Халыққа зиян барлық заңдарды құртуын талап етеміз!
Біз "Ақжүніс" аналар қоғамы, тіркелмесек те, тіркемесе де, қаншама шаруа атқардық. Тіпті, біздің талап етуімізбен Жұмыс тобы құрылды, комиссиялар құрылды, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудың жолдары қарастырылған "Жол картасы" әзірленіп, үкіметке ұсынылды. (Әрине, үкімет оны қоқыс жәшігіне лақтыра салды да, өз жобаларын қабылдады... Мұны біз ұмытпаймыз...)
"Ана мен бала құқығын қорғау" туралы заң жобасын да ұсындық. Мен жеке өзім әзірлеген заң жобасы тағы бар...
Ал Президент аттай қалап жиып алған НСОД не істеп жатыр? Тым болмаса, Митинг туралы заңдағы "Митингіге әкімшіліктен рұқсат алу" туралы бір статьяны қарастырды ма? Сектор-сектор боп бөлініп алды. Әр сектор өз саласында бір заңның бір статьясын қарастырып, талқылап жатыр ма? Мұхтар Тайжанның Жерге космомониторинг жүргізу туралы ұсыныс жасағаны құптарлық ұсыныс. Мұхтардан басқа НСОД мүшелерінің не істеп жүргендері белгісіз. Жиылып алып суретке түскендерін, Президенттің қабылдауында болдым деп суреттерін жариялағаннан басқа ауыз толтырып айтарлықтай ұсыныс, жобаларын көрмедім. Тек популистер жиналып алғандай әсер қалдырады...
Қолдарыңа зор мүмкіндікті бергенде неге өткір-өткір ұсыныстар, жобалар ұсынып, халық талқысына ортаға салмайсыздар? Неге ел үмітін ақтауға жұмыс істемейсіздер? Топ-топ суреттеріңді емес, істеп жатқан жұмыстарыңды ортаға салыңдаршы.
Әлде тағы да "подсказ", идея керек пе?
Анау-мынау ұсақ-түйек мәселелер, түйіндер ең ірі түйін шешілсе, өздері-ақ тарқатылып жүре береді. Ең ірі түйіндерді, ең ірі мәселелерді айқындадыңыздар ма? Оның шешу жолдарын ұсынып, талқыладыңыздар ма? Көрмей қалған болсам, кешірім сұраймын. Сілтемесін жіберсеңіздер, рахмет айтамын.
Басқа мәселенің бәрін қарық қып шешіп алмастан, латын деген мәселені тағы да қыздырып жатқан бұл биліктің осы қитұрқылығына мораторий жариялатыңыздар. Соны талап етіңіздер. Назарды негізгі мәселелерден басқаға аудармасын. Латын - дәл қазір басты мәселе емес. Жүзінші орындағы тақырып. Оны жаба тұруды талап етеміз!
Біздің ең үлкен мәселелеріміз - мемлекетті құрдымға жіберген нәрсе не? Ол - депутаттардың қорылдап отырып қабылдаған заңдары! Халыққа зиян барлық заңдарды құртып, пайдалы заңдар қабылдануын талап етеміз!
Сәуле Әбілдаханқызының facebook парақшасынан
Abai.kz