Сейсенбі, 26 Қараша 2024
ШОЛУ 14815 34 пікір 28 Желтоқсан, 2019 сағат 16:11

Ескі ұшақтың иесі - Bek Air-дің қожайыны кім?

27 желтоқсан күні Алматы облысы, Талғар ауданындағы Гүлдала елді мекенінің жанында Bek Air компаниясына тиесілі Fokker-100 ұшағы апатқа ұшырады. Ресми ақпарат бойынша, 12 адам қаза тауып, 40-қа жуығы жарақат алған. Олардың ішінде сәбилер де бар. Бүгін Қазақстан президентінің шешімімен жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Сонымен, апатқа ұшыраған Bek Air компаниясына кім қожалық етеді? Компанияның меншігінде неше ұшақ бар? Олардың маркалары қандай? Апаттың себебіне қатысты алдын-ала болжам не дейді? Рет-ретімен жазайық...

Картинки по запросу роман скляр

(Роман Скльяр)

Болжам: Екі себеп...

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скльяр апаттың себебін техникалық ақаудан немесе ұшқыштың қателігінен болуы мүмкін деді.

Техникалық ақау дегенге негіз де жоқ емес. Әлеуметтік желіде Bek Air компаниясының санкцияға ұшырап, соңғы уақытта өз ұшақтарына қосалқы бөлшек жеткізуде қиындыққа тап болғанын білетіндер мен болжамшылар жазды, айтты. Нақтырақ айтсақ, белгілі PR маманы Қуат Домбай жазды.

Санкция

Оның айтуынша, Bek Air соңғы екі жылдан бері Ассадқа әуе кемелерін жеткізгені үшін АҚШ-тың санкциясына ілінген. Содан, компания өз ұшақтарын қосалқы бөлшектермен қамтуда қиындықтарға ұшыраған. Соған қарамастан құзырлы билік Bek Air-дің ұшуына рұқсат берген.

Қауіпсіздік сертификаты

Сонымен қатар, компанияға Халықаралық әуетасымалдаушылар қауымдастығының өнеркәсіпті қорғау аудиті (IOSSA) халықаралық қауіпсіздік сертификатын енгізуді ұсынған екен. Алайда, дәл осы Bek Air халықаралық ұйымның бұл талабын қазақстандық әуе желілеріне енгізуге ынта-шынтасымен қарсылық танытқан. Және өз мақсаттарына жеткен де...

Ақша үнемдеу қауіпсіздік есебінен жасалмауы керек!

Қуат Домбай мырза өз болжамында Bek Air-дегі билет бағалары басқалармен салыстырғанда әлдеқайда арзан екендігіне тоқталып, "бұл үнем қауіпсіздік есебінен жасалмауы керек" депті. Қалай болғанда да Bek Air компаниясының бұл апаты биліктің түсіндіруін қажет ететіні рас.

Ал, аталған компанияның қауіпсіздікке салғырт қарайтыны бұған дейін де айтылған. Осыдан үш жыл бұрын "informburo.kz" сайты "Bek Air халықаралық қауіпсіздікті растағысы келмейтін жалғыз әуе компаниясы" деп жазды.

Онда Bek Air Азаматтық авиация комитетінің талаптарына қарамастан, Халықаралық әуе көлігі қауымдастығына өндірістік қауіпсіздік аудитін өткізгісі келмейтіндігін ашық мәлімдеген. Сонымен қатар, Bek Air компаниясы ҚР Бас Прокуратурасына "әуе компанияларына жолаушылар тасымалымен айналысу үшін рұқсат беруді талап ету заңсыздық" деп тану туралы өтініш берген.

"Bek Air - халық үшін" акциясы һәм үнемшілдіктің құны

Ал, ҚР Инвестиция және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті жасаған Ережеге сәйкес IOSA (IATA Operational Safety Audit) аудитінен өтпеген авиакомпаниялардың Қазақстанда жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Бірақ, министрліктің бұл ережесін пысқырмаған Bek Air, мұны халықаралық IOSA аудиті өте қымбат екендігімен байланыстырған. Яғни, халықаралық қауіпсіздіктің бастапқы тексеру құны 1,5 млн. долларды құрайды екен. Ал, мұндай жағдай елдегі "ең арзан" деп есептелетін әуе билеттерінің бағасына айтарлықтай әсер етеді-мыс.

Осыдан соң, әлеуметтік желілеріде IOSA міндетті аудитін тоқтату талабын қолдау мақсатында "Bek Air - халық үшін" ұранымен кең ауқымды науқан басталды. Мұны "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдап, нәтижесінде әуе компаниясы халықаралық міндетті аудиттен босатылған.

Bek Air ұшақтары қанша рет апатқа ұшырады?

Бірақ, компанияға тиесілі ұшақтар осы уақытқа дейін бірнеше рет қауіпті жағдайда қалған. Олар:

- 2016 жылдың 27 наурызы күні Bek Air-ға тиесілі UP-F1012 ұшағы Астанаға апатты жағдайда қонды. Адам шығыны болған жоқ.

- 2018 жылдың 20 ақпанында тағы да сол Bek Air-дің Z9 2105 нөмірлі ұшағы Тараз қаласына жедел қонуға мәжбүр болды.

- Одан кейін кеше, 27 желтоқсанда Bek Air компаниясына тиесілі Fokker-100 ұшағы апатқа ұшырап, 12 адамның өмірін қиды.

Уикипедиядағы мәлімет бойынша, апатқа ұшыраған Fokker 100 бортында 100 адам болып, 15-і қайтыс болған деп көрсетілген.

Bek Air компаниясында қандай ұшақтар бар?

Ал, Bek Air компаниясында Fokker-100 ұшағының 9-ы бар екен. Одан бөлек Ресейде жасалатын МС-21 ұшақтарының 10 данасына тапсырыс берілген.

Похожее изображение

(Fokker-100)

Картинки по запросу МС-21

(МС-21. Тапсырыс берілген.)

Fokker-100 қандай ұшақ?

Fokker-100 ұшағы - ортамагистралды жолаушылар тасымалдайтын ұшақ. Қысқа және орташа қашықтықтағы әуе рейстерін орындауға арналған. Нидерланды әуе конструкторларының өнімі. Сыйымдылығы - 107 адам.

Fokker-100 ұшағы алғаш рет 1986 жылы, 30 қарашада әуеге көтерілген. 1987 жылдың қарашасында сертификация жұмыстары аяқталған. 1988 жылдан бастап эксплуатация жасала бастаған. 1996 жылы бұл компания банкрот болып, 1997 жылдан бастап ұшақтың бұл моделі мүлде шығарылмайтын болған. Яғни, тоқтаған. Сол аралықта барлығы - 283 ұшақ өндіріліп, пайдалануға берілген. Қазіргі уақта дүниежүзінде 47 компания аталмыш ұшақ модельін эксплуатациялауда.

Fokker-100 неше рет апатқа ұшыраған?

Алғаш пайдалануға берілген жылдан бастап күні бүгінге дейін Fokker-100 ұшағы - 17 рет ауыр апатқа ұшыраған. 183 адам қаза тапқан.

Соның ішінде:

- Ұшақ қажетті биіктікке көтеріле алмаған, ұшу жолығынан ауытқыған - 5 рет,

- Қозғалтқыш істен шыққан, техникалық және ауа-райы қолайсыздығына байланысты апатты жағдайда қонуға мәжбүр болған - 6 рет,

- Ұшақ шоссилері ашылмай қалған - 6 рет.

Fokker-100 ұшағы:

- Бразилияда - 4 рет,

- Иранда - 4 рет,

- Қазақстанда 2 рет,

- АҚШ, Германия, Франция, Македонияда, Нигерияда, Код де Юуарда, Бирмада, Ганглада 1 реттен апатқа ұшыраған.

Bek Air компаниясынның қожайыны кім?

Ал, адам қауіпсіздігіне жауап бермейтін, Халықаралық талаптарға сай келмейтін бұл компанияның иесі - Нұрбол Сұлтан есімді қалталы дөкей дейді бір ақпаратта.

Похожее изображение

Нұрбол Сұлтан

Forbes.kz-тің жазуынша, Нұрбол Сұлтан - 2018 жылы Қазақстандағы 50 ең бай бизнесменнің бірі атанған. Рейтингте 42 сатыға жайғасқан.

Ол кезде Нұрбол Сұлтанның иелігінде - "АзияКредитБанк" АҚ-ның 100 пайыз акциясы, "КСЖ Азия Life" АҚ-ның 24 пайыз акциясы болған. Сондай-ақ, "Меридиан Капитал" ЖШС арқылы "Орал Халықаралық әуежайы" ЖШС-нің де үлескері болған.

Орал әуежайы демекші, Bek Air компаниясының базасы (хабы) дәл осы әуежайда екен. Штаб-пәтері Оралда орналасқан.

Forbes.kz-тің  ең ықпалды 50 бизнесменінің қатарында болған Нұрбол Сұлтанға Орал әуежайының 33 пайыз акциясы тиесілі болған (2017 жылғы мәлімет). Сондай-ақ, 2017 жылғы Forbes.kz мәліметінде Bek Air компаниясының қожасы - Нұрбол Сұлтан деп көрсетілген.  Ал 2015 жылғы рейтинг ақпарында Bek Air-дің 100 пайыз акциясы - Нұрбол Сұлтандікі деп жазылған.

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, оның әкесі Сарыбай Сұлтанұлы Қалмырзаев - Қазақстандағы ең ықпалды адамдардың бірі болған. Екі рет Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігін басқарған.

Нұрлан Жұмасұлтанов

Алайда, Lada.kz сайты Ербол Еділов дейтін саяси шолушының Телеграмм желісінде айтқан, жеке парақшасындағы пікірін жазыпты. Онда Нұрбол Сұлтанның компаниядағы өз активтерін сатып, АҚШ-қа қоныс аударғаны туралы айтылған.

Bek Air компаниясының қожайыны болуы мүмкін деген тағы бір азамат - Нұрлан Жұмасұлтанов.

Lada.kz-тің жазуынша, Жұмасұлтанов 2011-2018 жылдар аралығында Bek Air компаниясының басшылығында болған екен. Кейін Жұмасұлтанов басқа қызметке ауысқан көрінеді. Министрлікке барған. Әуе апаттары жағдайын зерттеумен айналысатын басқармаға басшы болған. Алайда, биыл ол жақтан да кеткен.

Сонымен, Bek Air компаниясының қожайыны кім?  Компанияның ресми сайтында бұл туралы ақпарат жоқ. Бар болғаны компанияның 1999 жылы құрылғаны мен оның иелігінде болған ұшақтар туралы ақпарт қана жазылған.

Түйін. Бүгін - елімізде аза тұту күні. Барлық мекемелер мемлекеттік туды төмен түсіріп, ойын-сауық бағдарламалар тоқтатылды. Қаза болған әрбір азаматтың отбасыларына бюджеттен 4 миллион теңгеден материалдық көмек ұсынылатыны айтылды. Ал марқұмдардың отбасыларына Bek Air қайтіп жәрдемдеспек? Апат орнына компания басшылары барды ма? Ескі ұшақтың егесі қаза болғандардың жақын-туыстарына көңіл айтты ма? Мәселе, тіпті 4 миллион теңгеде де емес... Адам құнын ақша толтырмайды! Апатқа ұшыраған Fokker-100 ұшағы 23 жыл бұрын құрастырылған екен. Ескі-құсқы темір-терсекпен жұртты тасығандар - жауапқа тартылуы керек!

Жалғыз Bek Air-дің бірлі-жарым бастықсымақтары ғана емес, оның қызметіне рұқсат берген министрлік басшылары да жауапқа тартылуы талап!

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

34 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1532
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3312
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5995