ДАИШ содырлары Тәжікстанға ашық шабуыл жасады
Кеше Орталық Азия саясаттанушылары ерекше талқылауға, ал БАҚ-тары сарапшылар шақырып, талдау жасауға тиіс оқиға болды. Тәжікстанға ДАИШ(ИГИЛ) содырлары ашық шабуыл жасады. Бұл ретте: Олар қалай өткен? Ендігі қадамдары қандай болмақ? Шабуыл және кері шегіну стратегиялары қандай? ДАИШ стратегиясының эволюциясы деген мәселелерді талқылап жатуға тиіспіз негізі.
Жалпы қате болса да, бір жорамал жасап көрейін.
ДАИШ қазіргі таңда өз тарихындағы ең қиын әрі күрделі кезеңге тап болды. Олар Ирак пен Сириядағы барлық аймақтарынан және жүз мыңға жуық содырларынан айырылды. Басшылары Әль-Багдади өлтірілді(мүмкін Гаваий аралдарында коктейл ішіп жатқан шығар), қысқасы жобадан шығарылды. 2016 жылдан бастап ДАИШ-тың Ауғанстанға енгені, онда талибтермен діни көзқарастарының қарама-қайшылығына байланысты өзара соғысып жатқаны белгілі. Шын мәнінде қазір ДАИШ содырлары жаңа аймақ іздейді. Өйткені уақыт өткен сайын олардың Таяу Шығыста өміршеңдігі азайып келеді.
Ауғанстандағы ДАИШ содырлары Орталық Азияға кіруге мәжбүр болуы мүмкін. Неге? Өйткені олар Ауғанстан шекараласатын қуатты әскери күшке ие батыстағы Иранға, шығыстағы Қытайға, оңтүстігіндегі Пәкістанға бара алмайды. Бір ғана жол ол солтүстіктегі әскери күші әлсіз Тәжікстан мен Түркіменстан ғана. Оның үстіне "Талибан" қозғалысы Ауғанстанның ДАИШ тобын қыспаққа алуды арттыруда. Тірі қалу үшін дереу басқа аймаққа кету керек.
Тәжікстанға шабуыл жасау күні де кездейсоқтық емес. Олар тура Тәжікстанның Ата Заң күнінде қанды сойқан салды. Осы арқылы мемлекеттердің заңдық құқығын мойындамай, өз заңдарының ғана барын білдіргісі келген сияқты. Оның үстіне шабуыл барысында Тәжікбасы Рахмон елінде болмаған.
Ең қауіптісі сол, бұл елге шабуыл жасағандардың көбі тәжіктер. ДАИШ-қа өтіп кеткен тәжік содырлары. Шабуылдың сәтсіздігін содырлар арасында әйелдердің көп болуын және бұл рейд тек қана мемлекеттің реакциясын тексеру мақсатында болғандығымен түсіндіруге болады.
Ендігі қадамдары қандай болуы мүмкін?
ДАИШ Әль-Багдадидің өліміне байланысты қарымта соққы жасауы тиіс. Бұл ұйымның "әлемдік террорлық ұйым" атты имиджі үшін қажет. Олар өзге елде ұйықтап жатқан ұяшықтарды ашық әрекетке көшуге шақырады. ДАИШ құрамындағы содырлар өз елдеріне қайтып, сол аймақтарда әрекет етуге тырысып көреді. ДАИШ АҚШ-қа соққы жасай алмайды, бірақ әлем елдеріндегі АҚШ, Ресей мен Батыс елдерінің елшіліктерін нысанаға алуға тырысады. Бір-екі әлемді дүр сілкіндірер теракт жасауға талпынады (Париждегідей). Мүмкін тәжік пен түркімен шекарасына тағы шабуыл жасап көрер.
Біздің әрекет: барлық деструктивті діни ағымдарды бақылауда ұстау, қауіпсіздікті арттыру, шекарадағы бақылауда күшейту.
Асхат Қасенғалидың facebook парақшасынан
Abai.kz