Сенбі, 23 Қараша 2024
Қазақтың тілі 4138 11 пікір 15 Шілде, 2019 сағат 16:52

Қазақ билігі және қазақ тілі

(Бір тілде сөйлейтін мемлекетте ғана мемлекетшілдік пайда бола алды!)

Қазақ билігі қазақ тілінің коммуникативті қызметін әлсіз деп санайды. Ол "қазақ тілі қоғамдық қатынас жүйесін толыққанды қамтамасыз ете алмай отыр" деп, әр уақытта оп-оңай орыс тіліне, аракідік ағылшын (қытай) тіліне көше салады... Өйткені, билікте жүргендердің дені орыс тілінде, ал "Болашақпен" шет елде оқып келгендер - ағылшын (қытай) тілінде ойлайтындар.

Олар бір нәрсені ұқпай не мойындамай отыр: ол - еліміздің Ата заңы бойынша да, Қазақстан қоғамының даму тенденциясы бойынша да - Қазақстан мемлекеті қазақ тілінен ешқайда қашып құтыла алмайтынынымызды ұқпауы! Осы тенденцияны қоғам және, ең алдымен оның билігі ұққанда - мәселе тіптен өзгеше болар еді... (бұрынғы жапон, кейінгі моңғол, өзбек жолы).

Біз "экономиканы тез дамытамыз" деп, еліміздегі аса маңызды стратегиялық байлықты шет елдердің қолына беріп қойып, енді бармақ шайнап жатырмыз...

Ендеше, байлықпен қатар, қазақ тілінің мәртебесі үшін "шегініс жасап", қоғамдық қатынас жүйесіне оны толық енгізсек - одан келер "мемлекеттік шығын" қазба байлықтан айырылған шығынға қарағанда мыңдаған есе төмен болары анық...

Есесіне, қазақ тілі қоғам өмірінің бар саласына тездете еніп, өзінің функционалды (қуатын) сапасын жылдам арттырып, жақын арада толыққанды ғылымның, информацияның, нақты ілімдердің, медицинаның, философияның және т.б. тіліне айналып шыға келер еді. (Өйткені, оның сөздік қорының потенциалы өте жоғары). Сөйтіп, Қазақ тілі қазіргі образдық-бейнелік-поэтикалық ерекшелігін сақтай отырып, әлемдік айналымдағы нақтылығы басым тілдердің қатарына енер еді.

Нәтижесінде, біз - қазақ халқы мемлекеттің "көпұлттығына" қарамастан (әрі оны сақтай отырып) - дамыған мемлекеттік тілі, қазақ тілмен бірге қалыптасатын төл мәдениеті мен дәстүрі бар, табиғи тұрғыда өте бай, тәуелсіздігі халқының отаншылдығымен, мемлекетшілдігімен қорғалған іргелі елдер қатарына барып қосылар едік... (Өкінішке орай, Қазақстанның қазіргі экономикасының өз халқының пайдасына жұмыс істемей тұрғаны да осының жоқтығынан болып отыр). Егер, біздегі қоғамдық қатынастар жүйесінде қазақ тілі үстемдік етіп және тілмен қабат, тілмен бірге қалыптастатын мемлекеттік (ұлттық) сана болғанда - экономикамыз баяғыдан-ақ халық пен мемлекетіміздің мүддесіне жұмыс жасаушы еді.

Ұмытпайық - бір тілде сөйлейтін мемлекетте ғана мемлекетшілдік пайда болады! Олай болмаса - біз барлық уақытта бізді трансұлттық компанияларымен шырмаған, тұсап қойған өзге мемлекеттердің мүддесіне жұмыс жасаушы, соған сәйкес - керісінше, өз мемлекетінің мүддесін көздемейтін экономикалық жағдайда қала беретін боламыз... (енді оны қалпына келтіру шығыны барлық қазба байлықтың құнынан асып кетуі де мүмкін-ау)

Міне, осындай тәуелді жағдай, түпкі мақсатында, тілді де, өз экономикамызды да дамытпайды. Керісінше, "әлемдік айналым" ("нарық" емес, "базар") күшейген сайын - біз құрыған үстіне құри береміз! .. Ақыр соңында, бұл процесс біздің санадан "Тәуелсіздік" деген ұғымның бар қадір-қасиетін жойып тынатын болады!

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543