Дандан мен Нәркес
Бұл - Қытайдағы қазақтардың арасына кең таралған дастандардың бірі. Жырды қашан, кімнің жырлағаны беймәлім. Дастанды жатқа айтушылардан жазып алып, баспаханаға ұсынған - Хамза Дәуітбайұлы.
Шығарма мәтіні алғаш рет Үрімжі қаласындағы «Шыңжаң жастар-өрендер баспасынан» шыққан «Қазақтың ғашықтық жырлары» атты жинақта жарық көрген. Екінші рет 1996 жылы «Қазақтың ғашықтық жырларының» 4-томында жарияланды.
Дастан қиял-ғажайып элементтері аралас сюжеттерден тұрады. Оның фабуласын құрайтын сюжеттер бірқатар Шығыс халықтарының фольклорына да тән. Мысалы: бас кейіпкердің белгісіз сұлудың суретін көріп, сырттай ғашық болу себебі; қалыңдықты іздеп, қауіп-қатері мол қиын сапарға аттануы, яғни күллі оқиғаларға жол бастаған сарын; қызды ғашық болған диюдың алып кетуі; қызды диюдан азат ету үшін тапқырлығы мен ерлігі жететін жігітті таңдайтын құс; Самұрықтың ұяда жатқан балапандарын айдаһардың аузынан құтқару; Самұрықтың қаһарманға көрсететін көмегі; сиқырлы тақ, сиқырлы күштер, әр-түрлі кедергілер, т.б.
Бұл - Қытайдағы қазақтардың арасына кең таралған дастандардың бірі. Жырды қашан, кімнің жырлағаны беймәлім. Дастанды жатқа айтушылардан жазып алып, баспаханаға ұсынған - Хамза Дәуітбайұлы.
Шығарма мәтіні алғаш рет Үрімжі қаласындағы «Шыңжаң жастар-өрендер баспасынан» шыққан «Қазақтың ғашықтық жырлары» атты жинақта жарық көрген. Екінші рет 1996 жылы «Қазақтың ғашықтық жырларының» 4-томында жарияланды.
Дастан қиял-ғажайып элементтері аралас сюжеттерден тұрады. Оның фабуласын құрайтын сюжеттер бірқатар Шығыс халықтарының фольклорына да тән. Мысалы: бас кейіпкердің белгісіз сұлудың суретін көріп, сырттай ғашық болу себебі; қалыңдықты іздеп, қауіп-қатері мол қиын сапарға аттануы, яғни күллі оқиғаларға жол бастаған сарын; қызды ғашық болған диюдың алып кетуі; қызды диюдан азат ету үшін тапқырлығы мен ерлігі жететін жігітті таңдайтын құс; Самұрықтың ұяда жатқан балапандарын айдаһардың аузынан құтқару; Самұрықтың қаһарманға көрсететін көмегі; сиқырлы тақ, сиқырлы күштер, әр-түрлі кедергілер, т.б.
«Дандан мен Нәркес» жырының бір нұсқасы «Қисса Дандан» деген атпен «Бабалар сөзі» сериясы бойынша әзірленген жүз томдық жинақтың 18-томында жарық көрді. Осы екі мәтінді салыстырып қарағанымызда екі шығарманың мазмұны ұқсас болып шықты. «Қисса Дандан» дастанындағы оқиғалық желілер мен сарындар түгелімен «Дандан мен Нәркес» жырында кездеседі. Алайда екі шығарманың сюжеті ұқсас болғанымен, оқиғаларының кейбір айырмашылықтары да бар. Мысалы, шыңжаңдық нұсқада кейіпкерлердің жолда көрген оқиғалары кеңірек баяндалады. 2005 жылғы басылымда оқиға кейіпкердің үш бірдей сұлуға үйленуімен аяқталса, бұл нұсқаның соңы Дандан мен Нәркестің көп қиындықты жеңіп, мұратына жетуімен тәмамдалады. Сол сияқты екі мәтіннің баяндалу мәнері әртүрлі болып келеді. Яғни әр нұсқаның жыршысы белгілі сюжетті өзінше жырлаған. Төменде осы жыр ықшамдалып, оқырман назарына ұсынылып отыр.
Қ.Алпысбаева,
М. Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының жетекші ғылыми
қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты
(Үзінді)
Бастадық біз осылай жазып хатты,
Береді Тәңір өзі бақ пен тақты.
Қосады оңы келсе тағдыр өзі,
Көріспей ғашық болған асыл затты.
Дүниенің бұл туралы мысалы көп,
Мен мұнда жел сөз айтып тұрғамын жоқ.
Нәркес пен батыр Дандан оқиғасы,
Келеді өрнек болып осыған дөп.
Өтіпті тым ертеде Дандан - Нәркес,
Халайық, тыңдап көрсең бұл бір кеңес.
Кез бопты олар көптеп қауіп-қатерге,
Мұндағы айтылғаны кейбір елес.
Мекені бұл Данданның Шын-машын дер,
Ол өзі жасынан-ақ боп туған - ер.
Әкесі падишалық құрған екен,
«Елінен шыққан, - дейді, - көп саудагер».
Аты екен әкесінің Ибраһим,
Ол өзі әділдікпен ел сұрайтын.
Шаһарын саудаменен төлежітіп,
Әркімнің өнеріне жол қоятын.
Болыпты бір саудагер бұл шаһарда,
Жері жоқ ол бармаған бұл жаһанда.
Ол өзі Ибраһимнің досы еді,
Келетін сәлем беріп анда-санда.
Талайдан көрінбес сол саудагер,
Ақылды шешен еді әрі шебер.
«Ол досым қайда кетті, хабары жоқ,
Болып еді уақыты да мұнда келер?» -
Деп досын патша да есіне алған,
Өйткені одан көптеп несіп алған.
Жаһан кезіп ол айтқан хабарлармен,
Таңғалтып талайлардың есін алған.
Қиялмен патша үйінде отыр еді,
Саудагер сәлем беріп жетіп келді.
Екі дос жөн сұрасып көп отырды,
Саудагер таныстырған барған жерді.
Саудагер көп шаһарын аралапты,
Өзіне қажет малын саралапты.
Бұл жерден жүзді алса, онда барып,
Пайдасы мың түмендеп балалапты.
Саудагер шығып тысқа және келді,
Қолына бір сандығын ала келді.
Бұл шақта атасына еркелеген,
Жүгіріп жас жеткіншек, бала келді.
Осы еді Дандан деген бала батыр,
Көзінен көрінеді аспан жалтыр.
Қасына атасының келді-дағы,
Көтерген сандығына қарады ақыр.
Саудагер ол сандығын берді ханға,
Басылған көп жеріне түрлі таңба.
- Алыстан ала келген аз тартуым,
Көз сүрінер мұндағы асыл жанға, -
Деп саудагер сандығының айтты сырын,
Естіртпей баласына өте ақырын.
Падиша көрмек боп асығып ед,
- Көрсетпе балаңызға, - деді, - ақылым.
Патша: - Шығып тұршы, балам, - деді,
Бала да бір іс сезіп алаң еді.
"Шық деген соң шықпасам жарамас", - деп,
Тысқары шықты басып қадам енді.
Саудагер сонан сандық аузын ашты,
Ораулы қағаз жұпар иісін шашты.
Патша тұр елегізіп, "бұл не екен" деп,
Тесілтіп қос жанарын, керіп қасты.
Қағаздан қыз суреті көрінді ерен,
Қалам қас, оймақ ауыз, күлімдеген.
Көрген жан ғашық болмай қалар емес,
Нұр төгіп көрген көзді сүріндірген.
Мұндай сұлу болмайды жан баласы,
Сәулесі сағым шашқан айналасы.
Бұл қызды бір патшаға берсең егер,
Тұп-тура басқа патша болар қасы.
- Суретші қыз мүсінін алған тартып,
Дәулеті Бағдатында өскен шалқып.
Жасаған суретінің бір паршасын,
Беріп ед мың ділдәға маған сатып.
Жеткіздім сол қаладан өзім алып,
Ішіне алтын сандық берік салып.
Я, тақсыр, бір асыл зат болғандықтан,
Тарту қып әкеп тұрмын сізге алып.
Сондықтан қауіптендім ұғылыңыздан,
Бұл сурет талай жастың шырқын бұзған.
Егерде бұл суретті көріп қалса,
Ғашық болып кетеді ол ырқыңыздан.
Ибраһим дейді: - Рас, осы сөзің,
Суреттің ғашық болар көрсе жүзін.
Ұғылым тұр ғой бір сәт сабыр қалмай,
Ғашық бола жаздадым менің өзім.
Ойпырмай, хор қызы ма, пері қыз ба,
Әлемде теңдесі жоқ сері қыз ба?
Суретші де керемет келтіріпті,
Көрген жан жолыққандай тірі қызға.
- Оның рас, суретші тым-ақ шебер,
Қолынан кереметтің бәрі келер.
Бұл қызды аудармастан тартқан екен,
Кім көрсе, көрермін деп оған ерер.
Суретті сандығымен мықтап сақта,
Балаңа көрсетуші болма әсте.
Егерде ойламаған істер туса,
Тек қана жалынасыз жалғыз Хаққа. -
Деп саудагер қоштасып шығып кетті,
Патша оны ұзатып қайтып кепті.
"Апырым-ау, сандықтағы не нәрсе?" - деп,
Жас жігіт Дандан терең ойға кетті.
«Бар екен бұл сандықта қандай тылсым?
Далаға шығарды екен мені не үшін?
Көрейін ебін тауып не де болса,
Ашып ап оңашада сандық ішін».
Бір күні кірді Дандан қоймасына,
Сандықты көрмек болған о да асыға.
Қазынадан тінтіп жүріп ақыр тапты,
Сандықты іліп қойған дорбасына.
Сандықтың шағып аузын ашып қалды,
Ораулы топ қағазға қолын салды.
Суретін сұлу қыздың көрген кезде,
Аңырып қатты-дағы, естен танды.
Қарады бір уақытта есін жиып,
Өртенді ғашықтықтан іші күйіп.
Қойынға қыз суретін салды-дағы,
Шығып кетті сандықты тығып қойып.
Өзінің құжырасына келді Дандан,
Суретті «тірі қыз» деп әбден нанған.
Қараса қайта-қайта ол суретке,
Нұр өтіп улатқандай естен танған.
Сарғайды ол күн-түн сайын ғашық зардан,
Ұйқы-тамақ, мал-мүлік шықты ойдан.
Есінен жатса-тұрса бір кетпейді,
«Табам деп ғашығымды қай шаһардан?».
Бар еді бір уәзір Хакім атты,
Көрсетер қысылғанда кереметті.
Данышпан, өзі ақылды, терең ойлы,
Патшаға жаққан істеп ғаламатты.
Жас Дандан сол Хакіммен жақын еді,
Өзіне айтқан сөзі ақыл еді.
Бір күні Хакім кеп хал сұрағанда,
Ер Дандан «іште қайғы бәрін» деді:
- Хакім ата, не дауа бұл дертіме?
Бір қыздың ғашық болдым келбетіне.
Ойым бар сол сұлуды алсам деген,
Болса егер, жүрсе тірі жер бетінде.
Хакім айтты: - Суретті алып келші,
Көрейін, қызғанбашы, маған берші.
Бар болса жер бетінде іздеп тауып,
Жеткізем талабыңа, маған сенші.
Шаһзада Дандан барып алып келді,
Суретті бар зейінмен Хакім көрді.
- Жаңа тартқан екен бұл қыз суреті,
Сұлуың дүниеде бар, шын, - деді.
Сөйтті де саудагерге кетті Хакім,
Ұқпақ боп қыз мекенін, жөнін, атын.
Барса әлгі саудагер өліп қапты,
Кезікті туысына қазған ақым.
Уәзір санын соғып қайтып келді,
Естіген, білгендерін айтып келді.
Балық жеп, қылтанағы тұрып қалып,
Өліпті деп іркілмей тартып келді.
Уәзір айтты: - Сөз тыңда, шаһизадам,
Айтайын мен бір амал енді саған.
Екеуміз тез арада сапар шықсақ,
Мұнымыз, мен ойласам, болмас жаман.
Қайтсек те үш күннен соң жүрейік жол,
Бұйырса, Жаппар Құдай береді жол.
Алтын ал қазынадан жиырма мың,
Екеумізге жол азық болады сол.
Жүреміз қайықпенен теңіз кешіп,
Жол берсе бұл сапарға Тәңірім несіп.
Түн жамылып шығамыз ел көрместе,
Жүрмесін әлдебіреу жолды тосып.
Дандан да бұл кеңеске мақұл болды,
Айтқаны уәзірдің ақыл болды.
Қазынадан жетерліктей алтын алып,
Әйгіленген ақ жарқын батыл болды.
Киімді де киінді неше түрден,
Кең қолтық, кейбірінің белін бүрген.
Әр елдің өзіне тән салтанаты,
Осыған да ұмытпай көңіл бөлген.
Қамданып дайындығын толық қылды,
Теңізге төртінші күн төніп кірді.
Ұрланып ел-жұртына білдірместен,
Кемеге екеу ғана болып кірді.
Сонымен тәуекелге бұрып бетті,
Екеуі сұлуды іздеп жүріп кетті.
Көрем деп сұлуымның нұр дидарын,
Қуанып Дандан ерің күліп кетті.
Патша іздеді ұлын қапаланып,
Хакімге айтпақ болды іздеп барып.
Барса онда уәзір де жоқ боп шықты,
Соққандай болды жүрек кеуде жарып.
Суретті іздеді ол қоймасынан,
Көмескі жерге қойған дорбасынан.
Сандық тұр, суреті жоқ болғаннан соң,
Қайғысы түсті ауыр қорғасыннан.
Іздеді патша досы саудагерін,
Әйтсе де тапты оның тек көмген жерін.
Сонымен қалай кеткен із таба алмай,
Падиша қала берді тістеп ернін.
Падиша қайран қалды қапылынан,
Көрмеген қашанда опа жақынынан.
Бір медеу тапқандай-ақ болар еді,
Тек қана Хакімнің кең ақылынан.
Дандандар он күн жүрді океанда,
Келеді жүзіп кеме өтіп алда.
Көрінді бір құрлық таяу маңнан,
Төңірекке көзді тастап отырғанда.
Кемені сол құрғаққа келді айдап,
Қуанды жер көргенге көзі жайнап.
Талапқа жететұғын күн болар ма?
Келеді екеуі тең соны ойлап.
Құрғаққа кеп кемені жайғастырды,
Киімдерін үстіге алмастырды.
Жағадан жаңа тағам жесіп алып,
Ендігі барар жерін қарастырды.
Таяуда бір бау-бақша көрініпті,
Екеуі сол бақшаға көзін тікті.
Дандан: - Соған бар да сұра, - деді, -
Көрсетіп адам болса бұл суретті.
Қылышын шаһизада алды қолға,
«Бір Алла бергін осы жолда», -
Деп сиынып бақшаға жетіп барды,
Бір адам отыр екен сол арада.
- Ассалаумағалейкум, ей, ағайым,
Өзіңе медет берсін бір Құдайым.
Бір ісім бар келгенім сапар шегіп,
Рұқсат па, сол жөнін мен сұрайын?
- Мен жүрген тазалықшы қызметкер,
Уақытың мұнда тұрсаң бекер кетер.
Сұрағың, ісің болса қожайыннан,
Болса да қандай шаруа солар білер.
Суретті сонда Дандан алып шықты,
- Жетпейді айтсам тілім ғашықтықты.
Табылып осы сұлу бұл дүниеден,
Болар ма дертіме бір шипалықты?!
Әлгі шал суретті алып көзін тікті,
Сөз айтты Дандан ерге бір үмітті.
- Жаңа сурет екен ғой ғашығыңыз,
Шырағым, бетіңе ал күншығысты.
Ешнәрсе бұйым емес зерделі ерге,
Шырағым, көп тоқталма әрбір жерге.
Бір қызға ғашықтықтан дертті болған,
Он жетіде алпысқа шықтым, міне.
Ғашықтық қартаймайды, мен қартайдым,
Бұл сөзім ғибрат болсын, ғашық ерім.
Ғұмырың тоқтай берсең өте берер,
Мақсатқа жеткін, ерім, сол тілегім.
Хакімге шаһизада келді қайтып,
Шайыхтың айтқан сөзін түгел айтып.
Қайыққа мініп тағы жүріп кетті,
Сапары күншығысты бетке алып...
http://baiolke.com/?p=1945