Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
«Соқыр» Фемида 16381 20 пікір 13 Шілде, 2019 сағат 18:20

Тұрғымбаевтың «қарттар армиясы» һәм мүгедек қыздың көз жасы

ҚР Ішкі істер министрі

Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаевтың

назарына

Соңғы айларда Қазақстанда наразылық шерулері көбейді. Өткен жолы сол наразылықтарды жіпке тізіп едік, сізге өтірік, бізге шын жарты жылда жүзге жуық толқу болыпты. «Үнім жоғарыға жетсе» екен деп шырылдаған қара халықты (бала-шаға демей, тіпті кемпір-шалдың да аяғын жерге тигізбей) Тұрғымбаев басқаратын министрліктің полицейлері «көкпар тартысқа» салды. Мұның шектен шыққаны соншалық «мы не уроды» деп Сенат спикерінің сөзіне қарсы шыққан қаршадай мүгедек қызды да полицейлер күшпен көлікке тоғытты.

Тәуелсіз қазақ елінің полицейлері мүгедек жанға қатыгездік жасауға дейін баруының сыры неде? Оның жауабы – жалғыз. Қазір ішкі істер саласының тізгінін сонау тоталитарлы кеңестік жүйеде тәрбиеленген, қызылкөз қанды дәуірдің жазалау тәсілі қанына сіңіп кеткен қарт-мамандар ұстап отыр.

Тіпті, бұл сөзіміздің дәлеліндей етіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі сәуірде Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысып, Қазақстан полициясының дөй-дөкейлігі мен дөрекелігі туралы ашық айтқан болатын.

Біз Президенттің бір сөзін де өзгертпей назарларыңызға ұсынамыз.

«Полицияға қойылатын негізгі талап – тиімді жұмыс. Ал оның тиімділігін бағалаудағы басты шарт – халық сенімі. Тұрғындар полицейлердің дөрекілігі мен біліксіздігіне байланысты жиі шағым айтады. Кейбір жағдайларда полиция қызметкерлерінің өздері заңды бұзады, әсіресе жол ережелерін сақтамайды. Ішкі істер министрлігі жүргізіліп жатқан реформалар аясында тәжірибелі әрі адал кәсіби мамандарды сақтап қалудың кешенді шараларын қарастыру қажет. Сондай-ақ, жас кәсіби мамандарды іріктеу барысында олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетіне баса назар аудару керек» деген болатын.

Біріншіден, Президент айтқан полицейге деген халық сенімі бар ма? Жоқ. Себебі, тағы да Тоқаев айтқандай «полиция қызметкерлерінің өздері заңды жиі бұзып келеді».

Ол заңды жиі бұзатынының ең үлкен мысалы, міне...

Қазақстанда «Құқыққорғау қызметі туралы ҚР заңнамалық актісіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу» туралы 2013 жылдың 21 мамырындағы №93-V Заңы бар. Ол Заңның 82-бабы бойынша:

  • Майор шенділерге дейін және кіші кеңесшіліктегі қызметкерлерге – 48 жасқа,
  • подполковник шенділерге және кеңесшілерге – 50 жасқа,
  • полковник шенділерге және жоғарғы кеңесшілерге – 55 жасқа,
  • жоғарғы басшылық құрамдағы азаматтарға – 60 жасқа дейін қызметте болуға рұқсат етілген.

(«Статья 82. Предельный возраст службы в правоохранительных органах

На службе в правоохранительных органах могут состоять до следующего предельного возраста:

1) до майора, младшего советника включительно - сорок восемь лет;

2) подполковники, советники - пятьдесят лет;

3) полковники, старшие советники - пятьдесят пять лет;

4) лица высшего начальствующего состава - шестьдесят лет).

Осыған қатысты Ерлан Тұрғымбаевтың өзі былтыр ғана ақталып:

«Қазіргі таңда қызметкерлердің жасы мен еңбек өтілі біршама жасарған. Бұрын ішкі істер органдарына 30 жаста келіп, 20 жыл қызмет етсе, 50 жаста зейнетке шығатын. Қазір қызметке 22 жастан бастап келеді. Оған 20 жыл еңбек өтілін қосыңыз. Сонда 42 жаста болады. 42 жастағы қызметкер дегеніңіз – тәп-тәуір маман. Мысалы, подполковник, бөлім басшысы немесе орган басшы» деген-ді.

42 жастағы мамандарды ақтап алуға болар. Бірақ, Заңға бағыну алдымен министрдің міндеті емес пе?. Біріншіден, президент айтылғандай Заң бұзушылық болмауы үшін министрлік алдымен заң талаптарын өздері орындауға тиіс деп білеміз. Сөзіміз жалаң шықпасын. Біз қазір еліміздің ішкі істер саласы кімдердің қолында тұрғанын жіпке тізейік.

Жақыпов Рашид Тауфикұлы

ҚР ІІМ вице-министрі. Полиция генерал-майоры. Қазан айында 60 жасқа толады.

Әміров Мұхаран Серікұлы

ҚР ІІМ Тергеу департаментінің басшысы. Полиция генерал-майоры. 60 жаста.

Оспанов Қуат Қалиұлы

ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті басшысы. 55 жаста.

Бәділхан Камалханұлы

ҚР ІІМ кеңесшісі. Полиция полковнигі. 59 жаста.

Қабылов Аманжол Жайғалиұлы

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті басшысы. Полиция полковнигі. 57 жаста.

Нұрғалиев Қадырбек Ахметкәрімұлы

ШҚО Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары. Полиция полковнигі. 58 жаста.

Олжабаев Жанболат Қоспанұлы

Қостанай облысы Полиция департаменті басшысының орынбасары. Полиция полковнигі. 58 жаста.

Үмбетқалиев Хамза Бақтығалиұлы

Атырау облысы Полиция департаментінің басшысы. 56 жаста.

Жұмаханбетов Ералы

Шымкент қалалық Полиция департаментінің басшысы. 56 жаста.

Осы аты аталған азаматтардың бәрі неге ҚР Заңында көрсетілген мерзімде зейнетке жіберілмеген? Біз Ішкі істер министрлігі мен департамент сайттарындағы ашық дереккөздерінде көрсетілген бірлі-жарымын ғана жаздық. Іздей берсең әлі талайын табуға болары анық.

Биылғы жылды экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев «Жастар жылы» деп жариялаған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің инаугурациясы кезінде жастарға қайрыла сөйлеп, елдің, мемлекеттің келешегі жастардың қолында екенін және бір мәрте есімізге түсірген.

Рас, қазіргі уақытта ел-халықтың 51 пайызға жуығын жастар құрайды. Сол жастар қоғамдық һәм мемлекеттік қызметтің кез келген саласына баруға құқылы емес пе?.

Қош! Қазір Тұрғымбаев басқаратын ІІМ сынның астында отыр. Бұл салаға тиімді реформа жасау үшін алдымен зейнеткелер мен потенциалды зейнеткерлер топтасқан көне-команда еңбек демалысына кетуі керек.

Рас, Қазақстан полициясына айтылар сын көп. Олардың ұрда-жық саясаты мен әкіреңмінез әңгіртаяқшыл, әлімжеттік әрекеттері туралы әлемдік ақпарат жазып, Халықаралық ұйымдар сынның төпесіне алып жатқаны өтірік емес. Бұл туралы біз жазған Тұрғымбаевқа ашық хатымыз жауапсыз қалды. Егер де министрлік ішкі істер саласына реформа жасауға дайын болса, алдымен баспасөздегі әр сынға мардымды жауап беруі тиіс емес пе?

Түйін. ҚР Заңдарын министрлік бұзса, басқадан қайыр жоқ. Ерлан Тұрғымбав мырза басқаратын министрліктің ішкі саясаты һәм ұстанымы Елбасы мен Президент саясатына қарама-қайшы болмауы үшін ІІМ-не бағынышты түрлі лауазымдағы зейнеткер басшылар отряды орындарын босатуы керек. Мүгедек қызды күштеп көлікке салған полицейлерде кінә жоқ. Бар кінәні кеңестік жазалау тәсілдерін қандарына сіңіріп, тоталитарлық жүйенің торына шырмалған «қарттар армиясынан» іздеуіміз керек.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2037