Әй, "ақымақ" Ислам бауырым-ай!
Әй, «ақымақ» бауырым-ай! Өзіңмен Өскеменде әкім болып жүргеніңде бір топ елге танымал өнерпаздарды бастап барып танысып едім. Кабинетіңе кіргенімде, кейбір креслоға жабысып туғандай «великиий» әкімдердей шіренбей, орныңнан атып тұрып сәлем беріп қарсы алып едің. Келген шаруаммен танысып, әр жанрлы қазақ тілді концертіміздің, орыс тілді Өскеменде Аншлагпен өтуіне жағдай жасап едің.
Өскемендегі жасаған еңбегіңді ел де көріп, Елбасы да көріп, жоғарыға өсіп кетіп едің. Жоғарыға барып жолың болмады.
Мемлекеттің 300 миллиард қаржысын талан-тараждан сақтаймын – деп, басың бәлеге қалыпты. Мұндай «ақымақ» болармысың?!...
Жоғарыдағы олигархтардың шет елдегі офшордағы миллиондаған долларлары жеті Атасынан қалды – деп пе едің, ол осындай «майшелпектердің» нәтижесі екенін қалай білмедің? 300 миллиардты бөліп отырғандармен «тіл табыссаң» саған құрығанда 30 миллион, «повидениең» үнаса, 300 миллионды қалтаға басып, «талтаңдап» жүрер едің! Не деген «ақымақсың»?
Сен Абайдың «Масғұт» поэмасын оқымаған екенсің. Оқысаң бұл ақымықтықты жасамас едің.
Айтайын тыңда! Патшаның уәзірі Масғұтқа түсінде Қыдыр Ата аян береді:
- Ертең бір кесепат жаңбыр болады. Сол жаңбырдан кейінгі өзеннен су ішендердің бәрі жынданады. Бүгін жеті күнге жететін таза су алып қой – дейді. Содан Масғұт пен патша жеті күндік суларын дайындап алады. Аяндағыдай жаңбыр болып, жынды судан ішкен бүткіл қала халқы жынданады. Олардың алдына шығып ақыл айтқан, естері дұрыс патша мен Масғұт уәзірді, қала халқы:
-Мына екеуі жынданған екен, бұларды өлтіру керек – деп шуласады. Содан естері шыққан патша мен уәзір ақылдасып, екеуі де жынды судан мол ішіп алып, жынданып құтырып айғайға басып халықтың алдына шығады. Жынданған патша мен уәзірді көрген, жынданған халық:
-Ақылдарыңыз кірген екен, бізді кешіріңіздер! Айтқандарыңызға құлдық! – деп жалбарынады.
Дәл солай, ұрлыққа құныққан жоғарыдағылар, ұрлыққа кесірі тиетін сендей «ақымақты» әрине қудалайды. Сен сол 300 миллиардтың «бөліске» түсуіне кедергі болмасаң, осы күні білдей бір министрдің креслосында отырар едің! Нағыз «ақымақ» екенсің!
Әнеки, қарасаңшы! «LTR - дің ақылдылары да», Мәдениет минстрлігі мен Білім министрлігіндегі «ақылдылар да» қалталарын «қампайтып» шет елге кетіп, сайрандап жүрген жоқ па? Солар құрлы «ақылың» болмады-ау! Қайтейін! Қайтейін!
Енді сенің мына пәледен құтылуың екі талай! Сен сияқты жемейтін «ақымақтар» билікте көбейсе, «ақылдылар» «майшелпектерінен» айрыларын жақсы біледі. Сондықтан сені қалай да соттатуға жан салады. Ендігі тағдырың соттың қолында.
Қазіргі қоғамның ұраны - "Өнер алды - көт қысқан!"
Шындықты айтсаң - өшесің, жағымсынсаң - өсесің! Осыны да білмедің-ау! Әй, «ақымақ» Ислам баурым-ай!
Аймұханбет Бейсембековтың facebook парақшасынан
Abai.kz