28 желтоқсан жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды
Алматы маңында жолаушылар тасымалдайтын ұшақ апатқа ұшырап, 15 адамның қаза болуына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 желтоқсанды қаралы күн деп жариялады.Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли "Facebook" желісінде жазды.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы маңында ұшақ апатынан адамдардың қаза болуына байланысты 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады", делінген ресми хабарламада.
Бүгін таңертең Bek Air әуе компаниясының Алматы - Нұр-Сұлтан бағытындағы 2100-рейсі Алматы қаласы маңында, Талғар ауданына қарасты Әлмерек ауылында апатқа ұшырады. Бортта 93 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған.
Қазіргі уақта апаттан қаза тапқандар саны 15 адамға жеткен. Осының алдында ресми органдар қаза тапқан азаматтардың жеке тұлғасы туралы ақпаратты жария еткен.
Ұшақ апатынан Қазақстан генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Есімханұлы Қайдаров пен "Informburo.kz" сайтының жаңалықтар редакторы Дана Круглованың да қайтыс болғаны белгілі болды.
Abai.kz