Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 4713 0 пікір 17 Шілде, 2019 сағат 10:51

Поэзияның күңгейі мен теріскейі

(Мерей Қарт шығармашылығы хаһында)

Абайдың поэзиядағы пайғамбарлығының көлеңкесі түскен ақын жастар жетіп артылады. Әрі бірінен-бірі өтеді. Осы шоғырдың ішінде өзіне ерек көңіл аудартуды керек ететін бір есім бар. Қос бірдей жыр жинағының авторы Мерей Қартов деген жаңа талап жас ақын.

Абайдан кейін Шығыс Тұранның тұманданған жыр көкжиегі қайыра әлсіз таң рауанының шапағына бөлене бастады. Бөлендірген Семей мен Өскеменнен шыққан жас шайырлар. Сонымен бірге, Тыныштықбектей поэзия мэтрінің биік поэтикалық талабына жерлес бауырларының дәті барып қадам басулары да өте ауыр екенін есте ұстағанымыз жөн.

Олар бірінші орынға – моралистікті, сыншылықты, ақылмандықты шығарып отыр. Осының бәріне олардың жырларын парақтаған сәтте куә боласың...

Поэзия дегеніміз – бұл білім, бұл жанның құтқарылуы, оқырманға өз әмірін жүргізу мен өзін-өзі естен шығару әлемі. Сонымен қатар, онда алаштың бұрынғы кеңестенген дүниетанымын алғашқы тұнық бастауына қайтаруға тырысатын бұлғақты бұлқыныс бар.

Осының бәрін бізге жастар поэзиясы өзінің соны қырымен қайтарып беріп отыр. Абай түстенген өлең дастарханындағы ақындық нанының қиқымы санаулылардың ғана шығармашылық өңешінен өтеді. Оған жете алмай, Абайдан қалған өлең жозысын тек түсінде ғана көретіндер аға буында жетіп артылады. Бірақ солардың көбісінің өлеңді ЛЕГОҒА айналдырып жүргендерін білмейтіні қандай өкінішті. Жастар өлеңі қолын бұлғап, алаштың бұла да, тарпаң мінез өмірінің қойнауына шақырады. Олардың бодандық сана шөлейтке айналдырған поэзия өлкесін қайыра жазираландыруы көңілді өсіреді. Бұрынғы ақша бар, азаттық жоқ өмірдің бодандық қарын тоқ сүреңсіздігін алмастырған ендігі ұлт басында азаттық бар, қалың елдің қалтасында ақша жоқ дәуірдегі ұлттық тірліктің буырқанған сілкінісін: көкірек санаңды ашып, бірде саналықпен, енді бірде санасыздықпен көзге шұқып көрсетулері мәдени кеңістіктегі, әм руханият әлеміндегі өзгеге кеткен есеміздің орындарын толтырады. Осы бір – нәсілдік, ұлттық, әм, әлеуметтік санамыздың тарихи  айшықталып  поэтикалық  көрініс  табуының  нәтижесінде: жастар поэзиясының түп негізіне бойлай отырып, алаштық бағзы күнімізбен табысамыз. Олар – ұлттың өз болмыс-бітімін ғаламдық мәдени-рухани кеңістікте таба білуінің алапат қаруы. Қазіргі поэзия көгіндегі  Жас  ақындар  әдеби  кездейсоқтықтың  перезенттері  емес, ұлттың жаңғырған қайыра түлеген жаңа дауыспен мәдени кеңістіктегі әлемдік өркениеттен есе қайтаруға талпынысының жемісі. Поэзия – ешкімге кеуде бастырмай Асқақтап сөйлеу, өзге ұлтқа бас имеу, ешбір өзге өркениетке табынбау әлемі. Осы әлемді бодандық дәуір бізден тартып алды. Бабалар сарынына қайыра оралған, жастар ілкі алаши тілмен ой көсілтіп, сөз қайырады, әрі өшкенді жандыра отырып, біз өз кезімізде түсімізде көрмеген өздерінің азат әлемін өмірге әкеледі.

Тоныкөкше кестелей ой толғап, Асан Қайғыша іңшайлап дүниеден түңіледі. Алаштың жоғалған Жұмағын іздеп, бүгінгі күннің Тозағына лағнет айтады. Қос тілмен жадысы қаққа бөлінген Ұлтты ілкі дәуіріне елін сөзбен қайтаруға қайран етеді. Ойын, аскез, тұлғаттық еңбек, экстаз бен идеялар бірін-бірі алмастырып, өсиет айтуға ұласады.

Осы жолда Ақындық аян беру мен символданған алаш дүниетанымы көз алдымызда поэзия тілімен ән салып тұрғандай болады.

Әр ақынның қиялындағы өз Аруы бар. Оны олардан ешкімде тартып ала алмайды. Қыз бен қызыққа қатысты: “Бұқаның танауы – Ақынның қаламы қартаймайды” деген қиямпұрыс бұралқы сөз саптау әдібі бар.

Бұл енді әсемдік өлкесін былапыт қаламымен былғаныштап, махаббатты мазаққа айналдырған кәртәміс шайырларға қатысты орынды сөз қолданысы болар еді. Махаббаты жырлауда жас поэзия перілері аға  ұрпақтан  асып  түспесе,  кем  түспейді.  Ардай  аппақ  әлемді  өз айшықтарымен нұрландырып жүр.

Данышпан Абай қазақ поэзиясына “Көз” поэтикалық-философиялық концепциясын енгізді. Осы концепцияға қатысты түрлі әдеби кезеңде, қилы тарихи дәуірде қазақ поэзиясында Абайдың салған әдеби жосығының бір шетінен шығуға дәті барған ақындар тарапынан өз өрнегін тауып отырды. Мерейдің өзіне дейінгі поэзия алыптарынан тек өнеге алып қана қоймай, сонымен бірге, олардан қалған поэтикалық-философиялық концепцияларды  мұрагерлікпен  жалғастыруға  өзіндік  талпынысы қуантады. Бұрынғы ақындық тәй-тәй дәуірде орын алған: Еліктеу мен Солықтаудан арылып, жеке ақындық мәнерін табуға тырысудағы, өзіндік шайырлық қағанатын құруға ұмтылыстағы бұндай қадамдар құптауға тұрарлық. Мерей – өзіндік ақындық әлемін табудың жолына түскендігін: “Көз” өлеңі аңдатады.

Өлең  дәстүрлі  түркілік Аллитерацияға құрылған:

Көзіңнен түсініп тіліңді,

Көз сүзіп есімнен ауыстым.

Көз ілмей өткізіп түнімді,

Көз  майын  күтумен  тауыстым.

Көз тойса жоғалар муза ма?

Көз  тиді-ау  көңілдің  бағы мұң.

Көз көрмес жақтарға ұзама,

Көзімнің  ұшында  сағымың,- деп басталатын жыр бір қараған жанға қыз бен қызықты жырлап тұрғандай көрінеді.

Бірақ финалдық ақырғы шумақтарға назар салған сәтте ақынның алға қойған өзіндік аңсары мен мұратының барлығын сезіне түсеміз:

Көздерім көрместі көреді,

Көз ашқан өлеңмен әуремін.

Көзіме елестей береді,

Көз қысқан бозбала дәуренім.

Көз тірі, көрерміз бақ алда,

Көз  барда  табармыз  жол қанша.

Көзімнің алдынан жоғалма,

Көздерім  жұмылып қалғанша.

Көз қысқан бозбала дәуренімен қоштасқан ақын, енді жаңа бейтаныс та, соны әлемінің жалына жармасып, ақындық әлемінен өз соқпағын іздеу үстінде екендігін аңғартады.

Мерейдің тырақалды тұңғыш жинағына атау болған “Есімің сенің...” өлеңі де өзінің айшықтылығымен құнды.

Біз ақынның бүкіл өлеңінің ұңғыл-шұңғылын жіпке тізіп жатпаймыз.

Мерейдің:

Жаза алмай бұлттың бетiне,

Төзiмдi қайтқам түйдiрiп.

Тақтайдың сосын шетiне,

Асылмен жазғам күйдiрiп,-деп, махаббаты өзінше түсінуі тәнті етеді.

Алғашқы махаббатқа іңкәрлікті поэтикалық тілімен өрнектеген өлеңнің соңғы шумақтары жыр архитектоникасына селкеу түсірмей, сәтті түйінделеді.

Алдымнан шықпай арай күн,

Балғын сезiмiм уланған.

Атыңды iздеп қараймын,

Терезелерге буланған.

Сүйрейдi менi көштей бiр,

Өткен күн ашып есiгiн.

Тек қана жалғыз өшпей тұр,

Жүректе қалған есiмiң.

Бұл өлеңнен әр оқырман өзінің алғашқы махаббатының мәңгілік балаң бейнесін жолықтыра алады.

Өйткені, ақын бір өз басындағы тұлғаттық сезім арқылы мыңның жүрегінде бұққан сезімнің кілтін таба алғандығы дау тудырмайды. Өйткені,.. Жүректе қалған есiм өшпейді... оның жаңғырығын өлең мәтіні бізге таныта алғандығы оқырман ретінде бізді разы етеді.

Біз сөз еткен бұл өлеңдер және қос бірдей жыр жинағына кірген бұдан өзге туындыларда қазақ поэзиясында бұрыннан барды алаши мәнермен, өзінше қайыра жаңғырта жырлап шығудың өзіндік бір талпынысы.

Осы талпынысты ұлт әдебиетінде ең алғаш М.Көпейұлынан байқаймыз. Мәшһүр  өз  туындыларында Жаратушыны  ойлап,  нәпсіні тәрибелеу мақсатында өзінің терең философияға құрылған өлеңі «Ит дүниені» жазды. Өлең халықтық қара өлең үлгісінде құрылып, әр шумақ өз алдына жеке аяқталған ойды сондай – ақ, ақынның өз өмір сүрген дәуіріне көңілі толмауын білдіріп тұрады.

Ит  дүние  мұнша  неге  олақ болдың,

Ұстауға құйрық – жал жоқ, шолақ болдың.

Дүниеде жолдас болған достарыңның

Ит дүние бәрін бірдей тонап болдың! – деп, дүниені құйырық-жалы жоқ шолақ ат бейнесінде елестетіп, достығын тонаушы ұры сипатында сомдайды.

Финалдық шумақта Мәшһүр:

Ит дүние жарға ойнаған лақтайсың,

Толқыған, кетеріңде, сынаптайсың!

Алланың береріне кез келсе егер,

Тасыған таудан аққан бұлақтайсың! – деп, «бай болу, кедей болу –  бір  құдайдан»  деген  халықтық  ұғым  –  түсінік  аясында  өзіндік философиялық байламын жасайды. Бұрын Дулаттағы «Дүние – жемтік, мен – төбет» символдануы жаңаша өруі әр дәуірде милет әдебиетінде әр қырынан танылып жүр. Араға ғасыр салып “Ит дүние” тақырыбы қайыра жырланып отыр, әрі сәтті әдеби табысқа айналып отыр. Бұл жолғы шайырлық концепті – ақындық әлемінің бізге берер сабағы мен оқырманмен сұхбаттасудың өзіндік үрдісі. Осы жолда Мерейдің ұлт дауысын естірудегі ел сөзінің тізгінін ұстаушы таңдаулы жан ретінде өзіндік ойын ортаға салуын “ Ит” өлеңі білдіреді. Қазақтың қарғадай баласына дейін белгілі ит тірлік жайында тамаша авторлық бетперделі өлең өмірге келгені өзіне ынтықтыра түседі. Ассонансты және аллитерациялы қолданысты өзіне стилистикалық мәнер ретінде таңдап алып, оны бармақ өлшемімен әрлендіре, әрі мөрлендіре қолдануды мұрат ету, ақынның өзіндік жетістігі деп бағалауға тұрады. Метофоралық символдау өрнегі адамды – итке айналдыра отырып, бүгінгі ұлт өмірінің көлеңкелі тұстарын милетіне танытып, өзіндік ақындық кесік айтуға қол жеткізе алғандығын мойындауға тиіспіз.

Ит тірлікті мейлі түсін, түсінбе,

Ит өледі арамзаның ішінде.

Ит адамдар оянады ұйқыдан,

Итаяғын көріп жатып түсінде.

Шал Тілеукеұлының сарказмі, данышпан Абайдың ұлттың жаман қылығын  жеріне  жеткізе  күстаналауы  жас  ақындардың  –  тәу  етер әдеби Қағбасы.

Бұл түйіндеулердің бәрін өмірдің өзі туғызып отыр.  Ақын бар болғаны ұлттың күрсінісін поэзия тілімен бізге ұсынып отырған жайы бар. Бұл ит формулалығы бәріміздің басымыздан өткен, көзіміз жеткен дүниелер. Поэзияның артықшылығы оны ит сілікпесін шығарып, ит байлағысыз өмір туралы ақиқатты мөлдіретіп жеткізе білгендігінде.

Біздің тірлігімізді поэзия көрігіне салып, сұрықсыз өмірдің көлеңкелі тұсын мұңға батырып, қайғының қаймағын жағып, шерге бөктіріп бере алу оңай шаруа емес. Қазақ тірлігінің теріскейі – өзінше айшықталып тұр.

Бүгінгіден бас тартып, болашақ туралы сөз қозғауға болмайды. Өйткені, ұлттың ит пен мысықтай ырылдасқан өткені оның кешегісінен тамыр тартқан: бұл пендауи құбылыс бүгіннің сүреңсіз көрінісін ғана бермейді, елдің елесті болашағынан да хабар бере алады.

Заманалық қазақ әдебиеті мен өнерінде үлкен өзгерістер орын алып жатыр. Ең бастысы жастардың шөгінді мәнді қолдануы аға буынға қарағанда белсенді. Ірі ақындар көбіне қоғамды толғандырған мәселелерді бір күндік плакаттық ауқымда ашық айтуды мақсұт тұтса, жастар өз кезегінде болып кеткенді, болып жатқанды және әйтеуір бір болуға тиістіні тереңдетілген бүкпелеумен беруге көп құлық қояды. Өйткені, олар өлеңдер тапсырыспен жазылған, оған бұрқыратып ақша төлеген дәуірдің қалбынан шықпағандар. Бұл өзгеріс – тек қазақ әдебиеті мен өнеріне ғана тән емес, Орталық Азияның барлық мәдени кеңістігін қамтыған  құбылыс.  Осы  құбылыстың  ішінде  болашақ  бар.  Ол  – жастардың  аға  буынға  айналып,  құлдық  санасыз  еркін  әдебиеттің бұғанасын қатыру дәуірін аяқтап, осы рухани миссияны өз мәресіне жеткізулері. Міне, осы өлеңдегі “Ит жеккенге кетпейікші айдалып” тұрақтанған семантикалық ой айшығы ендігі өнер жауы – өзге емес, өзіміз екендігімізді танытады. Міне, осындай шөгінді мәндер әр оқырманға өз парасат-пайымына салып, түрлінше жауап беруге жетелейді.

Итке ұқсап тойған жерге тоғыз кеп,

Ит жеккенге кетпейікші айдалып.

Ит милети символы арқылы ұлттың психологиялық келбетін сомдай білгені, ақынның алған тақырыбын аша білгендігін танытады.

Автор  бодандық  кезеңді  “Ит  дәуірдің  қарғыбауына”  теңеуі  сәтті табылған теңеу екені дау тудырмайды. Әрі ақын өткен мен бүгінгінің жібін жалғай білген. “Ит бөрі болмайды”,- дейді, атам қазақ: бірақ – қазақ ұғымында – түз тағысын он орайтын сыртандар бар. Осы сыртандардың дәуірінің тууы да, тумауы да ықтимал. Бәрі ұлттың өзін бостан күндерде қалай көрсете  білуінде.  Осы  дүдәмал  төмендегі  жолдарға  арқау  болып тарамдалған.

Сонымен бірге, өлең бойында түркілік “Жарық пен Түнектің” мәңгілік күресін танытатын шумақтар да бар. Автордың біз құптайтын оңды тәсілі әр шумаққа милет тыныс-тіршілігіндегі оның қалыптасқан философиялық таным-түсінігін жыр жолдарына айналдыруға деген өздік концепциялары сарказммен беріліп  отыруы.  Оны  ақын  өз басындағы  қайғы-шер  арқылы жеткізіп отыруға тырысады.

Қазақ – өмірден қанша жерден құқай көрсе де, жақсылықтан еш үміт үзбейтін халық. Ұлтымыздың осы болмыс-бітімі төмендегі жолдан танылады.

Ит  құмайын  түлкі  күнге қосыңыз,

Ит  ғұмырдан  бір  жақсылық тосыңыз.

Ит  адамның  досы  болып қалғанмен,

Ит  болмасын  өмірдегі досыңыз.

Өмірдің иттігі финалдық шумақта айқын танылады. Автор “Иттік” концепциясының бойына этностың бүткіл өмірлік мүддесі мен аңсары мен арзуын сыйдыруға тырысып қана қоймайды. Өзіндік авторлық “Мені” көзге ұрып тұратын өлеңді өмірге әкеле білген. Бір қараған жанға  ақын  бәрі  білетін жайтты  жырмен  санамалай  несіне тізбектеп отыр деген ой туады.

Бұл – қазақ поэзиясындағы санамалау немесе жасқа қатысты ақынның өз толғанысын білдіретін ақындық жосықтың трансформациялануы. Автор ұлттың бүткіл әлеуметтік топтарының басындағы “Озық пен Тозықты” жыр тілімен бір ұғым-түсінік (өмірдің иттігі) төңірегінде ақындық идеясына тамызық етеді.

Ит  ізінен  жатыр  міне  қан ағып,

Ит қапқандай жүрегімді жара ғып.

Ит өмірден ит адамдар өседі,

Ит қоғамнан күшік күні таланып...

Жастар поэзиясының көпқырлылығы дегеніміз – бұл қазақ поэзиясындағы ашықтық, әмбебаптық, ел адамдығы, әрбір жас шайырдың өзін ұлтына таныта білуге деген арзулы талпынысы. Бұл жолдағы ең басты сипат – ақылдың азабы, фантазиялық ой шарықтауы, фикция  (бедерлеу),  мистерия  (жадылау),  өң мен  түстің  алмасып  келуі  ата және аға буынға еш ұқсамайтын жастардың әдеби әлемінің өзіндік келбеті болып табылады. Ұлттың азат күндерінің бодан күндерде еленбеген барша ұлығ символдары олардың шығармашылықтарының өн бойын жайлап алған. Бұрын мүмкін  болмағанды  енді  игеруші  ата  және  аға  буыннан  олардың артықшылықтары: өлең әлеміне аяқ басқан сәттерінен бастап, өзгеге жалтақтамай: “барды – бар; жоқты – жоқ” деп жасқанбай айта білулері.

Енді міне өз мәдени-рухани жемісін беріп жатыр. Оған куә біз сөз етіп отырған Мерей Қартовтың шығармашылығы.

Сонымен, жас ақындар әлемі – поэтикалық миниатюрадағы алаш өркениеті.

Жастардың жырлары болмаса, алаш мәдениетінің әдеби болашағы да болмас еді. Осы болашақтың іргетасын қалаушы әдеби сойларды елмеу ұлт мәдени дамуын кері кетіреді. Біз талдаған өлеңдер біреулерге ұнамауы да мүмкін, бірақ, оның бойында жастардың өзіндік үні мен өзіндік шығармашылық ізденістері бұғып жатыр. Біз оны 41 құмалақтай бәрін оқырман қауым алдына ақ пен қарасын айырып жайып салдық деген пікірден аулақпыз. Ең бастысы – жастар поэзиясының өзімен өзгелердің  санасуын керек  ететіндігі  туралы  “Көне мен Сонының” арасындағы сабақтастық пен мұрагерлікті бір ғана ақынға қатысты тілге тиек ету.

Жастар  әдеби  өмірге  аяқ  басып  қана  қойған  жоқ,  оны  мүлдем өзгертіп  жіберді. Осыған  көнетіндер  де  бар,  көнбейтіндер  де  бар. Неоклассицизмдің туын желбіретіп, жүрген жаңа есімдер арасында өзіндік ақындық қағанатын құратындар да бар, өзі құрған ақындық патшалығын сәтсіз әдеби  ізденістерімен “Геростраттай” тып-типыл өртеп тынатындары да бар. Біз Мерейдің осы соңғылардың тізіміне енуін еш қаламаймыз. Әлбетте, поэзияның көркем тілінде өнердің тақырыбы мен формасын тас-талқан ететін дәуір қолтаңбасы бар. Ол қолтаңба бірде айшықты, бірде былғанышты. Айшықтысының – былғанышты жағына жармасатындар да бар. Былғаныштан  айшылықтық  тауып, тас кенедей жабысып айырылмайтындар да бар.

Жиырма бірінші ғасыр азат буынның еркін жырларын қазақ поэзия көгінде  самғатты.  Енді  осы  жолдағы  ақындардың  қанаты  талмай, шығармашылықтары солмасын деп тілейік!..

Әбіл-Серік Әбілқасымұлы

салыстырмалы әдебиеттанушы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543