Жеңіс парады – Путин әскерінің «құдіреттілігін» ұлықтау іспетті
Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің жаңа тағайындалған премьер-министрі Михаил Мишустинді қабылдады. Кеше Алматыда өткен ЕАЭО премьерлерінің жиынын қорытындылап, талқы жасады. Одақ жұмысының жай-жапсарын, Еуразиялық Үкіметаралық кеңес отырысында қабылданған құжаттар мен жоспарларды сөз етті.
Ресей Премьері өз кезегінде Қазақстан Президентіне Владимир Путиннің сәлемін жеткізіп, 2020 жылдың 9 мамыр күні Мәскеу қаласында өтетін Жеңіс күніне арналған шараға қатысуға шақырды.
«Біз сіздерді 9 мамырда Мәскеуде Жеңіс күнінде күтеміз», - деді Мишустин.
Ал Қазақстан Президенті шақыртуды қабыл алғанын жеткізді.
«Жеңістің 75-жылдығына шақыруды үлкен ықыласпен қабылдап, дәл сол күні Қызыл Алаңда өтетін Жеңіс парадын тамашалауға барамын. Бұл біздің ортақ мерекеміз. Мен, майдангердің ұлы ретінде, Жеңіс күнін тойлауға көп мән беремін. Сол күні бірге боламыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Путиннің парадына қатысу міндет пе?
Әлгінде Кремль қожайыны қасына қыруар тілшіні топтап алып, сұхбат өткізген. Сонда Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 75 жылдығын тойлау тақырыбы да сөз болды.
«Біз соғыс жайлы фактілерді бұрмалап, Кеңес әскерінің тарихи жеңісін қаралап, өтірікті қосып, бізді нацизммен тең қойғысы келетіндердің аузын жауып, үнін мәңгіге өшіреміз. Біз оларға бұлтартпас айғақтар мен тарихи құжаттар, фильмдерді ұсынатын боламыз»,- деп сөйлеген Путин.
Одан сәл бұрынырақта Ресей президенті 75 жылдықтың құрметіне қолындағысы мен қорасындағы бар қаруының тегі жақсыларын теріп, әскери әлеуетін әлемге әйгілейтін әлемет бір парад өткізетінін айқан екен.
Мақұл ғой, отты қарудың түр-түрін Қызыл алаңда саппен тізіп, әскери парад өткізу – Кремль идеологиясының бұлжымас дәстүріне айналғалы қашан. Сондықтан, ерен санамай, «жылдағысынша өтер» деп қоя салар ма ек. Жоқ. Бұл жолы Владимир Путин «бұрынғы бодан елдердің басшыларының барлығы Мәскеуге келіп, парадты бірге көруі керек», деп сөйлеген.
«Мен Совет одағының жоқтығына өкінемін. Бұл олардың құқығы. Бірақ егер біздің мемлекетаралық қатынастарымыздың бүгінгі ерекшеліктеріне байланысты кейбір мемлекет басшылары келмесе, олар үшін бұл үлкен қателік болады деп ойлаймын. Себебі бұл олардың өз Отандарының тәуелсіздігі үшін соғысып, өмірлерін қиған адамдарға лайықты құрмет көрсетпейтіндігін білдіреді», депті Путин.
Сонымен, Путиннің пікірінше егер Совет армиясы жағында соғысқан немесе бұрын одақтас болған, Кремльдің шақыртуын алған елдердің басшылары Мәскеуге әскери парад көруге келмейтін болса – онда бұл үлкен қателік екен. Тіпті, соғыста шейіт кеткендерге деген құрметсіздік болады-мыс. Сондықтан, келу – парыз! Біз осылай деп түсіндік.
Путин кімдерді арнайы шақырды?
Келуді міндеттеп сөйлеген Владимир Путин мен Кремль идеологтары келер жылғы парадқа біраз елдің басшыларын арнайы шақырып, үшбу хат та жолдаған. Ұзын-сонар тізімді түгел теріп айтпасақ та, бірлі-жарымын санап шықтық. Путин арнайы айтып, әйдіктеп шықырғандар кімдер?
АҚШ президенті – Доналдь Трамты, Солтүстік Корея көсемі – Кым Чен Ынды, Германия канцлері – Ангела Меркельді, Британия премьері – Борис Жонсонды, Франция президенті – Эмануель Макронды, Түркия президенті – Тайып Ердоғанды, Қытай төрағасы – Ши Жипиңді, Үндістан премьерін, Пәкістан президентін, Израиль премьерін, Сербия президентін, Украина президентін, Чехия президентін, Венесуела президентін, Куба лидерін, Моңғолия президентін, Әзірбайжан, Белорусия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан президенттерін және Армения премьерін шақырған.
Путиннің парадына қазақтан кім барады? Өткенде әлеуметтік желіде осы тақырып қозғалып, түрлі болжамдар айтылған. Осыған дейінгі Мәскеу парадтарына Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев барып жүрген. Тіпті, 2019 жылғы парадқа шетелдік лидерлерден жалғыз Назарбаев барып қатысқанын біз түгілі орыс ақпараты айтқан.
Бұл жолы ше? 2019 жылдың қыркүйегінде Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Қорғаныс министрін қабылдап, Жеңістің 75 жылдығына орай әскери парад өткізуді тапсырған.
Түйін. Кремль үшін Жеңіс парады – пропоганда құралына айналған. Қазір көптеген шетелдік лидерлер Мәскеу шақырған мұндай парадтарға бармайды. Себебі, біреу ғана. Ресей әлем үшін агрессор ел.
Мәскеу жыл сайын парад өткізеді. Қызыл алаңға келетін соғыс ардагерлері жыл сайын азайып, әскери аппараттар, ұшақтар, танкілер т.б. көбейіп келеді. Кремль өткізетін Жеңіс парады құдды сұм соғыстың зұлматын көрген қарт майдангерлерді емес, Ресей билігін, Путин әскерінің «құдіреттілігін» ұлықтау процессі іспетті.
Ал біз сол Кремль идеологиясының ықпалын өз елімізде-ақ, көріп-біліп жүрміз... Оның дәлелі Оралдағы ой бөтен оқшау топтың қазақты қырған қандықол диктатор Иосиф Сталинді ұлықтап, оған тәу етіп, тағзым жасауы! Оның дәлелі, еліміздің ірі-қалаларында өткізілетін «Бессмертный полк» акциясында сол Сталиннің дәудей портреттерінің төбеге көтерілуі!
Әне, Владимир Путин ертең 75 жылдықтың парадына келуді міндеттегендей сөйлеп, «келмесеңдер қателік жасаған боласыңдар» деп жатыр.
Мақұл ғой, шешімі шығып қойған бұл мәселеде біз өзгеріске ықпал ете қоймаспыз. Десе де, дөп келгенде, «деп» қалуымыз керек-ақ! Азды-кем сарап қылдық. Ұлықтарға ой тастаған болдық...
Abai.kz