АҚШ-тағы танымал баспа Абайдың кітабын басып шығарады
АҚШ-тағы танымал баспадан Абай Құнанбайұлының кітабы басылып шығатын болды. Бұл туралы бүгін жазушы Роллан Сейсенбаев айтты.
«Алдағы жылы Абай бабамыздың 175 жылдығы атап өтілмек. Бұл үлкен той, яғни ол біздің мәдениетіміздің, қазақ тілінің тойы. Абай кітаптары бүгінде көптеген шет тілдерге аударылды. Келесі жылы әлем классиктерің қатарында АҚШ-та Ұлы ақының кітабын жарыққа шығарамыз», - деді жазушы.
Бүгін Елордада Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өткен еді. Осы жиынға қатысқан жазушы Роллан Сейсенбаев Америкадағы танымал баспа Абайдың кітабын басып шығаратынын айтты.
Оның айтуынша, баспа ағылшын тіліне аударылған кітаптың шығуын өзі қаржыландырады.
«Әлем Абайды оқып келеді. Ұлы ойшылды бүкіл әлемге таныстыру үшін тиісті жұмыстарды жүргізу керек, яғни Абай мектебін барша әлемге шығарған маңызды. 1995 жылы Лондонда «Абай үйін» ашқан едім. Осындай үлкен идеяларға Үкімет бастамашылық етуі керек. Бүкіл әлемде Абай мектебі жұмыс істеген жағдайда, қазақтарды барша әлем білетін болады», - деді Сейсенбаев.
Естеріңізге сала кетейік, Бүгін Елордада Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өткен еді. Онда ақының мерейтойын өткізудің жоспары мен іс-шаралардың жоспары талқыланды. Жиын барысында келер жылы Халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейлердегі ұзын-ырғасы 500-ге жуық шара өткізілетіні белгілі болды.
Abai.kz