Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 3842 3 пікір 11 Ақпан, 2020 сағат 10:27

Жаңа кризис, ескі әдіс

Президент Тоқаев Жамбыл облысы әкімі А.Мырзахметов пен Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевқа тапсырма беріп, облыс әкімі орынбасары, Қордай ауданы әкімі мен облыстық ішкі істер департаменті бастығын жұмыстан босатты. Билік тарапынан Қордайдағы трагедияға кінәлілерді анықтау мен жазалау осымен аяқталған сияқты. Мүмкін, ары кетсе, облыс әкімі қызметін ауыстырар.

Сондай-ақ жергілікті билік те жағдайды тұрақтандыруға тырысып жатыр. Қордайдағы дүнген және қазақ ақсақалдары мешітке бір-бірін асқа шақырып, кешірім сұрасып, мәселені шешуге уағдаласып жатыр. Бейбітшілікке ұмтылу жақсы, әрине.

Бірақ ХХІ ғасырдың жиырмасыншы жылында ақсақалдар институты ауыл тұрғындарының мәселесін шешетін панацея емес. Ақсақалдар институты біздің қоғам республикалық және капиталистік формаға көшкенге дейін өзінің тарихи миссиясын атқарды. Ал қазір ақсақалдар институты қазақстандық құқықтық-саяси жүйенің рудименті. Сондықтан ақсақалдар институты заң үстемдігін орнатуға бірден бір кедергі қоғамдық институт. Ақсақалдар институты жоқ дегенде НСОД секілді консультативтік орган деген ресми статусы да жоқ бейресми институт. Аймақтарда “кешірім сұрау” деген дәстүрлі практика арқылы сотқа жетуі тиіс талай қылмыстық істің (қыз ұрлау, зорлау, ұрлық-қарлық жасау, төбелес, кісі өлтіру) жетпей қалуына осы ақсақалдар институтының үлесі айтарлықтай. Сол арқылы ол қылмыскерлердің жауапкершіліктен оңай құтылып кетуіне, тіпті кейбірінің рецидивист болуына, азаматтардың бір-біріне деген қыжылының жылдап жиналуына, құқықтық сананың инфант деңгейде сақталып қалуына үлес қосып жатыр.

Одан бөлек ақсақалдар институтының қазіргі өкілдері қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді шешушіден гөрі жергілікті әкімдер мен бизнестің лоббиі қызметін көбірек атқарады. Сол себепті де ақсақалдар ауыл тұрғындарынан гөрі әкім мен қалталы бизнесмендердің сеніміне көбірек ие. Одан қалса ақсақалдардың басым көпшілігі этно- және руцентризммен ауырады. Осылайша, дәл қазір ақсақалдар институтының қоғамның құқықтық тұрғыдан жетілуіне пайдасынан зияны көбірек. Ауыл ақсақалдарына қылмыстық және этникалық мәселелерді реттеуде иек арту – биліктің жылдар бойы қалыптасқан әлеуметтік теңсіздік пен жаппай заңсыздықты облыс әкімі орынбасары мен полиция бастығын қызметінен алып тастау арқылы шешуге тырысумен тең іс-әрекет.

Ендеше, қайтпек керек?

Қордайдағы қанды төбелеске дейін облыс әкімінің орынбасары, кейін облыс әкімі мен полиция бастығы тұрғындармен кездесіп, оларды сабырға шақыра алмағаны назардан тыс қалды. Бұл не деген сөз? Бұл дегеніміз жұртқа өзі ашық әрі әділ сайлауда сайламаған, жоғарыдан тағайындалған легитимсіз биліктің сөзі өтпейді деген сөз. Сондықтан құқықтық әрі демократиялық ел болғымыз келсе, сайлау институтын қалыптастыруды тездетуіміз керек. Ол дегеніміз бала-бақша мен мектептегі ата-аналар кеңесі мүшелерінен бастап ауыл, аудан, қала, облыс әкімдерін, ауылдық кеңес, аудандық және облыстық мәслихат депутаттарын мажоритарлық жүйе бойынша сайлауға көшуіміз керек. Аудандық және облыстық мәслихаттағы депутаттық қызметті қоғамдық жұмыс деген категориядан шығарып, саяси мемлекеттік қызметкер категориясына қосу қажет.

Ең бастысы, ауыл кеңесі мен мәслихат депутаттарының әкімдер мен соттан тәуелсіз болуын қамтамасыз ету қажет. Мүмкін сонда ғана мемлекеттік органдарға азаматтардың сенімі артып, Қордайдағыдай трагедияның алдын алып, мәселені заң шеңберінде шешіп үйренеміз. Әйтпесе, әрбір жаңа трагедия мен кризисте ескі биліктің ескі әдістерін сынап, жырлап жүргеніміз жүрген.

Шалқар Нұрсейіттің әлеуметтік желідегі жазбасынан

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408