Досан Баймолда: Осыдан 20 жыл бұрын атажұртқа қарай көшті бастағандар қазақ зиялылары болатын.
Осыдан 20 жыл бұрын шеттегі қазақтардың атажұртына оралуындағы алғашқы көшті бастаған моңғолиядағы қазақ ағайындар болды. Көш қалай басталды?
Бір кездері бүкіл әлемді өзінің жойқын қарулары арқылы дірілдеткен Кеңес одағы деген алып империяның қабырғасы сөгіліп, оның құрамында болған халықтар өз тәуелсіздіктерін бірінен соң бірі жариялап жатқан 1991- жыл. Шетелдегі қазақтар, біздер, Қазақ елі өз тәуелсіздігін қашан жариялар екен деп соны асыға күтіп жүрген кезіміз. Өйткені өз тәуелсіздіктерін бәрінен бұрын жариялаған Балтық жағалауы елдерін айтпағанның өзінде Кеңес қазанында бірге қайнап, бірге піскен, тарихы мен тілі ұқсас қырғыз бен өзбектер де тәуелсіздіктерін жариялап қойған кез.
Ал Моңғолия елі де осы кезде аласапыран бір саяси өмір кешіп жатты. Күні кешеге дейін томаға тұйық, тек Мәскеудің әмірімен бас шұлғып, соның ыңғайына жығылып келген моңғолдардың да рухтары кенет оянып, өздерін Мәскеуден шынайы тәуелсіз ел болуды көксеп соны талап ете бастаған шақ. Осыған дейін ең жақсы, ең қамқор аға болып келген «совет мамандары» керексіз болып елден кете бастады. Шыңғыс ханның рухы моңғолдарды рухтандыра бастаған осы кезде сондағы қазақтар біз бір нәрсені түсіндік, егер сен қазақ болып туған екенсің ендеше сенің отаның, сенің елің, жерің ол тек Қазақ елі деген-ді.
Осыдан 20 жыл бұрын шеттегі қазақтардың атажұртына оралуындағы алғашқы көшті бастаған моңғолиядағы қазақ ағайындар болды. Көш қалай басталды?
Бір кездері бүкіл әлемді өзінің жойқын қарулары арқылы дірілдеткен Кеңес одағы деген алып империяның қабырғасы сөгіліп, оның құрамында болған халықтар өз тәуелсіздіктерін бірінен соң бірі жариялап жатқан 1991- жыл. Шетелдегі қазақтар, біздер, Қазақ елі өз тәуелсіздігін қашан жариялар екен деп соны асыға күтіп жүрген кезіміз. Өйткені өз тәуелсіздіктерін бәрінен бұрын жариялаған Балтық жағалауы елдерін айтпағанның өзінде Кеңес қазанында бірге қайнап, бірге піскен, тарихы мен тілі ұқсас қырғыз бен өзбектер де тәуелсіздіктерін жариялап қойған кез.
Ал Моңғолия елі де осы кезде аласапыран бір саяси өмір кешіп жатты. Күні кешеге дейін томаға тұйық, тек Мәскеудің әмірімен бас шұлғып, соның ыңғайына жығылып келген моңғолдардың да рухтары кенет оянып, өздерін Мәскеуден шынайы тәуелсіз ел болуды көксеп соны талап ете бастаған шақ. Осыған дейін ең жақсы, ең қамқор аға болып келген «совет мамандары» керексіз болып елден кете бастады. Шыңғыс ханның рухы моңғолдарды рухтандыра бастаған осы кезде сондағы қазақтар біз бір нәрсені түсіндік, егер сен қазақ болып туған екенсің ендеше сенің отаның, сенің елің, жерің ол тек Қазақ елі деген-ді.
Сондықтан моңғолиялық қазақтардың алғашқы көш керуені 1991 жылдың наурыз айында Қазақстан өз тәуелсіздігін жарияламай тұрып-ақ атажұртқа қарай басталып та кеткен болатын.
Көштің басталуына түрткі болған басқа қандай себептерді атар едіңіз?
1991 жылдың басында қазақ баспасөзі арқылы «Қайт, қазақ, Отаныңа» деген қазақтың белгілі ақын-жазушылары және ғалымдарының шетелдегі қандас бауырларын шақырған үндері оған ілесе Президент Н.Назарбаевтың қазақ баспасөзі арқылы «Алыстағы ағайынға ақ тілек» атты әйгілі хаты жарияланды. Бұл Моңғолиядағы қазақ зиялыларына үлкен ой салды. Өйткені Моңғолияда саяси арпалыстар күшейіп жатқан сол бір шақта ел астанасы Ұланбатырдағы зиялы қазақ қауымы Моңғолиядағы қазақтар жағдайына және болашақ ұрпақ қамына аса алаңдай бастаған кез болатын. Себебі қаймағы бұзылмаған Баян-Өлгей қазақ аймағынан басқа ішкі өлкелер және астана Ұланбатыр оның айналасындағы аймақ, қалаларда тұратын қазақтардың рухани жағдайы шынымен қиындай бастады. Олардың ұрпақтары үшін ана тілінен айырылу, салт дәстүрін жоғалту, біртіндеп моңғолдану қауіпі күшейе түскен еді. Осындай қиын-қыстау кезде атажұрттан жеткен бұл үндеулер мен тілектер Моңғолия қазақтарына үлкен рухани күш-қуат беріп, атажұртқа көшу мақсат мұратына қарай жетеледі. Алғашында «Еңбек шарты» деген атпен 1991 жылдың наурыз айынан қазан айына дейін 40 мыңдай қазақ атажұртқа оралды. Бұндай тарихи маңызды, орасан үлкен шаруаны ұйымдастыру бір-екі адамның күшімен, басқаруымен бітпейтіні кімге болсын түсінікті жайт. Моңғолиядан басталған алғашқы көшті ұйымдастыру, жүргізу жұмысына сондағы зиялы қауым өкілдері барлығы шама-шарықтарынша қолдау көрсетті, үлкен жанқиярлық істерге барды. Бұл орайда шетелдегі қазақтармен байланыс жасайтын «Отан» қоғамының шақыруымен Қазақстанға барып, сондағы Шәңгерей Жәнібеков бастаған ағалардың көмегімен Қазақстанға Моңғолиядан жұмыссыз қазақтарды әкелу мәселесін жергілікті әкім, басшылармен сөйлесіп, реттеуде Сағат Заханқызы, Аятхан Тұрысбекұлы секілді азаматтар көп жұмыс атқарды.
Атажұртқа қарай көшу мәселесінде қазақ ағайындар бір ауыздылық танытты ма, әлде кері тартқандар да болды ма?
Бұндай үлкен істерде қазакем қашанда екіге жарылып, бір-бірімен келісе алмай, айтысып жүретіні ежелден келе жатқан дағды ғой. Өйткені ол кезде «Қазақстанға қарай қазақтардың бірі қалмай көшеді екен» деген көш дақпырты бүкіл Моңғолияны кезе бастаған еді. Сондықтан шығар қазақ ағайындардың бір тобы «Қазақстанға қарай көшкен дұрыс, ұрпақ қамын ойлайық» десе, қалғандары «артын байқайық, Қазақстан әлі тәуелсіздігін жариялаған жоқ, бұның арты қалай болады, соны күту керек. Өкпелері өріккен, жеңіл ойлайтындар көше берсін» деген ұстанымда болды. Моңғолдың үкіметі мен партиясына еңбегі сіңген, қазақтан шыққан кейбір ел ағалары «әліптің артын бағайық, моңғолдарды өкпелетіп алмайық» деп қазақтарды сабырлыққа шақырды. Атажұртқа асыққан қазақтарды бұндай тәк-тәкпен, ақыл-кеңеспен ұстап-тұру мүмкін емес еді. Өйткені Қазақстанға қарай көшемін деген әр қазақтың жүрек таңдауы әлдеқашан жасалып қойғандықтан, ешнәрсені тыңдайтын жағдайда емес болатын. Бұны айтып жеткізу қиын.
Қазақ көшіне ондағы моңғол ағайындар қалай қарады?
Жақсы қарады деп айту қиын. Бір қызығы Моңғол Халық Революцияшыл Партиясының ресми баспасөзі «Үнэн» және басқадай үкімет газеттері де осы көш мәселесіне араласып, қазақтардың өз арасында бет жыртысқан мақалаларын ара-тұра жариялай бастады. Бұл бір жағынан ұлтшыл моңғолдар үшін де қызықты тақырып болып «үр ит соқ» дегендей қазақ көшін іштей қолдайтын мағынадағы мақалаларды да ізін суытпай бере бастады. Көшеде кезігіп қалған таныс монғолдардың өзі «сен Қазақстанға қашан көшейін деп жатырсың» деп әдейі сөзге тартатынды шығарды. Бірде Ұланбатыр қаласының орталық алаңында Сыртқы істер министрлігінде істейтін бір таныс дипломатты кезіктіріп қалып, аман саулық сұрассам ол маған кекесінді түрмен «Досан, сен Қазақстанға көшіп кетпей осында жүргенің қалай» деп таңданған түрде сұрақ қойғаны. 1974-80 жылдары Польшада, Варшава Университетінде оқып жүрген кезімде сондағы моңғол студенттер «қытай» деп сыртынан атайтын әлгі таныс адам сондағы Моңғол елшілігінде студенттерді жауаптанған атташе болып істейтін. Сондағы бір-екі қазақ студент біз өзімізді «қазақпыз, Қазақстан деген елден келдік» деп айтқанымыз үшін одан ескерту алғанымыз бар. Оның соны меңзеп тұрғанын дереу түсіндім де, «Сіздің атажұртыңызға (Қытай еліне) қашан көшеріңізді күтіп жүрмін, сонсоң мен де атажұртыма қарай көшуге дайынмын» дегенімде әлгі мені мұқатпақ болған дипломат «кешір мен байқамай айтып қалыппын» деп кешірім сұрағанды. Бұл менің басымнан кешкен бір ғана оқиға. Мұндай жағдай әр зиялы қазақ басында болғаны шындық.
Сондағы қазақ көшінің ыстық-суығына күйген адамдардың бірі сіздің зайбыңыз Ботагөз деп естиміз?
Ол рас. Моңғолия Революцияшыл Жастар Одағының Орталық комитетінде көп жылдары жауапты қызмет атқарған, халықпен жұмыс істей алатын үлкен тәжірибесі бар Ботагөзді осы көші-қон жұмысына «бірге істейік» деп Сағат Заханқызы мен Аятхан Тұрысбекұлы екеуі шақырды. Ол 1991 жылдың мамыр айынан бастап Моңғолия Еңбек министрлігі жанындағы шетелге жұмыс күшін шығару бюросына қарасты Қазақстанға жұмыс күшін шығару жұмысына жауапты адам болып істеді. Көп ұзамай ауыртпашылығы көп осы жұмысты Ботагөзге тапсырып, Сағат, Аятхан екеуі Қазақстан жағымен жаңа келісім-шарттар жасаймыз деп Алматыға кетті. Бұрын мұндай көші-қон жұмысымен кім айналысыпты. Басында Ботагөздің өзі де сан-салалы көш-қон жұмысын қалай ұйымдастыруды біле алмай қиналған кездері болды. Кейін төселіп алды. Сол күндері біздің Ұланбатырдағы пәтеріміз Қазақстанға көшуші қазақтардың екінші жанашыр орталығына яғни «Меккесіне» айналды. Қазақстанға көшетін барлық қазақты тізімге алу, оларға шетелдік төлқұжат жасату, Ұланбатыр-Иркутск-Новосібір-Алматы не Павлодар, не Қостанай, не Жезқазған бағытымен пойызға билет алу, қазақтардың жүктеріне кедендік тексеру жасату секілді ауыртпалығы көп жұмыстардың бәрі-бәрі бір Ботагөздің мойынында болды. Ауызы мұрынына су тимей жүгіруіне тура келді. Атажұртқа қарай ел көшірудің оңай іс еместігін жақсы түсінсек те басқа істер шара жоқ еді.
Көшті ұйымдастыру әрине, оңай іс емес қой? Бұған сіздің де көмегіңіз болды ма?
«Кедей болсаң, көшіп көр» деп қазақ атамыз айтқанындай көш тауқыметін ең жақсы түсінген бір адам болса ол Ботагөз еді. Расымен ол үлкен жанқиярлық танытты. Таңертеңнен кешке дейін Еңбек министрлігінің шетелге жұмыс күшін шығару бюросында бас алмай жұмыс істеген ол кешкісін үйге сөңке толы қазақтардың ескі төлқұжаттарын көтеріп келіп, түннің бір уағына дейін Қазақстанға көшетін қазақтарға жап-жаңа төлқұжаттарды жазып дайындайтын. Жұмыстың көптігі сондай кейде менің де еріксіз араласуыме тура келетін. Ең алдымен моңғол құжаттардағы аты-жөндері теріс жазылған қазақтардың (ондай қазақ көп) аты-жөнін қазақша дұрыстап жазуға үлкен мән бердік. Өйткені көшетін қазақтардың шамасы 80-90 пайызының аты-жөндері қазақша емес моңғолша жазылған, кезінде оған ешкім де мән бермеген. (Мысалы Жақсылық Жагслаг болып, Мұрат Мурати, Қуаныш Хуваниш, Серік Цэриг т.б). Мұның бәрі болашағын ойлаған, ұрпақ қамын ойлаған қазағыма деген жақсы көңілден еді.
Қобда, Дархан, Сэлэнгэ, Налайхы, Хэнтей секілді аймақ, қалаларда тұратын қазақтар көші қонға байланысты керек ақпараттарды кез келген уақытта үйге телефондап еш кедергісіз, бөгетсіз ала беретін болды. Ботагөз жұмыс басты болғандықтан бұл телефондарға көбінесе менің жауап беруіме тура келді. Оған да ақырындап үйрендік. Шынымды айтсам, басында қатты шаршап жүрдік.
«Еңбек шарты» дегенді сылтауратқан қазақтардың Қазақстанға қарай көші басталып кеткендіктен, шуылдаған қалың қазақ арқалаған жүктерімен Ұланбатыр темір жол вокзалын негізгі орынға айналдырды. Күн сайын Ұланбатырдан Иркутскіге жүретін кешкі пойызға орын табылмайтын болды. Халықаралық пойыз жүрерден бірер сағат бұрын Қазақстанға көшетін қазақтардың су жаңа шетел паспорттарын және пойызға отыратын билеттерін Ботагөз әкеліп тарататын. Мен де оның осы жауапкершілігі ауыр жұмысына көмектесетінмін. Көшіп жатқан қазақтардың жүктерін әдейі тонайтын тонаушылар мен қалта ұрылары талай қазақтың көз жасына қалып жатты. Байқап қалғанымызды темір жол милициясына дереу хабарлап тұрдық. Бір қызығы осы көштің барысын күн сайын келіп сырттай бақылайтын «үкіметтің арнайы адамдары» барлығын да байқап жүрдік.
Моңғол үкіметі көшке тосқауыл қою немесе қолдау мәселесінде қалай қарады?
Осындай бір дүбірлі оқиға басталса да, Моңғолия үкіметі, ресми баспасөз беттері ләм-лим деп ешнәрсе айтпаған күйде. «Артын бағайық, бұл қазақтар қайтер екен» дегендей үнсіз. Ұлтшыл моңғолдар қазақтардың бұл көшін құптаған кейіпте. Қайта қазақ көшіне қарсы, Қазақстанға көшпеуді насихаттаушы қазақтар тобы көшіп жатқан қазақтарды жерден алып, жерге тығып, «сатқындар, оңбағандар» деп жамандап жатты. Ара тұра көш мәселесіне байланысты газет беттерінде көшушілерді жамандаған материалдар бой көрсете бастады.
Осылай көш басталып, енді қарқын алған тұста, көшке қарсы топтың сөзін сөйлеуші жаңадан құрылған Моңғолия парламентіндегі қазақ депутаттың бірі Моңғолияның бас прокуратурасына Қазақстанға қарай көшті тоқтату туралы депутаттық хат түсіргендіктен прокуратура тарапынан көш бір аптаға тоқтады. Еңбек министрлігі жанындағы шетелге жұмыс күшін шығару бюросының барлық қағаз, құжаттары заңға сәйкес пе, жоқ па дегені прокуратура тарапынан қатаң тексерілді. Біздің үйдің телефоны да тыңдалатын болды. Ақыры ешбір заңсыздық жағдай табылмаған соң көш өз жұмысын қайта жалғастырды. Осы бір қиын қыстау кезде қазақтардың атажұртқа деген ұмтылысы, сағынышы қандай да үлкен бөгет, қамал болсада оған қарамайтын жағдайда еді. Ұланбатыр қаласы, Дархан қаласы, Эрдэнэт қаласы, Сэлэнгэ аймағының Зүүнхараа, Бұлғын аймағынан, Хэнтий аймағынан Қазақстанға көшетін қазақтар саны күн санап көбейе берді. 1991 жылдың қыркүйек айының соңында осы қазақтардың «пойызбен көшкен» ең соңғы көш керуенін басқарып Ботагөз өзі де Алматыға тартты. Ондағысы енді қалған жұмысты сол жақтан ұйымдастыру яғни Қазақстанға көшіп барған қазақтардың орналасуына көмектесу болды. Осы қыруар жұмысты Ботагөз бір өзі қалай үлгеріп, қалай атқарғанына осы күні таң қаламын. Көштің осы қиындығын еш көрместен өздерін «көш бастаушымыз» дейтін кейбір ағайындар бұнымен келісетін шығар. Келіспесе өздері біледі.
Қазақ елінің алғашқы үкімет делегациясының Моңғолияға келуі қалай болды?
1991 жылдың қыркүйек айының соңына қарай тәуелсіздігін әлі жариялай қоймаған Қазақ елінің Еңбек министрі Саят Бейсенов басқарған үкімет делегациясы Моңғолиямен арадағы көші-қон мәселесін талқылау мақсатында Ұланбатырға келді. Бұл Мәскеудің әмірінсіз шетелге шыққан Қазақ елінің алғашқы үкімет делегациясы еді. Делегация құрамында Қазақ ССР сыртқы істер министрінің орынбасары Сайлау Батыршаұлы, Қазақ ССР ауылшаруашылық және азық-түлік министрінің орынбасары Ғазиз Есмұқанов бар екен.
Моңғол жағымен көші-қон мәселесін сөйлесуге Қазақ делегациясы келіпті деген хабар Ұланбатыр қазақтары арасына дереу тарады. Моңғолия Ғылым Академиясындағы сол күнгі жұмысымды ертерек аяқтап, қала орталығында орналасқан Еңбек министрлігінің 5 қабат ғимаратына келдім. Ондағы ойым Қазақ елінен келген ағаларға әуелі сәлем беру, сонсоң мүмкін болса көші-қон жағдайын сөйлесу болатын. Бір уақытта келіссөз аяқталып, Қазақ елінен келген ағалар, моңғол әріптестерімен бірге сыртқа шығып келеді екен. Мен «ассалаумағалейукум ағалар!, хош келдіңіздер» деп қаттырақ дауыстап қалуым мұң екен олар жалт қарасып, «О, біздің қазақ ағайындар ғой» деп бізді бас салып, құшаққа алды. Сірә, моңғолдар таң қалысып қарап қалғандай көрінді. «Қашан келдіңіздер шаршап-шалдыққан жоқсыздар ма? келіссөз қалай өтіп жатыр? деген сияқты сұрақтарды бастырмалатып жатырмыз. Делегацияны басқарып келген министр Саят Бейсенов тап-таза қазақшасымен «Моңғол жағымен арадағы келіссөз өте ауыр, қиын жағдайда өтіп жатыр. Жолда Иркутск вокзалында Қазақстанға жүретін пойыздарды тосып, қиналған, шаршаған қазақтарды кездестірдік. Оларға өзіміздің алып жүрген ас суымыздан бердік, кейбіріне ақшалай көмек көрсеттік» дегенде ол кісілерге деген ризашылығымыз шексіз болды.
Сонымен қазақ көшінің тағдырын екі мемлекет дәрежесінде, ресми түрде сөйлесу басталып кетті ғой? Қандай келісімге келді?
Иә. Қазақ көшінің тағдыры басында екі мемлекет делегациясы арасында ауыр жағдайда өтіп жатқанынан хабардар болдық. Ақыры бұл іске демокртатиялық жолмен жаңа құрылған Моңғолия Парламентінің (Бага Хурал) вице-спикері Зардыхан Қинаятұлы ағаның араласуымен келіссөз Қазақ елі делегациясының ойлағанындай жағдайда шешілді. Келіссөздің ұзаққа созылуына қазақ жағының «әрбір көшкен қазақ отбасы шекара арқылы өзімен бірге бір ат, бір сиыр және он қозылы қой алып өтуі тиіс» деген ұсыныс, талабына моңғол жағы әр нәрсені сылтауратып жүріп ақыры әреңдеп келісіпті және Ұланбатырдан басталған қазақ көшін жалғастырушы Баян-Өлгей қазақтарының Моңғол-Ресейдің «Қызыл үй» және «Ташанта» шекара, кеден бекеттері арқылы көшуін ұйымдастыруға екі жақ келісіпті. Бұл тәуелсіздігін ресми жарияламаса да шетелге алғашқы болып қазақ көшінің тағыдырын шешу үшін барған Қазақ елінің делегациясының көші-қон және дипломатия саласындағы алғашқы жеңісі болды деп бағалауға болады. Қалайда Қазақ елінің алғашқы делегациясының бұл жолғы Моңғолияға сапары сондағы қазақтарға «абыржымаңдар, саспаңдар, сендерді іздейтін арттарыңда Қазақ елі бар» дегенді білдіргені сондағы қазақтардың мерейін бір өсіріп тастады және басқаларға бұл үлкен ой салды. Қазақ елі делегациясының сол жолғы сапарынан кейін бұған дейін көші-қон мәселесінде әлі қозғала қоймаған байөлке қазақтары да шекара асып Қазақстанға қарай көше бастады. Қолда бар мәліметтер бойынша 1991 жылдың көктемінен 1992 жылдың күзіне дейін Ұланбатыр және басқа аймақ, өлке, қала, ауылдардан 40 мыңдай қазақ Қазақстанға көшіп барған. Бұл нағыз ерлікке татитын, еш ұмытылмайтын оқиға еді. Содан бері міне 20 жыл өтіпті. Моңғолиядан басталған көш керуенін Тәжікстан, Иран, Сауд Арабиясы, Ауғанстан, Ресей, Өзбекстан, Түркия және Қытай қазақтары жалғастырды. Содан бері атажұртқа оралған қазақ қандастардың саны бір миллионнан асыпты. Ал бүгінде әлемнің 40-қа жақын елдерінде 5 миллионға жуық қазақ атажұртын аңсап тұрмыс кешуде.
Досан Баймолда - cаясаттанушы, халықаралық журналист
Рахмет , сұхбатыңызға
Сұхбаттасқан Оразбек Сапархан
«Жас қазақ үні» газеті