Сенбі, 23 Қараша 2024
Тарих 9153 17 пікір 30 Тамыз, 2019 сағат 13:16

Ғаббас Қабышұлы. Жанпида

(Деректі  хикаят)

Тамыз айының 29-күні. 70 және 30 жыл бұрын

-Кешім, әлі отырсың ғой?

-Қазір...

Бір сәттің ғана, бір мезеттің ғана өлшеміне тән «қазір» салқын  айтыла салды да, сол сәт, сол мезет созыла берді. Минөттер...  сағаттар...  «Кешім, әлі отырсың ғой?» да, «Қазір» де қайталанбады. Бөлме егесі – түнгі тыныштық. Тек анда-санда көше жақтан ары-бері өтіп жатқан автомәшіндердің гүрілі естіліп қалады. Бірақ ой құшағындағы жігіт оны елеп отырған жоқ. Жазу үстелін қос шынтақтап, білезіктігі түйістірілген екі алақанымен екі жағын тіреп, қиықша қоңыр көзін терезе алдына қойылған көкшіл құмырадағы қалампыр гүлдеріне қадапты. Ортаңғы бөлмеде, биік шкафтың ойығында тұратын құмыра кешеден бері осы шағын бөлмеде; төрт-бес күн сайын жаңартылатын қызғылт үш раушан гүлі орнында – қоңырқай қалампырдың бес талы. Бұл өзгеріс – Гүлзияның әрекеті. Күйеуі Кешірімнің өңі әншейіндегісінен гөрі қуқылданып, өзі әдеттегісінен гөрі салмақтанып, оңашалануды қалай бастағанын байқасымен осы бір жаңалықты жасаған. «Қызғылт түс жүйкені қыздырмалайды, жасыл түс жүйкені тыншытады» дегенді оқығаны бар еді. Келімді-кетімді кісі қарасы үзілмейтін ортаңғы бөлмеде раушан тұрсын, бас қосқан таныс-бейтаныстардың тезірек табысып, шүйіркелесулеріне себепші болар деп білген және ол ойы ақталған да. Енді Кешімінің (Кешірімді осылай атайды) мінезіндегі оқыс құбылыс алаңдатып, іздеген жасыл гүлі табыла қоймаған соң қалампырды алып келген. Қазақтың «қоңыр» деген сөзді ерекше жақсы көретіні есінде, Кешімінің көңілі қоңырқай мақпал рәуішті қалампырды хош көреріне шүбәланбаған. Бірақ Кешірімнің көзі қарсы алдындағы гүлге түссе де, көңілі анау гүлсіз даланы шарлап кете береді. Гүлсіз даланы...  Кең болса да тарылып, қара топырақты болса да сарғайып жатқан даланы... Ата-бабамыз мұра етіп қалдырған кең-байтақ әлем өзінің кеңдігі үшін тауқымет тартып жатыр...  Кешірім өзі туып-өскен өлкенің бұл күйін көргеніне өкінулі, қапалы. «Бекер көрдім-ау!» деген пендешілік өкініш пен қапа емес, «Қайран даланың ертеңі бүгінгісінен де сұрқай боларына бөгет жасай алмаймын-ау...» деген сынық сезімнің өкініші мен қапасы. Бөгет жасағысы келеді. Сонда қалайша? Не істеуі керек? «Керектің» басы ашық, ал не істей алады? Облыстың партия ұйымын басқару, тіпті облыстың бүкіл тыныс-тіршілігін қадағалап отыру қолынан келеді, бірақ көзге көрінбес өрт күйдірген өңірдің өксігін жеңілдетер шара бар ма?.. Нендей қимыл керек? Кешеден бергі көргенім – дозақ дейтіннің дәл өзі шығар... Бірақ дозақ отына күнәлілер күйеді екен, ал біздің    ешқандай күнәсі, кінәсі жоқ кәрі-жасымыз неге, не үшін күйді, қашанғы  күйе береді?!. Ертеңгі ұрпағымыздың неше буыны күйетінін кім біледі?.. Абай туған топырақ күлге айналмақ па?.. Жердің асты-үстіндегі дамылсыз дүмпуден Дегелең тауының тасы түртіп қалсаң сау етердей үгітіліп тұр. Тостағанкөл жап-жасыл уға толы. Өсімдік атаулының нәрі өліп, өзегі өңезе болған...». Кешірім орнынан ұшып тұрды. Оң жақ самайына  ошарыла сусыған қайратты қара шашын артқа сілкіп тастап, бөлмеде ары-бері жүріп кетті. Жүрегі үсті-үстіне дүрсілдеп, дереу сөйлеп ала жөнелгендей: «Бұл неткен қаныпезерлік?!. Курчатовтың әкесін Абай әулеті өлтірген жоқ еді ғой, ол Қарауыл өңірін неге таңдады? Агрессорлардың алдына ор қазып, Хиросима мен Нагасаки қасіретін қайталатпау үшін атом бомбасын жасағандары жақсы-ақ, керек еді, бірақ біздің ел-жұрт бар жерімізге әкеліп сынағандары қаныпезерлік емей немене?  Бомбаны жасаған атақтылар бас қосып, сынау жұмысын жүргізер полигонды Ресейдің құла дүз иен даласының қайсысына орналастырған дұрыс болады дескенде топ басшысы Курчатов: - Біз оны иен далада сынау үшін жасаған жоқ шығармыз?! Жан-жануарға әсері қандай болатынын нақты білу үшін жасайтынымыз рас  болса, елді  мекеннің қолайлы біреуін таңдап алып, сол жақта  сынау керек. Қазақстанда сынау қажет, онда бірнеше полигон сияр жер көп! – депті. Менің естігенім осы...  ал көргенім әнеки: бірінші сынау алдында радияцияның өтіне алдап әдейі қойылған қырық жігіттің екеу-үшеуі ғана  қалыпты, мүгедектікке ұшырап, жарық дүниеден безініп, күнін санап жүр; есігі екінің біріне ашыла  бермейтін ауруханада сартап боп жатқан жастар мен жасамыстар, құнысып қалған сәби аз емес. Не қолы, не аяғы бұралып, саусақ-башайсыз тұлдыр сүйек болып, немесе бес саусағының орнына үш саусағы не алты саусағы, ал бес башпайының орнынан жеті башпайы болып, бір көзі жоғары, бір көзі төмен жаралған нәрестелер ше?!. Жалғыз көзді де бар... Қатерлі ісік жасөспірімдерді де қармаған... Бомба жарылған маңайда шөп сарғыштана қаулап өсіп, малдар да, иттер де өңкиіп, тістері сорайып, беймәлім дерлік құбыжыққа айналған... Семей өңірі тірлігін зерттеушілер мұндай зұлматтың  полигон  орнағанға дейін болып көрмегенін дәлелдеп берген. Қатерлі ісік – «рак» деген немесе сусамыр – «диабет» деген пәлекетті ел көп естімеген, ал естігендері, көргендері, қорыққандары көкірек-өкпе ауруы – туберкулез. Енді аурудың ескілі-жаңалы оннан астам түрі күрт өршіп, жас-кәріні қармап жатыр.  Бұл  зұлматқа  не  зауал?!.

...Ол Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы (1977-1985 жылдары), облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы (1985-1987 жылдары) болып, абыройы асып, еңбегі жанып жүргенінде республика партия ұйымының басшысы: «Кешірім Бозтаевич, сізді Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына ұйғарып отырмыз, не айтасыз?»   деп әдеткі жортасыпайыгершілікті аңғартқанда, «не айтасыздың» арғы жағында қашанда «ләппәй деңіз!» тұратынын білетін Кешірім: «Сенім көрсеткендеріңізге  рахмет!» деген де, қорғасын-мырыш комбинатында еңбек етуден басталған 31 жылы өткен Өскеменмен қоштасып, Семейге аттанған. Мұнда істі қабылдап алып, әр саланың бірінші басшыларын жинап танысып, оларға: - Әрқайсыңыз өз салаңызда нендей бәрекелді, нендей әттеген-ай барын, пікір-ұсыныстарыңызды екі күннің ішінде қағазға нақтылап түсіріп, маған тапсырыңыздар. Ештеңені асырмаңыздар, ештеңені жасырмаңыздар. Ортақ істе осылай табысуымыз керек екенін ескеріңіздер, - деп өтінді. Межелі екі күн бойына қала өмірімен, іргелес жатқан шаруашылықтардың хал-ахуалымен танысты. Үшінші күні өзінің қалауымен жинақталған мағлұмат  атаулыны сараптап отырса, облыста көп шаруа шатқаяқтап жатыр. Денсаулық сақтау мәселесі де мәз емес, әсіресе сырқат балалардың саны жылдан жылға  өсіп  келеді. «Ойпырым-ау, бұл – ертеңгі өрісіміздің тарылуы ғой?!.».

Кешірім облыстық партия комитетінің әкімшілік-шаруашылық басқармасының (ӘШБ) бастығын шақырып алып: «Маған берер пәтер мәселесін шештіңіздер ме?» деді. Әзірше  өзі ғана келіп, мейманханада тұрып жатқан-ды. «Шештік! Сізге бүгін айтпақшы едік!» деп желпінді анау. «Олай болса, қазір көріп келелік». Өзін қайда апаратыны, нені көрсететіні ойлағанындай болып шықты. Қаланың ортасында болса да бау-бақпен көмкеріліп оңаша тұрған үш қабатты үлкен үйге алып барды. Бұрынғы бірінші хатшылар тұрған үй екен. Ертегідегі хан сарайындай демесе де, Алматыдағы, облыстардағы жоғары дәрежелі шенеуніктердің көбі тұрып жатқан арнаулы сән-салтанатты үйлердей. Үн-түнсіз аралап көріп шықты. «Бәсе-е-е!», деді іштей кекесінмен. «Ұнаттыңыз ба?» деп қалды ӘШБ бастығы. Кешірім оған салқын жымия қарады да: «Жақсы екен. Тіпті өте жақсы. Бұған Мүгедек балаларды емдеу орталығын орналастырамыз, ал маған таяуда пайдалануға берілетін үйлердің бірінен үш бөлмелісін жазыңыз, ешқандай  қосымша  әрлеу-сәндеу жасатпаңыз!» - деп  кете  барды...

Алдына келген мағлұматтардан оларды дайындаған адамдардың жанайқайы естілгендей еді. Мұнда сөзі өтпей, өткені Семейден асып кетпей, асып кеткені болса, - Алматының құлағына жақпай, әбден ішқұса болып жүрген жандар жаңа басшыға ақиқатты жайып салыпты. Әрбір жылды салыстырған цифрлар: «Міне, тап осылай!» деп қыстыға сөйлеп тұр дерсің. Кешірімнің іші жылып қоя берді: тапсырыс алған бейтаныс қызметкерлері шындықты айтқанның шырайы тазамен тәуекел еткен екен, ендеше оларға сену керек. Сенім ұялаған жерде ортақ ынтымақ, қайырлы қимыл, бәтуә-береке болады. Осы ұстаныммен бір жарым жылды өткізді. Облыстың тыныс-тіршілігімен жете танысып, кадр құрамын іскер, қажыр-қайратты жас мамандармен толықтырып, өзара түсіністікпен ілгерілей берді. Алайда қай ұжымда болсын әңгіме атом полигонына ойысып, жұршылықтың мазасыздануы Кешірімді де тынышсыздандырды. Партия мен үкіметтің шешім-бағдары бойынша отыз сегіз жыл бойы жүргізіліп келе жатқан атомдық, ядролық сынау мәселелері Семей тұрғай Алматыда талқыланбайды, алайда бір бас  көтеру жасап көрсе, қайтер еді? Осы ойы ақыры атқа мінді де, Кешірім 1989-жыл туа Облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі       Т.Тоқтаровқа полигон зардаптары туралы мәлімет-түсінік дайындауды тапсырды. Оның арада апта өте әзірлеп әкелген құжаты – ең сұрапыл дабыл болып шықты: аурушаң бала саны жылдан жылға артып барады. Жүкті әйелдер анемияға (қан азаю дертіне) ұшырауда. Ақыл-есі кінәраттар көбеюде. 1954-жылдан бері онкология ауруы облыста екі есе, Семей қаласында екі жарым есе өскен болса, ол тажалдан: Аягөз, Шар, Бородулиха, Новошульба ауыл-селоларында жиыны әрбір жүз мың адамнан жыл сайын 270-300 адам, Қарауыл, Саржал, Қайнар, Баршатас, Долон, Мост, Черемушки елді мекендерінде 270-450 адам қайтыс болады екен. Радиология зардабын зерттеуші орындар сынау орталығынан 160-250 шақырым ауыл-селоларда тұратын кісілердің онкология сырқаттарына сынаудан 3-4 жылдан соң шалдыға бастағанын, сұрқия дерттің жылсайын көбейіп, асқынып бара жатқанын ғылыми дәлелдеп отыр. Семей қаласы тұрғындарының түрлі   ауруға қарсы табиғи қарсылық дәрмені, иммунитеті, төмендеген. Абай, Абыралы, Бесқарағай, Жаңасемей аудандарында халықтың 30-40 пайызы қазірдің өзінде сондай күйде болса, ересектерге қоса балалардың 30-35 пайызы анемия зардабын шегуде. Онкологиялық ауруға ұшырағандарды дәрігерлік зерттеуден өткізу, емдеу мақсатымен КСРО Денсаулық сақтау министрлігі 1954-жылы Өскемен және Семей қалаларында арнаулы  емхана  ашқан  да, Өскемендегіні бір жарым жылдан кейін жауып тастаған. Семейдегі емхана ықшамдалып, «Бруцеллёзге қарсы диспансер» делінген. Ол ол ма, сол министрлік Семей қаласында онкология сырқаттарын зерттеуді 1966-жылдан бастап тоқтатқан. Сұмдық  қой?! Нағыз сұмдық!..

Семей полигоны зардаптарын 1957-жылдан бастап алғаш зерттеп, дабыл қағуға кіріскен адам көрнекті ғалым Бахия Атшабаров екен. Қазақстан Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевтың кеңесімен арнаулы ғылыми экспедиция құрып, полигонның кеселдерін жан-жақты анықтап, республика басшылығына жазбаша мәлімдеген, бірақ біздің басшылар Кремльдің қабағын бағып, ол игі істі ескерусіз қалдырған. Кешірім қатты күйініп, қыстығып, үстелді жұдырығымен нұқып-нұқып қалды да, атқып тұрып, кабинетіне симай бара жатқандай, жан-жағына қарап, терезеге беттеді. Барып, сыртқа көз тастады. Алай-дүлейлі көңілі бой берер емес:  «Сұмдық қана емес, қастандық! Көпе-көрінеу қастандық!». Дос-жолдастарының: «Жердің қозғалғанын көріп жүрсек те, Кешірімнің қозғалғанын көру қиын болар» десіп әзілдейтін  Кешірімдері, міне, еріксіз сыр  берді. «Күйдірген  соң  шыдатпай...» (Абай).

(Полигонның халқымызға қасірет әкелгенін кезінде Әуезов Мұхтар, Сәтбаев Қаныш ағалар Семейде, Алматыда, Мәскеуде болған бейресми басқосуларда қинала айтып жүрген екен. Әлемге әйгілі екеуіне атомшылдар ашық тойтарыс беруден тартынуға мәжбүр болса да, астыртын не істегенін бір құдай білсін... Бұлай деу себебім: екеуі де Мәскеудің ең атақты ауруханасында операция кезінде қайтыс болды. Мен бұл мағлұматты мемлекет және қоғам қайраткері болған қаламгер Әнуар Әлімжановтың 1990-жылы Англия парламентінің Қауымдар палатасында «Атом күліне көміліп қалмайық!» деп сөйлеген сөзінен алдым. Әнекең – халықаралық  ол  биік  мінберден КСРО, барша социалистік елдер бойынша  сөйлеген  жалғыз  өкіл.)

...Ішкі байланыс телефоны шылдырлады. Кешіріп үстеліне оралып, тұтқасын көтерді. Өнеркәсіп-транспорт бөлімінің меңгерушісі Малинин екен. Екі-үш минөтке кіріп шығуға рұхсат сұрады. Кешірім: «Келіңіз, бес минөттен соң келіңіз» деді. Екі қолымен екі иығын ұстай ырғалып-ырғалып, сәл де болса ойын жеңілдтіп, денесін сергітіп, орнына отырды да, төте телефонына қол созды:

-Аркадий Данилович, сәлеметсіз бе? Бозтаевпын.

-О, Кешірім Бозтаевич! Өзіңіз де есен-саусыз ба? Сіздің телефон шалуыңыз – мен үшін қуаныш!

-Көңіл  күйіңіз  жақсы  ғой?

-Жақсы, Кешірім Бозтаевич.

-Ендеше, жақсы  екенін  пайдаланып, сізге  бір өтініш  жасайын.

-Айтыңыз, қолымнан келсе орындаймын, аянбаймын!

-Облыстың жаңа басшысы болған соң...  «жаңа» деймін-ау, бір жыл толып та қалды, уақыт шіркінде тоқтау жоқ.  Аркадий Данилович, полигон жұмыстарымен танысу менің міндеттерімнің бірі екенін сіз жақсы білесіз, солай  ғой?

-Әрине!

-Олай болса, сынау жұмыстарын жүргізетін ұжымдарыңызбен, сынау орындарымен, зерттеу-емдеу мекемелеріңізбен, алдағы жылдардың жұмыс жоспарларымен танысуым керек. Жарылыстарды  түсірген  фильмдеріңіз  бар шығар, оны да көрсетіңіздер. Осы  аптада  үлгірсеңіздер  жөн  болар  еді, бүгін  дүйсенбі ғой, ал мен алдағы аптада Мәскеуге жүремін.

-«Мәскеуге» дейсіз бе? Онда, Кешірім Бозтаевич, бұл мәселелерді сонда  шешкеніңіз... жөн болар еді.

-Аркадий Данилович, сіздің басыңыздан секіріп кеткім келмейді, өзіңіз  реттеңіз.

-Мәскеудің рұхсатынсыз...

-Жолдас генерал, рұхсат алу - сіздің міндетіңіз. Сау болыңыз! – Телефон  тұтқасын  орнына  қоя  салды:  - Бұлталақтауын!

Бұлталақтағаны полигон бастығы А.Д.Ильенко еді.

Кешірім «алдағы аптада Мәскеуге жүремінді» Ильенкоға қарсы көзір еткен, бұлталақтауына  әлден  жол бергісі келмеген. Генералды бір-ақ рет, өзі бірінші хатшылыққа тағайындалған жолғы ресми жиында  көрген. Ол  жылы жымия келіп, аты-жөнін айтып танысып, қолын қысып құттықтаған. «Кейде қиялап, кейде кеуделеп сөйлейтін қу сияқты», деп ойлаған  Кешірім  сонда...

Ильенко екінші күні телефон шалып, КСРО Қорғаныс министрлігі  рұхсат  бергенін, өздерінің  ертең  сағат  тоғызда  қарсы алуға әзір екендерін, жол  бастап келуге орынбасарын бүгін жібере алатынын айтты...

 Гүлзияның анық аңғарғанындай, күйеуінің өңі әншейіндегісінен қуқыл тартып, жүріс-тұрысы әдеттегісінен ауырлап, оңашаланып ойға батуы жиілеп кеткені  - Кешірімнің полигонның асты-үстін түгел аралап  келген  күні  болған  өзгеріс-ті.

 Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы заңды құқын толық    пайдаланды, атомнан сутегі бомбасына дейінгі жойқын қарулардың ауада және жер астында сыналған түр-түрінің қалдырған іздерін автомәшінмен, ұшақпен жүріп, бәрін де көріп шықты. «Семипалатинск-21», яғни Курчатов қаласының тұрғындары болса, түгел дерлік Ресейдің азаматтары, ешқайсысы Қазақстанды керек етіп  жүрген жоқ тәрізді, бейбастақ мейманша бедірейіп сөйлейді... Ширыққан, шамырқанған Кешірімнің бұл сапары «Өте құпия. Бірінші  сутегі бомбасын сынау. 1955-жыл» деген деректі фильмді көрумен     аяқталды. Полигонның не екенін өзгеден есту өзің көргеннің жанында жай бір  елес  екен...

Он шақты колхоздың иелігінде болған 18. 540 мың шаршы шақырым жер сынақ алаңына айналыпты (онда 454 рет сынау жасалған). Тұрғындар көшірілген де, сынау нәтижелерін көру мақсатымен сынау нүктесінен 15-20 шақырым қашық жерлерге, - әр тұсқа, -  әрқилы жобалы 5 қабатты үйлер, кеңсе ғимараттары бар «қалалар» салыныпты. 50 метрге дейінгі тереңдікке орналасқан лабораториялар өз алдына.  Қалалардың пәтерлеріне алуан түрлі аспаптар қойылып, уақытша қораларға тәжірибеге құрбан қойлар қамалған, олардың үсті-басы да - құжынаған аспап... Әне, ұшақ көтерілді. Сутегі бомбасын алып ұшыпты. Бір сәтте шіркеулердің мыңдаған қоңырауы қаңғырлап ала жөнелгендей болды. Бомбаны тастауға соғылған дабыл. 1500 метр биікте ересен зор алау лап  етіп, бүкіл аспанды өрт шалғандай болды. Экран да бұлыңғырланып кетіп, бір минөт шамасында қайта тазарғанда өте зор діңгектей құбыжық көрінді, кенет оның діңі қан мен құмнан жасалған қызыл күрең түсті дәу саңырауқұлаққа ұқсады. Оның түп жағынан құдды алапат дауыл ұрған теңіз толқынындай болып тараған шаңды құйын жолындағының  бәрін  жайпай  жөнелді...

«Фильм - совет ғылымы мен техникасының жетістігіне куә тарихи        құжат», деп беташар сөзін күпіне, нығыздана бастап жөнелген диктор бәрін тәптіштеп баяндауда. Желпініске толы дауысы дарақы ырғағынан жаңылар емес. «Сендерге – мақтаныш, ал бізге – қайғы-қасірет!» деді Кешірім іштей қыстығып. Кеше таңды алай-дүлей көңілмен атырып, күндіз, сынау сұмдықтарын көре түскен сайын ызаға булығып, бірақ сыр бермей жүріп еді, ал мынау фильм санасын торлады. Пенделік қорқынышы алапатты тоқтатар күш табылмағанына өкінген іштей күйінішіне  қосылып, жүрегін  сығымдап-сығымдап  қояды.

Диктордың  дауысы бұзылар емес. Экрандағы көріністерге ілесе шығып: бомба толқыны жолына қойылған танктерді қаңбақша ұшырғанын, «қала» үйлерінің жоғарғы екі-үш қабаты дал-дұл болғанын, төменге қамалған қойлардың қырылғанын, 200 шақырымға дейінгі үйлердің неше пайызы қирағанын, неше пайызының шатыры, терезе шынылары быт-шыт болғанын айтты. Ол үйлерде тұрып жатқан адамдар бар ма еді, жоқ па еді, бар болса, олардың не күйге ұшырағаны туралы  ләм-мим  демеді...

Экраннан көрінген сұмдықты бір сөзбен айтса: Семей өңірі де -   кешегі  Екінші дүниежүзілік  соғыста  жау  табанында қалған  жердей...

Фильм аяқталған соң Ильенко қатар отырған Кешірімді қолтығынан демей  түрегеліп, зымияндана  жымиып:

-Кешірім Бозтаевич, сізге  фильм  ұнады  ма? – деді.

-Рахмет, жолдас генерал, сау болыңыз! – Кешірім әлдебір шаруасына  асыққан  кісіше  аяғын  жебей  баса есікке  беттеді...

«Сынау алаңдарын аралаған кезде атом-ядролық жарылыстардың туған жеріміздің көркін көмескілеп, айғыздап тастағанын көрдім.  Айқыш-       ұйқыш жарылып, тып-типыл болған жерімізде тіршілік белгісі жоқ сияқты. Құлазыған қайран дала біздің опасыздығымызға, адамдарымызды осынау алапат қауіп-қатерден сақтап қала алмағанымызға көкірегі қарыс айрыла аһ ұрып жатқан тәрізді... Жаңағы фильм – менің байтақ жеріме күні кеше шегіртке тажалша құжынап кірген қарашекпенділердің бүгінгі ұрпағы жүргізіп отырған «өлмесең - өпе қап!» саясатының бір көрінісі. Ресейде жер жоқ  болды ма?!.». Ашына түскен Кешірімнің  бір  ойы  осы  еді.

Атом бомбасын алғаш сынау 1949-жылғы тамыздың 29-ы күні сағат 7-де жүзеге асқан.

Бұдан 70 жыл бұрын.

«Саңырауқұлағының» биіктігі 7 шақырым болған. Жерді таңдап алған, сынау жұмыстарына басшылық жасаған – атомшы әйгілі ғалым И. Курчатов. Одақ өнеркәсібінің атом саласын, сынау жұмыстарын бақылаушы – Л. Берия. Сынау сәтті өткен соң Берия негізгі зарядқа ат қою қажеттігін айтыпты. Курчатов атты бұл зарядты жасаған К. Щелкиннің қойғаны жөн болар депті. Ол: зарядтың аты «РДС-1», яғни «Россия делает сама» болсын депті. Кейінде ядролық, сутегі зарядтары РДС–2;  РДС–3; РДС–4... деп аталған.

Бірінші жарылысты дайындағандар мен жасағандар жаңа шен алып, шекпен киіп, орден тағынып жарылқанды. Атомның «көкелері» Социалистік Еңбек Ері атағын иеленді.

Демек, Ертіс алқабының, Семей өңірінің қасіреті «РДС–1» зарядының іске қосылуынан басталды. Алғашқы атом бомбасын сынағандардың бірі – академик В. И. Жучихин естелігінде: «Сынаудың ертеңінде, арнаулы киім киіп, төңіректі шолғанымызда, біз теректерде отырған бүркіттерді көрдік. Қанаттары күйіп, көздері ағарып кетіпті. Өліп, қатып қалғандай, тырп етпеді... Бір жерде күйіп қалған торай жатты, жинап алушылар оны көрмей қалған ғой... Қысқасы: біз өнебойымызды тітіреткен көріністерге тап болдық. Адам ойлап шығарған зор жаңалықтың тіршілікке зор  зардабы  тиді...» депті.

Қазақ даласының адамын да, ақ иық қыранын да қор қылған  дүлей      күш – жылына ондап сыналып жатқан бомбалар. Радиоактивті тозаң  жерге  тонналап жауып, сіңіп жатыр. КСРО Қорғаныс министрлігінің, оның Әскери-өнеркәсіптік кешенінің шенеуніктері: «Сынау тұрғындарға, жерге зияны тимейтін ғылыми-сақтық шараларын қолдану бойынша жүргізілуде» деп сарнаудан жалықпайды. 1989-жылғы ақпанның 12-сі күнгі жарылыстан соң ауаға жайылған радиоактивті газ исі тіпті эпицентрден 120 шақырым Шаған поселкесін де тұмшалаған. Поселкеде полигон істеріне қатысы жоқ әскери бөлім бар екен, солар шу көтеріп, қатты наразылық жасады. Ол жәйтті бөлімнің бастығы генерал-майор П. Бредихин обкомға дереу ресми мәлімдеді. Полигон басшылары обкомның ескертуіне мән бермей, тамыздың 18-і күні тіпті зор жарылыс жасады...

Халықтың қияметке ұшыраған денсаулығы, жердің улы топыраққа айналуы, құпия фильмдегі қаныпезерлік, полигоншылардың бетпақтана қасарысуы Кешірімнің жүйкесін жұқартты. Ол ақпанның 19-ында түні бойы ой сапырып, көзі бір әредік те ілінбеді. Таңертең  қызметке келе обкомның бюро мүшелерін шақырып алды да: - Жолдастар, достар! Қазақта: «Пышаққа ілінерінде ешкі де бақырып үлгіреді» деген  мәтел бар, мен сол ешкінің кебін кисем деймін. Зұлмат полигон семейліктерге запыран құстыруын үдетті. Бұл озбырлыққа енді шыдауға болмайды! Міне, мынадай жеделхат жобасы бар, оқып берейін, пікірлеріңізді айтыңыздар, содан кейін бөлімге тапсырамын, нақты нұсқасын жасасын, оны жеке өз атымнан Горбачевке жіберемін. Жеке өз атымнан. Сіздердің ресми қатыстарыңыз жоқ. Не  болса  да  өзім  көріп  аламын, тәуекел!

Кабинет іші, егер бейнелеп айтсам, бір ысыды, бір   суыды. «Әдрісіне жете қояр ма екен?..»; «Дұрыс, бірақ Сізге соққы болып жүреді ғой?..»; «Республика басшыларымен ақылдассаңыз, жөн болар еді..»; «Бұл үшін Сізге қиянат жасалар...»; «Бюро мүшелері түгел қол қояйық!»; «Әлі  де  бірер күн ойлансаңыз қайтеді?..» - осылайша  пікірлер сапырылысы  болды.

-Жолдастар, мен үшін сақтық жасаған пейілдеріңізге рахмет, бірақ    мен бұдан ары  шыдай алмаймын. «Курчатовтағы» құпиялар... құрысын!  Хат жобасын Пигаваев жолдасқа тапсырамын, ол журналшының тіл сүзгісінен өткізсін, содан кейін  тағы  оқимыз, - деді  Кешірім.

Обкомның Үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Владимир Пигаваев қарап шыққан, екінші рет оқылған, мақұлданған хат мәтіні келесі күні Жалпы бөлімнің құпия секторындағы шифрлаушы Владимир Игнатьевтің  қолынан өткізілді де, бөлім меңгерушісі Анатолий Чернышев Кремльге жөнелтті:

«Өте құпия. 1-данасы.
Мәскеу, Кремль
СОКП ОК  Бас хатшысы
М. С. ГОРБАЧЕВ жолдасқа

Қазақстан Компартиясының Семей облыстық комитеті СОКП Орталық Комитетіне мынаны мәлімдейді: 340 мың халқы бар Семей  қаласы аймағында 1949-жылдан бері ядролық сынаулар жүргізіліп келеді. Әуелі әуеде, ал 1963-жылдан бастап - жер астында... Арада өткен 40 жылда жағдай өзгерді: халықтың саны үш есе өсті, мал көбейді, бірақ бұл ескерілер емес. Полигонның маңы елді мекен екені де ескерілмеген. Жылына 14-18 жарылыс жасалады. Бұл ғимараттар мен инженерлік тораптарға кері әсер етуде, өйткені жердің сейсмикалық жағдайына назар аударылмаған. Поселкелер мен ауылдарды сумен қамтамасыз етуге арнап салынған құдықтар істен шығып жатыр. 25 жыл бойғы жерасты жарылыс салдарынан жер қыртысы бұзылды. Әрбір үшінші сынауда радиоактивті  газдың ауаға шығып, айналаға тарайтыны анықталды. 1987-жылы Семейді басып өткен газ легі сағатына 350-450 микрорентген болды. Биылғы 12 ақпанда полигоннан тысқары жерлерде радиоактивтілік сағатына 4000 микрорентгентке жетіп, желдің бағыты бұрынғысынан кенет өзгеруі салдарынан Семей-21, Шаған, басқа да елді мекендерге тарады...

Ядролық сынаулар жұртшылықтың ой-пікірін шиеленістіріп, мінез-құлқына әрқилы кері әсер етуде, олардың денсаулығында  пайда  болған ақау  полигонның  зардабы екені  анық.

Облыстық партия комитеті халық арасында түсінік жұмыстарын  жүргізуде.

Облыстық партия комитеті бұл жағдайға алаңдап, СОКП Орталық Комитетінен тиісті министрліктер мен мекемелерге жарылыстарды уақытша тоқтату, одан арыда ядролық сынауларды қолайлы жерге  көшіру  жөнінде  тапсырма  беруді  өтінеді.

К. БОЗТАЕВ,
Қазақстан Компартиясы
Семей облыстық  комитетінің
бірінші  хатшысы.

02. 1989 ж.»

Бұл  тарихи хаттың  жазылғанына 30 жыл

Мұны жазар күн алдындағы мазасыз түнде Кешірім астаң-кестең  ойын жинақтап, былайша түйін жасаған-ды: «Ержетемін, ел басқарысамын, КСРО-ның Әскери-өнеркәсіп кешеніне қарсы шығып, оның зобалаңынан халқымызды, жерімізді қорғасатын боламын деп ойлаппын ба?..  Мәскеуге, Компартияның бас штабына қарсылық хат жазуым керек. Тәуекел! Ата-бабамыздың аруағы қолдасын! Ар-ұятымды саудаға салған емеспін, салмаймын да! Бұл әрекетімнің тым қауіпті болатынын, небір қатерлі өткелектерден өткізілетінімді білемін. Мейлі. Ақиқат менің жағымда, жеңіле қоймаспын. Ал жеңілген жағдайда... Ә, мейлі. Халқым үшін, жерім үшін  жанпида!.. Партиялық талап-тәртіп бойынша мен ойымды Орталық комитеттің бірінші хатшысы Колбинге білдіруім, ақылдасуым керек... бірақ  ол қарсы болады, жолымды кеседі. Әлде Назарбаевқа... ол  Колбинге айтып... жоқ, айтпауын  өтінейін... ал  хатты  бәрібір  жіберемін! Тәуекел!

Кешірім Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа телефон шалып, «шегінер жері жоқ...» екенін  ашып  айтты. Үкімет  басшысы мөлшері бірер минөт үнсіз отырды да: «Бастасаң баста, біз қолдайтын боламыз!» деді.

...Жеделхаттың, әрине, Кремльде бомба жарылғандай болғаны өз-өзінен түсінікті.

Екі күннен кейін Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы  Г. Колбин  телефон  соғып:

-Сіз не істеп жүрсіз?! Бізді айналып өтіп, жеделхат жазғаныңыз қалай?! Жеделхатыңызды алған Михаил Сергеевич Горбачев Қорғаныс министрі Язовпен хабарласқанда министр: «Бозтаев жағдайды білмейді, ол әдейі ушықтырып отыр, полигон таза, алаңдауға негіз жоқ!» депті. Сіздің  мұныңыз  не?! - деп  долырғанда Кешірім:

-Геннадий Васильевич, біз мұндағы жағдайды басқалардан әлдеқайда жақсы білеміз. Мен жеке өз атымнан кімге нені болсын жазуға құқылымын және өз пікірім үшін жауап беруге әрқашан әзірмін, сіз осыны  ескеріңіз, - деген.

...Арада апта өтіп, ақпанның 28-і күні Курчатов қаласына кремльдік комиссия сау етіп, «жау жоқ деме жар астында», Кешірімге жауығушылар бөрінің бір жерінше шулап шыға келсін. «Бозтаев – Отанымыздың қорғаныс қуаты артуына қарсы кісі...  Генералдарды жеккөреді... Қауіпті адам» деген сөз от тиген қаудай лапылдады, мақаламен атқылау басталды. Шығыс Қазақстан облысынан сайланған КСРО халық депутаты полковник Н. Петрушенко жетелеген «Союз» депутаттар тобы К. Бозтаевқа қарсы күресті ашық бастады. Алматыға, Мәскеуге албаты арыз-шағым ағылды. Петрушенко КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы А. Лукьяновқа хат жазып: К. Бозтаев арандатып жүр. Кезекті жарылысты үкімет мүшелерінің, КСРО және Қазақстан депутаттарының көзінше жасасақ, сынаудан  ешқандай зиян болмайтынына көздері жетер еді, - деп сандалды. Бұлай боларын  білген Кешірім Горбачевке жеделхат жөнелткен  күннің ертеңінде: КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы А. Лукьяновқа, КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы  Н. Рыжковқа, КСРО Ғылым академиясының вице-президенті, физика саласының әйдік маманы академик Е. Велиховке, КСРО Бейбітшілікті қорғау комитетінің төрағасы журналшы-жазушы Г. Боровикке, КСРО Жоғарғы Кеңесі Денсаулық сақтау комитетінің төрайымы депутат З. Пуховаға, ақын жерлесіміз, депутат О.Сүлейменовке хат жазып, Горбачевқа жіберген жеделхатындағы мәселелерді оларға да  баян еткен-ді (О. Сүлейменов сол хат бойынша Жоғарғы Кеңеске 24-ақпанда депутаттық сауал жолдапты. «Сборник документов.«Ядерные испытания СССР: современное радио-экологическое состояние полигона». Кол. авторов  под  рук. проф. В. А. Логачева. М. Изд. АТ. 2002. 639 стр.).

Петрушенколардың шуылы шыққан күні енді шегінер жері қалмаған, жері болса да шегінуге жоқ К. Бозтаев  Горбачевқа екінші құпия жеделхатын жіберіп, полигонды тез жабуды талап етуіміз орынды, ол неғұрлым тез жабылса, соғұрлым жөн болады және 40 жылғы қасіреттің өтемақысын қайтару талабымыз да бар деді. Кремль құқай көрсетуге кіріскен соң Кешірім де қарсы ұшты. «Бұға  берсең, - сұға  береді».

 Келген  комиссияның  құрамы: басшысы  В. А. Букатов – КСРО Министрлер Кеңесі Әскери-өнеркәсіп комиссиясы төрағасының орынбасары; В. Н. Михайлов – КСРО Атом қуаты және өнеркәсіп министрінің ядролық қаруларды жасау, сынау жұмыстары жөніндегі орынбасары; В. И. Герасимов – генерал-полковник, КСРО Қорғаныс министрлігі 12-нші басқармасының бастығы, ядролық қаруларды жасау мен сынау істерін қадағалаушы; А. С. Дадаян – КСРО Табиғатты қорғау комитеті төрағасының орынбасары; В. П. Стрехнин – СОКП Орталық Комитетінің Қорғаныс өнеркәсібі бөлімінің қызметкері; Е. Б. Шульженко – КСРО Денсаулық   сақтау министрлігі 3-нші Бас басқармасының бастығы; Л. А. Булгаков – КСРО Медицина  ғылымдары  академиясының  академигі.

Комиссия сынау аймақтарын аралады, жұртшылықпен кездесу өткізді. Облыс басшылары тарапынан кедергі көрген жоқ. Сөйтіп, наурыздың 3-і күні, облыстық партия комитетінде бірлескен мәжіліс өткізілді. Соның  ұзақ стенограммасынан  үзінді  оқылық:

«Букатов. Біздің комиссия СОКП Орталық Комитеті Бас хатшысының тікелей тапсырмасымен, обком хатының ізімен келді... Әрбір жарылыстың қалай өткені жайында құжат сақтаулы. Ильенко ережені ешқашан бұзбаған... 12-нші ақпанда да ереже бұзылмаған. Біздің мақсатымыз – сынаудың саны мен күшін айтарлықтай азайту. Сынау ережелеріне біраз түзету жасаймыз... Радиация мөлшері «Б» категориялы Семей  аймағына  шақ  болуы  мәселесін  қарау  керек.

Бозтаев. Семей облысы «Б» категориялылар қатарында жоқ қой? Солай болғандықтан да,  сынау аймағындағы  жұртшылыққа, міне, 40 жыл  бойы  ешқандай  жеңілдік жасалмаған, өтемақы  берілмеген.

Ильенко. Полигон бастығы ретінде мен сынауға қатысушылардың, халықтың қауіпсіздігі үшін ғана жауап беремін. Газдың сыртқа шығып кеткеніне  мені  кінәлау  дұрыс  емес...

Бозтаев. Газ ауаға тарайды, радиация мөлшері қалыптағысынан  мың есе асып кетеді, ал оған ешкім кінәлі емес, солай ғой?  Жоқ, олай  болмайды! Кінәлі  кісілер бар, олар  жауап  беруге  тиіс!

Ильенко. Маған 12-нші ақпандағы сынау үшін айып таға алмайсыздар  және  беталды  айыптаудың  уақыты  өткен...

Бозтаев. 1987-жылдың мамырындағы жәйтті есіңізге түсіріңіз. Газ ауаға тарап кетіп, оған наразылық айтылғанда сіз, генерал Ильенко, тиісті       шаралар қолданылады, ол қателік қайталанбайтын болады дегенсіз. Біз  сізге  сенгенбіз. Енді  бүгін басқаша  сөйлеп  отырсыз.

Ильенко. 12-нші  ақпан  үшін  айыпты  бола  алмаймын.

Бозтаев. Сіз  полигонмен  байланысты  істің бәрі үшін жауаптысыз!

Бредихин. Радиация жеткен кезде біз оның жоғары деңгейін анық байқамай қалдық, өлшеу 0,5 және 0,8 рентгенді көрсетті.

Герасимов. Ол қанша микрорентген?

Ильенко. 800.

Герасимов. Онда 2-4 мың микрорентген деген сөз қайдан шықты?

Гусев. Семей-Шаған бағытындағы 40 шақырым қашықтықта өлшеу жүргізгенімізде  500-ден 2000 микрорентген дейін болғаны анықталды.

Букатов. Біздің комиссия анықтағандай, ол – тиісті мөлшердің үш пайызы ғана.

Бозтаев. Семей  сіз  ескеріп  отырған  мөлшерге  жатқызылған  емес.

Михайлов. Семей полигонындағы жарылыстың бәрі Орталық Комитет пен Үкіметтің қаулысы бойынша жүргізіледі, онда қауіпсіздікті сақтау және 1963-жылғы келісімді бұзбау үшін радиоактивті газ-тозаңды         елімізден  тысқары  аумаққа  таратпау  көзделген.

Бозтаев. Ол шара шекараға жақын жерлер үшін қажет, ал біз болсақ,   шекарадан  мың  шақырым  аулақтамыз.

Булгаков. Полигонға жақын аудандарда тұратындар және полигон жұмысшылары арасында ауруға шалдыққандар болса, біз оны зерттейміз. Сынауға  тікелей  байланысты  теріс ештеңе  көре алмадық.

Герасимов. Менің Ильенконы қорғап сөйлегім келеді. Аркадий Данилович дұрыс айтты, оның кінәсі жоқ... Ильенконы даттай бермейік.  Оған қысым жасай бермейік... 40 жылғы сынауларға, радиацияға байланысты   осыншама сөз Ильенкоға  қатысты  мәселе  емес...

Бозтаев. Владимир Иванович, сіз Ильенконы табандап қорғамақсыз. Иә, генерал ретінде ол – сіздің адамыңыз, ал коммунист ретінде ол – біздің кадр. Коммунисімізден жауапкершілікті талап етуімізге мүмкіндік  беретін  шығарсыз?

Герасимов. Жұртқа  кергілете  қоймассыздар...

Еременко. Бүгінгі әңгіме мені қанағаттандырар емес. Сіздер, мемлекеттік комиссия мүшелері, тек өз мүдделеріңізді қорғап, жұмыс ережелеріңізді сылтау етесіздер. Жылына 14-18 сынау аз емес.12-нші ақпанда қаланы сумен, жылумен қамтамасыз етіп тұрған коммуникациялық жүйемізде 14 апат болды. Қорытынды біреу: халыққа да, жерге де тыныштық беру керек. Полигонды жабу қажет, оны басқа жаққа көшіру мәселесін  шешетін  болайық.

Бозтаев. Егер генерал Бредихин дабыл қақпаса, 12-нші ақпанда не пәле болғанын біз анық білмес те едік... Ведомостік мүдделердің халыққа қамқорлықтан жоғары қойылып келе жатқаны өкінішті... Ильенко десек, ол енді біраз уақыт істеп, генералдық зейнетке шығады да, тайып тұрады. Семейде бір күн де аялдамайды... Ал біздің СОКП Орталық Комитетіне жеделхатта баяндағанымыз – ақиқат. Ол – біздің халқымыздың  талабы. Біз  одан  айнымаймыз!..»

(Мұндағы: Еременко – Семей  облыстық  кеңес  атқару  комитетінің төрағасы;  генерал  Бредихин – Шағанда орналасқан әскери топтың командирі;  Гусев – Шағандағы  әскери  топтың  қызметкері.)

Мәскеуден келген мемлекеттік комиссия нақты шешім жасамастан қайтып кетті. Келген бетте: - Біз ядролық  қару жасаушылардың есімдерін алтын әріппен жазуға тиіспіз, ал қаруды жойғысы келетіндердің аттарын  қара әріппен жазу керек! - деп кесапаттанған В. И. Герасимов кетерінде  Кешірімнің  бетіне   қарай  да  алмады.

...Арнаулы комиссия атау-ахиретсіз кеткендей ме, қалай? Пәлен ай өтті –тым-тырыс. Сірә, СОКП-ның тақап қалған құрылтайы «көсемдердің» өзара есептерін шиеленістіріп, ішкі ырың-жырыңдары реттеле қоймай, «Бозтаевтың мәселесі» ысырыла тұрды  ма? Жоқ. Семейде полигонға қарсылық жиын жиілеп, «Полигон  жабылсын!» деген талап Қазақстанның, КСРО-ның шегінен шығып кетті. Оның үстіне, кейін баспасөзде ашық  жазылғандай, КСРО-да ядролық полигондарға жұмсалар қаржы сарқыла бастаған да, КСРО басшылығы шындықты бүркемелейтін  жалған ұранға жармасып, атом-ядролық полигондарды жабуға дүние жүзінде бірінші болып  кірісетіндіктерін даурыға мәлімдеді.  Ол «тарихи қадамына»  жүзден астам обкомның біреуінің секретары көтерген дабыл себепші болғанын мойындау «ыңғайсыз» көрініп, әйтеуір, бастаған Алматымен пікірлесіп, полигонға қарсылықты қоғамдық ұйымдардың бірі жасағаны дұрыс болады және беделді ұйым керек делінсе керек. Қай республикада болсын Жазушылар одағы – ең танымал ұжым. Бізде де сол ескерілген болар, Мәскеуден комиссия келетін күні (не бір күн ерте, не бір күн кеш емес!) одақ басқармасының бірінші хатшысы О. Сүлейменов жиналыс өткізіп, «Невада-Семипалатинск» қозғалысы құрылатынын  хабарлады. Қоғамдық қозғалысты құруды Г.Колбин мен Н.Назарбаевтың кеңесіп шешкені сөзсіз, ал оған досы Олжастың жетекшілік етуін, дереу жиын өткізуін іске асырған Н.Назарбаев дей аламын. Бұл ыңғайда мемлекет және қоғам қайраткері Әкежан Қажыгелдиннің кейініректе былай дегені бар: «Қозғалыс жұмысын реттеп отыру қажет делініп, оны жұртқа белгілі адамдардың біріне тапсыру ұйғарылды да, ақын Олжас Сүлейменовтің жолы болды»  («ДАТ-ОП» гәзеті. 01. 12. 2016 г.).

         Содан 3-4 күн кейін болар, «полигонға қарсы күресті Жазушылар одағының депутат жазушылары бастапты, дүние жүзі мемлекеттерінің парламенттеріне хат жазатын болыпты» деген хабар дүңк етті (одан не шыққанын алдын ала айта отырсам. Атомды державалар да, басқалар да айылдарын жиған жоқ. Мысалы. КСРО 1990-жылы күзде «Жаңа жер» полигонында келесі сынауын жасады). Жазушы депутаттар: О. Сүлейменов, Д. Снегин, Қ. Мырзалиев, С. Мұратбеков төртеуінің мәжіліс жасап, «Республика шегіндегі полигондарды жабуды талап  етеміз!» деп қарар қабылдағандары паш етіліп, хаттар да жарияланды. Содан он шақты күннен кейін құрдасым Қадыр Мырзалиевке жолыға қалып: «Ия, Қадырия, «Четыре богатыря» болып, Кешірім Бозтаевтан «бұрынырақ» қимылдаған екенсіңдер, ә?» деп қағыттым. Ол: «Бозтаевтан бір апта кеш қозғалсақ та, Олжастың арқасында бір апта озып кеттік», деп күліп кете  барды. Олжаста  «Мен!» дегісі келгенде қандай есептің болсын шешуін өзіне  пайдалы ете қоятын «қасиет» бар.

Енді Кешірім Бозтаевтың  «Семей полигоны»  кітабына (1992 ж.) көз жүгіртелік:

«Менің жеделхатым қырық жыл бойы ядролық сынаулардың жемтігі     болып жатқан Қазақстаннан Кремльге Семей полигонын жабуды талап етіп жеткен тұңғыш ресми құжат болды... Ол қалжыраған қаралы даланың қарғыс дауысы еді... Мен тәуекел еттім... Ертеңгі күнге сендім, құрбандықсыз   болмас  күресімнің  мақсатын  қадір тұттым...».

Бірер айдан кейін Кешірімді Алматыда  жолықтырып:

-Кремльді нысанаға алғаның мықтылық болды. Мамай батырдың ұрпағы  екеніңді  дәлелдедің! - дегенімде  ол  әдетінше  сәл  жымиып:

-Атомның  сұмдықтарын естіп, сырттай да шыдай алмай, не істесем екен   деп жүруші едім, Семейге апарғандары жөн болды. Қызметтік құымды      пайдаландым да, сынау атаулының бәрінің құпиясын біліп алдым. Сен олардың әрбір жарылысты түсірген фильмдерін көрсең... мен ашудан жарылып кете жаздадым, тіпті  жынданатын шығармын деп  те  секемдендім. Үш  түн  бойы  адамша  ұйықтай  да алмадым...

-Горбачевты «ататыныңды» Гүлзияңа  айттың ба?

-Әрине. Бәйбішемнен ештеңені жасырған емеспін. Ел мен жердің қасіретіне  шыдап  жүре  алмайтынымды  айттым. Ермінезді  ғой, қолдады.   Хат жазатынымды әуелі обкомның бюро мүшелерімен келістім. Өзім ғана қол қоятынымды, не болса да өзім көріп алатынымды ескерттім. Олар түсінді.

-Оу, Мәскеудің сені партиядан шығарып, қызметтен қуып тастауы оп-оңай  еді  ғой?! –десем, Кешірім тағыда жымиып:

-Екі тумақ та, екі өлмек те жоқ қой?! Өскеменге қайтып барып, баяғы комбинатқа қатардағы металлург болуыма тиым сала алмас деп түйдім, - дегені...

...Бір  күні Алматыдан Колбин телефон соғып:

-Кешірім Бозтаевич, сәлеметсіз бе? Көңіл күйіңіз жақсы деп сенем,      неге десеңіз - үлкен комиссияға ұпай бермей қалдыңыз ғой, солай  емес  пе? – деді.

-Есен-саусыз ба, Геннадий Васильевич? Жақсы пікіріңіз үшін рахмет! Айқайлап келіп, аузы буылып кетсе де, ол тынышталатын комиссия емес, ескі жылды өткізіп, есін жиып, жаңа жылда жаңа қарқынмен кірісіп, көп  кешікпей  бірдеңесін  айтар.

-Ә, таптыңыз, дәл солай болды. КСРО Қорғаныс министрі Язов менімен жаңа ғана сөйлесті. Партия мен үкімет Семей полигоны мәселесін қарауды ұйғарыпты. Мәселе шешілгенге дейін биылғы жарылыстардың қалған екеуін жүзеге асыру керек көрінеді. Менің  пікірімді  сұрады, Кешірім Бозтаевич, естіп  отырсыз  ба?

-Тыңдап  отырмын, ал сіз не дедіңіз?

-Меніңше, келісім  беруге  болады.

-Жоқ, Геннадий Васильевич, келісім  беруге  болмайды!

-Неге? Олар соңғы екі жарылыстың өтеміне биылғы сынаулардың да  өтемін қосып, бір-ақ төлеп береміз деп отыр.

-Кешіріңіз, бізге  ондай  анекдоттың  керегі  шамалы...

-Не дедіңіз?!  Партия мен үкімет мақұлдаған шара сіздіңше анекдот па?!

-Геннадий Васильевич, ойымды аяқтауға мұрсат беріңіз. Полигон орнағаннан бергі қырық жылда Семейдің жері 454 рет дүмпіді, бұл – басқа кесапатты былай қойғанда, бесіктегі сәбилеріміз 454 рет шошып оянды деген сөз. Бомбалардың зардабынан жүздеген адам қайтыс болды, мыңдаған адам мүгедек болды. Семей топырағына сіңген удан әлі неше ұрпағымыз  бейнет  тартады, ол  бізге  белгісіз...

-Кешірім Бозтаевич!..

-Геннадий Васильевич, кешіріңіз, мен сөзімді аяқтайын. Жаңа сәбилерді ауызға алдым ғой, соның жалғасын тыңдауыңызды өтінемін. Дүниежүзілік зерттеулер анықтап отырғанындай, жалпы атом-ядролық сынау аймақтарында әрбір мың баланың үшеу-төртеуі, ең ары кеткенде алтау-сегізі зардап шегеді екен, ал бізде бұл цифр алпысқа жетіп отыр, - сұмдық па, сұмдық емес пе?! Яғни, Геннадий Васильевич, жаңа жарылысқа біз, семейліктер, жол бере алмаймыз! Қырық жыл бойғы  қайғы-қасіретімізге көк тиын өтемақы бермеген үкімет енді екі жарылыстан  соң  жарылқайды  дегенге, мысалы, сіз  сенесіз  бе?

-Кешірім Бозтаевич, соңғы екі сынауды Михаил Сергеевич    Горбачев жолдас құптап отыр. Нұрсұлтан Әбішевич толық хабардар. Бәріміз де – партияның солдатымыз, олай болса, біз былай келісейік: сіздер соңғы екі жарылысты қамтамасыз етіңіздер, жұртшылықпен тіл таба  сөйлесіңіздер, түсіндіріңіздер, бұл жақта біз де бәрін ойластырамыз. Келістік пе? – деген Колбиннің үнінде «келіспей қайда барасың?!» деген ызғар болды. Қабан секілді тоңмойын әбілеттің сырына қанық Кешірім онымен ары қарай сөз таластыру бос әурешілік екенін аңғарған. «Келіспеймін! Ең қиратқанда қызметтен қуарсыздар, еріктеріңіз, ал менің екі қолыма бір жұмыс табылар!» дегісі келген ойын тежеп, әдейі үндемеді. – Жолдас Бозтаев, неге  үндемейсіз?

-Ойланып  отырмын.

-Ойланыңыз. Екі-ақ рет сынаудың аты – екі-ақ рет сынау. Одан  келе қояр апат жоқ шығар, ойланыңыз! – Колбин телефонын жаба салды. Кешірім ойға қалды: «Тағы бір тұқыл қылтиды деші. Комиссия қандай шешім жасаса да, көріп алушы едім, ал мынау Алдекеңнің «әләуләйім  бітсе, хәләуләйім бар» дегенінің кері ме?.. Жоқ, бізге «хәләуләйім» керек емес!». Тоқтай қал, Кешірім, тоқтай қал! О тықыр мен бұ тықыр... алайда түбі бір тықыр. Жуықта, ойда жоқта, ядролық қарулардың «әкесі» - Бас конструктор  Семейге келіп қайтқан жоқ па?! Фамилиясын өзі де, өзге де атамаған (құпия!), ныспысының да «Борис Васильевич» екені дүдәмәл ол мейман сенімен біржарым сағат «шүйіркелесіп»: - Ядролық құралдардың жаңа түрлерін жасауда Америка Құрама Штаттарынан қалып қоймауымыз керек. Сол игі  мақсатпен осында соңғы үш сынауды өткізбей болмайды. Үш-ақ жарылыс: біреуі– 50 килотонна, ал екеуі– 20 килотоннадан. Соған  кедергі жасамауларыңызды қалаймыз, содан соң полигон жабылады, - демеді ме? Деді. Бірақ сен дізгін-шылбырыңды ұстатпадың. Сырт көзге қойдан қоңыр көрінетін сенің әділеттілік үшін бір қисайған жағыңнан  тұрмай  жатып  алғаның  ғажап!

Бас конструктордың сондағы «үш-ақ» сынауы енді «екі-ақ сынау» болып, әне, Колбин  арқылы  қайырылды...

 К.Бозтаев облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы Еременкоға телефон шалып, оқыс жаңалықты айтып беріп: «Анатолий Семенович, жоғарыдан біздің келісуімізді, жұртшылыққа түсіндіруімізді талап еткен нұсқау келетінін аңғарып отырған шығарсыз. Біздің басшылар да ден қояр, талқылар. Амал жоқ, бірдеңе деуіміз керек, бірақ біз оларға картамызды ашпай, өз сөзімізді өткізетін болайық» деді. Облыстық партия комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі Мәркен Шайжүнісовті шақырып алып, «әләуләйдің» ақырын оған да айтып: - Қай жерде жиын өткізуге тура келсе, сол жиында  екі  жарылысқа жұртшылықтың қарсы пікірде болуын қазірден       бастап ойластыралық. Өзімізде анау «көкелерімізге» көзбе-көз сөзде «иә, дұрыс қой!» дерміз, бірақ  шыға  бере  өзімізше  қимылдалық, - деді.

«Екі-ақ рет сынаудың» сарыны кешікпей-ақ естілді. Жоғарыдан жетер нұсқау жетті. Нұсқаудың ымына орай ірі ұжымдарда жиын өткізу басталды. Полигонды жабуды талап етуші көпшілік «соңғы» екі жарылысқа да қарсы шықты. Әрине, әуен біржақты болған жоқ, кеше: «Бозтаев – ұлтшыл. КСРО-ның қорғаныс мүддесіне қарсы!» деп шулаған топ-тобыр бүгін: «Бозтаев ақшаға қызығып, екі жарылысқа келісіп, жұртшылықтың мүддесін аяқасты етіп отыр!» деп қиқулады. Қаламы қисық журналшылар пайда болып, Кешірімнің аузын да, адымын да   аңдыды, бірақ аузына қақпақ бола алмады, аяғына шідер сала алмады. Оған бір мысал – көпшілікке танымал, табанды да әділ журналшы Жұмаш Кенебайдың (Көкбөрінің): «...25-тамызда Семей қаласында Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы ұйымдастырған үлкен жиын болып өтті... Бізге жетіп жатқан хабарларға қарағанда,        Бозтаев соңғы жарылыстардың жақтаушысы еді, бірақ жиында сөйлеген сөзі мүлдем кері  әсер етті... Бұл арада да К. Бозтаев жарылысты жақтаушы емес, керісінше, қасірет шеккен жерлестерінің жанашыры  екенін аңғартты», деп  жазғаны («Азат» гәзеті).

Семейде өткізілген ол жиынға қатысты мағлұмат батыл журналшы, сауатты саясаткер Батырхан Дәрімбеттің «Азат қозғалысы» кітабындағы («Өркениет» баспасы, Алматы, 2001 ж.) «Жаңа күрес майданы» мақаласында  да  бар. Оқылық:

«...«Азаттың» бұдан кейінгі ірі жұмысы – Семей полигонын жабу болды. Өйткені Одақты сақтау жөніндегі референдумды толық өткізе алмаған (оған Балтық елдері, Молдова, Грузия, Армения мүлде дауыс  берген жоқ) Совет басшылығы енді Семейде екі жарылыс жасау жұмысын қолға алды. Бұған дейін пәрменді әрекет етіп келген «Семей-Невада» қозғалысы дәл осы кезде үндемей қалды... 1991-жылдың шілде-тамыз айларында республиканың он облысынан жиналған «Азат» жасағы ядролық   полигонды  қоршауға  алды. Бұл  әрекетті  М. Есенәлиев   басқарды (ол тұста Михаил Иванович (Хакім Тілегенұлы) Есенәлиев «Азат» қозғалысының төрағасы болатын, - Ғ. Қ.). Ақыр соңында ядролық екі жарылыс жасаудың орнына Совет басшылығы Семей полигонын жабуға шешім қабылдады. Бұндай шешім қабылдауды 19-тамыз күнгі бүлік   тездетіп  жібергендей  болды».

19-тамыздағы бүлік (ГКЧП) алдында Ресей президенті Б. Ельциннің Алматыда болғаны мәлім. Ол Достық үйінде журналшыларды қатыстыра мәжіліс өткізгенде Батырхан: «Борис Николаевич, Семей полигонын қашан жабасыздар? Ел күте-күте шаршады!» дегенде Ельцин: «Жабамыз, жақын күндерде міндетті түрде жабамыз!» деп жауап беріпті (аталған мақаладан алынды). Мұны сол мәжілісте болған Жұмаш Көкбөрі растап  жазды.

Міне, зұлмат ордасы болған полигоннан құтылу үшін жүргізілген күресті кімдердің бастағаны, кімдердің қостағаны тарихқа осылайша нақты жазылып қалып жатыр.

(«ГКЧП» демекші, оны М. Горбачевтің өзі жобалап, не істелуі керегін бастан-аяқ түсіндіріпті. КСРО Жоғарғы Кеңесінің сол кездегі төрағасы         А. Лукьянов жасы 80-ге толар алдында «Независимая газетаның» бөлім редакторы Роза Цветковамен сұхбатында (2010 г. 05-18. «О крутых поворотах  истории») тәптіштеп айтып берді.)

«Шындық пен даңғойлық айқасқа түсті... Екі жарылысты өткізу  керек пе, жоқ па деген мәселе республика Жоғарғы Советінің жабық мәжілісінде шегіне жеткен тартыс жағдайында қаралды. Белгілі топтың депутаттары шуылдап, айқайлап, еденді тепкілеп, А.С. Еременко екеуімізді сөйлетпей қойды... кейбір жолдастар шиеленісті жағдайға байланысты маған: сөйлемей-ақ қойыңыз, деп ақыл берді. Бірақ мен сөйледім. Өз пікірімізді парламентке жеткізу менің міндетім еді. Өкінішке қарай, ойымды аяғына дейін жеткізуге мүмкіндік бермеді» (К. Бозтаев.  «Қайнар қасіреті»).

Екі көрініс. Бірінде: Семей полигонын жабу үшін күресті бастап, қаймықпай жүргізуші кешірімдер. Екіншісінде: халық тағдырын биліктің қабағына сатқан кейбір депутаттар (ой мен сөз еркіндігін шектеген бетпақ билікке жағынушыларға жол ашық қой).

Қай халықтың болсын тірлігінде қашанда кереғарлықтар кездесе береді. Біздің басшылықтағы кейбіреулер креслосы мен портфелін күйттеп жүргенде басқа жұрт қайырылып қарап, адамгершілік үлгісін анық танытты.   Мәселен, әлемге әйгілі физик, академик Евгений Павлович Велихов Кешіріммен хабарласып, Семейге әдейілеп екі рет келіп, сынау жүргізілген жерлерді аралап, тұрғындармен әңгімелесіп қайтты да, халық депутаттары алдында, ғалымдар ортасында нық сөйлеп: «Семей полигонын жабу жөніндегі талап дұрыс!» деп тұжырды. Солай деп Горбачевке хат тапсырды. Атақты халықаралық журналшы Генрих Аверьянович Боровик КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында, Телерадио орталығында батыл сөйлеп, Семейдегі ядролық  сынауларды дереу тоқтатуды талап ету орынды екенін ашып айтты, оның пікірі шет елдердің  ақпарат  құралдары  арқылы  барлық  құрлыққа  тарады. Сол тұста Кешірімді украиналық жазушы, дәрігер, КСРО халық депутаты Ю.Щербак, СОКП ОК хатшысы Л.Зайков, КСРО Қарулы күштері Бас штабының бастығы армия генералы М.Моисеев және басқа көптеген қайраткерлер қолдады.

Қазақстанның Кремльдегі өкілі Серікболсын Әбділдин, КСРО Жоғарғы Кеңесі Экология және табиғат комиссиясының төрағасы Кәкімбек Салықов, «Азат» қоғамдық қозғалыстарының басшылары, әлбетте, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтасты, талабын қолдасты, полигонның шексіз қимылын тежесті.

Қазақ қадірлеп айта жүрер бір тұлға – Владимир Николаевич Лобов! 1986-жылғы Желтоқсан оқиғаыс басталғанда, Горбачев-Колбин мен оның арғы-бергі құйыршықтары жазықсыз қазақ жастарының қанын төгерде Горбачев Орта Азия әскери округының қолбасшысы В. Н. Лобовқа Алматыға  жедел түрде әскер кіргізу туралы бұйрық беріпті. Сонда Владимир Николаевич: «Менің құзырымдағы әскер өз халқымен соғыспайды!» деп, түйсіксіз билікке бағынбапты. Сол батыр командашы хақында К. Бозтаев жоғарыда аталған  кітабында  ілтифат-ризашылықпен  мынадай  әңгіме  шерткен:

«ВЧ арқылы әңгіменің бірінде Семей облысынан сайланған КСРО халық депутаты, ол кезде Варшава Келісіміндегі біріккен Қарулы күштер     штабының бастығы армия генералы В. Н. Лобов маған КСРО президентінің жарлыға бойынша Семей полигонындағы ядролық жарылысты жалғастыруға  әрекет жасалып жатқанын хабарлады. Владимир Николаевич полигондағы жарылыстарды тоқтатуды жақтайтын еді, бірақ қызмет бабына байланысты ашық қарсы шыға алмаған. Ол біздің елде үлкен беделге ие еді. Семей өңірін аралап шыққан. Владимир Николаевичтің айтқаны мені қатты тіксіндерді...  Оқиғаның алдын алуға тағыда бел байладым. КСРО президентіне тағы хат жазып: «Мазасыздығым үшін мені сөкпеңіз. Әскери-өнеркәсіп кешені енді КСРО президентінің жарлығымен Семей полигонында ядролық жарылысты жалғастырмақ ниетте екені маған мәлім болды. Егер шынында солай болып шықса, онда ол біздің аймақтың халқына үлкен соққы болып тиеді және оның ақыры неге апарып соғарын болжау мүмкін емес!» - дедім.

Горбачев  хатымды   әскерилерге  жіберіпті. В. Букатов алысымен                     Н. Сафроновқа телефон соғып: «Бозтаевқа бұл фактіні  кім, қалай жеткізді?!» деп  аласұрыпты.

Осы тұста бір сұрақ иықтап тұр. Армия генералы В. Н. Лобов облыстық партия комитетінің хатшысына Кремль құпиясын ашып берді, ал онысы өз ортасына жасаған опасыздығы емес пе?!. Жоқ, олай емес! Владимир Николаевич билік басындағы топтың озбырлығын, бұл жолы оңаша әңгімеде болса да, екінші рет әшкереледі! Сол жолы да генерал  емес, Азамат сөйледі!

...Уақыт жылжып, Қазақстанның саяси ауа райы өзгере бастады. Алдау-арбау кәсібіне жетік Колбин келген ізімен Мәскеу асып кете барды.      Семей полигонының үнін өшіру бағытындағы күрес күшейе түсті. «Азат» қозғалы қанат жайды.

Қазақстан КП Орталық Комитеті 1990-жылғы мамырдың 15-і күні үндеу жариялап, бір аптадан соң республиканың Жоғарғы Кеңесі «Семей облысындағы ядролық полигон туралы» қаулы қабылдады. Қаулының пәрмені былайша болды: «...Семей облысындағы полигонда және Қазақ КСР-ның территориясындағы басқа да полигондарда ядролық жарылыстар жасауға, жаппай қырып-жоятын қарудың барлық түрін сынауға  тиым  салынсын!»...

Әлбетте, озбырлық – ойсыздықтың сойылы. Қазақстан, тіпті жер жүзі  Нагасаки мен Хиросима ойранынан соң қырып-жоятын қаруларға қарсылық жасап жатса да, М. Горбачев 1990-жылдың қазан айында Семей ядролық полигонында сынау жүргізуді 1993-жылғы 1-нші қаңтарға дейін ұзарту  туралы шешім шығарды. Онысы аяқ өзімдікі деп көсіле беруі еді. «КСРО президенті емес, Қарулы Күштердің басқолбасшысы ретінде Қорғаныс Кеңесінің шешімін шығарғаны оның әскери сауатсыздығы болды да, қаулысы адыра қалды», деп  күлгені  бар  Кешірімнің.

Полигон «хикаяты» К. Бозтаев пен оның қызметтес, мүдделес серіктеріне және бір ұлы міндетті жүктеген болатын. Горбачевқа жазған      екінші хатында Кешірім, Кремльдік комиссияға ескерткеніндей, 40 жылғы қияметте жүдеп-жадаған, қайғы-қасіретке душар болған семейліктерге бір тиын да өтемақы төленбегенін көлденең тартты және сол 40 жылға өтемақы талап ететінін ашық та ашынып мәлімдеді. Ердің тәуекелден айнығаны –      езге айналғаны. Кешірімнің балшығы езілмеске иленген-ді. Ол полигонды жабу күресі мен өтемақы өндіріп алу  күресін  ұштастырды.

Полигонның ашылуына, жоспарға сай жұмыс істеуіне КСРО-ның отыздан астам ғылыми-зерттеу ұжымы жұмылдырылған екен. Кешірім             солардың біразымен өзі сөйлесіп, басқаларына облыстың білікті қызметкер-мамандарын жіберіп, алты айдың ішінде өтемақы мөлшерін анықтады. Әлгі ұжымдарға өз қорытындыларын растатып қол қойдырды да, қаулы мәтінін  әзірлеп алып, Мәскеуге аттанды. Горбачевтің, өтемақы жөніндегі қаулыны қолдауы қажет қаржы басшыларының қабылдауында болды. Алайда олардың бәрі де «көрейік, ойланайық» деген азбас-тозбас сөзден Қытай қорғанын жасап алып тынды. Горбачевқа екінші жолы барғанынан да дәнеңе шыққан жоқ. Ол,  екі  көзі  шыныша  жалтырап:  «Шешетін  боламыз»  дей  салды.

(1986-жылғы Желтоқсан «бүлігінен» соң Горбачев қазаққа көзінің ағымен қарайтын болған. Сол ыңғайда «Эпоха» гәзетінің бір дерегі есіме түсіп отырғаны. Гәзет 2006-жылғы 14-санында КСРО-ның аса шебер сынаушы-ұшқышы Тоқтар Әубәкіровке Совет Одағының Батыры атағын беру туралы ұсыныс құжат алдына алғаш барған сәтте Горбачевтің: -«Далалықтарды   ары  тартыңдар! - деп  ысырып тастағанын  жазды.)

Кешірім Мәскеуге СОКП Орталық комитетінің кезекті бір пленумына барған жолы КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Н. Рыжковтың қабылдауында болды (бұрын орайын келтіре алмаған). 1990-жылғы қазан айының 2-сі. Кешірім былай дейді: «Кешкі сағат 10 болса да, қабылдау бөлмесінде біраз кісі бар екен. Олар облыстық, өлкелік басшылар болатын... Мен де кезегімді күттім. Уақыттың кештігіне  қарамастан, Рыжков мені зейін қоя тыңдады. Мен оған облыстың экономикалық және әлеуметтік ауыр жағдайы туралы, ядролық полигонның зардаптары туралы жан-жақты әрі ұзақ әңгімеледім. Айтқандарым Николай Ивановичке жаңалық болып әсер еткенін сезіп отырдым. Ол менің сөзімді бөлген жоқ, тек анда-санда қынжылыс пішінде  бас  шайқап қойып  отырды. Соңында:

-Менен  қандай  көмек  керек?  - деп  сұрады.

-Семей облысы бойынша қаулының жобасы әзір. Соны Сіздің мақұлдағаныңыз  керек.

Николай Иванович:

-Жақсы! Мен Шкабарднаға айтайын, - деп бір-ақ кесті.

 (Шкабардна - Министрлер Кеңесінің іс басқарушысы.)

...5-нші қазан күні Таскескен ауданында іссапармен жүргенмін. Ол ауданның  экономикасы  тұрақты  дамып  келе жатқан.

Аудан басшыларымен бірге егістіктер мен мал фермаларын аралап       шыққан соң  СОКП ХХҮ сьезі атындағы совхоздың кеңсесіне кірдік.

Директор Б. Мұстафин –ауыл шаруашылығының іскер, инициативалы басшыларының бірі. Жаңаша ойлай білетін, уақыт тамырын әрқашан дәл басып отыратын адам... Әңгімемізді бір кезде телефон қоңырауы бөліп жіберді. Мұстафин трубканы маған ұсынды, Н. Назарбаевтың дауысын естідім: «Жақсы хабар бар, қаулыға қол қойылды, құттықтаймын!» деді.

(Н. Рыжковтың іскерлік сергектігі, оралымдылығы Горбачевтың жылымдығына кереғар болған екен: Қаулысын Кешіріммен әңгімелескеннен 3 күннен соң-ақ  шығарыпты! – Ғ. Қ. ).

Бірнеше күннен соң біздің облысымыз үшін бірегей құжат – КСРО Министрлер Кеңесінің «Қазақ КСР-ы Семей облысының экономикалық және әлеуметтік дамуын жеделдету шаралары туралы» қаулысын алдық. Ол шараларды орындау үшін Қазақ КСР Министрлер Кеңесі өзіндік тиісті қаулы қабылдады».

Бұл екінші жеңіс жасы алпысқа толуына орай Кешірімге жолданған  құттықтаулардың  бірінде  былайша  атап  көрсетілді (ықшамдалған мәтіні):

«Құрметті Кешірім БОЗТАЙҰЛЫ!

Өміріңіздегі аса елеулі жәйт – жасыңыздың 60-қа толуымен шын жүректен құттықтаймын!

...Сіздің Семей ядролық полигонын жабу жайындағы мәселені шешуге, атом қаруларын сынаулардан зардап шеккен жұртшылыққа әлеуметтік  қамқорлық көрсету жөніндегі жүйені  жасауға қосқан үлесіңіз  теңдессіз!..

Кешірім Бозтайұлы, ыстық ықыласпен құттықтап, мықты денсаулық,  ұзақ  ғұмыр, мол  бақыт  тілеймін!

Қазақстан Республикасының президенті -  Н. НАЗАРБАЕВ.

25 маусым, 1993 ж.  Алматы қаласы».

 

...Тағдыр тарынса, «Дат!» дей алмаймыз. Кешірім 66 жасында бақиға аттанып кетті. Бітімі шымыр еді, амал не, «РДС-тың»  кесапаты тиген болар...

...1933-жылы маусым айында Аягөз ауданының Ақшатау ауылында ұжымшар (колхоз) ұстасы Бозтай мен қарапайым шаруаның қызы Балхияның отбасында  туып, өсіп, ауылда – бастауыш, аудан  орталығында – жетіжылдық,  Аягөз қаласында – орта   мектепті тәмәмдап, Алматының Тау-кен институтына құжатын жіберіп, ол оқу орнынан шақыру қағаз келгенде намыскер әкесінің қарызданып қаражат тауып беруімен Алматыға әрең жеткен Кешірімнің өмірі – айтып та, жазып та тауысқысыз тамаша хикаят. Бұрынғы екі облыстан құралған бүгінгі Шығыс Қазақстанның өнеркәсібін, құрылысын, ауыл шаруашылығын, мәдениетін – барша саласын дамытуға сіңірген еңбегі аса зор бұл Азамат - Ұлттық қауіпсіздік мәселелерін зерттейтін академияның, Халықтық «Экология» академиясының  (Мәскеу қаласы) академигі, Семей Медицина академисының Құрметті профессоры Кешірім Бозтаев - «найзадан қол босаса қалам алып» (Бауыржан Момышұлы), ұрпағына ғылыми негізді бес кітап қалдырды.  Олар: «Алғашқы оттан атомға дейін» (1956 ж.), «Өскемен қорғасын- мырыш комбинатында шикізатты пайдаланудың тәжірибесі» (1972 ж.),  «Семей полигоны» (1992 ж.), «Қайнар қасіреті» (1995 ж.), «29-тамыз» (1998 ж.). Бұлардың соңғы үшеуі - Семей полигонының тұтас тарихы.

Мен білген Кешірімнің фантастикалық әңгімелері де бар. Кезінде Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» гәзетінде жарияланған-ды. Біздің танысуымыз сол гәзет редакциясында басталған. Біздегі әдебиет үйірмесі жұмысына Өскемен қорғасын-мырыш комбинатының металлург-инженерлері Кешірім мен Жолдасбек Смайылов қатысып жүрді. Бүгінгі  бір әттеңім –Кешірім әдеби дүниелерін кітапқа айналдырып үлгірмеді. «Зейнетке шықтым. Енді: - Беу, фантастикам, қайдасың? дермін», - деп әзілдей  жымиып  еді  бірде. Жоқ, полигонға тіреген қаламын бұра алмады.

Енді сәл шегініс жасап, К. Бозтаевтың басшылығымен  Семей облысы нендей табысқа жеткенін айта отыру орынсыз болмас. Кешірім полигонды қалайда жабуды ғана көздемеді, көпшілікті облыстың сан салалы шаруасын ілгерілетуге жұмылдырумен де құрметке бөленді. Мысалы, ол бірінші хатшы болып істеген бес жылда: 69 мектеп, 67 балабақша, 24 аурухана-емхана, 28 мәдениет үйі мен клуб, Қазақстандағы тұңғыш Офтальмология (көзге операция жасау) орталығы, Балалар сырқатының себептерін зерттейтін  орталық салынды. 2000 шақырымға жуық жолға асфальт төселді.  Облыс өнеркәсібі сапалы өнім шығару жағынан 15-нші орыннан 5-нші орынға көтерілді. Ауыл шаруашылығындағы  жетістік  те атап-атап айтарлықтай.

 Денсаулығы сыр бере бастағанда зейнетке шықпақ болған Кешірім 1991-жылы облыста алдағы жылдары 34 мектеп пен 33 балабақша салу  мәселесін  шешіп  берді...

Зейнетке шығысымен «Полигон – 29-тамыз»  қайырымдылық қорын ашуды қолға алған-ды. Қордың халықаралық деңгейде болуын қалаған.  Ойы орындалған жағдайда тажал-полигоннан тауқымет тартып жүрген            жандарға қосымша жәрдем жасайды. Көмекке мұқтаждар Семей облысында ғана емес, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында да бар. Қорға еліміздің көрнекті ғалымдары, қоғам қайраткерлері мүше болды. Кешірім өзі жетекшілік еткен үш жылда ұжым шетелдік қайырымдылық қорлардың бірсыпырасымен қарым-қатнас орнатты. Бірақ, амал не, Азаматтың өмір   жолы тұйықтала бастаған-ды. Атом аждаһасының аранын ашқанына 50 жыл толуын енді ондай сұмдыққа жол бермеу күресімен атап өтпек еді. Иә, не  шара, Кешірім сол мақсатпен өзі ұйымдастырысқан Халықаралық Семей конференциясына қатыса алмады. Төсек тартып жатқан еді. Көмекшісіне айтып жаздырған үндеуін: «...Конференция біздің бейнет шегуші халқымызға Дүниежүзілік бірлестіктің жәрдем жасау жолдарын айқындай алады деп сенемін. Мен  сіздермен  біргемін!» деп  аяқтады.

Көп күйініштің бір сүйініші де болады. Біздің тәубә етіп жүргеніміз: Кешірім құрған Қор бүгінде де бекем. Әке дізгінін ұстаған ұлы Нұрлан әке жолын жалғастырып жүр. Ол туралы «ХХІ век. Устойчивое развитие Семипалатинского региона» атты кітапта (2006-жыл) былай делінген: «...Фонд получил реестровый консультативный статус при Экономическом и Социальном Совете ООН (ЭКО-СОС) в знак признания заслуг  Фонда».

Осы тұста атап айта отыруым қажет бір «қызық-шыжық» бар, ол –        К. Бозтаев бақилық болғаннан кейін «Семей  полигонын мен жаптым! Біз жаптық!» деп жүргендердің уақыт өткен сайын көбейіп бара жатқаны. Мен сондай қауесетке тосқауыл болсын деген ниетпен 2005-жылы «Жас алаш» гәзетіне «Көшті Кешірім бастады» деп, «Централ Азия Монитор» гәзетіне «Он – первый!» деп  деректі мақалалар жариялап, шындықтың шырайын келтірдім. Ол мақалама ризашылық білдіргендер аз болмады. Гәзеттер жеткен жер-жерден, әсіресе Ертіс өңірінен телефон арқылы да алғыс айтылып жатты. Кезінде Кешіріммен қызметтес болған бір қарт коммунистің студент немересі сөйлесіп, полигонды жабу күресінің Кешірім Бозтаевтың жанпидалығымен қашан, қалай басталғанына, қалай аяқталғанына куә атасының арнайы тапсыруымен рахмет айтты. Мен ол жігіттен атасымен әңгімелесіп, қағазға түсіріп, маған жолдап жіберуін өтіндім, үй әдрісімді бердім...

Ал маған қарсы шығып, ақиқаттан да, Кешірімнің аруағынан да  аттап кеткен бір ғана кісі болды. Ол – ақын Олжас Сүлейменов. Орыстілді  гәзеттегі мақаламды оқыса керек, оның тілшісімен дереу сұхбаттасып,  Семей полигонын жапқан өздері екенін әдетінше асқақтап мәлімдеді.  «Семипалатинский полигон – моя поэма!» - деп те көсілді. «Е, мейлі: оның жеке өзінің білгенімен емес, басшылықтың жоспарлы ұйғарыммен ашылған, басқаруы оған тапсырылған «Невада-Семей» қозғалысы негізінде құрылған «Невада-Семей» акционерлік қоғамы Қорына үкімет берген, жұртшылықтан жинап алынған миллиардтаған доллардан қасіретті семейліктерге бір доллар бұйыртпағандарын, қыруар қаржы қайсысының қалтасында қаншадан кете барғанын дастанында тарау-тарау етіп жырлауды ұмытпасын» дедім. Бірақ ол «дастанын» шындыққа қарсы шабудан бастады. Мәселен, «Казахстанская правда» гәзетіндегі сұхбатында (2005-жыл, 20-қыркүйек):

 «...Да,  он  (К. Бозтаев, - Г. К.)  был первым секретарем обкома, но   не более того. И уж во всяком случае, среди первых борцов за закрытие    полигона  его  не  видели»  деді. Астапыралла-а-а!.. Қазекемнің: «Құдайдан қорықпағаннан қорық», дегені осындайда айтылған екен ғой! Аруақтан арсыздар ғана аттап кетеді.

Бүгінде жалғыз шауып бәйге алып жүрген ақынның мына жеделхатына үңілелік (Кешірімнің жасы 60-қа толуын құттықтауынан үзінді):

 «Семипалатинск, Областной Совет народных депутатов

Уважаемый Кешрим Бозтаевич!

Мы знаем Вас как крупного общественного и государственного деятеля, очень много сделавшего для процветания народа Казахстана. Вся Ваша жизнь –этодобрый и назидательный пример для молодого поколения...

В те нелегкие годы борьбы за прекращения ядерных испытаний на Семипалатинском полигоне Вы проявили стойкость бойца за интересы народа  и  мудрость  истинного  народного  лидера.

Мы знаем, что в эти трудные годы Вам пришлось особенно нелегко  и  на Вашу долю выпали тяжкие испытания, но Вы сумели найти верный  путь   и сделать немалый личный вклад в долгожданную победу – закрытие  Семипалатинского  ядерного  полигона.

В день Вашего шестидесятилетия, дорогой Кешрим Бозтаевич, мы выражаем Вам свое глубокое почтение и говорим благодарное спасибо! Олжас  Сулейменов».

Ақиқатты бұдан артық айту мүмкін бе?.. Ендеше, не деуге болады?  Мен Олжас біреу-ақ деп жүрсем, екеу екен: Кешірім бар кездегі Олжас және Кешірім  жоқ  кездегі  Олжас.

Әңгіме әуеніне орайластыра мына бір дерекке тоқтала кетейін: «...Бізге нақты іс қажет, оны жиыншылдыққа айналдырмайық. «Невада» қорын құра отырып, алдымен басқа елді меңземейік, өзімізге дейін жасалған істі ұмытпайық. Бұл медальдің бір беті десем, екінші бетінде «Неваданың» мәнін көрсеткім келеді. Мен  былтырғы желтоқсан айын Америкада өткіздім. Ал  АҚШ сенаторы Мюллен Берлих осыдан бір ай бұрын Алматыға келді. Жанында президенттің совет-американ арақатнасы жөніндегі кеңсе бастығы бар. Сенатордың  өтінуімен екеуіміз кездесіп, әңгімеміз үш сағатқа созылды.

АҚШ-тың КСРО-дағы  елшісі Метлак та Алматыда болды. Колбин жолдас біздің қозғалыс ашқанымызды үш рет қайталап айтса да, елші елең етпеді.  Содан соң «Казахстанская правда» гәзеті редакциясында өткізілген кездесуде қозғалысымыз туралы тағы айтқанымда, ол «естідім» дегеннен басқа дәнеңе демеді.

Ал сенатор маған: «Егер бір республика бір мемлекеттің атын тұтас алып алса, сен қалай ойлайсың, ол үшін ақы төлеуі керек емес пе?» деп әзіл айтты. Ол мәселеге министрдің көзімен қарады. «Жарайды, егер ол төлемесе, басқадан талап етуге бола ма? Бұл өзгенің еншісіне қол сұғу емес пе? Мен сендердің полигондарың мен біздің полигонды салыстырмаймын, өйткім келмейді» деді. Онысы біз құрмақ қордың «Невада» аталуына байланысты сұрағыма қайтарған жауабы еді» (Әнуар Әлімжанов, «Полигон жабылуға тиіс!» 1989-жылы шілде айының 17-19 күндері Семей қаласында өткізілген халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінен). Атом-ядролық сынаулардан зардап шеккен семейліктерге көмек берер Қор құру, оны қалай атау Әнуардің Америкаға 1988-жылдың желтоқсанында барған сапарында сөз болғаны, сенатор Мюллен Берлихтің болашақ Қордың атына «Невада» штатының атын енгізу жөніндегі Әнуар ұсынысына: «...Бұл өзгенің еншісіне қол сұғу емес пе?..» деп әзіл жауап қайтарғаны нені аңғартты?.. Ол, «Невада-Семипалатинск» қозғалысының құрылғанындай, қозғалыс Қорының аты да   О. Сүлейменовке дейін ойластырылғанын  меңзеді.

...К. Бозтаевтың былай деп жазғаны бар: «Алматыда дауысқа түскен (КСРО халық депутаттары сайлауында, - Ғ. Қ.) Олжас қиындыққа ұшырапты. Министрлер Кеңесінің төрағасы Н. Ә. Назарбаев маған телефон шалып, жағдайды айтып, Олжас Сүлейменовті Семей облысынан депутаттыққа өткізуімізді өтінді. «Сүлейменов сізге көмектеседі. Полигонға қарсы күресте жақсы жәрдемші болады», деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ертеңінде Г. В. Колбин телефон соғып, ол  да  сондай тілек айтты».

Ол тілектер, әрине, қабыл болды. Бұл дерек К. Бозтаевтың «Семей полигоны» кітабында бар. Кітап қазақ  және орыс тілдерінде  1992-жылы шықты. Ондағы деректерге Кешірім қайтыс болған 1999-жылға дейін де, одан  кейін де, 2005-жылғы мақалаларым шыққанша, тірі жан күмәнданған жоқ, жоғарыда айтқанымдай, Олжас қана: «Мен!» деп өре түрегелді. Сондай-ақ,     К. Бозтаев Кремль комиссиясы алдында: «Егер генерал Бредихин дабыл қақпаса, 12-нші ақпанда не пәле болғанын біз анық білмес те едік» деп ресми мәлімдесе, ақын шіркін оны да 13 жылдан кейін жоққа шығарып, «маған бір ұшқыш телефонмен хабарлады» деп төтеледі. Егер ұшқыш пен ақын дабыл қаққан болса, ақиқатшыл Кешірім комиссия алдында сол дерекке сүйенер еді.

Семей полигонын жабу күресімізде О. Сүлейменовтің аты алыс-жақын елдердің бірсыпырасына жеткені рас. Олай болудың «бастау-көзін» іздегенге  бір  дерек К. Бозтаевтың мына сөзінде жатыр:

 “...Полигонды жаптыру күресімнің басталуынан аяқталуы әлдеқайда қиын болды. Әу баста жұртшылыққа арқа сүйеп, өзімді қолдайтынына нық сеніп, қуаттанып кірістім. Енді өзім мүддесін қорғағандардың, өкіметпен текетіреске бірге шыққандардың көздеріне сүйел бола бастағандаймын. Өкпек желдің қай жақтан соққанын білдім. Ол ең алдымен қоғамдық қозғалыс жетекшілерінен басталды. Олардың кейбіреуі, тіпті Семейге  ат  ізін  алғаш  рет  салса да, баяғы Юлий Цезарьша: - Бардым, көрдім, жеңдім! -     деп  шыға  берді...

Полигонды жабу мәселесі шешілуге жақындағанда, өкінішке қарай, басқа бір мәселенің шеті – бұл кімнің еңбегі деген сұрақ қылтиды.  Баспасөз бетін жауып кеткен жарияланымдарда еңбек «Невада-Семей» қозғалысынікі, тек қана соныкі делінді. Қозғалыстың әрбір әрекеті аспандата мадақталды. Оның белсенділері (кездейсоқ  жүргендер де бар)  қозғалысқа  басқаша бағыт бере бастады: олар өздерінің міндеті себепті-себепсіз жиын-жиналыс өткізе беру деп білді. Жалған дерек таратып  жібергендері де болды. Жиналысқұмарлық кеудемсоқ желпініске, жұлқынысқа айналып, өмір шындығынан  ауытқып  кетіп жатты». 

...Ертіс өңірінің елі мен жерін қашан жазылары белгісіз жараға душар еткен Семей полигонының үні өшкен күнді – тамыз айының 29-ын: «Полигонды мен жаптым!..  Біз жаптық!..» деп, даңқ пен дақпыртқа бауыр басып аттандап жүргендер жылда алақайлап атап өтуде. Ал 25 жылдығын аспандатып тойлады. Түйсіксіздікті ту еткен олар Кешірім марқұмды  ескерген  емес.

Сөз соңында жоғарыда аты-жөні, еңбегі аталған әділетті тұлға Е.П.Велихов хақындағы мына деректі оқылық:

«Олжас Сулейменов перебирает в хвастовстве

Лично в моем восприятии Олжаса Сулейменова есть два периода. Первый – советский. Тогда он писал приятные стихи, выдавал оригинальные мысли (книга «Аз и Я»), боролся против Семипалатинского полигона. Второй – время независимости. Лег под Нурсултана Назарбаева и восхищается всем подряд, от успехов строительства демократии до застройки Астаны.

А тут посмотрел по телевизору передачу с участием Евгения Велихова (физик-ядерщик), и первый период Олжаса Сулейменова у меня тоже зашатался. Ученый высказался в том смысле, что Сулейменов к закрытию полигона имеет крайне незначительное отношение. Так, мимоходом – артикуляция и шумиха для начала и сопровождения переговоров между Москвой и Вашингтоном.

Главная идея контроля над прекращением ядерных испытаний заключалась в допуске советских специалистов в Неваду, а штатовских в Семипалатинск. Каждый устанавливает свою специальную аппаратуру и держит друг у друга руку на ядерном пульсе. Евгений Велихов утверждает, что все переговоры с Госдепартаментом, Конгрессом, Пентагоном вел он и высшие офицеры КГБ и ГРУ. И никакого Олжаса Сулейменова там не было. То есть все решалось на оси Москва – Вашингтон, а движение «Невада-Семей» было не больше чем цветок на обочине дороги.

Я Евгения Велихова толком не знаю, но вроде как он в политику не лезет, а потому и врать ему особо не за чем. А ведь Сулейменов закрытием полигона гордится больше, чем своим почетным посольством в Италии. Только вот заслуженно ли?» ( Газета Zonakz. 07.02.2008 г.).

Е.Велихов бұл тұжырымын Ресей Федерациясы теледидарының «Культура» арнасындағы «Линия жизни»  бағдарламасында Мәскеу  қаласы жұртшылығы өкілдерімен өткізген кездесуде айтқан-ды.

Иә, шындықтың жүзі өткір, оған қашанда Азамат қана тура қарай алады! Адам, Азамат, Тарихи тұлға Кешірім БОЗТАЕВТЫҢ  аруағын келешек ұрпақтарымыздың  ардақтары  хақ!

Ғаббас Қабышұлы

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338