Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жазылған жайдың жалғасы... 5350 2 пікір 5 Наурыз, 2020 сағат 14:18

«Abai.kz» мақаласына Бас прокуратура мен «Нұр Отанның» жауабы...

Өткен айда Жамбыл облысының Қордай ауданында болған шетін оқиға қазақ қоғамын қап еткізгені белгілі. Ақпанның басындағы бұл оқиғаға күні бүгінге дейін тілі жетіп, сөзі табылғанның бәрі өзінше баға беруге тырысты. Үкіметтік комиссия құрылды. Жергілікті басшылық ауысты. Президент Тоқаевтың өзі келіп, істің мән-жайымен танысып кетті. Кінәлілер мен себеп-салдар анықталды. Материалдық шығын толықтай өтелетін болды. Бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінетіні хабарланды. Екі жақтың ақсақалдары ел-жұртты сабырға шақырып, қол алысты, кеуде қағысты. Бұл туралы БАҚ-та егжей-тегжейлі жазылды. Қайталап жатпайық.

Осыдан соң, «жәбірленуші» рөліндегі азаматтар Үкіметке дән риза болып, рахмет айтар, биліктің «бірлігі жарасқан көпұлтты мемлекет» ұранына шынайы үлес қосар деп үміттенген едік. Алайда әлеуметтік желіге Ань Хусай Дауров дейтін адамның Қытай билігіне қайрыла сөйлеп, қаржылай көмек сұраған үшбу хаты тарап кетті.

Әлеуметтік желідегі әлгі ақпарда хаттың авторы - Хусай Дауров деп көрсетіліпті. Бұл адам білдей Қазақстан халқы ассамблеясы, дүнген қауымдастығының басшысы екен. Дәл осы адам Қазақстан азаматы бола тұра, зар жылап шетелден, Қытайдан қаржылай көмек сұрапты. Анығын айтсақ, Хусай Дауровтың Қытайдан көмек сұрап жазған үшбу хаты әлеуметтік желілерге тарап кетті.

Осыдан соң, біз Қазақстанның Бас прокуратурасына, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, «Нұр Отан» партиясына қарата мақала жаздық. Журналист Қуаныш Қаппастың «Даудың басы Дауровтың хаты болып тұр...» атты мақаласын сайтымызда 10 мыңға жуық адам оқып, пікір жазды.

Онда әлгі әйдік болған хаттың авторы шын мәнінде Қазақстан азаматы Хусай Дауров па, әлде бұл арандатушылықтан туған әрекет пе, дедік. Егер Дауров шында әлгі хатты жазған болса, Қазақстан азаматының бөтен мемлекеттің билігінен қаржылай көмек сұрауы қаншалық заңды, дедік. Анық-қанығын құзырлы органдары анықтауы керек, дедік.

«Нұр Отанның» жауап хаты

Айтылған сөз аталған межеге жетті. Редакциямызға «Нұр Отан» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлімінен жауап хат келіп түсті.

«Нұр Отан» партиясы Дүнген қауымдастығының басшысы Ань Хусай Дауровтың іс-әрекеті туралы жазылған журналист Қуаныш Қаппастың мақаласын Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жолдап, аталған мәлесені қарап, нәтижесін хабарлауды сұрапты.

Бас прокуратураның хаты

Артынша ҚР Бас прокуратурасы, Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы Сапарбек Нұрпейісовтің хаты редакциямызға келді.

Онда «Қарау нәтижелері туралы өтініш иесіне (Қуаныш Қаппасқа) және «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөліміне заңмен белгіленген мерзімде хабарлауды сұраймыз», деп жазылған.

Түйін. Жаңағы жылап-сықтап, көмек сұраған хатты Хусай Дауров жазды ма? Біреуді нақақ айыптап, күйе жағу мақсатымыз емес. Әлеуметтік желідегі әртүрлі әңгіменің анық-қанығын құзырлы органдар анықтауы керек.  Не де болса, Қытайға қарата жазған бұл жазба ел тыныштығына мүдделі әрбір азаматтың көңіліне екіұдай ой салады.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543