Сенбі, 23 Қараша 2024
Жанайқай 5372 11 пікір 4 Ақпан, 2020 сағат 12:03

Абай тойы Семей полигонының зардаптарын жоюдан басталуы керек

Семей сынақ полигонының ең ауыр зардабын көрген Абай елі.  Той тойланар, ақындарың айтысар, аттарың бәйгеге шабар, балуандарың күресер, конференциялар мен концерттер өтер, ішілер, желінер. Хәкім Абайдың мұрасын санамызға сіңіргіміз келсе қазіргі мерейтойларды атап өту форматын  өзгертуіміз қажет. Бөлінген миллиардтар құмға сіңген судай болмас үшін руханиятқа қатысты қандай шара ұйымдастырылса да ол болашақта үнемі нақты пайдасы бар стратегиялық жобаға айналуы керек. 

Ал жергілікті халыққа әлі күнге дейін үлкен мәселе болып отырған 40 жылға созылған Семей сынақ полигонының зардаптары. Атом қаруын сынаған  сынақ алаңының жабылғанына 30 жыл өтсе де сол аймақта тұрып жатқан халықтың денсаулық жағдайы өте төмен. Еңбек жасауға қабілетсіздігінен әлеуметтік жағы да мәз емес. Зейнеткерлікке шығуға жасы ғана емес ғұмыры жетпей өмірден өтіп жатқандары қаншама. Жұмыссыз азаматтарға жәрдемақы қарастырылмаған. Жарытып медициналық көмек те көріп отырған жоқ.

Семей полигонында жарылған 470 сынақтың жиынтық күші Жапондардың екі қаласына тасталған қос бомбадан (олардың күші 14 және 17 килотонна шамасында) 2500 есе қуаттырақ. 1992 жылы арнайы құрылған мемлекеттік комиссия Семей, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстары бойынша анықтаған деректерінде 1,5 миллионға тақау жан иесі атом қаруы жарылыстарының зардаптарын тартқандарға жатқызылды. Қазіргі таңда солардың жартысынан көбі өмірден өтіп кетті. 

42 жылға жалғасқан сынақтардан зардап шеккендер 5 топқа бөлінді. 1 топ – төтенше жағдайда зардап шеккендер (100 бэрден аса. Саржал, Долон, Бөденелі, Иса, Сарапан ауылдық округтерінің тұрғындары). 2 топ – радияция қаупі ең жоғарғы аймақта зардап шеккендер (35-100 бэр аралығында. Семей облысының Абай ауданы, бұрынғы Абыралы, Бесқарағай, Жаңасемей аудандары мен Павлодар облысының Май ауданына қарасты Ақжар және Молдар мекендерінің тұрғындары). 3 топ – көтеріңкі мөлшерде зардап шеккендер (7-35 бэр аралығында, Семей облысының Шұбартау, Аягөз, Жаңашүлбе, Бородулиха, Шар, Жарма аудандарының барлық елді мекендері, Семей мен Курчатов қалалаларының тұрғындары, Қарағанды облысының Егіндібұлақ, Қарқаралы, Павлодар облысының Май ауданы, Шығыс Қазақстан облысының Таврия, Глубокое, Шемонайха, Ұлан аудандары, Лениногор (Риддер) және Өскемен қаласы). 4 топ оқта-текте зардап шеккендер (0,1 – 7 бэр, Семей облысының Мақаншы, Үржар, Таскескен, Көкбекті, Ақсуат аудандары, Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының шеткері елді-мекендері, Шығыс Қазақстан облысының Зайсан және Тарбағатай аудандарының тұрғындары). 5 топ – ядролық жарылыстар салдарынан тұрмыстық-экологиялық жағдайының төмендеуіне байланысты көмек қажет ететін аймақ ретінде Павлодар облысының Баянауыл ауданының тұрғындары жатқызылды. 

1945 жылы Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбасының зардаптарын тартқан «хибакуся» (Жапония үкіметі қабылдаған заң бойынша атом сынағынан зардап шеккендердің атауы) өмірінің соңына дейін тегін емделеді, жылына төрт рет медициналық тексеруден өтеді, өмір сүруіне жеткілікті мөлшерде жәрдемақы алады. АҚШ Үкіметі Невада штатындағы сынақ алаңынан зардап шеккен тұрғындарға жылына 1 млрд доллар өтемақы төлеп, медициналық көмекті тегін көрсетіледі. Семей полигонына жақын ораласқан Ресей Федерациясының Алтай өлкесінің 31 ауданы мен қалаларының 1949 жылдан бері тұратын тұрғындарына өтемақы төлеп, зейнеткерлікке ерте шығарады, әлуметтік жеңілдіктермен медициналық көмекті тегін көрсетіп отыр.

Елімізде 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшуге байланысты, төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыздан бастап 1963 жылғы 5 шiлдеге дейiнгi кезеңде [10 жыл тұрып], сәулеленудің ең көп мөлшерін алған (осы жылдары ядролық жарылыстар жер үстінде жасалған) азаматтардың мерзімінен бұрын зейнетке шығу құқығынан басқа барлық жеңілдікті зейнетақылар жойылды», – деп жазылған.

Заңда 1949 жылғы тамыздың 29-ынан 1963 жылғы шілденің 5-і аралығында [төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарда] 10 жыл тұрған азаматтар: ерлер - 50 жастан, әйелдер 45 жастан зейнеткерлік төлем алуға құқылы деген бап бар. Осы баптың негізінде 1949 жылғы тамыздың 29-ынан 1953 жылғы шілденің 5-іне дейін (1963 жылғы шілденің 5-інен заңда көрсетілген 10 жылды төмендетіп отыр) туған азаматтар зейнеткерлік төлем алып отырды (4 мың теңге).  Ал 1953 жылғы шілденің 6-сынан бастап полигон жабылғанға дейін осында туған не тұрған азаматтар экологиялық зиянсыз аймақтардың зейнеткерлік жас мөлшерімен теңестірілген. Яғни 1953 жылғы шілденің 6-сынан кейін туған ер адамдар 63 жаста, әйел адамдар 58 жаста зейнетке шығатын болып бекітілген. Ал қазіргі зейнетақы туралы заң бойынша әйел адамдар өткен жылдан бері 6 ай сайын ұзартылып зейнеткерлікке шығып жатыр. 

Екі жыл бұрын зейнетақы туралы заңның 11-бабы «Төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған азаматтар» деп өзгертілді. Енді 1958 жылғы шілденің 6-сына дейін сол аймақта туып, тұрғандар да зейнетке ерте шығатын болды. Ал 1963 жылдың шілдесіне дейін әуеде және жер үстінде ядролық сынақтар жасалған.

1958 жылдың шілдесі мен 1963 жылдың шілдесі аралығында туған қанша азамат бар. Солардың барлығы қорғаусыз қалып отыр. Ауылдық жерлерде жұмыс жоқ, не зейнетақы ала алмайды. Осы аймақта тұратындарының басым көпшілігі  жүрек ауруынан, қатерлі ісік ауруымен ауырып жүргендер. Өмірден ерте өтіп жатқандары қаншама. Медициналық көмекті алу мүмкін емес жағдайда.

Сондықтан зейнетақы туралы заңның 11-бабы «Төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде туғандар мен кемінде 2 жыл тұрғандар 55 жастан бастап зейнетке шыға алады» – деген өзгерту енгізілсін. Сонымен қоса 1949 жылдан 1991 жыл аралығында полигон зардаптарын тартқан азаматтарға медициналық көмек, зейнеткерлік жасын төмендету мен жәрдемақы және бір реттік өтемақы мәселесі қайта қаралуы керек. Бұл азаматтарға ғана қатысты. Ал уланған топырақ пен суды, сынақ алаңын радияциялық қалдықтардан тазарту сынды экологиялық ауқымды жұмыстар да жасалмасы, ядролық жарылыстардың зардабын тарта береміз.

Ардақ Беркімбай

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347