Дүйсенбі, 12 Қаңтар 2026
Ақмылтық 409 0 пікір 12 Қаңтар, 2026 сағат 15:33

Партиялардың парқын Парламент паш ете ала ма?

Суреттер: Саяси партиялардың ресми сайттарынан алынды.

НЕМЕСЕ ҚАЙНАҒАН, БІРАҚ БУЫ ШЫҚПАЙ ЖАТҚАН ҚАЗАН ТУРАЛЫ

Жұрт саясатпен айналыспайды деген сөз – бос сөз!

Соның бір дәлелі һәм көрінісі сол: президент Тоқаев бастаған парламенттік реформа нәтижесінде болашақ Парламент тек қана партиялық тізімдерден құралатынын біліп алған жұрт «енді заң шығару органына қандай партиялар кіре алады?» деген сұрақты қызу талқылап жатыр.

Біз де сол талқылауға қатысып көрейік.

Мәселенің үш жағы бар.

Біріншісі – құқықтық жағы.

Иә, заңнамада партияларды тіркеуге қатысты біраз оң өзгерістер бар. Алайда ол заңды жариялау бір бөлек болса, оны іс жүзінде қолдану – тағы бір бөлек, шарттары шашетектен, шырғалаңы шексіз шаруа. Сол себепті, ашықтан-ашық антибилікшіл партиялар тіркеледі дегенге Сіз де, мен де сене қоймаспыз. Сол себепті болашақ Парламентте бүгінгі билікті жерден алып, жерге салатын партия болады деу қиын болар.

Олай болса, кез келген қоғамда болуы тиіс наразылық көңіл-күй баяғыдай заңды органда емес, заңсыз алаңда жүре бермек. Ол болса, мемлекеттің тұрақтылығы мен тыныштығына тағы бір қауіп.

Расын айту керек, сонау ескі Қазақстан тұсында жарияланған «парламенттік оппозицияны» көре алмай қойдық, Ол саяси технологиялық жоба жүзеге аспағанын қоғам да, билік те мойындауы керек.

Енді билік не істемек? Жаңа Қазақстанның жаңа парламенттік оппозициясын жабдықтай ма? Ол жоба қандай болмақ? Үлкен сұрақ...

Екіншісі – электораттық жағы, яғни, қалай дегенмен, бүгінгі билік ел ішіндегі шынайы саяси ахуалды ескере ме, әлде «ескіқазақстаншалап», алуан пікірлі қоғамның талаптарын ескермей, белден басып, Парламент алаңына тағы да саяси қуыршақтарды шығара ма? Мәселе сонда!

Меніңше, квазиоппозициялық партиялармен қоштасатын уақыт келді! «Қой терісін жамылған ол «қасқырлар» ың-шыңсыз, түк болмағандай Жаңа Қазақстан дәуіріне өтсе, ол - саяси өмірде ешқандай жаңалық жоқ деген сөз!

Әрине, осыншама уақыт олар биліктің саяси тапсырмасын (әсіресе, сайлаулар кезінде) ыждағатты да өте тәртіпті орындағаны үшін биліктен саяси бонус талап етуі де мүмкін. Ол жағын өздері де біле жатар...

Үшіншіден, қалай дегенмен, кез келген, өзін өркениетті санайтын мемлекетте Парламент қоғамда бар саяси көзқарастардың айнасы болуы тиіс. Өйтпеген жағдайда, Парламент формальды, фикция боп қалады да, барлық қарсылық, наразылық қайтадан көше мен алаңға оралады. Қанды Қаңтар трагедиясын бастан кешірген қазақ қоғамы соны түсініп отыр деп ойлаймын.

Алайда, өзін «оппозиция» санайтын, көреалмаушылық пен қызғаныштан басы кеткен «бас-басына би болған өңкей қиқым» біріге ала ма, оған үлкен кұмәнім бар.

Өз тарапымнан бір ғана ұсыныс бар.

Қазіргі аумалы-төкпелі, тұрақсыз геосаяси жағдайда болашақ Парламентте ұлттық мүддені ашықтан-ашық қолдайтын, оны теориялық және практикалық тұрғыда байсалды да байыпты, құқықтық механизмдерді пайдалана отырып қорғай алатын партия болуы керек деп санаймын.

Ондай ұйым атқарушы биліктің ұлттық мүдде мен мақсаттарды тегеурінді түрде қорғауына өз септігін тигізер еді.

Қалған партияларды билік өзі жабдықтай жатар.

Әміржан Қосан

Abai.kz

0 пікір