Жексенбі, 24 Қараша 2024
Естелік 3941 2 пікір 30 Наурыз, 2020 сағат 12:29

Ғаббас Қабышұлы. Сыр-ниет

Көпен Әмір-Бектің өзін көру – бірбасқа да, жұмсақ қырылмен көмкерілген күлкісін естіген сайын, әзіл-сықақ өлең-әңгімелерін оқыған сайын сонау бір жылдары «Лениншіл жас» гәзеті редакциясына тұңғыш әңгімесін апарып, өзі айтқандай, «білегі тоқпақтай» Оспанхан Әубәкіров ағасынан бата алған бозбала кейпін көз алдыңа келтіру – бірбасқа, егер келтіре алсаң.

Бүгін жасы 70-ке толған жуантық, е, иә, әу баста талшыбықтай болған Көпен қазақ сатирасының сардары болғалы қашан!. Баршға белгілі өмірбаянын, әзіл-сықаққа сықа толы шығармаларын шұбыртып айтуым артық болар, өйткені қаламы ілмеген тақырып жоқ. Проза мен поэзияның қырында да, ойында да ізі сайрап жатыр. 

«Білегі тоқпақтай» ұстазы, тағдырдың тізімімен бақиға тым ерте аттанып кеткен классигіміз – Оспанхан сүйкімді інісінің жасы 35-ке толғанда былай деген еді:

«Көзі шегір Көпен шәкіртіме

Жалғанда жалғыз Ер бар Көпен деген,
Адам жоқ мұның сөзін көтермеген.
Басын кесіп аламын біреу болса:
«Көпені Оспанханнан бөтен» деген!..
Бата беріп, аузына түкіргенмін,
Содан кейін Көпенім жөтелмеген».

Осекең Көпенді көргенде: «Такси көз Көпенім келе жатыр» деп мәз болатын. Ай-хай, Аға мен Інінің силастығы-ай!

Иә, Көпен содан бері жөтелген жоқ. Өйтуіне әсте болмайды да. Адамбеков Садықбек ағамыз Көпенді «Сайқымазақшы сары бала» деген. Ал қушыкеш Мырза Әли Қадыр ағасының:

«...Жүрмеңіздер шатасып,
Беріп кеткен батасын
Алдар көсе –
Көпеннің сегізінші атасы, - деп сүйіне сипаттаған сезімдерінің астарында: «Інімнің өмір жолы ұзақ болса екенІ» деген ізгі тілек жатқан-ды. 

Көпеннің өзіне өзі арнаған қағытпасында (пародиясында) Қожанасыр әпендімен рулас бола жаздағанын жазғаны бар. Егер жарық дүниеге Қожекең кешірек, немесе Көпен ертерек келсе, рулас қана емес, туысқан болулары да мүмкін еді. Әлде, онысыз-ақ, Қожанасыр – Көпеннің тоғызыншы атасы шығар, кім біледі. Көпеннің ізбасар інілері бұл мәселені Қадырша зерттеулері керек. Ал біз, ағалары, иншалла жазары әлі де көп Көпеннің жаңа туындыларын асыға күтіп, алдымызға келгенін апыл-ғұпыл бір оқып, асықпай екі оқып, екі езуімізге ие бола алмай отырайық!

Ғаббас Қабышұлы

Abai.kz 

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5566