің дәстүрімізге салсақ, кезектен тыс өтіп қалуы да ықтимал.
Ал қазіргі қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, бізде сайлауға тек саяси партиялар ғана түсе алады. Жекелеген үміткерлер парламент сайлауына қатыса алмайды. Яғни, Қосановқа сайлауға түсу үшін саяси партия керек. Сол партияның атынан түсуі керек. Ал ондай партия Қосанов пен оның командасында жоқ.
– Ал партия құруға уақыт тапшы...
– Уақыт тапшылығынан бұрын, соңғы 10-15 жылда Қазақстанда партия құру тіпті мүмкін емес. Бұған дейін «Жаңа Қазақстан» форумы құрылған. Түбінде халықтық қозғалысқа айнала ма деген үміт болды. Өкінішке орай, бұл да мүмкін болмады. Қандай да бір партияны, қозғалысты, ұйымды тіркеу – биліктің қолында. Ал осы жағдайды өзгерту үшін алдымен сайлау туралы заңдарды өзгерту керек. Сәл де болса, демократия талаптарына сәйкестендіру керек. Ал оған қолданыстағы заңдар мүмкіндік бермейді.
Қоғамның қолдауы болғаны күннің өзінде, биліктің ол партияны тіркеуге жігері жете ме? Қайдам. Сондықтан сайлауға түсу, я түспеу келешектің еншісі.
– Дайын партиялар ше?
– Дайын партиялар болғанда, қазір ЖСДП ғана бар. Оның өзі брендін өзгертіп, «Ақиқат» болып жатыр. Оның басшылығы өзгерді. Бұл өзгерістер қандай қорытындыға алып келеді, ол да бөлек әңгіме.
Бұған дейін, ЖСДП туралы ел ішінде сыни пікірлер көп айтылды. Белсенділігінен айрылған, сайлауда ғана тіріліп, онда да байкот жариялап қойып қайта тыныш жататын партия деген түсінік қалыптасқан. Бұл партияның ескі басшылығы, ескі өкілдері кей кезде биліктің жағына шығып кететін, кейде про-ресейлік интеграциялық жобаларды (ЕАЭО секілді) қолдап кететін еді.
Енді қазір партия басшылығы ауысты. Ермұрат Бапиы келген соң, біз үлкен үмітпен қарап отырмыз. Шын мәнінде халықтың мүддесін ойлайтын, демократиялық, либералдық, әлеуметтік партия бола ма деген үміт жоқ емес. Ал қазір нақты осы партиямен сайлауға бара ма, жоқ па, айта алмаймын. Басқа саяси партия жоқтың қасы. Олар туралы сөз етпей-ақ, қояйық.
– Жалпы, осы жолғы сайлаудың осыған дейінгі сайлаулардан айырмашылығы қандай?
– Ол әрине, осы жолы президенттікке Нұрсұлтан Назарбаевтың түспеуі болды. 28 жыл да 5 рет сайлауға түсті. Бесеуінде де айқын басымдықпен жеңіп шықты. Салыстырмалы түрде айтсақ, мысалы, өзге елдерде Еуропада, АҚШ-та кандидаттар 90 пайызбен жеңбейді. Оларда үміткерлер 60/40, 55/45 секілді көрсеткіштермен ғана жеңеді. Тіпті, екінші туры өтеді. Ал бізде осыған дейінгі сайлауларда Нұрсұлтан Назарбаев 90 пайыздан төмен алған жоқ...
– 1999 жылы 81 пайыз алды...
– Иә, сол жылы оппозиция бірікті. Ортақ үміткерді ұсынды. Серікболсын Әбділдин 12 пайыз алған. Ал 1991 жылы 98 пайыз, 2005 жылы 91 пайыз, 2011 жылы 95 пайыз, 2015 жылы 97 пайыз... 1999 жылы ғана 81 пайыз алды.
Екінші мәселе, Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінде сайлауға салыстырмалы түрде Назарбаевқа шынайы бәсекелес болатын адамдар да болған жоқ. 1999 жылы Серікболсын Әбділдин мен 2005 жылы Жармахан Тұяқбайдан басқа кімді айта аламыз? Ол екеуін де біріккен оппозиция ұсынды. Демек, билік өкілінің осы жолы 70 пайыз алуы – айтарлықтай нәтиже. Бұған дейін 70 пайыз деген нәтиже болған жоқ. Тағы бір айырмашылығы – оппозиция өкілінің 16 пайыз алуы. Ресми биліктің сол 16 пайызды мойындауы.
Осыған дейінгі сайлауларда халық белсенділік көрсеткен жоқ. Ал осы жолы қоғам оянды. Сайлауға белсенді қатысып, бақылаушы болды. Бұл да артықшылық. Әртүрлі заң бұзушылықтарды әшкерелеп жатты. Өз позициясын батыл талап етті. Айта берсең, осы секілді өзгешелектер бар. Жалпы, демократияға қарай алғашқы қадамдар жасалды.
– Түйіндейік аға...
– Сөз соңында айтарым, саясат диванда отырып алып, батырсыну арқылы жасалмайды. Осылай боларын әу баста біліп ем, бәрі бекер деген сәуегейліктің құны көк тиын. Мәселе қашан да нақты өзің не бітірдің дегенмен өлшенуі керек. Осы тұрғыдан алғанда, басқалар бұғып қалғанда, я тасада жатып тас атқанда, басын тәуекелге тіккен Әміржанның жасағанын оң бағалау керек.
Жалпы сайлау болсын, басқа да науқандар болсын, шешуші сәт қой. Әрине, сезімтал мәселе. Бірақ, солай бола тұрса да, саяси көзқараста эмоциядан гөрі, қызуқандылықтан гөрі сабырмен қарауға әуестенуіміз керек. Біреуді ұнататын болса, оны жер-көкке сыйғызбай мақтап, одан көңілі қалса, жерден алып, жерге салып жамандау деген дұрыс емес. Саясат деген ұзақ мерзімді қадам. Бірізділік керек. Ақылға жеңдіру керек.
– Расул аға, әңгімеңіз үшін рахмет!
– Сіздерге де көп рахмет!
Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz