Трампқа импичмент жарияланды
АҚШ-тың саяси сахнасында көптен бері талқыланып жатқан импичмент процесінің орта жолғы нәтижесі белгілі болды. Бүгін өкілдер палатасында соңғы талқылау барысы өтіп, импичмент мәселесіне қатысты дауыс берілді. Демократтар бір қолдан қолдаса, Республикалықтар толық қарсы болды. Ал өкілдер палатасында демократтар саны көбірек болғандықтан, импичмент қабылданып отыр.
Әйтсе де, Дональд Трамп президенттік посттан кетпейді. Оның постта қалу не кетуін ендігәрі Сенат шешуі тиіс. Егер Сенат мүшелерінің үштен екі бөлігі импичментті қолдап дауыс берсе, онда Трапм кетеді. Егер одан аз болса, ол өз қызметін жалғастырады. Мұнда айта кеткен жөн, Сенат мүшелерінің арасында республикалықтар саны басым. Сондықтан үштен екі бөлігі импичментті қолдауы қиындау.
Трамп осылай импичмент жарияланған АҚШ тарихындағы үшінші президент атанып отыр.
Айта кетсем, АҚШ Конституциясында импичмент сотын жүргізудің нақты бағдарламасы жоқ. Оған куәгерлерді шақыру не шақырмау Сенаттың құзырына беріледі. Сот барысының уақыт шектеуі де нақты бекітілмеген. Трамп импичменті бойынша Сенат өз әрекеті қаңтар айында бастайды.
Сенаттағы республикалықтар жетекшісі Митч Макконнелл куәгерлерді шақырмайтынын бүгін айтып үлгерді. Оған демократ сенаторлар қарсы шығып, Трамп қасындағы шенеуніктерді Сенатқа куәгер ретінде шақыруды талап етуді доғармайтынын айтып отыр.
Өкілдер палатасындағы республикалықтардың барлығы импичментке қарсы болғанын ескерсек, Сенаттағы демократтар Трампты орнынан ала алмайды. Ол үшін олар 53 республикалық сенатордың 20-сын импичментті қолдауына көндіруі тиіс.
Президенттік сайлау барысы өз алдына қызық. Ал мынау импичмент оны одан да қыздыра түспек. Ендеше, ары қарай күзетейік!
Жолдас Өрісбайдың әлеуметтік желідегі парақшасынан
Abai.kz