Сенбі, 23 Қараша 2024
Ой түрткі 5397 4 пікір 20 Қараша, 2019 сағат 11:05

Қан. Жан. Тек

Редакциядан: Қазақ өлеңінде өз жолын, өз өрнегін айқындап, қаламгерлік қолтаңбасын қалдыра білген ақынның бірі - Мақсат Әубәкіров еді. Арамыздан кеткеніне 7 желтоқсанда 40 күн толады екен. Бүгін ақынның исі қазақтың бірігуі, кешегі буын мен бүгінгі буынның арасындағы байланыстар туралы үзік ойын портал бетінде жариялағанды жөн көрдік.


Бүгінгі қазақ атам заманғы Асанқайғы болып, жер бетінде жоқ Жерұйықты іздемейді.Олардың ойлары да, әрекеттері де басқа. Заманауи Жерұйықтары-нарық, соған көңілдері қарық сияқты. Бұл ұрпақты Қорқыттың көрімен қорқыта алмайсың. Олар дағдарыстан, доллардың өсуінен, үй мен көліктің қымбаттауынан ғана қорқады. Атам қазақтың бүгінгі ұрпағы ұлы қобыздың үнімен, «Қаратаудың басынан жосыған көштің» әуеніне селт етпейді. Бірақ көріпкел Ванганың болжамына имандай сеніп, жаны күйзеледі, алаңдайды. Дегенмен атам қазақ пен балаң қазақтың арасында үзілмеген жіп, көрінбейтін сәуле әлі де бар секілді. Шөлде өскен сексеуіл мен шеңгелді құнарлы топыраққа көшіріп әкеліп, күтіп баптасаңызда, тарамыс тамырлары бұйрат құмдарға қарай тартыла түсетін шығар. Сол секілді осы қазақ атам қазақтан қаншалықты ажырап бара жатса, түпкі мінезіне деген аңсары соншалықты ауып бара жатқандай. Соның салдары болар «балаң қазақ» алас ұрып әлде нені іздейді. Бәлкім қазақтың жанын жоқтай ма екен?

Атам қазақтың қанына сіңген, жанының бөлшегіне айналған бір мінезі-қайсарлығы болса, осы күні ол қырсықтыққа ұласқан. Атам қазақта қонақжайлылық құрметтелінсе, балаң қазақта ысырапшылық сәнге енді.

Атам қазақта төзімділік болса, балаң қазақта көнбістік байқалады. Атам қазақтың дархандығы - даңғойлыққа, кеңпейілділігі - жалпақшешейлікке, жомарттығы - жалтақтыққа ауысып кетпей тұрғанда, қазақы мінездің ауылына қайта айналып баратын жол тапсақ шіркін. Сол қазақтың бірі - мен, екіншісі кім екенін өз ішіңіз сезіп отыр, соны түсінгеніңізге де рахмет. Әрине түсінесіз, ол-Сіз!

Адамзатқа тиесілі асыл сезімдер мен ұлттық құндылықтардың қадірі қашқан заманда адами сыйластықтарын жоғалтып алып, таба алмай жатқан ұлттар мен ұлыстардан Сіз бен, Бізде бөлек кетіп қала алған жоқпыз. Ол орны толмас өкініш, тұтас бір ұлт үшін - қасірет.

Ұлттың басты ұстанымы отбасы, бауырмал - қауымшылдық секілді әлеуметтік институттарды тәрк еткен батыс қоғамы бүгін бүтіндей айықпас ауруға шалдыққан. Ол ауру біздің ұлтымызға бұйырмай-ақ, қойсын, бәлекеттің бетін аулақ! Ол үшін жоғарыда айтылған ұлттық құндылықтарымызды түгендемей болмайды, орны ауысқан асыл қасиеттеріміз қазақ жанында жаңғырып тұруы, олардың қайтадан өз орнын табуы үшін Атам қазақтың айтқандарына балаң қазақ жиі оралып, айтқанына ауыздықталып, даналығына басын иуі керек. Атам қазақ пен балаң қазақты біріктіретін - қан ұқсастығы болса, бәріміздің бойымызда жасырынған - жан ұқсастығы бар. Ол, «қазақы код»! Осы ұқсастықты бөлек қарай аламыз ба? Қазіргі дамыған медицина дәуірінде тамырыңдағы бес литр сұйықтық - қанды ауыстыруға мүмкіндік табылар, ал бірақ мәңгілікке шифрланған код-қазақы жаныңды айырбастайтын әзірге керемет табыла қойған жоқ. Ол табылған күні адамдардың нағыз азғындауы басталатын шығар. Ал соның алғы шарттары медицинада емес, ақпараттар ағынында басталып кетті. Бұл нағыз мәдени басқыншылық, осы психололгиялық-саяси әрекет, шабуылдарға төтеп беретін біздің атам қазақтан мұраға қалған геніміз, оның атын атам қазақ, «тек» деп атаған. Тектілігің сынға түсер аласапыран-ақиық ғасырда, ғаламдасу атты алыптың жақсысын таңдап, жаманына барлап, қарайтында атам қазақтың ұрпағы – Сіз бен Біз. Негізінен қазақты қан емес, жан бірлігі жақындатуы тиіс. Қанымыз бір деп руға бөліне қалатын исі қазақ, жанымыз бір деп, тұтас қазақ болуға жұмылуымыз керек шығар. Өйткені саясат пен экономикасы алға тартқан алдыңғы қатарлы елдердің рухани дағдарысқа қалай ұшырап жатқанын көзіміз көріп отыр. Экономикасы аспандаған алпауыт елдер сыртқы түрін сақтаса да, жанын жоғалтып алғалы қашан. Дағдарысқа төтеп береміз деп, жыртығымызды жамаудың қамын күйттеп жүргенде, жанымызға сызат түсіріп алмасақ екен ағайын. Қазақтың жаны әзірге жоғала қойған жоқ десем қуанып қаласыз ба? Онда қазақтың жанын іздеп жүрген жалғыз мен емес екенмін. Қазақтың жаны жасырынбақ ойнағандай жасырынып қалған тәрізді, бала күніміздегі жасырынбақ ойынының ережесі қалай еді? Ендеше бірігіп іздейік ағайын!

Мақсат Әубәкіров

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435