«Қазақ радиосы» ұлтқа қарсы насихатқа жауап беруге қауқарсыз ба?
Әр сағат сайын өзін «Бабамның үні, анамның жыры» деп жарнамалап жататын «Қазақ радиосы» ресми түрде еліміздің басты ақпарат құралдарының бірі саналады. Қай ел болмасын өзінің ұлттық мүддесін БАҚ арқылы қорғап, мемлекет саясатын БАҚ арқылы жүргізеді. Ақпараттық құралдардың көмегімен халықаралық қатынастарда өзінің тәуелсіз ұстанымын білдіреді. Билік және халық арасындағы байланысқа да БАҚ дәнекер болады.
Осындай ауыр жауапкершілік жүгін арқалауға тиіс «Қазақ радиосының» қазіргі деңгейі бәрімізге белгілі. Тәуліктің кез келген уақытында қосып жіберсең даңғаза ән, алаңсыз күлкі, одан қалса әлдебір дәрілерді жарнамалау, тағы да сол әнші-бишілермен әңгіме.
Сөзім дәйекті болу үшін 5 шілдеде таңғы сағат тоғыз бен сегіз арасында «Қазақ радиосынан» не тыңдағанымды айтайын: Интернеттен кешегі естіген жаңалықтарым (спорт жаңалықтарын, ауа райы, валюта бағамы, бәрін қосқанда 5 минут. Одан кейінгі орыс тіліндегі осы қалыптағы жаңалықтар – 5 минут. Сонда ескіріп кеткен «жаңалықтарға» бөлінген әр минуты қымбат эфирлік уақыт он минут қана.
Бұдан соң «Уылжыған сұлу қыздай жас қаламды, жақсы Көрем Астанамды» деп басталған әндету сегіз жарымға дейін мерекелік құттықтауларға арналған әндермен жалғасып, соңынан ақпарат және қоғамдық даму министрі Арыс, Теңіз оқиғалары, жастар лагері, Нұр-Сұлтан – Токио ұшақ рейсі, туризм сияқты бір бірімен қабыспайтын әр тақырыптың басын бір шалып орыс тілінде 5-6 минуттық қана сұхбат берді.
Тағы да әндетуге ұласқан бағдарлама сағат сегізден 45 минут өткенде Интернетте, «Айқын» газетінде, тағы басқа жерлерде жарияланған хабарлардан жұлымдалып жинақталған «Медиашолумен» аяқталды. Бұл «шолудың» мазмұнын ежіктеп айтып жатпайын, оның ішінде қазақ терминдері мәселесі де, айыппұл мен өсімпұл да, Арыс та, ұшаққа билет сату да, үйлену мен ажырасу статистикасы да бар. Міне, менің бір сағат бойы отырып «Қазақ радиосынан» алған «рухани азығым» осы.
Өзім де бір жылы облыстық радиода істегенмін. Шынын айтайын, тер төгіп жұмыс істейтін, өз ісіне берілген журналистер үшін бұл оңай шаруа емес. Бір хабарды эфирге шығара сала келесі хабарды дайындау үшін Венгрияның салмағы зілдей «Репортер» үнжазарын иығымызға асып алып, қағаз-қаламымызды қалтаға салып, келесі хабарды дайындау үшін ауыл-қаланы кезіп кететінбіз. Ол кезде қазақша сөйлейтіндер де аз. Сұхбат берген қазақғыңның «қазақшасын» редакцияға келген соң тершіп отырып қайтадан қазақшалап үнтаспаны монтаждайсың. Келесі жылы осы қиындықтарға төзе алмай сол жылы ашылған орыс газетіне кетіп қалдым.
Радиода жүргенде әйтеуір апта соңында тыңдармандардың өтініші бойынша оларды әнмен құттықтағанда аздап иық жазып, шай ішіп дегендей бір серпіліп қалатынбыз. Дыбысханадағы бірнеше әнді қосып қойып аздап дем аласың. Ал «Қазақ радиосын» тыңдап отырсам олардың жұмысы тек осындай демалыстардан ғана тұратын сияқты. Бүгінгі қазақтың ән-күй тыңдаудан өзге мұңы жоқ сияқты әсер аласын, Тым болмаса Арыспен бірге халық аза тұтып отырған қайғылы күндері даңғаза әндер тоқтатыла тұрар деп едім. Олай болмады. «О, сұлу бойжеткен, көркем едің сен неткен» деген сарындағы жасыл шөптің иісіне еміренген «бұзау махаббат». Мүмкін, бүгінгі жастардың бүгін отау құра сала ертеңіне ажырасып жататыны да осы «махаббат» деген сөздің радиодағы кез келген әнде сан қайталанып, махаббат деген асыл сезімнің мән-мағынасы да, қадыр-қасиеті де қалмағанынан болар.
«Қазақ радиосы» шынымен қазақтың радиосы болса неге қазақты алаңдатып отырған әлеуметтік мәселелерді, елдің болашағын, қоғамдық-саяси оқиғаларды, қазақ ауылындағы бүгінгі тіршілікті, халық тұрмысын білікті әлеуметтанушылардың, саясаттанушылардың, қоғамдық ұйымдар жетекшілерінің, билік өкілдерінің басын қосып неге талқыламайды деген сұрақ туындайды. «Қазақ радиосы» бүгінгі насихат майданында қазақ елінің өзіндік дербес көзқарасын, ұстанымын білдіріп, шет елдің ақпарат құралдарында күн санап үдеп бара жатқан ұлтымызға қарсы насихатқа пәрменді жауап беруі керек емес пе? Әйтпесе, «Қазақ радиосының» қазақтығы қайда? «Радио FM», «Авторадио» сияқты көңіл көтеруге ғана арналған радиолардан қандай айырмашылығы бар?
Әрине, қазіргі Интернет, әлеуметтік жілелер дамыған заманда компьютердің түймешегін бір басып Арыс, Теңіз оқиғалары туралы ақпаратты оңай тауып алуға, эфирге тоғытып жіберуге болады. Бірақ журналист сол оқиғалар орнына өзі барып, жағдайды өз көзімен көріп хабар дайындаса бұл тым болмаса тыңдармандарға құрмет деп бағаланар еді ғой. Қазіргі халіне көңілім толмаса да «Қазақ радиосының» болашағына сенемін. Сенгендіктен көш түзелер деген үмітпен көңілімдегі ренішімді ашық айтып отырмын.
Марат Ермұқанов
Қызылжар қаласы
Abai.kz