Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алаң 5963 30 пікір 30 Қазан, 2019 сағат 14:06

Халық саяси партияларға сене ме?

Күні кеше мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның келіні Тоғжан Қожалиева "Хақ" атты партия құрып, билікке баратынын мәлімдеді. Қожалиеваның айтуынша, бұл партияның мақсаты - билік пен халықтың ортасына көпір болып, қазіргі саяси жүйені қалпына келтіру.

Осыдан біраз уақыт бұрын белгілі журналист Жанболат Мамай да ҚДП деп аталатын партия құратынын мәлімдеген еді. "Нұр Отанды" тас-талқан қылып жеңеміз деген Мамай мырза қазір партия жұмыстарына белсенді кірісіп кеткен.

Алайда, Президент сайлауы қарсаңындағы "Қосанов қойылымы" көпшіліктің Қазақстандағы жүйе мен жалпы саясатқа деген сенімін біржола сетінетіп кетті дейтіндер көп.

Мәселен, әлеуметтік желіде саяси көзқарастарын ашық білдіріп жүрген жастардың бірі Бауыржан Серікбай, Қазақстанның дәл қазіргі жағдайында партия құру - жүйенің ғұмырын одан әрі ұзарту деп есептейді.

-Қазір партия құрып керегі жоқ. Бәрібір алдайды не талқандайды. Дәл қазір саяси реформаны, билікті президенттің өз қолына алуын, Елбасының саясаттан кетуін талап етіп бейбіт митингке шыға беру керек. Мына жақтан Аблязовпен алыссын. Одан бөлек жер-жерден елдің ішіндігі белсенділер ай сайын 5-10 мыңдап адам жинап митингке шыға беру керек. Түбі элита ішінен бөлінеді не алаңға шығып үйренген халық бір күні өзі-ақ қуып шығады. Бұл жүйеден тек алаңға шығып қана құтыласың. Қалған жолдың бәрін 30 жыл көрдік. Болмайды ол жол.

Ал, өздерін көшбасшы партия деп атап жүрген "Нұр Отан" бұл сайлауға дайындықты әлдеқашан бастап кеткен. Тіпті, "Нұр Отан" партиясының сайлауалды бағдарламасының шараларын өткізу үшін, Сенат 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістерді қабылдаған болатын.

Және экс-президент Назарбаев "НұрОтан" партиясы көшбасшылықты ұзақ мерзімге сақтап қалу керектігін міндеттеген еді.

– Біздің міндетіміз – ұзақ мерзімді көшбасшылықты сақтау. Мәжіліс сайлауына партияның жаңа сайлауалды бағдарламасын дайындау жұмыстарын бүгіннен бастау керек. Стратегиялық бағытты негізге алып, әртүрлі әлеуметтік топтардың нақты мүдделерін көздеп, ел-жұрттың нақты сұраныстарын өтеген жөн, – деді Назарбаев.

Түйін. Қалай десек те, бұл саяси қадамның бәрі алдағы Парламент сайлауының қамы. Ал Президенттік сайлауда өз үміткерлерін ұсынып, "аса белсенділік танытқан" партиялар "Нұр Отанның" жолын кесіп кетпейтіні белгілі. Алайда, саяси алаңда ешбір шынайы бәсекелесі жоқ "Нұр Отанды" шын мәнінде халықты соңынан ерте алатын көшбасшы партия деп айта аламыз ба? Ал, жаңадан құрылып, саяси жүйені өзгертеміз дейтін жаңа партияларға халық ілесіп кете ме? Сіз қалай ойлайсыз?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

 

30 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552