Cенаторлар БҚО аудандарын аралап, халықпен кездесті
Батыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен жүрген Парламент Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев Бөрлі ауданында болды. Парламент депутаттары өңірлерді аралап, жұртшылықтың тыныс-тіршілігімен танысты және мұң-мұқтажы туралы хабардар болды.
Сенат депутаттары халық игілігі үшін салынып жатқан 10 шағын аудандағы 9 қабатты көп пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Ибасов салынып жатқан құрылыстарды депутаттарға таныстыра келіп құрылысқа республикалық бюджеттен 95 млн теңге қаражат бөлінгенін, дегенмен ол қаржының үйлерді толықтай аяқтап тапсыруға жетпейтінін айтты және республикалық бюджеттен қосымша 1 млрд 109 млн теңге қаржы бөлуге ықпал етуді сұрады.
Депутаттар аудандық полиция бөлімінің жедел басқару орталығының ғимаратымен де танысты. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Д.Өтеғұлов бұл орталықты қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін ауқымды қаражат керек екенін айта келіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында орталық қызметін толыққанды қамтамасыз ету үшін қаражат қарастыруға көмектесуді өтінді.
Е.Мұқаев пен Н.Төреғалиев Ақсай қаласындағы жол құрылысы жұмыстарымен танысу мақсатында күрделі жөндеуден өтіп жатқан «Наурыз-1», «Наурыз-2» көшелерінде қолға алынған жұмыстарымен танысты. Бұл көшелерде жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде.
Сенаторлар Ақсай қаласында орналасқан «Жарсуат» және «Таир» сауда орталықтарында болды және азық-түліктердің бағаларымен танысып, кәсіпкерлермен және сауда-саттық жасап жүрген аудан тұрғындарымен де кездесті.
Жүздесулер барысында Бөрлі ауданының басшылығы Жайық өзені жағаларының жылдан жылға сумен шайылып бара жатқанын айта келіп, өзен маңында орналасқан ауыл тұрғындарына тасқын судың қатер төндіріп тұрғанын және ол жергілікті жердегі көкейтесті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Жарсуат ауылының маңындағы Жайық өзенінің жағасын (1800 м) нығайту жұмыстарына 2 млрд 17 млн теңге қажет екенін, мұндай соманың жергілікті бюджеттің көтере алмайтынын айта отырып, республикалық бюджеттен аталған соманы қарастыруға ықпал етуін сұрады.
Abai.kz