Қазақстан - аграрлы мемлекет болса, етті неге шет елден экспорттайды?
Қазақстан - аграрлы мемлекет деп мақтанамыз. Сөйте тұра, шетелден ет экспорттаймыз. Елімізде ауыл шаруашылығы саласын ілгерілету бағыты бойынша қаншама жұмыстар атқарылып жатыр. Жаңалықтардан мал шаруашылығын дамытудың "Сыбаға", "Құлан", "Алтын асық" бағдарламаларынның жүріп жатқанын естиміз. Оның үстіне шетелден млрд-таған ақшаға етті, сүтті малдарды әкеліп жатырмыз. Ауылшаруашылығы саласына мол мүмкіндікті бере отырып, мұхиттың арғы жағындағы Парагвай мен Уругвайдан ет таситынымыз қалай? Ұят-ақ дүние.
Қазекең етсіз бір күн отыра алмайтын халық. Біз үшін тағамның төресі - ет. Ата-бабамыздан төрт түлікті қолға өсіріп, етін, майын, терісін, сүтін қажеттілігімізге пайдаланып келеміз. Бірақ соңғы жылдары еттің өзі қазекемнің түсіне кіретін жағдайға жетті. Оған себеп еліміздегі ет бағасының қымбатшылығы. Бір ғана мысал, өзім тұрып жатқан Астанада сиыр еті 1800-ден, қой еті 1500-1600-ден, жылқы еті 2000-нан басталады. Бұл Астанадағы ең арзан деген ет бағасы. Кейбір сауда нүктелерінде жоғарыдағы бағалардан да 300-500 теңгеге қымбат. Сондықтан халықтың көпшілігі ет сатып алуды азайтқан. Оған себеп мардымсыз алатын зейнетақысы мен айлығы, жалдамалы пәтері. Еттің орнын басқан көкеністе арзандап тұрғаны шамалы. Оған да кейін тоқталармыз.
2019 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан 42 млн-нан астам АҚШ долларына ірі қара малдың етін сатып алған. Өнімдердің басым көпшілігі Беларусь, Украина, Ресей және Парагвайдан жеткізілген. 3,4 млн АҚШ долларына жылқы етін Уругвай, Аргентина, Болгария, Моңғолия, Исландиядан сатып алыппыз. Төмендегі инфографика мәліметі бойынша...
Біз сырт елдерге ет экспортын шығаратын ел емеспіз бе? Жұрттан сатып алғанша. Сонда қазақтың еті қайда? Ауылдағы фермер ағаларымыздың малдары қайда? Сұрақ көп. Жауап жоқ... Шынымен де, етіміз сыртқы елдерге тәуелді болса, ауыл шаруашылығы саласы мамандарына үлкен сын.
Осы уақытқа дейін еліміздің ет экспорты көршілес Қытай мен Ресейге шығып келеді. Ол елдер соңғы уақытта қазақстандық кәсіпкерлердің етіне тосқауыл қойып, алмаудың әрекетіне басып жүргені анық. Өйткені өз шаруаларының етін сатып алған оған әлдеқайда пайдалы. Бұл жағдайды 100 млн-ға жуық малы бар Моңғолия мемлекеті әлі күнге басынан өткізіп келеді. Моңғолия етінің сыртқа шықпауына кедергі келтіріп келе жатқан Ресей тарапы. Біздегі жағдай сол жағдай.
Екіншіден ауылдағы мал өсіретін ағайынның малын жылда ветеринарлар келіп қырып кетеді. Оны нақты тексеріп жатқан пенде жоқ. Ветеринардың білімі мен біліктілігін тексерген маманда жоқ-ау сірә! Нағыз "шаш ал десе бас алатындар" осылар. Ветеринария ақсап тұрған сала. Алдымен ветеринария саласын дамыту қажет. Бүгінгі ветеринар шаруаға малды көбейтудің әрекетін емес, қырудың әрекетін ғана түсіндіре алатын жағдайда. Ветеринар маманын дұрыс жолға қоймасақ, мал шаруашылығын дамыта алмайтынымыз ақиқат. Қолындағы аздаған малынан айырылған шаруа, қайтып мал өсірсін. Оған қырылған мал үшін берілетін субсидия тіптен жоқ. Жоғарыдағы мал шаруашылығына бөлінетін қаражаттар қарапайым шаруаларға емес, ауқатты фермерлерге ғана жетеді. Оларға жету жолында да үлкен кедергілер (Жемқорлық, аға-көке, бизнес-пландар) бары анық. Кедергілерді жоюға салғырттық және бар. Осыдан кейін етті қалай сырттан тасымайық, ағайын! Ойланатын-ақ дүние!
Алтынбек Құмырзақтың facebook парақшасынан
Abai.kz