Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2469 0 пікір 12 Шілде, 2011 сағат 09:03

Қайрат Лама шариф. «Бір ұлт - бір дін» қағидасы ең алдымен мемлекеттің тұтастығын, бірлігін көздейді

- Өз қызметіңізге кіріскен кездегі сіздің ең алғашқы мәлімдемелеріңіздің бірі Қазақстанда байсалды исламды дамыту тұжырымдамасын жасау жайында болды. Біздің жағдайымызда ол қаншалықты қажетті деп ойлайсыз?
- Өте қажет деп ойлаймын. Қазақстанда байсалды ислам тұжырымдамасын жасау жөнінде шешімге келуімізге еліміздегі қазіргі діни ахуал тікелей себеп болып отыр. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан тұрғындарының 70 пайызын мұсылмандар құрайды. Сондықтан біздің ислам дініне ерекше көңіл бөлуіміз заңды да. Қазір елімізде 2752 мұсылман діни бірлестігі бар, 2414 мешіт салынған. Елдегі мұсылмандардың негізгі бөлігі - ханафи мазхабын ұстанатын сүнниттер. Бұл - бүгінгі ахуал.

- Өз қызметіңізге кіріскен кездегі сіздің ең алғашқы мәлімдемелеріңіздің бірі Қазақстанда байсалды исламды дамыту тұжырымдамасын жасау жайында болды. Біздің жағдайымызда ол қаншалықты қажетті деп ойлайсыз?
- Өте қажет деп ойлаймын. Қазақстанда байсалды ислам тұжырымдамасын жасау жөнінде шешімге келуімізге еліміздегі қазіргі діни ахуал тікелей себеп болып отыр. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан тұрғындарының 70 пайызын мұсылмандар құрайды. Сондықтан біздің ислам дініне ерекше көңіл бөлуіміз заңды да. Қазір елімізде 2752 мұсылман діни бірлестігі бар, 2414 мешіт салынған. Елдегі мұсылмандардың негізгі бөлігі - ханафи мазхабын ұстанатын сүнниттер. Бұл - бүгінгі ахуал.
Енді төл тарихымызға көз жүгіртелік. Біз тәуелсіздік алғалы бері ғана мұсылман болған жоқпыз. Қазақ - мың жылдан бері мұсылман халық. Ислам діні бүгінгі Қазақстан территориясына VІІІ ғасырдың соңынан тарала бастағанын бәріңіз білесіздер. Түркі-ислам өркениеттерінің тоғысы нәтижесінде туған топырағымыздан Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари секілді мұсылман Ренессансына елеулі үлес қосқан даңқты тұлғалар шықты. Қазақ ұлты мен мемлекеттігі ислам діні аясында, ислам шариғаты шеңберінде қалыптасты. Халқымыздың рухани-моральдық құндылықтарына мұсылмандық қағидалар тірек болды. Йассауи, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп тәрізді рухани тұлғаларымыз ұлтымыздың діни көзқарастарын ислами ағартушылық тұрғысынан жүйелеп берді. Қазақтың барлық салт-дәстүрлері ислам шариғатымен біте қайнасып кетті. Бір сөзбен айтқанда, мұсылмандық біздің өмір салтымызға айналды.
Қазір біз үшін ислам діні біріншіден, мемлекетқұраушы қазақ ұлтының діні ретінде, екіншіден, республикамыздағы көптеген өзге ұлт өкілдерінің ата діні ретінде ерекше орынға ие. Бүгінгі таңда Қазақстан ислам әлемінің ажырамас бөлшегіне айналып отыр.
Қазақстанда байсалды ислам тұжырымдамасын жасаудың осындай тарихи негіздері бар. Бірақ бұл Тұжырымдаманың жасалуы елімізде тек ислам дінінің мүддесін жоғары ұсталады дегенді білдірмейді. Белгілі бір тараптың мүддесін көтеру екінші тараптың мүддесін аяқ асты ету деген сөз емес. Республикамыздағы өзге ұлт, өзге дін өкілдерінің де бүгінгі қоғамымызда, мәдениетімізде, рухани өмірімізде өзіндік орны бар. Зайырлы, демократиялық даму жолындағы мемлекетіміздің заңнамасы олардың құқықтарын да өз орнымен заң жүзінде қорғап келеді.
- Мұндай тұжырымдаманы жасау мемлекеттік органдардың діни бірлестіктердің ісіне араласуы ретінде қабылданбайды ма?
- Жоқ, бұл қадам діни бірлестіктер қызметін мемлекет тарапынан қадағалауды күшейтеді, мемлекет пен діни бірлестіктердің ынтымақтасуына жол ашады. Мұндай маңызды қадам жасаудан мемлекетіміз ұтпаса, ұтылмайды.
Ойымды таратып айтайын. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2011 жылғы 28 маусымда Астана қаласында өткен ИЫҰ СІМК-нің 38-сессиясында сөйлеген сөзінде дін саласына қатысты бірқатар бағыттарды айқындады. «Қазақстан - мұсылман халқы басым болып отырған зайырлы мемлекет. Біз барлық мұсылмандарды бір-біріне, сондай-ақ басқа дін өкілдеріне ағартушылық, ымырашылдық, толеранттылық көзқарас таныту негізінде бірігуге шақырамыз. Әртүрлі халықтардың мәдени-діни дәстүрлерінің ерекшеліктерін сақтай отырып, біз әлеуметтік-экономикалық модернизация мен халық әлеуетінің әрі қарай жоғарылауын басты орынға қоямыз» деді Президент өз сөзінде.
Бүгінгі күні өкінішке қарай, исламды өз мақсаттары үшін пайдаланып отырған радикал күштер аз емес. Билік үшін күресте түрлі саясат өкілдері Құранның түсіндірмелерін қажетінше бұрмалап та пайдалануда. Елбасымыздың Бүкіләлемдік ислам форумындағы: «Біз барлығымыз бірігіп, исламның бейбітшілік, адамгершілік, төзімділік пен әділеттік діні ретіндегі жағымды бейнесін жасауымыз қажет» деген сөздерінің астарында осындай үдерістерге деген алаңдаушылық жатыр.
Қазір Қазақстан тұрғындарының діншілдік деңгейі қарқынды түрде артып келеді. Лайықты баламаның жоқтығынан көпшілік тұрғындар рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін фанатизм, экстремизм, төзімсіздік пен дінаралық алауыздықты тудыратын ағымдарға бой ұруда. Конфессиялық кеңістіктегі соңғы онжылдықта орын алған құрылымдық өзгерістер де жағымсыз салдарлар мен тенденцияларды тудырып отыр. Рухани және ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жайттар жоқ емес: тұрғындардың этноконфессиялық бірегейлігі жойылуда, діни бірлестіктердің атын жамылған шетелдік күштердің мүддесін қорғайтын түрлі деструктивті және экстремистік ұйымдар елімізде кеңінен таралып, діни прозелитизм белсенді түрде жүргізілуде.
Осы үдерістердің барлығы ислами ортада айқын көрініс тауып отыр. Бұл жағдай мемлекет тарапынан қатаң қадағалауға алынбаса, орын алып отырған қайшылықтардың Қазақстанды әлемдік державалардың саяси, экономикалық және идеологиялық мүдделері жолындағы күрес алаңына айналдыру қаупі бар. Рухани саладағы жағымсыз үдерістер ішкі тұрақтылығымызға нұқсан келтіріп, еліміздің 20 жылдық тәуелсіздік тарихында қол жеткізген игі нәтижелерін жоққа шығаруы мүмкін. Сондықтан мемлекет ислам саласына қатысты мәселелерді жолға қою бастамасын қолға алуы қажет.
Айта кету керек, мемлекет пен діни бірлестіктердің ынтымақтасу саясаты шетелдік зайырлы мемлекеттерде кеңінен пайдаланылады. Әлеуметтік мәселелерді шешуде мұндай ынтымақтастық екі жаққа да тиімді. Біз де мемлекет пен діни бірлестіктердің ынтымақтастығын күшейтуіміз қажет. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен мемлекетіміз арасында тиімді келісімдер жасалып, күш біріктіре жұмыс жүргізілсе, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың орнықты түрде іске асуына үлкен септігі тиері сөзсіз.
- «Қазақстанда байсалды исламды дамыту тұжырымдамасы» қазір көптеген ислам елдері қолдап отырған «Әл-Уасатыйя» идеясының көшірмесіне көбірек ұқсайтын тәрізді...
- Біз мынаны ескеруге тиіспіз: «Байсалды ислам» ұстанымы - қазақ қауымы үшін жаңалық емес. «Қазақ мың жылдан бері мұсылман ел», «Қазақ халқының мың жылдық толеранттылық тәжірибесі бар» деген сөздерді біз негізсіз айтып жүрген жоқпыз. Осы мың жылдық мұсылмандық-толеранттылық тәжірибеміз қазақ дүниетанымын, қазақ болмысын нағыз шектен шықпайтын, орта жолды ұстанған, байсалды, мәмілегер болмыс ретінде қалыптастырды. Ислам ілімін жетік меңгеріп, қазақы дүниетаныммен астастыра білген ұлтымыздың көрнекті тұлғаларының еңбектері, халқымыздың діни танымын, рухани құндылықтары мен ұстанымдарын танытатын шығармашылық мұралары осы айтылғандарға дәлел бола алады.
Кез келген халықтың болашаққа бағытталған бағдарламасы оның ғасырлар бойы жинақтаған рухани тәжірибесін тірек етуге тиіс. Сырттан таңылған ешбір идея қаншалықты жаңашыл, ілгерішіл болса да ұлттың тарихи дәуірлерде қалыптасқан құндылықтарымен үйлеспесе, ұлт болмысына сіңбей, жат идея күйінде қала бермек. Сондықтан Қазақстанда байсалды исламды дамыту тұжырымдамасын жасау барысында ең алдымен қазақ және өзге мұсылман ұлттар менталитетіндегі діни-рухани құндылықтарды екшеп алу қажет деп білеміз.
Қазақта дін мәселесінде ешқашан шектен шығушылық көзқарастар, іс-әрекеттер орын алмаған, Алланың парызын, Пайғамбардың сүннетін тәрк етіп, күпірлікке салыну фактілері де болмаған. Қазақы ислам ғасырлар бойы өзінің орнықты арнасымен дамыған. Әрине, «Бес саусақ бірдей емес», адасушылықтар мен сауатсыздықтар жекелеген адамдар мысалында орын алған болуы мүмкін, бірақ мұндай келеңсіздік ешқашан топтық деңгейге көтеріліп көрген емес. Сондықтан «Қазақстанда байсалды исламды дамыту» тұжырымдамасын біз бабалар салған жолдың жалғасы, ұлтымыздың рухани тәжірибесінің жемісі ретінде қабылдағанымыз жөн.
- Көпшіліктің назарын аударып отырған тағы бір мәселе - баспасөз конференциясында өзіңіз көтерген «Бір ұлт - бір дін» ұстанымы. Демек, мемлекетіміз белгілі бір дінге ерекше басымдық беруді қолдап отыр ма?
- Біздің ұсыныстарымыз баспасөз конференциясында тек тезистер түрінде берілді, оның астарында не жатқанын толық түсінбегендіктен әртүрлі пікірлер туындап жатқан болуы мүмкін. Сондықтан ең алдымен осы тезистің мазмұнында не қамтылғанын таратып айтуымыз қажет.
Баршаңызға белгілі, Қазақстан - көп этникалы мемлекет. «Қазақстандық ұлт» деген терминді біз әзірге қабылдай қойған жоқпыз, біз үшін «ұлт» деген ұғым «этникалық топ» деген мағынаны білдіреді. «Бір ұлт - бір дін» тезисі бүкіл Қазақстан халқы бір дінге бірігуі керек дегенді білдірмейді, керісінше әрбір ұлт өзінің тарихи дәуірлерде қалыптасқан ата дінін ұстануы қажет дегенді білдіреді. Кез келген ұлттың ата діні - сол ұлт өкілдерінің тарихи таңдауы болып табылады. Ал бір ұлт өкілдерінің түрлі діндерді, әсіресе, жат идеологиялық ағымдарды ұстанып, жік-жікке бөлінуі қандай ауыр зардаптарға ұшырататынын біз тарихтың ащы сабақтарынан білеміз. Дін бірлігі ұлттың бірегейлігін сақтайды, оның өз болмысын, ділін, рухани құндылықтарын қорғауға септігін тигізеді.

<!--pagebreak-->
Ұлттың дүниетанымы оның дәстүрінен танылады. «Дәстүрлі дін» деген ұғымның өзі ең алдымен «дәстүрге айналған, дәстүрмен тұтасып кеткен, ұлттың рухани-мәдени құндылықтарына негіз болған дін» дегенді білдіреді. Қазақстан үшін дәстүрлі дін - елдегі әрбір халықтың өз дәстүрімен сабақтасып жатқан ата діні деген сөз. Қазақстанда өмір сүріп отырған қазақ, өзбек, ұйғыр, татар, түрік, әзірбайжан, күрт, тәжік, шешен, қырғыздардың барлығының ата діні - ислам. Олардың әрқайсысы исламды өздерінің ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерімен бөліп-жармай бірге қабылдайды. Сол секілді Қазақстандағы көптеген славян халықтарының ата діні - христиан дінінің православие тармағы болып табылады. Бүгінгі буыны мен болашақ ұрпағы елдің санасын сан тарапқа тартқылаған жат ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін әрбір дәстүрлі дін өкілдері өздерінің ата дінінің дамуына мүдделі болуға тиіс. Сондықтан «Бір ұлт - бір дін» қағидасы көпшілік тарапынан дұрыс түсініліп, қолдау табатынына біз сенімдіміз. Өздеріңіз де аңғарып отырған боларсыздар, бұл ұстаным мемлекеттің бір дінге ерекше басымдық беруінің белгісі болып табылмайды. Әр ұлт өзінің ата дінін ұстанғанда ғана ғасырлар бойы қалыптасқан рухани тұтастығын, ішкі бірлігін сақтап қала алады. Ал әрбір ұлттың ішкі тұтастығы сақталса, мемлекеттің тұтастығы сақталады. Демек, «Бір ұлт - бір дін» қағидасы ең алдымен мемлекеттің тұтастығын, бірлігін көздейді.
Қазақстанда ислам дінін жаңғырту үдерісі басқа конфессиялардың қызметі мен еркін дамуына ешқандай кедергі жасамайды. Біздің көпұлтты мемлекетіміздің шамамен төрттен бір бөлігін құрайтын православие дінінің өкілдері саны жағынан елімізде екінші орынды алады. Сонымен қатар католиктік, протестанттық, иудаизм, буддизм және басқа да діни ілімдердің еліміздің рухани өміріндегі игілікті рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Барлық діни бірлестіктер Қазақстанда өз қызметтерін еркін жүргізуде үлкен мүмкіндікке ие болып отыр. Көпконфессиялы және көпұлтты мемлекет ретінде Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндердің гуманитарлық-адамгершілік әлеуетін пайдаланып, дінаралық келісім мен рухани көшбасшылар сұхбатын әрі қарай жандандыра бермек. Ислам руханиятын дамыту мәселесі де Қазақстан мәдениетін дамыту шеңберінде жүзеге асырылады.
- Сөзіңізден аңғарғанымыздай, Дін істері агенттігі бірегей бастамаларды қолға алып отыр. Бұл бастамалар зайырлылығын Ата заңында атап көрсеткен мемлекетіміздің дін саясатымен қаншалықты үйлеседі?
- Иә, ҚР Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. Бірақ алдымен осы «зайырлы» ұғымының астарын ашып алайық. Конституциялық негіздегі «зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді.
Бірақ біз бір нәрсені анық түсініп алуымыз керек: «Зайырлы» ұғымы мемлекет пен дін бір-бірінен толық ажыраған, мүлде байланыспайды деген ұғымды білдірмейді. Мемлекеттің саясаты діннен бөлінгенімен, тұрмыс-тіршілігі діннен бөліне алмайды. Өйткені дін тек сенім мәселесіне емес, мораль мәселесіне де тікелей қатысты. Дін - адамзат тарихында жасалған барша рухани құндылықтарды жинақтайтын ұғым. Дін дегеніміз - мәдениет, тарих, тіл мен діл.
Әлемнің көптеген елдерінде мемлекеттің зайырлы болуына қарамастан дәстүрлі діни ұйымға конституциялық тұрғыдан ерекше мәртебе беру тәжірибесі қолданылады. Норвегия, Израиль, Аргентина, Ұлыбритания және т.б. бірқатар мемлекеттердің заңнамаларында белгілі бір дінге мемлекеттік мәртебе бекітілген. Мысалы, Норвегия мемлекеті Конституциясының 2-бабына сәйкес евангельдік лютеран діні Норвегияның мемлекеттік ресми діні болып табылады. Сондықтан мемлекеттегі Норвегия шіркеуін басқаруға қатысты барлық шығындарды мемлекеттік салық есебінен мемлекет және муниципиалдық билік көтереді. Тұрғылықты халықтың 83%-ы Норвегия шіркеуіне тұрақты түрде барып тұратын дінге сенуші қауым болып табылады. Норвегияның мемлекеттік балабақшалары мен мектептері заң бойынша «Мораль және христиандық тәрбиені» оқытуға міндетті. Осыған қарамастан ешкім бұл мемлекетті «діни», «тоталитарлы» немесе «клерикалды» мемлекет деп атамайды.
Израиль мемлекетінің заңнамасында қандай да бір діннің көшбасшылық жағдайын айқындайтын бап жоқ. Алайда мемлекеттің Қайтару туралы заңының 4а бабына сәйкес Израильге репатриант ретінде қайта оралу құқығына басқа дінді ұстанбаған кез келген иудей ие. Ал христиан дінін қабылдаған иудейлер Израильге қайта оралудың барлық құқықтарынан айырылады. Израиль Жоғарғы соты осындай қаулы қабылдаған. Герман Федеративті Республикасының Конституциясына келсек, ГФР Негізгі заңына сәйкес мемлекеттік мектептерде діни білім беру міндетті деп мойындалады. Бұл ретте неміс халқының негізгі сенімі болып табылатын лютерандық негізге алынады.
Осы орайда біршама уақыттан бері көтеріліп жүрген дін туралы заңнама мәселесіне назар аударуымыз керек. ҚР «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы Заңы» 1992 жылы 15 қаңтарда - тәуелсіздігіміздің алғашқы айында қабылданғаны баршаға белгілі. Ал қазіргі діни ахуалдың қай дәрежеге жеткенін жоғарыдағы әңгімемізден өздеріңіз де аңғарып отырсыздар. Ең күрделі мәселе - еліміздегі дәстүрлі діндерді дамытуға мемлекет тарапынан басымдық берілмегендіктен, олардың мәртебесі жат секталармен бір деңгейде қалып отыр. Заңнамада қатаң нормалардың қарастырылмағандығы салдарынан жат діни ағымдардың ықпалы күн санап күшейіп келеді. Сондықтан қолданыстағы дін туралы заңнама өзінің мүмкіндіктерін сарыққан, жаңа жағдайға орай жетілдіруді қажет ететін заңнама болып табылады. Бұл жөнінде Дін істері агенттігі өзінің нақты ұсыныстарын құзырлы органдарға жолдайтын болады.
Заңнама жүйесін жетілдіру - зайырлылық қағидаларын жетілдіру деген сөз. Мемлекеттің зайырлылығы еліміздің ішкі тұрақтылығы мен өркендеуінің басты тірегі болып табылады. Бүгінгі таңда біздер зайырлылықты ортақ күш қосып, бірлесе қолдап, орнықтыра түсуіміз қажет. Біз елімізде руханилықтан ажырап қалу, діни көзқарастардың радикалдануы секілді ымырасыз жағдайлардың белең алмауы үшін күш біріктіруіміз керек.
- Соңғы жылдары Қазақстанда көптеген ислами және басқа да дәстүрлі емес ағымдар пайда болды. Бұл үрдіс қауіп-қатерсіз деп айта алмасақ керек. Агенттік осы бағытта қандай жұмыстар жүргізбек?
- Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық тарихында қол жеткізген көптеген жетістіктерімізбен қатар, дін саласында қордаланып үлгерген мәселелер де жеткілікті. Діни сенім бостандығын пайдаланған жат ағымдар насихатының кең тарала бастауы, діни экстремизм идеяларының күшейе түсуі, қазақы қалыптағы дәстүрлі исламды теріске шығаруға бағытталған іс-әрекеттердің жиі көрініс бере бастауы еліміздегі діни ахуалдың ширыға түскенін байқатады. Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі осындай күрделі мәселелерді шешу үшін құрылып отыр.
Агенттіктің алдында қыруар мақсат-міндеттер тұр. Соңғы екі онжылдық ішінде еліміздің рухани-діни келбеті елеулі өзгеріске ұшырады. Мұны бүгінгі таңда діни бірлестіктер санының 4479-ға жеткендігінен-ақ байқауға болады. Қазақстандағы қазіргі діни ахуалды таразылар болсақ, сан алуан діни ілімдердің белсенді насихатталып отырғанын байқаймыз. Қоғамда қазіргі таңда азаматтар тарапынан рухани-өнегелік бағдарларды іздеу үдерісі орын алуда. Мемлекет алдында көптеген өзекті сауалдар тұр. Діни қозғалыстар мен ағымдардың шынайы мақсаттары не? Радикалды діни ілімдердің елдегі ішкі саяси тұрақтылыққа ықпалы қай деңгейде? Олардың белсенділігіне қандай факторлар әсер етеді? Қоғамның модернизациялануы жағдайында діни дәстүрлерді қалай жаңғырту керек? Бұл сауалдар елдегі қауіпсіздік мәселесімен тікелей байланысты болғандықтан, олардың өзектілігі жыл өткен сайын арта түсуде.
Бұл мәселеде біз ең алдымен әрбір діни бірлестіктің шын мәнінде қандай ұйым екендігін, еліміздің қай аймақтарында қандай қызмет атқарып отырғанын, олардың шетелдердегі миссионерлік тарихын зерттеп-зерделеуге тиіспіз. Агенттікте осы бағытта сараптамалық зерттеулер жүргізетін екі ғылыми-зерттеу орталығы бар. Олардың бірі - Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы әлемдік тәжірибені зерттейді, ал Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және сараптамалық орталық Қазақстанның ішкі діни ахуалын қарастырады.
Радикалды ұйымдармен жұмыс жүргізу әдістеріне келетін болсақ, әрине, бірінші кезекте Қазақстанда әрекет ететін діни бірлестіктер қызметінің біздің заңнамамызға қаншалықты сәйкес екендігін талдап-тексеруіміз қажет. Екінші тиімді әдіс ретінде аталмыш ұйымдардың іс-әрекеті жөніндегі бұқаралық ақпараттандыру шараларын айтуға болады. Яғни әр алуан идеяларды насихаттап жүрген діни ағымдар туралы көпшілікке ақ-қарасы ашып көрсетілген, толыққанды, шынайы ақпарат беріліп отыруға тиіс. Бұған дейін де жүзеге асырылып келген бұл жұмыс Агенттіктің құрылуына байланысты жандана түспек.
- Қазір жалпы қоғамның, әсіресе, жастардың дінге деген қызығушылығының артуы байқалады. Бұл үдеріс еліміз үшін ешқандай қауіп туғызбай ма?
- Шындығында да, қазіргі жастар тарапынан да, ересек тұрғындардың әлеуметтік белсенді өкілдері тарапынан да діни құндылықтарға деген қызығушылықтардың қарқынды артуы байқалады. Таяу тарихымыздан белгілі, Кеңестерден кейінгі кеңістіктегі өтпелі кезеңнің нәтижесінде әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған мың-мыңдаған жастар тобы қалыптасты. Радикалды бағыттағы дәстүрлі емес діни топтар өз мүдделері үшін сол жастарды көбірек пайдалануда. Өз идеяларын таратуда әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған жастардың ең қолайлы орта екендігін олар жақсы біледі.
Кейбір діни топтар тарапынан болатын жағымсыз ықпалға тосқауыл қою үшін жастардың діни білім алуы мен олардың рухани-танымдық қауіпсіздігіне байланысты мәселелерге ерекше көңіл аудару керек. Бізге бірінші кезекте жас буынға берілетін рухани-танымдық тәрбие және тоталитарлы, деструктивті псевдодіни ұйымдармен күресу жұмыстарына мұсылмандық, православиелік дін қызметкерлерін тарту қажет. Сонымен қатар мемлекет өз тарапынан жастарды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету, жас отбасыларға қолдау көрсету, жастардың халықаралық ынтымақтастығын күшейтуге ықпал ету тәрізді жастар саясаты мәселелерін сапалы түрде жүзеге асыруы қажет. Барлық оқу орындарында тәрбие жұмыстарын күшейту, оқу орындары мен студенттік жатақханаларға діни бірлестіктер өкілдерінің келуіне тыйым салу, жастар арасында радикалды идеяларды насихаттаушыларға құқық қорғау органдары мен білім департаменттері тарапынан қатаң бақылау жасау қажет.
Жастардың діни сауатын арттыру мақсатында Білім және ғылым министрлігіне «Дінтану негіздері» пәнін тек мектептерде ғана емес, колледждер мен жоғары оқу орындарына да енгізу жөнінде ұсыныс білдіреміз. Жалпы, білім жүйесін сыни ой мен толерантты қатынасқа бейімдеу керек деп санаймын. Жастардың білімге, мәдениетке, спорттық және қоғамдық іс-шараларға қатысу мүмкіндігін кеңейту керек. Теледидарда діни-ағартушылық бағыттағы сұхбат алаңын қалыптастыратын, салауатты өмір салтын, білім мен рухани-өнегелік құндылықтарды насихаттайтын жастар арнасын құру қажет.
- Сөз соңын халықаралық саяси маңызы бар мәселелерге бұрайық. Жақында ғана ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясы өз жұмысын аяқтады. Мәжіліс қорытындыларына қандай баға берер едіңіз?
- Ең алдымен, Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) Сыртқы істер министрлігінің кеңесіне басшылық жасауды Қазақстан күрделі кезеңде қолға алып отырғанын атап айтқан жөн. Мұсылман елдерінде қайшылықты жағдайлар әлі де орын алуда. Ирак, Ауғанстан, Сомали, Ливия, Египет, Ливан, Тунис, Сирия, Алжир, Йемен, Бангладеш елдеріндегі шиеленістер, араб-израиль қақтығыстары, Пәкстан мен Үндістан, Армения мен Әзірбайжан арасындағы мемлекетаралық, аймақтық даулар бәсеңдер емес. Осындай халықаралық мәселелерді ретке келтіру үшін ислам қауымдастығы шұғыл және тиімді шаралар жүргізуі қажет. Сондықтан біз ИЫҰ төрағасы ретінде осы мәселелерді шешуде салмақты әрі негізді әдістер ұсынуымыз керек. Біздің алдымызда ИЫҰ ішіндегі қатынастарды тұрақтандыруға ықпал ету міндеті тұр.
Астанада өткен басқосуда көптеген өзекті мәселелер талқыланды. ИЫҰ-на толық мүшелік пен бақылаушы дәрежесін алғысы келетін мемлекеттерге қойылатын жаңа талаптар жасақталды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тарапынан көптеген бастамалар ұсынылды. Халықаралық терроризмнің ең алдымен мұсылман әлеміне қауіп төндіретінін, сондықтан ислам мемлекеттерінің терроризмге қарсы ашық түрде күш жұмылдыруы қажеттігін Елбасымыз атап көрсетті. Мұсылман әлемі мен Батыс арасында ашық сұхбат орнату мәселесі де көтерілді, өйткені ИЫҰ діни мемлекеттермен қатар зайырлы мемлекеттерді біріктіру жөнінен де жақсы тәжірибеге ие. Бұл оған ұлтаралық сұхбаттың белсенді алаңына айналуға мүмкіндік береді. Басқосуда Ислам қаржы жүйесіне қатысты мәселелер бойынша да нақты ұсыныстар берілді. ИЫҰ мемлекеттерінің G20 саммитіне қатысуы жөніндегі ұсыныс та орынды айтылды, бұл ИЫҰ мемлекеттеріне халықаралық мәселелерде өз ұстанымдарын алға тартуға мүмкіндік бермек.
Біздің алдымызда Ұйымға мүше мемлекеттердің Денсаулық сақтау министрлерінің ІІІ Ислам конференциясын өткізу және басқа да маңызды іс-шаралар тұр. Бір жылдық төрағалықпен қатар Қазақстан үш жыл бойы Ұйымның жалпы саясатына жауапты Атқарушы комитет құрамында болады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан байсалды исламды дамыту, ИЫҰ қызметінің онжылдық бағдарламасын жүзеге асыру және мұсылман елдерімен ынтымақтастықты кеңейту жұмыстарын жолға қоюы қажет. Ұйымға мүше елдердің мемлекеттік құрылысының әртектілігіне қарамастан, діннің қоғамдағы орны мен рөліне қатысты ортақ ұстаным қажет. Қазақстан осы ретте өзінің зайырлы мемлекет ретіндегі ұстанымдарына сүйене отырып, әлемдегі мұсылман қауымының толеранттылық, дінді ұстануда шектен шықпау, догматизмнен алыс болу, заманауи білімге негізделген парасаттылық пен сауаттылықты басшылыққа алу қағидаларын ұстануын қолдайды. Бұл орайда біздің ИЫҰ-на төрағалық тұсында өзгеге үйретеріміз де, өзгеден үйренеріміз де аз емес.
- Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен
Б.МҰРАТҰЛЫ

"Айқын" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1485
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5514