Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4760 0 пікір 8 Шілде, 2011 сағат 15:26

Сталин және ҚАЗАҚСТАН

«Федерация сыры маған мәлiм, - дептi Иосип Броз Тито. - КСРО-ның өзi - одақтас боламыз деп төңiрегiндегi елдердi бауырына басып алған федерация. 15 республика деп тек қағазда жазылған, ұранда ғана айтылады. Ал шындығына келсек, республикалардың ешқайсысында да тәуелсiздiк белгiсi жоқ. Рас, ондағы республикаларда жасап отырған халық өкiлдерiне iрi-iрi қызметтер берген. Бiрақ оларға мәселенi өз беттерiмен шешетiн құқық берiлмеген. Тек Сталиннiң шынашақ қозғалысынан қорқып, Мәскеудiң нұсқауымен жұмыс iстеп жүрген прорабтар ғана бар. Кеңес Федерациясына кiрген республикалардың басшылығына тек орыстар ғана қойылады. Жалпы ұлт мектептерi қысқару-да. Сабағы орыс тiлiнде жүретiн мектептер ғана көбеюде. Осыған байланысты ұлт тiлдерiнiң шеңберi тарылуда. Оның үстiне бүгiнге дейiн қаншама ұлттың өзi және тiлi ажал тапты деңiз ол елде. Ол республикалар Сталин социализмiн күш көрсету органдары арқылы ғана мойындап отыр. Кеңес Одағындағы отызыншы жылдардағы жалпы қуғын-сүргiн, ату, асу, түрмеге қамау, Сiбiрге айдауды естерiңе алыңдаршы. Егер бiз Балқан Федерациясын құратын болсақ - алдымен сол арқылы Кеңес Одағының шекарасы кеңеймек, екiншiден, оның алақанының астында-ғы республикалар өткен қанды қырғын, ертең бiздiң де басымызға келмейтiнiне кiм кепiл?» (Ю.Горенко. «Сталин - Тито». М. Политиздат, 1991, 42-бет).<

 

«Федерация сыры маған мәлiм, - дептi Иосип Броз Тито. - КСРО-ның өзi - одақтас боламыз деп төңiрегiндегi елдердi бауырына басып алған федерация. 15 республика деп тек қағазда жазылған, ұранда ғана айтылады. Ал шындығына келсек, республикалардың ешқайсысында да тәуелсiздiк белгiсi жоқ. Рас, ондағы республикаларда жасап отырған халық өкiлдерiне iрi-iрi қызметтер берген. Бiрақ оларға мәселенi өз беттерiмен шешетiн құқық берiлмеген. Тек Сталиннiң шынашақ қозғалысынан қорқып, Мәскеудiң нұсқауымен жұмыс iстеп жүрген прорабтар ғана бар. Кеңес Федерациясына кiрген республикалардың басшылығына тек орыстар ғана қойылады. Жалпы ұлт мектептерi қысқару-да. Сабағы орыс тiлiнде жүретiн мектептер ғана көбеюде. Осыған байланысты ұлт тiлдерiнiң шеңберi тарылуда. Оның үстiне бүгiнге дейiн қаншама ұлттың өзi және тiлi ажал тапты деңiз ол елде. Ол республикалар Сталин социализмiн күш көрсету органдары арқылы ғана мойындап отыр. Кеңес Одағындағы отызыншы жылдардағы жалпы қуғын-сүргiн, ату, асу, түрмеге қамау, Сiбiрге айдауды естерiңе алыңдаршы. Егер бiз Балқан Федерациясын құратын болсақ - алдымен сол арқылы Кеңес Одағының шекарасы кеңеймек, екiншiден, оның алақанының астында-ғы республикалар өткен қанды қырғын, ертең бiздiң де басымызға келмейтiнiне кiм кепiл?» (Ю.Горенко. «Сталин - Тито». М. Политиздат, 1991, 42-бет).<

 

СТАЛИН ЖӘНЕ АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРI

Қазақ жерiнде патшалық империя мен зорлыққа қарсы шын мәнiндегi мақсатты, барлық әлеуметтiк күштерiн қамтыған ұлттық саяси қозғалыс 1917 жылғы ақпан төңкерiсiнен кейiнгi кезеңде басталды. Жылдың ортасында Алаш партиясының, ал соңына қарай Түркiстан автономиясының (Қоқанда), ал оның артына Алашорда өкiметiнiң (Орынборда) құрылуы бұл қозғалыстың нақты нәтижелерi болатын. Алаш қайраткерлерi өз қызметiнде негiзiнен екi мақсатты: бiрiншiден, қазақ елiн отарлық езгiден азат ету, екiншiден, қазақ қоғамын ортағасырлық мешеулiктен өркениеттi әлеуметтiк-экономикалық және мәдени даму жолына алып шығуды көздедi. Қазақтың ұлттық идеясы заман талабына сай сапалық тұрғыдан жедел жетiлдi. Оны жетiлдiрушi һәм қозғаушысы Алаш партиясын шынайы қажеттiлiктен құрған Алаш қайраткерлерi тарихи мүмкiндiктi мүлт жiберiп алмау жолында жан аянбай еңбек еттi. Бұл - ел тарихындағы елеулi кезең турасында Президент Н.Назарбаев: «ХХ ғасырдың алғашқы ширегiндегi Қазақстанның қоғамдық-саяси өмiрiндегi Алаш партиясының алатын орны мен қызметiн зерттеу - Отандық тарихымыздың ең өзектi мәселелерiнiң бiрi. Өйткенi кезiнде «Алаш» партиясының жетекшiлерi ұсынған қағидалары күнi бүгiнге дейiн өз маңызын сақтап отыр»,- деп әдiл бағасын бердi.
Төңкерiстiң басында қазақ халқы ұлттық автономияны Құрылтай жиналысы арқылы да алмақ болды, бiрақ кейiнгi Қазан төңкерiсi мен елдегi азамат соғысы қазақтардың көзiн ашты. Бостандықтың құны қымбат, сондықтан да билiк басындағылар бостандықты оңай бере қоймайды. Тәуелсiздiк пен бостандыққа тек ұйымдасқан күрес арқылы ғана жетуге болады. Күрес нәтижелi болу үшiн қоғамдық ортадағы әртүрлi саяси ағымдарға бейiмделе бiлудiң және күрес жолында сенiмдi одақтастарды таңдай бiлудiң үлкен маңызы бар.
Сондай қысылтаяң шақта, 1918 жылы наурыз айында Сталин телеграф арқылы «Алашорда» үкiметiмен байланысқа шығып, Алаш атынан өкiлдiк етiп сөйлескен Халел Ғаббасовқа Қазақ автономиясын мойындайтынын мәлiмдедi. Тәуелсiздiкке бет алған азаттық жолының сүйiншi хабары мына құжаттан басталады:
«1918 ж. 19 мартта совет үкiметiнiң мүшесi, ұлт жұмыстарын басқарушы комиссар Сталин Мәскеуден Семейдегi «Алашорданың» бастығы Әлихан Бөкейханов һәм оның жолдасы Халел Ғаббасовты ауызша сөйлесетiн төте телеграфқа шақырды. Ертеңiнде 20 мартта комиссар Сталин мен Халел сөйлестi. Сталин «Алаш» автономиясы туралы сөйлеспекшi екен. Екi жағы өз пiкiрлерiн айтысып, ақырында Совет үкiметiнiң атынан халық комиссары Сталин мынаны айтты:
«Руссиядағы халықтардың құқықтары туралы Халық комиссарлары шығарған белгiлi ережесi бұл күнге шейiн ұлт мәселесi тақырыпта Совет үкiметiнiң негiзгi қызмет жобасы болып келедi. Үшiншi советтер съезi осы ереженi жайғастыруға қаулы қылды. Өзiңiз бiзге тапсырып отырған, жалпы қазақ-қырғыз съезiнiң қаулысы түгелiмен жағары жобаға муафық келедi. Бiрақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: егер сiздiң съезiңiздiң қаулысы өкiлдерiңiздiң совет үкiметiн тануға халаф болмаса болғаны. Үшiншi советтер съезi советский федерация низамын жасап һам бұл мизам IVсоветтер съезiнiң бекiтуiне салынсын деп қаулы қылынды. Бұған қарағанда ендi сөздi қойып, iске кiрiсу керек, яғни, әрбiр тұрмысы, салты басқа халықтар жергiлiктi советтермен қосылып, автономия, федерация алу құқы басыбайлы бөлiнiп кету секiлдi ұлт ниеттерiн жарыққа шығаруға съез шақыратын комиссия құруға тырысу керек. Бiз ойлаймыз, жалпы қазақ-қырғыздың өкiлдерiу тез қамданып, ыңғайлы уақытты өткiзбей, жергiлiктi советтермен бiрiгiп, әлгiдей комиссияны құрар. Сiзден өтiнемiз, бiздiң жауабымызды «Алашорданың» кеңесiне салып, жауап қайтарсаңыздар екен.
Адрес: Мәскеу, Кремль, Халық комиссарларының бастығы Ленинге һәм халық комиссары Сталинге».
Мiне, «Алашорда» мен кеңес үкiметiнiң арасындағы алғашқы және басты келiсiм құжаты осы. Бұл - қазақ мемлекеттiгiн құруға мүмкiндiк берген ресми құжат.
21 наурыз күнi «Алашорда» үкiметi 11 баптан тұратын келiсiм шартты Кремльге жiбердi. Онда мына шарттар:
1. 1917 жылы желтоқсанның 5-нен 12-не дейiн Орынборда өткен жалпы қазақ съезiнiң қаулысы бойынша «Алаш» автономиясы жарияланды және оның территориясына - Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Ферғана, Жетiсу, Бөкей ордасы, Закаспийский облысының Маңғышлақ уезi, Самарқан облысының Жизақ уезi, Амудария бөлiмi, Алтай губерниясына қараған Бийскi, Барнаул, Змейногор уездерiндегi қазақтар басым қоныс жайлаған жерлер кiредi;
2. «Алашорда» үкiметiне қазақтан басқа ұлттардың iшiнен азынан-аз, көбiнен-көп мөлшерде жиыны он адам мүше боп кiредi;
3. Заң шығаратын және билейтiн орын - «Алашорда»;
4. Облыстық бөлiмдердiң көмегiне сүйенiп Құрылтайды шақыру «Алашорданың» құқында болады;
5. Өкiлдердi уездер, қала тұрғындары сайлайды;
6. Бұл заң күшiне енгенше бұрынғы земстволық және қалалық құрылымдар жұмыс iстейдi;
7. Қазақ-қырғыздар арасындағы iстi сайланған соттар қарайды;
8. Құрылтайдың қаулысына сәйкес қазақ-қырғыз милициясы құрылады;
9. «Алашордаға» байланысты түрмеге қамалғандар босатылсын және оларды қудалау тоқтатылады;
10. Москвадағы «Алашордаға» қатысты iстердi елшi ретiнде Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер жүргiзедi;
11. Осы шарттарды Кеңес өкiметi қарап, келiсiмге отыруы тиiс» деп атап көрсетiлдi.
Бұл ұсынысқа «мәселенi тездетiп шешiп, сөзден iске көшудi» ұсынған Ленин мен Сталин бiр айдан астам уақыт жауап бермедi. Азаматтық соғыс жүрiп жатқан ел үшiн бұл тым ұзақ уақыт. Сондықтан да шұғыл түрде 1918 жылы 21 сәуiрде «Алашорданың» күншығыс бөлiмiнiң бастығы Халел Ғаббасов Ленин мен Сталинге:
«Қазақ автономиясының мәселесi - қазақ халқы үшiн өмiр мен өлiм мәселесi болып табылады. 2 сәуiр күнi комиссар Сталин арқылы тура, сымсыз тораппен жолданған Халық комиссарлары кеңесiнiң көзқарасы қазақ халқының арасына аздаған жұбаныш әкелдi.
Алайда жергiлiктi халықтың табиғи талабына өктемдiкпен қарау жергiлiктi кеңес депутаттары тұрғысынан тыйылмай отыр. Қазақ ұйымдарын алаңдатып, ұлттық араздықты өршiтедi. Бұл отты дер кезiнде өшiру керек және ұйымдастыру жұмыстарына шұғыл түрде кiрiсiп, бас көтерiп келе жатқан аласапыран мен толқулардың алдын алу қажет. Қазақ халық кеңесi - қазақ халқының талабын бұлжытпай орындайды, сондықтан да автономия идеясын тездетiп жүзеге асыруға мүмкiндiгiнше күш салады және сiздерден шұғыл жауап күтемiз. Ресми мәлiметiмiздi 3 сәуiр күнi тура сымсыз торап арқылы жолдадық.
«Алашорданың» төрағасының орынбасары - Ғаббасов» деген жеделхат жолдады. (ГСПИ, 558-қор,1-тiзбе,29-iс,182бб);
«Алашордамен» екi ортадағы келiсiмдi жүргiзген Сталин басқарған өкiмет араға тура он жыл өткен соң екiншi «әрiптесiн» - Халел Ғаббасовты түрмеге қамап, ату жазасына кестi.
Алашорда өзiн ресми мойындауды өтiнiп бүкiл ресейлiк билiктен үмiткер Омбы және Самара үкiметтерiне, кейiннен олардың мұрагерлерi болған Уфа Директориясы мен адмирал Колчакқа қайырылғанымен, бұлар да оны мойындағысы келмедi. Ол аздай Директория 1918 жылы 4 қарашадағы ұйғарымы бойынша Алашорда орталық өкiметiнiң жойылғандығын мәлiмдеп, артынша өзi де келмеске кеттi.

 

БIЗ БIЛМЕЙ КЕЛГЕН ШЫНДЫҚ

 

1919 жылдың басында Кеңестiк Қазақ автономиясын құруға қолайлы жағдай туды. Ол үшiн көптеген дайындық жұмыстарын жүргiзiп, облыстық, уездiк кеңестердiң басын қосып, басқаратын бүкiлқазақтық бiр комитет - ұйым керек. Далалық Қазақ өлкесiнiң Төтенше комиссары Әлiби Жангелдин сол ойларын негiздеп 1919 жылғы мамырдың басында Ресейдегi Халық Комиссарлары кеңесiне арнайы хат жолдады. Оның ұйымдық құрылымы, кiм басқаруы тиiс, мүшелерi кiмдер болуы керектiгi жөнiнде де нақты ұсыныс жасады.
Казревком мүшелiгiне сұрыпталып алынған кандидаттар қатарында Бақытжан Қаратаев, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамедияр Тұнғаншин, Сейiтқали Меңдешев, Байқадам Қаралдин аталды. Станислав Пестковскийдiң куәландырғанындай, Кеңестiк үкiмет басшылары Казревкомның төрағасы жергiлiктi ұлттың өкiлi - қазақ болсын деп бiрауыздан келiсiп қойған болатын («Советская степь», 1930, 4 октября).
Кiмдi қою керек? Әңгiме соған тiрелген.
...Таңдау революциялық жұмыс тәжiрибесi жеткiлiктi, саяси көзқарасы, ұстанған бағыты жағынан да сенiмдi Әлiби Жангелдинге түстi. Орталық үкiмет пен партия басшылығы оны Казревком төрағалығына тағайындауды ұйғарды. Бұл шешiм туралы И.В.Сталин Ә.Жангелдиннiң өзiн оңаша бiр қабылдағанда ашық айтып, көңiлдендiрiп те қойған.
Жеме-жемге келгенде Казревком төрағалығына Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссарының орынбасары Станислав Пестковскийдi тағайындауды ұйғарғанын айтты.
Осылайша Қазақ елiн басқару тiзгiнiн «бейтарап ұлт» өкiлiнiң қолына ұстату дәстүрге айналып кете барды.

 

БАТЫС АЛАШОРДА

1918 жылдың қараша айының басында Батыс Алашорда үкiметi Алашорда үкiметiнiң таратылғандығы және билiктiң түгелдей Колчак қолына көшкендiгiн хабарлаған екi жеделхатты қатар алды.
Батыс Алашорда үкiметi бұл бұйрыққа бағынбайтынын, өз қарауындағы территорияда басқаруды бұрынғыша жүргiзе беретiнiн мәлiмдедi.
1919 жылы ақпанның аяғы мен наурыз айының басында Батыс Алашорда үкiметi Советтiк Ресеймен байланыс орнату жолдарын iздей бастады.
Осыдан кейiн Қазақ үкiметiне iссапармен Түркiстан майданы мен Кирвоенревком уәкiлдерi келдi. Түркiстан майданының уәкiлi, 1 армияның Реввоенсовет мүшесi Наумов пен Кирвоенревком мүшесi Бегiмбетов өз мекемелерi атынан келiссөз жүргiзуге, Қазақ үкiметiнiң Совет өкiметi жағына шығуының шарттарын анықтауға және соңғы шешiм қабылдауға өкiлеттi болды. Наумов пен Бегiмбетовтiң жүргiзген келiссөздерi мен қабылданған шешiмдерi 1920 жылғы 1 қаңтардағы хаттамада тiркелген.
Келiсiмнiң негiзi төмендегi басты ережелерден құралды:
1. Батыс Алашорда Кирвоенревкомға қосылады, Алашорданың барлық қоры (капиталы) мен мүлкi Кирвоенревкомға көшедi.
2. 1919 жылғы Орталық Кеңес өкiметiнiң Алашорда қайраткерлерiнiң жетекшiлерi турасында жасаған рахымшылыққа сәйкес Батыс Алашорданың басшыларының да қауiпсiздiгi мен жеке бас құқықтары қамтамасыз етiледi.
3. Тұрақты қазақ әскери бөлiмдерi уақытша Түркiстан майданы басшылығына бағынады, алдағы тағдыры туралы мәселенiң шешiлуi Республиканың жоғары басшылығының құзырына қалдырылады.
Барлық iстi, мүлiк пен қаражатты Қызылқоғаға келген Кирвоенревком мүшелерi Наумов пен Бегiмбетовке тапсырған Жаһаншаһ үкiметiнiң басшылары әрi қарай келiссөздер жүргiзу қажеттiлiгi сылтауымен Орынборға шақырылады. Оларды қабылдаған Кирвоенревком төрағасы С.Пестковский Батыс Алашорда басшыларының бесеуi, атап айтқанда, Жаһаншаһ Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов, Кәрiм Жәленов, Иса Қашқынбаев, Еркiн Атшыбаевтың Мәскеуге шақырылып жатқанын ескертiп, жедел поезға отырғызып жүргiзiп жiбередi. Бiрақ оларды Мәскеуде ешкiм елей қоймайды. Орталық өкiметтiң қабылдауын күтiп көздерi талады. Бұған наразылық бiлдiрген Досмұхамедовтер өздерiне таныс Сталиннiң атына төмендегiдей хат жазады:
«Бiз, Алашорда өкiлдерi, Мәскеуге келiп, тұрып жатқанымызға бiр айдан астам уақыт өттi, осы кезге дейiн өзiмiздiң шақырылуымыздың себептерiн түсiндiрудi, осыған байланысты мәселелердi мүмкiндiгiнше тезiрек қарауды өтiнемiз. Бiздiң отбасыларымыздың Орынборға жақын жерде мүлдем панасыз қалуы да осы өтiнiштi жазуға себеп болып отыр, олардың арасында бiз кеткенде өкпе ауруымен, сүзекпен ауырғандар да болды. Егер осы баяндама хатта айтылған басты негiздердi дәлелдеуге айғақтар қажет болса, керектi құжаттарды көрсетуге және Кеңес өкiметi басшыларының күдiгiн туғызбайтын адамдардың түсiнiктерi мен жауаптарын беруге әзiрмiз.
Қорытындысында бiз, Алашорда өкiлдерi, өзiмiздiң Қазақ өлкесiндегi саяси басшылық пен Уақытша Үкiмет басшылығына халықтың өз таңдауымен, халықтың қалауымен келгенiмiздi мәлiмдеудi қажет деп есептеймiз. Қиын-қыстау кезеңде басшылықта болған бiз, өз шама-шарқымызбен мүмкiншiлiгiмiзге қарай өз халқымыздың еркiн, қалауын жүзеге асыру жолында қызмет еттiк.
Сенiп тапсырылған билiктi өз еркiмiзбен Кирвоенревкомға бере отырып, бiз бұл iс-қимыл қазақ халқының принциптерiне қайшы келмеу керек деген ойға сүйендiк, өйткенi Кирревком өзi қызмет еткен мұратқа, Қазақ өлкесiн автономиялық басқару идеясына қызмет етедi немесе етуге тиiс. Әзiрге, жалпы Мемлекеттiк билiк жағдайында өзiн-өзi сақтау үшiн Қазақ халқының өз мемлекеттiк аппараты болуы тиiс деген саяси ойды құптай отырып, бiз Қазақ өлкесiн басқарушы жоғары органдарға мiндеттi түрде араласуымыз керек деген ниеттен аулақпыз. Сонымен бiрге, өлкедегi автономиялық билiктi жүзеге асырушылардың қандай да болсын саяси сенiм, нанымдарына қарамастан, бiз өзiмiздiң барлық күш-жiгерiмiз бен бiлiмiмiздi, еңбегiмiздi қазақ өлкесiнiң гүлденуi үшiн жұмсауға әзiрмiз.
Бiз тағы да тек «өңiн айналдырған» ұлыдержавалық үстемдiк пен құлдықтың орнауына, сондай-ақ қазақтардың тағы да ұлыдержавалық саясаттың қызметшiсi мен қолшоқпарына айналуына барлық жан-тәнiмiзбен қарсымыз». (РГАСПИ, 558-қор, 1-тiзбе, 29-iс, 202-203бб).
Жоғарыдағы бесеу түгелдей қол қойған осынау әрi баяндау, әрi өтiнiш хаттан алаштықтардың халқы үшiн жоғары салиқалы мақсаттарды көздегенiн, осы жолда күрестен ешқашан да айнымағандығын айқын аңғаруға болады. Ұлыдержавалық үстемдiкке алғашқы күндерiнен-ақ ұмтылған большевизмге жасаған ескертуiндей естiледi.
Мәскеуде тағы да әуре-сарсаңға түскен Батыс Алашорда басшылары азамат соғысы жылдары ақгвардиялық казак-орыстармен «тығыз байланыста болғаны үшiн» жергiлiктi жерде жауап берулерi керектiгi желеуiмен Орынборға керi қайтарылды. Кирвоенревком оларды әскери трибунал сотына тартады. («Жаңа ғасыр», 2006, №6, 77-бет).
Осылайша қазақ елiнiң ғасырлар бойы мыңдаған асыл азаматтары басын тiккен биiк арманы - ұлттық мемлекеттiктi қалпына келтiру iсi Алаш қозғалысы, Алашорда үкiметiмен бiрге тарих қойнауында, тоталитарлық өктемдiк пен империалистiк зомбылықтың шаңына көмiлiп қала бердi.
Сталиннiң жек көретiн екi үлкен жауы болған. Бiреуi - Троцкий де, екiншiсi - Мұстафа Шоқай. Троцкийден билiкке таласады деп қорықса, Мұстафадан кеңес өкiметiнiң ең бiр шұрайлы өлкесiн бөлiп әкетедi деп қорыққан.
Күштеп жаулау әдiсiн қолданған Ленин мен Сталин «қызылдары» Түркiстан автономиясын да қанға тұншықтырып жойды. Коммунистiк империяның езгiсiнде қалған түркi халықтарын орыстандыру саясатынан қорғау және халық ретiнде жойылып кету саясатынан қорғау iсiн ұлт коммунистерi татар Мирсаид Сұлтанғалиев, өзбек Файзулла Қожаев, Акмал Икрамов, қазақ Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов тәрiздi қайраткерлер өз қолдарына алуға күш салды.
Мұстафа Шоқай, Заки Валиди тәрiздi Ресей түрiктерiнiң ұлт-азаттық қозғалысының көрнектi қайраткерлерi ендi кеңестiк түрiктердiң тәуелсiздiгi үшiн күрестi шетелдерде жалғастыруға мәжбүр болды.
Большевиктердiң үрейленгенi сонша, 1922 жылғы 21 қарашада И.Сталин қол қойған Бүкiлодақтық Орталық Атқару Комитетiнiң арнайы қаулысы жарық көрдi. Онда шетелге кетiп, оралмаған азаматтарды заңнан тыс деп жариялаған. Ең сорақысы, бұл заңның керi күшi болған жоқ, яғни шет елдерге бұрын кеткендер, тiптi КСРО азаматы болмағандар да қылмыстық жауапкершiлiкке тартылып, оларға ату жазасы қолданылған.
Бiзге белгiлiсi, Мұстафа Шоқай ешқашан Кеңес Одағының азаматы болған емес. Соған қарамастан, билiк басындағылар оны елге қайтаруға тырысқан. Кейбiр деректерге қарағанда, Кеңес Одағының Франциядағы елшiсi Л.Б. Красин Шоқаймен бiрнеше рет арнайы жолыққан. Тiптi оған Кеңес өкiметi Шығыс елдерiнiң бiрiне елшiлiк қызмет ұсынып отырғанын айтқан. Бiрақ Мұстафа Шоқай одан үзiлдi-кесiлдi бас тартқан. Себебi туған елiнде өзiн қандай қауiп күтiп тұрғанын анық сезiнген. Мысалы Л.Берияның И.Сталинге берген анықтамасында 1919-1930 жылдар аралығында ВЧК-ОГПУ органдары арқылы КСРО-да 2,5 млн. адамның саяси желеулермен ату жазасына кесiлгенiн көрсеткен. Осындай жағдайда Мұстафа Шоқайдың елге оралуы өте қауiптi болғаны айдан анық.
Атап айту керек, Мұстафа Шоқайдың тұтас Түркiстан туралы идеясы И. Сталиндi қатты алаңдатты. Ол оның алдын-алу мақсатында қауiпсiздiк органдарына республикадағы барлық зиялы деген азаматтарды қатаң бақылауға алуды тапсырды. Кейiн оларды Мұстафа Шоқайдың саяси қызметiне еш қатысы болмаса да, «екiлiк», «үштiк», «айрықша кеңес» сияқты соттан тыс құрамдармен аяусыз жазалады. Мұстафа Шоқайдың өзiне байланысты ОГПУ органдары «Двуликий», «Светоч» және «Франц» атауларымен үш оперативтiк iс қозғап, олар бойынша тексеру жұмыстарын жүргiздi. Осы iстердiң соңында ондаған тыңшылар да болған.

 

СТАЛИН БАҚТАЛАС ТҰТҚАН ҚАЗАҚ

«1927-1937 жылдардағы РСФР Халық Комиссарлар Кеңесi төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловқа дейiн қазақ баласы дәл мұндай қызмет атқарып көрмеген болатын». Бұл - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тасқа басылған пiкiрi. Филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов: «Тұрар Рысқұловты бүкiләлемдiк саяси қайраткерлер деңгейiндегi тұлға ретiнде тануға тиiспiз», - дейдi.
Тұрар Рысқұлов 1919 жылы 31 наурызда Түркiстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң жанынан Мұсылман бюросын құрып, аз уақыттың iшiнде-ақ оның беделiн көтерiп, ел билiгiне елеулi ықпал еттi. Тiптен республикадағы негiзгi мәселелер сол Бюроның қарауына қойылып, шешiмiн тауып жатты. Рысқұлов Бюрода экономика, мәдениет, қаржы, әскер, тiл, шекара, сот жүйесiнен бастап басқа да өзектi мәселелердi қарап, шешудi қамти бастады. Басшылыққа жергiлiктi ұлт өкiлдерiн тартты. Түркiстан КП ОК-iн, Түркiстан Атқару комитетiн Бюромен санасатын жағдайға келтiрдi.
1920 жылы 21 қаңтарда Тұрар Рысқұлов Түркiстан Атқару Комитетiнiң төрағасы қызметiне көтерiлдi. Ол мұнда да iске батыл кiрiстi. Мәжiлiстерде бiрқатар комиссариаттарды қатты сынға алды. Сырттан келген тоғышар басшыларды босатып, орындарына жергiлiктi ұлт өкiлдерiн тағайындады. Түркiстан Коммунистiк партиясын «Түркi халықтарының Коммунистiк партиясы» деп қайта атауды ұсынып, оны өткiзе де бiлдi. Рысқұловтың көздеген мақсаты, түпкi идеясы - түркi дүниесiн бiрiктiру. Әуелi автономия құрып, одан кейiн конфедерация жасау. Қысқасы, бiртұтас түркi мемлекетiн құру. Ол сонда ғана Түркiстан ұлы державаға айналатынын бiлдi.
1920 жылдың 25 мамырында Т.Рысқұлов В.И. Лениннiң қабылдауында болды. Ол Ленинге бiрнеше тың ұсыныстарымен шықты. Солардың бiрi - Түркiстан Республикасындағы билiктi Түркi комиссиясына емес, Түркiстан Атқару Комитетi мен Түркiстан Халық Комиссарлар кеңесiне берудi ұсынды. Түрiккомиссия мүшелерi комитеттiң, яғни Коммунистiк партияның өкiлдерi едi. Ленин оның бұл ұсыныстарымен мұқият танысып, арнайы қарауды кейiнге шегердi де, оның кейбiр тармақтарына аздаған өзгерiстер ендiрiп, өзiнше пайдаланды. 1922 жылы РКП(б) Орталық Комитетiнiң Бас хатшылығын И.Сталинге берiп, өзi КСРО Халық Комиссарлар Советiнiң төрағасы болды. Демек Рысқұловтың ұсынысы iске асты.
РКП(б) ХII съезi 1923 жылы 17-25 сәуiр аралығында өттi. Съездiң күн тәртiбiндегi негiзгi мәселенiң бiрi - ұлт мәселесi болды.
Бұл мәселе бойынша И.В.Сталин «Партиялық және мемлекеттiк құрылыстың ұлттық сәттерi туралы» деген баяндама жасады. Баяндаманы талқылау барысында жарыссөзге шыққан 19 адамның бiрi Тұрар Рысқұлов болды. Ол сөзiнде ұлт мәселесiнiң ең өзектi тұстарына тоқталды.
«Бiз, - дедi Т.Рысқұлов, - iшкi саясат қатынасында мәселенiң теориялық тұрғыдан қойылуынан практикалық тұрғыдан қойылуына ойысудамыз. Менiңше, ұлт мәселесi мәселе ретiнде, көп ұлтты мемлекет жағдайында ғана өмiр сүредi», (РКП(б) ХII съезi 17-25сәуiр, 1923 ж. Стенографиялық есеп (орыс тiлiнде). Москва, 1968 ж., 510-б.). Сондықтан да Т.Рысқұлов съезд делегаттарына бұл мәселеге әрқашан сергек, ерекше сезiмталдықпен қарау керектiгiн ескерте келе, ел халықтарының бiртұтас федеративтi одаққа бiрiгу процесi бiрнеше кезеңдi басынан кешiргенiн атап көрсеттi.
В.И.Лениннiң «Ұлттар туралы немесе автономияландыру туралы мәселе жөнiнде» деген хаты Т.Рысқұловқа көп ой салды. Т.Рысқұлов И.Сталиннiң қыңыр мiнезiн, дөрекi жұмыс әдiсiн және әкiмшiлiкке өте құмар екенiн бұрыннан бiлетiн. Ұлт iстерi халық комиссариатында бiрге қызмет iстеген жылдары Сталиннiң болмысын бiршама зерттеп бiлуiне мүмкiншiлiгi болды. Оның орталықтың шексiз өктемдiгiн орнату арқылы жеке билiкке ұмтылатынын сездi. Т.Рысқұлов осылардың бәрiн таразылай келе, құрылған одақ әрдайым шынайы федеративтiк сипатта қалу үшiн, одақтық үкiметтiң ұлт республикаларымен ара қатынасын нақты бекiту және саны аз ұлттар мен ұлыстардың мүддесiн заңды түрде қорғап, тиiмдi мәселелердi демократиялық жолмен әдiл шешiп отыратын «ерекше ұлттар палатасын» құру керек деп түйдi. («Түркiстан», 2008, 6 қараша).

 

ТӨРТIНШI КЕҢЕС

1923 жылғы маусым айының 9-12 күндерi РКП(б) ОК-тi тарихқа Төртiншi кеңес деген атпен кiрген әйгiлi ұлт мәслихатын өткiздi. Кеңеске 58 депутат, одақтас республикалар мен облыстардан жауапты қызметкерлер қатысты.
Кеңестiң күн тәртiбiнде екi түрлi мәселе қаралды: бiрiншiсi - «М.С.Сұлтан-Ғалиевтiң iсi» жөнiнде Орталық Тексеру Комиссиясының баяндамасы; екiншiсi - партияның ХII съезiнiң ұлт мәселесi жөнiндегi қарарын жүзеге асыру үшiн практикалық шараларды белгiлеу iсi болды. Екiншi мәселе жөнiнде И.В.Сталин баяндама жасады. Ұлт республикаларының басшыларына да өз республикаларындағы жағдай туралы баяндама жасау тапсырылды. Кеңесте Түркiстан республикасының атынан үш адам - С.Қожанов, Т.Рысқұлов және И.Қыдыралиев сөйледi.
Сталин өз баяндамасында Сұлтанғалиевтi сынайды, соның пiкiрiн қолдаушы ретiнде Рысқұловты түйреп өтедi. Түркiстан Республикасының Халық Комиссарлары Кеңесiнiң төрағасы жауап сөзiнде қаймықпастан: «Менiң өз пiкiрiм бар, ешкiмнiң жетегiнде жүргенiм жоқ. Қателесiп тұрған мен емес, Сталин жолдастың өзi. Егер мен қателiк жiберсем, орнымнан алып тастасын», - дейдi. Мұнан кейiн «ұлы Сталиннiң» ондай адамды қудаламауы мүмкiн емес-тi. Қаны қарая бастаған Сталин Түркiстан үкiметiнiң басшыларымен астыртын жұмыс iстеп, оларды Тұрарға қарсы қояды. Мұны, әрине, ол да түсiнiп, өзiнiң Иосиф Виссарионовичтiң досы Ян Эрнестович Рудзутакқа жолдаған хатында: «Менiң сайлануыма қарсы адамдар болды. Оның негiзi - Сталинде. Ал мен республиканың экономикасын көтердiм. Әлi де жұмыс iстей аламын». Саяси беделдi iскер тұлғаны табу - Кремль үшiн оңай шаруа емес-тi. Ауыр өнеркәсiп комиссары Серго Орджоникидзенiң былай дегенi бар: «Орта Азияда бiр қора адам жұмыс iстеп жатыр. Бiрақ бәрi бiр Тұрарға тұрмайды!» Мұны Сталин бiлмедi емес. Бiле тұра шетқақпайлаудан және Кремль бақылауында ұстаудан танбады. Басқан iзiн аңдып, жiпке тiзiп отырды. Соның өзiнде тiсi батпады. Рысқұловтың Молотов, Рудзутак, Орджоникидзе, Калинин, Луначарский, Зиновьев, Сұлтанғалиев, тағы да басқалармен достығынан аяқ тартса керек, шетел басшылары мойындаған беделiнен қорқуы және бар. Бұған оның халық шаруашылығын бес саусақтай бiлетiнiн, экономиканы меңгергенiн, әсiресе идеология мәселесiнде ОК Саяси бюро мүшелерiне де, тiптi кезiнде Лениннiң өзiне де дес бермегенiн қосыңыз. («Жас Алаш», 2005, 10 желтоқсан).
С. Қожанов өз баяндамасында Түркiстан Республикасының мәдени әлемiндегi жағдайын егжей-тегжейлi баяндады. Түркiстанда партия жұмысы күн тәртiбiндегi бiрiншi мәселеде айтқанындай, өте нашар қойылғанын, партия Түркiстанда тура жолмен дамымай, түрлi қиыншылықтарды бастан кешiрiп отырғанын айтты.
И.Сталин өзiнiң қорытынды пiкiрiнде: «...Менiң ойымша, Қожанов жақсы сөйледi. Икрамов жаман сөйлеген жоқ. Алайда мен олардың сөздерiндегi бiр мәселе жөнiнде мынаны айтпақпын, ол мәселе сөзсiз ойға жетелейдi. Екеуi де бүгiнгi Түркiстан мен патшалық Түркiстанның арасында ешқандай айырмашылық жоқ, тең маңдайшадағы жазуы ғана өзгердi дедi. Түркiстан бұрынғысынша патшалы Ресей кезiндегiдей күйде қалай отыр екен? Жолдастар, егер бұл айтыла салған сөз болмаса, басмашылардiкi дұрыс та, бiздiкi бұрыс болғаны ғой. Егер айтылған мәселелер дұрыс болса,түсiнбеймiн, онда неге өздерiңiз басмашыларға қосылып кетпегенсiңдер. Демек Қожанов пен Икрамов осы жағында ойланбаған, өйткенi олардың қазiргi Советтiк Түркiстанның патшалық Түркiстаннан түпкiлiктi айырмашылығы бар екенiн бiлмеуi мүмкiн емес. Аталған жолдастардың сөздерiндегi осы көлеңкелi тұстарын атап көрсетудегi мақсатым, жолдастар осы жөнiнде ойлануға және қателерiн түзетуге тырыссын дегенiм». Сталин сөзiн әрi қарай жалғастыра отырып, ОК-нiң Орта Азия мен Қазақстандағы алаңдатып отырған жағдайларды егжей-тегжейлi зерттей алмағанын, Шығыс республикалардағы халық ағарту iсiнiң жағдайы мен мәдениетi шындығында да қиын жағдайда екенiн мойындайды. Алдағы уақыттарда ескеретiн мәселелер екенi айтылды.
И.Сталиннiң жоғарыда келтiрiлген сөзiнде сырт адам байқай бермейтiн, өзiндiк қисыны мен астарлы мазмұны бар. Ол Қожанов пен Икрамовқа бiрден «ұлтшылсыңдар», «антисоветтiк бағыт ұстап отырсыңдар» деп ашық айтпайды. Сталин Кеңесте олардың сөздерiндегi «артық-кем түсiп жатқан» тұстарын түзетудi ұсынады.
Төртiншi кеңесте И.Сталин саяси айналымға «сұлтанғалиевшiлдiк» деген түсiнiктi, құбылысты тұжырымдады. Бұл Кеңес сталиндiк зобалаңның Шығысқа қарай салған «сара жолының» басы едi. Ұлт кадрларын қуғындау процесi «М.Х.Сұлтанғалиевтiң iсiнен» кейiн саяси сипат алды. Кеңестiң барысында И.Сталин алғаш рет ұлт республикаларынан шыққан қайраткерлердiң кез-келгенiн қалаған уақытта саяси тұлға ретiнде саудасын тәмәмдаудың ең зұлым, ең айлакер және өте дөрекi механизмiн сынақтан өткiздi.
Осы Кеңесте Сұлтанбек Қожанов И.Сталиннен мынадай мазмұндас хат алды:
«Қожанов жолдас! Сiз бүгiн өте жақсы айттыңыз! Егер сiз жергiлiктi жерде де осылайша жақсы жұмыс iстейтiн болсаңыз (мен әзiрге бұған толық сенiмдi емеспiн) мен сiздiң досыңыз, жолдасыңыз болуға дайынмын. И.Сталин».
Алаш қайраткерi Таутан Арыстанбековтiң естелiгiнен: «Бiр жолы Сталиндiк жаңа Конституцияның жобасын талқылауға Москвада үлкен жиналыс өттi. Ол кезде жиналыстарда Сәкен бастаған бiздер өзiмiздi солшылдар деп сол жақтан отыратынбыз, ал Т. Рысқұлов, С. Қожановтар тобын оңшылдар дейтiнбiз де, олар оң қанатта отырушы едi. Осы жиналыста И. Сталин төрағалық еттi. Т. Рысқұлов президиумда Сталиннiң оң иығы тұсында екiншi қатарда отырған. Сұлтекең тiлiн төсеп сөйлейтiн және басына тақия киiп жүретiн едi. Бiр кезде И. Сталин: «Сөз шығыстың Шыңғыс ханы Ходжановқа берiледi», - дедi. Сол кезде Сұлтекең орнынан тұрды да, мiнбеге бара жатып: «Шығыстың Шыңғыс ханы Волгаға дейiн жеттi. Кавказдың Шыңғыс ханы Москвада отыр», - деп Сталин жаққа қолын созды. Осы кезде Т. Рысқұлов көзiн жұмып, басын шайқады». («Қазақ әдебиетi», 2004, 29 қазан).
Әрине, мұндай тiрлiктердiң барлығы да «қырағы» қауiпсiздiк комитетiнiң көзiне түспей, лауазымы жоғары кiсiлердiң құлағына шалынбай қалған жоқ, ал жүрегi жоқ, сатылғыш партия қызметкерлерi мен көңiлi соқыр күндестерiне Сұлтекеңнiң көзiн жою үшiн нағыз керектi материалдар едi.

(Жалғасы. Басы газетiмiздiң №26 санында)

Тiлеу КӨЛБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор

"Түркістан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5446