Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2679 0 пікір 14 Шілде, 2011 сағат 09:03

Оразкүл Асанғазы: "Тілімізге саяси қамқорлық керек!"

Оразкүл Асанғазы,

Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы:

Оразкүл Асанғазы,

Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы:

1. Азаттықтың таңы атқалы 20 жылдың жүзі болды. Осынау тәуелсіздігіміздің тұғыры бекіп, еліміз еңсесін көтерген тұста мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін біраз ауқымды істердің атқарылғаны анық. Осы уақыт аралығында тіл мәселесі төңірегінде қалада жүзеге асқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.
2. Тіл мәселесін шешуде түрлі кедергілердің де кездеспеуі мүмкін емес. Соларды атап айтсаңыз.
3. Тәуелсіздіктің торқалы тойы қарсаңында мемлекеттік тілдің мәртебесі аясында қала көлемінде атқарылар бірқатар шаралардың жоспарымен бөліссеңіз.
1. Жаратушы Иеміздің Алаш жұртына ықыласы ауып, елімізге тәуелсіздік, басымызға азаттық, жерімізге еркіндік орнағалы да жиырма жыл болып қалыпты. Содан бері Қазақстан да, қазақ баласы да ащылы-тұщылы өткелі көп өтпелі кезеңді басынан кешіргені бәрімізге белгілі. Осы тәуелсіздік жылдарында ең көп айтылған, ең көп жазылған тақырып та, мәселе де мемлекеттік тіліміз болар. Десек те, Кеңес тұсындағы жағдайға қарағанда шүкіршілік айтарлықтай. Біраз шаруа атқарылды, бірқатар атқарылар жұмыстар да жетерлік. Мемлекеттік тіліміздің мәртебелі тұғырына толық қонуы үшін біздің басқарма да аянып қалмай, бір кісідей жоспарлы, жүйелі жұмыстар атқаруда. Басқарманың жұмысы жүйеленіп бірнеше бағытты қамтуға арналған. Біріншіден, біз мемлекеттік мекемелердің қазақ тілінде жұмыс істеуіне айрықша мән береміз. Атап айтқанда, олардың жиналыстарының мемлекеттік тілде өтуі, ісқағаздарының қазақ тілінде жазылуы, кіріс-шығыс құжаттарының мемлекеттік тілде болуы деген сияқты мәселелерде басқарма үнемі мүдделілік пен ынталылық танытып отырады. Бұл жұмыста «басқа шауып, төске өрлемегенмен», айтуға татитын ілгерілеушілік бар. Тоқсан сайын мекемелер арасында өткізілген «Мемлекеттік тілді енгізуші үздік мекеме» байқауы құжат айналымын мемлекеттік тілде жүргізуде және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде нақты нәтижеге жетуге мүмкіндік берді. Ай сайын мемлекеттік тілдегі кіріс-шығыс хаттарына мониторинг жүргізіледі. Екіншіден, біз білім беру саласына айрықша мән береміз. Өйткені тілдің болашағы жас ұрпақтың қолында екендігі белгілі. Сондықтан балабақшаларда, мектептерде, колледждерде басты тіліміздің басым тілге айналуы үшін не қажет, соны сараптай отырып тәрбиешілердің, ұстаздардың біліктілігін арттыруға арналған семинарлар, тренингтер, курстар ұйымдастырамыз. Айталық, биылдың өзінде «Тіл - егемендік кепілі», «Тілге құрмет тал бесіктен», «Қазақ тарихының алтын бесігі: тіл мен дәстүр», «Ұлттың бүгіні де, болашағы да - тәрбиелі ұрпақ», «Тіл үйрету әдістемесі: тәжірибе және инновация», тағы сол сияқты біліктілік арттыру шаралары өткізілді. Олардың нәтижелерін сараптай келгенде, бұл шаралардың тәрбиешілер, мұғалімдер, әдіскерлер үшін тиімділігі бар екендігіне көз жеткіздік. Салғырттық көрсеткендеріне ақыл-кеңестерімізді айтып қолдау көрсетеміз, озықтарының тәжірибелерін үлгі ретінде таратуға тырысамыз. Үшіншіден, біздің басқарманың жанында зиялы қауым өкілдерінен құрылған алқалы топ бар. Оның басы-қасында Мырзатай Жолдасбеков, Нұрғожа Ораз, Қойшығара Салғараұлы, Фариза Оңғарсынова, Мырзатай Серғалиев, Сабыржан Шүкірұлы, Ахметов Мұхамбедия сияқты қазақтың мәдениеті мен әдебиетіне, ғылымына еңбек сіңірген қайраткерлер шоғырланған. Осындай жол сілтеп, жөн көрсететін аға толқынның білім-білігін, қажыр-қайратын тілімізді насихаттауға жұмсаймыз. Оны біз «Ақпарат күндері» деп атап, сол үшін бюджетке қаржы қарастырып, балабақшадан бастап мемлекеттік мекемелерге дейін дәрістер оқимыз. Халқымыздың салты, тіліміздің мерейі, елдігіміздің абыройы айтылатын мұндай дәрістердің берері мол. Кейде қалалық мекемелермен шектелмей, республикалық деңгейдегі мекемелерге де соқпақ салатынымыз бар. Мұндай кездесулер мен дәрістердің кеше тың өлкесінің орталығы болып, дәстүрлеріміз көмескілене, тіліміз шеттетіле күй кешкен қалада тиімділігі өте жоғары. Төртіншіден, біздің басқарма аудармашыларға, қазақ тілінде іс жүргізушілерге, мұғалімдерге, балаларға, жастарға арналған баспа өнімдерін дайындауды да жолға қойған. Атап айтсақ, «Руханият» орталығынан «Қазақ тілін оқытудың деңгейлік бағдарламалары», «Мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін оқыту», «Елтаным» дидактикалық-иллюстрациялық материалдары, «Ресми ісқағаздар» сияқты тіл үйретуге қатысты еңбектер, халқымыздың тарихы мен дәстүрін танытуға негізделген «Алаш қозғалысы», «Алаштың ардағы» сияқты танымдық еңбектер жарық көрді. Үстіміздегі жылы қазір тіл үйретудегі әлемдік озық әдістердің бірінен саналатын «25 кадр» атты қазақ тілін үйретудің муль­тимедиалық бағдарламасының жаңалықты бастама болғандығын айта кеткеніміз жөн. «Зерде» тілдерді дамыту жөніндегі инновациялық орталығы СД дискілерде салалық сөздіктердің, анықтамалықтардың, тілмаштардың электрондық базасын, тілді оқытудың мультипликациялық және бейнероликтік әдістерін, интерактивті тест тапсырмаларын дайындады, интернетте қазақтілді контентті қалыптастыруға өзіндік үлес қосуда. Сондай-ақ осы орталықтың «Тілашар», «Армысың, әз Наурыз!», «Әріптер әлемінде» сияқты кітаптары көпшілік тарапынан сұраныс тудыруда. Бесіншіден, басқарма атқаратын жұмыстың ауқымды бөлігі, әлбетте, мемлекеттік тіліміздің нормаларының сақталуына байланысты. Айталық, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақса­тында Астана қаласы әкімі орынбасарының хаттамалық тапсырмасына сәйкес сыртқы жарнама мен көрнекі ақпараттардың «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» ҚР Заңы талаптарына сәйкес рәсімделуін бақылау және кәсіпкерлерге талаптарды түсіндіру мақсатында 63 рейд ұйымдастырылды. Мемлекеттік тіл мәселесі бойын­ша «Егемен Қазақстан», «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттеріне мақалалар берілді. Астана қаласында мемлекеттік тіл саясатын іске асыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында материалдар үнемі шығарылып тұрады және тұрғындарға уақытылы жарияланып тұрады.
Орайы келгенде, айта кетейін, жергілікті тіл басқармаларының жұмысы қазіргі кезде үйлестіруді қажетсінуде. Тіл басқармалары өздерінің озық тәжірибелерімен, тіл саясатын жүргізудегі елең еткізерлік идеяларымен өзара бөлісіп жұмыс атқарар болса, бұдан баршамыз ұтар едік. Бұл істің басында Тіл комитеті тұрғанын біз ғана емес, барлық әріптестерім қалайды ғой деп ойлаймын.
2. Егер Қазақстанда мемлекеттік тіл мәселесін шешуде айтарлықтай кедергілер кездеспесе, қазақ тілі әлдеқашан Ата Заң бекіткен мәртебелі тұғырына қонар еді. Мемлекеттік тіл мәселесінің оңтайлы шешілуін мемлекеттік деңгейде жүзеге асыратын лауазымды мекеме, әрине, Үкімет. Содан кейін сол Үкімет қарамағындағы министрліктер мен агенттіктер. Олардың дайындаған мемлекеттік маңызы бар құжаттарын талқылайтын, қабылдайтын - еліміздің Парламенті. Сонда мемлекеттік тілдің көсегесі осы құзырлы органдар шынайы түрде жаппай мемлекеттік тілде сөйлеуге, жұмыс істеуге көшкенде көгереді деп ойлаймын. Аталған орындарда сексен-тоқсан пайыз қазақтар жұмыс істейді. Бірақ құжаттар, заңдар орыс тілінде дайындалады, талқыланады, қабылданады. Осыны күнде теледидардан көріп, радиодан тыңдап, газеттен оқып отырған Қазақстан халқы мемлекеттік тіл мәселесінің тез арада шешіле салатынына сенім білдіре ала ма?! Бұл - бір. Екіншіден, біз қазіргі қолданыстағы тіл заңының баптарын толық орындата алмай отырмыз, әсіресе, 23, 24-баптарының орындалмауы мемлекеттік тілдің адымына тұсау, өрісіне кедергі болуда. Тоқталып өтейік. Мемлекеттік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында тілдер туралы заңнамалардың сақталуын тексеру кестесі бекітілмеген. Министрліктердің, облыстардың басшылары тіл туралы заңнаманың орындалуына байланысты Үкіметте, мемлекеттік тілді одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс тобында есеп бермеді. «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабына сәйкес тіл туралы заңның бұзылуына кінәлі мемлекеттік органдардың, кез келген меншік нысанындағы ұйымдардың бірінші басшылары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады. Тіл туралы заңнаманы орындамаған басшылардан сұрау болмады. Белгілі дәрежеде жоғары жақтан талап қойылмағандықтан, жағдай бүгінгідей, барлық іс-шара орыс тілінде өтіп жатыр. Он жылдың ішінде нормативтік-құқықтық базаны жетілдіре алмадық. Осы уақытқа дейін «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 23-бабының 3-тармақшасына сәйкес мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және білік­тілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, маман­дықтардың және лауазымдардың тізбесі заңмен белгі­ленген жоқ. Заңның тармақшасы орындаусыз қал­ды. Сондай-ақ Тілдерді дамыту мен қолдануға арнал­­ған бағдарламада белгіленген мем­лекеттік органдар жүйесінде мемлекеттік тілдің іс­керлік қарым-қаты­настың негізгі тілі бола алмады. Осы мемлекеттік бағ­­дарламаның 2008-2009 жылдарға ар­налған іс-шара­лар жоспарының негізгі тармақтары да орындалмай қалды.
Міне, ілгеріде айтылған осындай үлкен тосқауылдар тіл мәселесінің көптеген түйткілдерін тудырды. Атап айтсақ, біріншіден, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілді білмейтін азаматтары тіл мәселесінің баяу шешілетіндігіне әбден сеніп алғандықтан, өз елінің ең басты тілін үйренуге құлшыныс танытпауда, өз балаларын әлі күнге дейін орыс мектептеріне қалдыруға, беруге дағдыланған. Жергілікті мемлекеттік мекемелер республикалық органдардағы тілдік ахуалдың түрін көріп, қазақтілді болуға асықпауда. Өкініштісі сол, осы он жыл ішінде Білім және ғылым министрлігі облыстық білім басқармаларынан тіл аясында атқарылған істер жөнінде есеп алған емес. Екіншіден, республиканың ең ірі жүйесі - білім саласында мемлекеттік тілге деген көпшілік күткендей бетбұрыс байқалмайды. Сондықтан он бір жыл бойы қазақ тілін арнайы пән ретінде оқыған оқушы мектепті өзінің мемлекетінің тілін білмей-ақ аяқтауда. Мұндай үрдіс мектептен кейін колледждерде, институттарда, университеттерде «сәтімен» жалғасуда. Бұл қазақ тілінің өркен жаюы үшін алынбайтын қамал, бұзылмайтын сең болып тұр. Білім және ғылым министрі оқу орындарының қай тілде білім беретініне назар аудармас­тан лицензия береді. Осы жылдар ішінде ашылған қазақ топтары жеткілікті, сапалы заманауи оқулықтармен қамтамасыз етілмегендіктен, қазақ топтарының саны артудың орнына азайып барады. Қазақ мектебінің саны демографиялық көрсеткіштердің есебінен артып отыр. Кеңес Үкіметі кезінде өзі орыстілді болып, бүгінгі күні бүкіл билік-байлық тізгінін ұстағандардың балалары әлі орыс, ағылшын тілдерінде білім алуда. «Бізге кінәлі біздің заманымыз, енді сендер тәуелсіз, азат Қазақстанның келешегісіңдер, балаларым, немерелерім, білімді ана тілінде алыңдар» деп ешқайсысы айтып отырған жоқ. Олардың пікірін өзгертуге республикалық бюджеттен қаржыландырып отырған орыстілді бұқаралық ақпарат құралдары үлес қосып отырған жоқ.
Мемлекеттік бағдарламаның 2008-2009 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының 5-тармағына сәйкес мемлекеттік қызметшілер үшін тестілеу әдістемесін жасау жоспарланған. Мемлекеттік қызметке үміткер­лер қызметке тұру үшін 4-5 жыл болды тест тапсырып жүргеніне. Соңғы Қазтест тапсырғандармен әңгіме­лесу жүргізіп, мемлекеттік тілде құжат әзірлемек түгіл, қазақ­ша сөйлей алмайтынына таңғалдық. Ай сайын мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын бағалау кезін­де мемлекеттік тілде құжат әзірлеуі бағалануға тиіс.
Кезінде әкімдікке қарап, кейін министрліктердің қарамағына ауысқан аумақтық мекемелердің қала әкімдігіне қарағандағы жеткен жетістіктерінен айырылып қалған жағдайы бар. Қазақ тілінде іс жүргізетін мекемелер, министрлікке бағынысқа өткеннен кейін ісқағаздарын толығымен орыс тілінде жүргізуге көшкен. Тағы бір аумақтық мекеменің басшысы - ұлттың жанашыры, қызметкерлерден іс жүргізуді қазақ тілінде жүргізуді талап етеді. Аталған мекемеден құжаттар, өтініштерге жауаптар қазақ тілінде жіберіледі. Бір өкініштісі - басқа мекемелер жауаптардың орыс тілінде болғанын талап етеді. Мамандар не істерін білмей бас қатыруда. Екі жұмыс істеуге тура келіп отыр.
Айналып келгенде, біз өзінің мемлекеттік тілін білмейтін, ертең қызметке тұрғанда көпшілігінің білгісі де келмейтін ұрпақты өзіміз дайындап келеміз. Үшіншіден, тілдік ортаны қалыптастыратын тетіктің үлкені бүгін төріміздегі теледидарда, дүкендегі кітапта, дүңгіршектегі газет-журналда. Енді осыларға «қаншасы қазақ тілінде» деген сауалмен бір сәт көңіл аударайық. Әрине, біздің тілде емес. Ал осыны көретін, оқитын балалар, жеткіншектер, жастар қай тілге бейім болып, қай тілдің артықшылығын сезініп өсуі керек?! Жауап әлгіндей, тағы да біздің тілде емес. Ал осыған қандай пәрмен жасалынып жатыр, не істейміз, амалы мен дәруі неде дейтін болсақ, зиялы қауым ондаған жылдар айтып келе жатқан «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң қабылдануы керек. Өйткені қазіргі заңды жұмыс істете алмадық, толық жұмыс істей қал­ғанның өзінде бұл заң - сонау 1997 жылы қазақтың елу пайыздан жаңа асқан, экономикалық-әлеуметтік жағынан бүгінгідей даму жолына түспеген, ұлтымыз өзінің құндылықтарына енді бас қойған, көңіл бұрған кезеңде қабылданған заң. Қазіргі дәуір талабы басқа. Қазақстанның ішкі жағдайы ғана емес, әлемдік саясатта да, рухани дамуда да әжептәуір өзгерістер болды. Осы заң қабылданған жылдары «жаһандану келе жатыр» деп үркетін едік, сол жаһандану дегеніңіз үйіңізге кіріп алды, мектебіңізге де, мекемеңізге де енді. Сол үшін қазаққа рухани қорғаныш, иммунитет керек. Оның аты да, заты да, дауасы да, шипасы да, амалы да - тіл, ұлтымыздың рухани ұстыны, мемлекетіміздің айрықша белгісі! Зайырлы, құқықтық мемлекет құруға бет алған Қазақстан Республикасында оның мемлекеттік тілі қазақ тілінде заңмен қызғыштай қоруымыз керек, тілге ең алдымен саяси қамқорлық керек. Сонда ғана тіліне жартылай теріс қарап тұрған қоғамның беті бұрылады. Бұған қоса мемлекеттік тілдің көсегесін көгертіп, көрпесін кеңітетін және бір атқарылар шаруа бар. Ол - Тіл агенттігін құру, соның төңірегіне барлық жергілікті басқармаларды жинақтау. Дербес мекеме ғана еркін шешуші жұмыстар атқара алмақ. Қазіргі Тіл комитетінің тәжірибесі осыны сан мәрте айғақтады, айғақтай береді де. Мемлекеттік деңгейдегі әр шаруаның шешілуі үшін оған батыл қадамдар керек, ал батыл қадамдарды қолында құзыреті бар мекеме ғана жүзеге асырмақ. Тілге қатысты жаңа мемлекеттік бағдарлама қабылданып жатқан шақта 2020 жылға дейін шын мәнінде мемлекеттік тілдің мәселесін шешеміз десек, онда сол ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруға құзыреті жететін, шамасы келетін заң да керек, уәкілетті орган да керек. Бұл - мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің адымын ашарлық уақыт талабы, көпшіліктің көкейіндегісі. Оған бүгінгі Қазақстанның саяси-әлеуметтік пәрмені де, демографиялық жағдайы да тұп-тура сәйкес келіп тұр. Ұрымтал шақ - осы.
3. Тәуелсіздік, менің ойымша, ең алдымен ұлан-асыр той емес, тіпті табысымызды дабыралап, бөркімізді аспанға ату да емес, тәуелсіздіктің атаулы жылы - ең алдымен әр азаматтың, ұжымның не істедім, не істей аламын деп есеп беретін, табысын тарту ететін белесі. Осылай болғаннан соң да біздің басқарма аяулы Отанымыздың, қымбат тәуелсіздігіміздің белесті мерекесіне бірқатар іс-шаралар жоспарлаған. Әлбетте, бұл іс-шаралардың идеясы да, мақсаты да - отаншылдық, елшілдік мұраттарды насихаттау. Бұл шараларымыздың баршасы Астана қаласы әкі­мінің 28 ақпандағы № 21-6 Өкімінің негізінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралар жоспарының ауқымында өткізіледі. Мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын халық арасына кеңінен насихаттау, жастардың ұлтжандылық сезімін ояту, елін, жерін, туған тілін сүю Отан алдындағы борыштары екендігін ұғындыру мақсатында семинарлар, байқаулар, әдеби-музыкалық кештер, кездесулер, ақындар кешін өткізу жоспарланған. Тарихи тұлғаларымыз арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында Әлихан Бөкейхан, Ыбырай Алтынсарин, Мәлік Ғабдуллин, Мұқағали Мақатаев, Мұстафа Шоқай көшелерінің мерекелері өткізілді. Сонымен қатар «Тіл - тәуелсіздік тұғыры» атты семинар, «Отан отбасынан басталады» байқауы, «Абайдың сөзі - қазақтың бойтұмары» Абай оқуы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Б.Тілеуханмен кездесу, «Тәу етер Тәуелсіздік құдіреті» жас ақындар кеші, «Қазақстан мәңгі жасасын!» әдеби-музыкалық кеш, Тәуелсіздік даңғылында «Тәуелсіздік мұраты - тегеурінді ел болу», Желтоқсан көшесінде «Желтоқсанның жеңісі - Тәуелсіздік» атты мерекелік іс-шара және Қазақстан халқы тілдері фестивалі аясында «Азат елге аманат туған тілі» атты мерекелік іс-шара өткізіледі, сондай-ақ тәуелсіздігімізді паш ететін, рухани қайнарларымызға үңілтетін кітаптар дайындау да ойымызда бар.

"Ана тілі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5539