Жексенбі, 24 Қараша 2024
Тамыр 3869 2 пікір 22 Наурыз, 2020 сағат 13:47

Әз Наурыз құтты болсын!

Мыңдаған жылдар бойы Алтай мен Атыраудың арасында қала салған, жібек жолы бойында сауда деңдерін соққан қазақ, ежелден табиғатпен етене байланыста болды. Қойын ұлы, жылқысын қызы бақты. Түнде ту құйрықты баққан отағасы жұлдыздармен сөйлесіп, аспанды толығымен меңгерген.

Астрономиялық білімдері ұшан-теңіз болған. Аспан білімдері арқылы ауа райын уағында бақылап, малдарын түрлі жаратылыстық апаттардан аман сақтады. Ата-бабаларымыз күнмен бірге күліп, түнмен бірге мұңайған.

Қазақтар планетаның бәрін жақсы біліп, темірқазықты қараңғы түнде жол бағдар компас еткен. Оның маңындағы екі жұлдызды ақбоз ат, көкбоз ат деп атады. Жетіқарақшы (жетіген, жеті қарт) түнгі мал күзетіндегі сағат болды. Меркуриййді қазақтар таңшолпан, не кіші шолпан деп атады. Юпитерді-есекқырған. Марсты-қызыл жұлдыз. Близнецтты-қос жұлдыз. Сириустты- сүмбіле деп атады. Ал Үркерге қарап жыл мен күнтізбесін ауыстырып отырған.

Үркердің аууына қарап, күн райының өзгерісін болжады. Әр айдағы үркер мен айдың тоғысқан күнін (тоғысты) қатты бақылаған. Сол күні ашық болса ай жайлы, ашық болады. Ал жауын-шашын болса, ай іші жауын-шашынды деп, малды қадағалап баққан.

Үркер жерге жақындағанда көктем келді деп, жыл ауысатын мезгілді білген. Үркер жерге түспей жер қызбайды деп, көктемгі егіс жұмыстарын да соған қарап белгілеген. Күннің ұзарып-қысқаруын өлең жырларына қосып: тоқсанда торғай адым, қаңтарда қарға адым, ақпанда ат адым, шілдеде шыл адым ұзарады деген.

Жылдың басы көктемгі күн мен түннің теңелуі болды. Жыл қайыру есебін он екі хайуанның атымен атады. Күн мен түн теңелген, көктемгі тоғысу 22 наурызды жаңа жыл басы болған. Адамға осы күні жас қосылады деп, қараған. Наурыз көже ішкенде «жаңа жасың құтты болсын» деп тілек айтқан.

Төрт мезгілге қарай көшіп-қонып мал баққан жұрттың бәрі аспанға қарап, жұлдызды танып, жыл басын білмеуі мүмкін. Сол себепті қазақтар ат байлайтын мама ағашты алмай, жұртына сол бойы қалдырып кететін. Соның көлеңкесіне белгі қою арқылы жаңа жылды білетін болған. Байырғы қаза дәстүрлі күнтізбені қолданған. Онда күн қайсы шоқ жұлдызының тұсында болса, сол шоқ жұлдызымен аталған. Мысалға: бүгін Руми (шамси) күнтізбесі 7 март (1435ж) болса. Хиджри күн тізбесінде 25 ережеп (1441ж). Милади күн тізбесінде 20 наурыз. Міне осындай айырмашылық бар. Батыс қазақтарында дәстүрге айналған көрісу күні осы марттың басында басталады. Осы күннен бастап, наурыз тойы бір айға жалғасады. Белгілі бір аймақтағы әр атаның балалары айдың тақ күндерін жеребе тастап, қыстан қалған сүріні қазанға салады. Тай қазанда көже қайнайды. Елді қонаққа шақырады, қатығын мол қосып, қыстай жеген еттен жиналған холестеринді ерітеді.

Жыл бойы ит тірлікпен ырылдасып, бірін-бірі ренжітіп алған ағайын-туыс, көрші-қолаң, (әйелдер өзінше, ерлер өзінше) төс соғыстырып, кеткен хақысын халал етеді. Адамдар арқа-жарқа құшақтасып, жылы жүздермен амандасқанда, ортадағы реніштері өшіп, күнәлар ағаш жапырағы жерге төгілгендей төгіледі. Солай жаңа жылды шат көңілмен, күнәсіз бастайды. Ол күні қатты айқайламайды, ешкімді ренжітпейді, әбес сөйлемейді, кір жумайды. Сапарға шықпаған. Қыстаудан малды көктеуге көшуді осыдан соң ауа райына қарап белгілеген.

Төс соғыстырудың маңыздылығы туралы мынадай әңгіме бар: бір елді мекеннің әкімі өте жемқор, халқына қатал болады, ондағы абыз ақсақалдар дұға жасайды, артынша әкім тағынан құлайды, орнына басқа әкім келеді, олда ақша, тақ, әйел үшеуінің азғыруына түседі. Аз өтпей тақуалардың дұғасы мен жылы орнынан кетеді. Жаңа келген әкім келе сала, халқына бір-бір жұмыртқа әкелуге пәрмен береді. Ертесі қайтадан алып кетіңдер дейді. Осыдан соң әкімге дұға өтпейді, ақсақалдар иманның дәмін ала алмай қиналады. Үлкен ғұламаға барып себебін сұрайды. Сендердің бір-бірлеріңе хақыларың өтіп кеткен, сондықтан дұғаларың қабыл болмайды. Сіздер жиналып төс соғыстырып, хақыларыңызды(ақыларыңызды) халал етіңіздер сонда бәрі орнына келеді дейді. Төс соғыстыру осыдан қалған деседі.

Наурызда жұмбақ айтыс жасайды, айтыс тақырыбы ел-жер амандығымен басталып, табиғат тану, астронмия(аспан әлемі, ауа райы, күн мен түн) білімі т.б күнделікті өмірге қажетті білімдер негізінде өрбиді.

Қыз-келіншектер жігіттеге көжемен қоса «ұйқы ашар» тамағын дайындаса, жігіттер жағы қыздарға кәде-сый тарту етеді. Үлкендерге «бел көтер» деп, қыстан қалған сүріні алдарына тартады. Кәрі жілікте қасиет бар деп сенген, оны қыстай жемей сақтап, қыстан аман-есен шықтық деп, көжеге қосып қайнатады. Үй иесі өзі жақсы көрген кісінің баласына береді. Оны қорасының маңдайшасына ұры-қарыдан қорғайды деп, іліп қоятын болған.

Мереке ат жарыс, палуан, теңге ілу, қыз қуар, жамбы ату, арқан тартыс сынды ұлттық ойындарға ұласады. Мықтыларға өз кәдесін берді.

Наурыз жыры ұлттық әдебиетіміздегі басты жанрдың бірі. Жыршылар ат үстінде алыстан толғап жырлайды, ақсақалдар өлеңдете бата, тілектерін төгеді.

Қаһары қатты қыста отын өшірмей, аман-есен шыққан жұрттың қуанышында шек болмайды. Жаңа жылға туралап қошқар күйегін есеппен ағытқандықтан алғашқы төл туылады. Төл басы жырға қосылады. Тәй-тәй басқан баланың тұсауы кесіліп, қозы шетіне шыққан балаға тана бау тағады. Оның әке-шешесі тойды тойға жалғайады. Қазақтың төл меркесі наурыздың отқа табынушылармен және басқада сенімдермен еш қатысы жоқ.(Бізде оттан секіру, от айналып жүру болмаған.) Тек ұзақ жылдық тұрмыстық қажет негізінде қалыптасып, жылы, жақсы күнге жеткенге шүкіршілік етіп, барын ортаға салып, ішіп- жеп қуанған. Солай мерекеге айналған. Тарихы өте
арыда.

VІІІ-ғасырда ислам діні қазақ даласына келді. Х-ғасырда Қарахан әулеті кезінде ресми елдің идеалогиясы ретінде ұстанды. Алтын орданың Өзбек ханы тұсында халқымыз асыл дінімізді толығымен қабылдады. Ал Наурыз сөзі болса бізге Қараханиттер кезеңінен бұрынғы парсы мәдениетінің өрлеуі кезеңінде сіңді, парысша нау-жаңа, руз-күн мағынасында. Наурыз ырыс, береке әкелетін күн деп айналымға енді.

***
Наурызға байланысты мынадай аңыз бар:

Нұх(ғ.а) пайғамбардың кемесі жөңкіліп топан судың үстінде келе жатты. Бір кезде тышқан ағаш кемені тесті, пайғамбар кеме қозғалғаннан бастап, Алланың уаһи еткен «Бисмилаһи мәжирақа, уа мурсақа, инна Раби лағафур рахим» деген дұғасын тоқтаусыз оқып отырды. Су кемеге кіре бастады, жылан құйрығын тесікке тығын етті, су тоқтады.

Жылан ақысы үшін ең тәтті қан ішкім келеді деді. Кеме ішіндегі тіршіліктердің қанының дәмін маса тексере бастады, енді болып жыланға жақындай бергенде қарылғаш, масаның тілін аса тездікпен жұлып тастады. Ол тек ызыңдап бірдеңе айтты, ең тәтті адам қаны екенін айтып түсіндіре алмады.

Жылан қайта-қайта құлағын тосты, түсінбеді. Сол кезде қарлығаш, бұл құрбақаның қаны тәтті деп тұр деп аудармашы болды. Пайғамбар дұғада отырды. Кеме іші нәжіске толды, сасыды, кенет піл толғатып, қара киікті (доңызды) туды, ол туыла сала тұмсығымен барлығын айнадай етіп сорып шықты. Тышқан тағы кеменің бір бұрышын тесуге жақындады, пайғамбар дұғада, кенет жолбарыс толғатып мысықты туды, ол дереу кеміргішті тырқырата қуып, бас салып ұстады, осылай кеме Қазығұрттың басына аман-есен қонды.

Қалған азықты Нұх пайғамбар бір қазанға салып, шүкір етіп ас берді. Наурыз көже содан қалған деседі.

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, науырыз құтты болсын! Ел аман, жұрт тыныш болсын! Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Нұрхалық Абдырақын

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1500
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5671