Covid-19 туралы 10 қауесет
Елімізге коронавирустың келуімен қатар, ол туралы жалған ақпараттар да жылдам тарап кетті. Қазір әлеуметтік желілер мен чаттарда аталған індеттің қаупі, шығу тарихы және еміне байланысты түрлі қауесеттер толып жүр. Біз осы тұрғыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, коронавирусқа қатысты тараған мифтердің негізгілеріне тоқталдық.
1
«25ºС-тан жоғары температурада және -35ºС вирус жойылады»
Бұл вирустың таралуы ауа райының жылы-суықтығына байланысты емес. Мәселен, климаты ыстық ел Сауд Арабиясында вирусты жұқтырғандар саны 2,5 мыңнан асқан.
Ал адамның денесінің қалыпты температурасы 36,5-37ºС. Яғни, сыртқы ортада қандай температура болмасын, қар мен жаңбыр жауса да, адамның ішкі ағзасына әсер ете алмайды деген сөз.
Сондықтан қорғанудың ең жеңіл әрі тиімді жолы – қолымызды сабынмен жиі жуып жүру және мейлінше көзге, ауызға және мұрынға жуылмаған қолды тигізбеу екенін ұмытпаған жөн.
2
«Коронавирусты жұқтырмау үшін ыстық су ішу керек»
«Коронавирусты жұқтырмау үшін жиі ыстық су ішіп тұру керек. Сонда асқазанда вирус ыстықпен жойылып, тыныс алу жолдарына өтпейді» деген сыңайдағы хабарламалар тарады. Әдетте, дәрігерлер тұмау кезінде жиі су ішуге кеңес береді. Алайда ол вирусты жою үшін емес, ағзадағы су мөлшерін реттеуге керек.
ДДҰ мамандарының айтуынша, ыстық су ішу немесе ыстық суға түсу вирусты жеңуге және жұқтырудың алдын алуға көмектеспейді. Керісінше, тым ыстық су күйік тудырып, денсаулыққа басқаша зиян келтіруі мүмкін.
3
«COVID-19 жазылмайтын ауру»
Коронавирус инфекциясын жұқтырған адам өмір бойы вирусты тасымалдаушы болады дегенді білдірмейді. Ауырған адамдардың көпшілігі сауығып, вирус ағзадан шығарылуы мүмкін. Жұқтыру жағдайында симптомдарды ерте білген жөн: жөтеліп, дене қызуы көтеріліп, тыныс алуы қиындаса дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Елімізде азаматтар Денсаулық сақтау министрлігінің тәулік бойы жұмыс істейтін 1406, +7 7172 76 80 43 байланыс орталығына хабарласып, коронавирус инфекциясы және оның алдын алу шаралары мен симптомдары жайлы біле алады.
4
«Алкогольді ішімдік ішу коронавирустан қорғайды»
Алкогольді ішімдік COVID-19 вирусынан қорғамайды. Керісінше шамадан тыс тұтыну денсаулыққа өте зиян екенін естен шығармаған жөн.
5
«Бүкіл денені этанолмен немесе хлорлы әк ерітіндісімен сүрту коронавирусты жояды»
Бүкіл денені спиртпен немесе хлорлы әк ерітіндісімен сүрту ағзаға кірген вирустарды жоймайды. Мұндай заттар дезинфекция үшін тиімді құрал саналғанымен, киімге немесе денедегі шырышты (көздің, ауыз қуысының) қабықтарға шашыраса, белгілі деңгейде залалын тигізеді. Сондықтан берілген нұсқаулық пен ережелерді сақтай отырып пайдалану қажет.
6
«Сарымсақ пен зімбір коронавирус инфекциясын өзіне сіңіріп, өлтіреді»
Сарымсақ – микробтарға қарсы белгілі бір әсері бар пайдалы өнім. Дегенмен, аталған жағдайда сарымсақ қолданудың тиімділігі расталған жоқ.
Ал зімбірге қатысты жалған ақпарат бізге ғана емес дүниежүзіне тарап кетті. Тіпті елімізде зімбірдің бағасы шарықтап, кей сауда орталықтары мен азық-түлік дүкендерінде таусылып қалған еді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) COVID-19 инфекциясын емдеудегі зімбірдің тиімділігіне сенбеуге шақырды. Бұл туралы 1 сәуір күні өткен брифингте Денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар жөніндегі бағдарламаның директоры Майкл Райан мәлімдеді.
7
«Мұрынды сабынды сумен жуу коронавирустан қорғайды»
WhatsApp чаттарында белсенді таралып жатқан әңгімелердің төркіні бойынша, КСРО-ның бас санитар дәрігері Петр Бургасов «осылай» айтқан. Хабарламаға сенсек, 90 жыл өмір сүрген академикке аса қауіпті инфекциялармен жұмыс істесе де, тұмау мен жедел респираторлы аурулар мүлде жұқпаған.
Мұрынды тазалау – тұмау мен ЖРА кезінде дәрігерлер ұсынатын шаралардың біріне жатады. Тазалау тәсілі арнайы санитарлық нұсқаулықтарда көрсетіледі. Алайда мұрынды сабынды сумен тазалауға болмайды. Өйткені ол мұрынның шырышты қабығын құрғатып жіберетіндіктен, қабық әлсіреп, қорғаныш қызметін дұрыс атқара алмайды.
8
«Вакцина бар, бірақ ол туралы ақпарат жасырылған»
Соvid-19-дан қорғайтын вакцина қазіргі уақытта жоқ. Биыл қаңтар айында денсаулық сақтау саласының ғалымдары мен сарапшыларының көбі «вакцинаны әзірлеу үшін ең қарапайым есептеулер бойынша кемінде үш ай кетеді, ал оны клиникалық практикада пайдалану шамамен бір жылдан кейін мүмкін болады» деп түсіндірді. Вакцина жұмысын әлемнің түрлі елдерінен бірнеше фармокомпания жүргізеді.
Бүгінде АҚШ-та жаңа препараттың клиникалық сынақтарының бірінші кезеңі басталды: mRNA-1273 деп аталатын вакцинаның алғашқы екпесін дені сау 45 ерікті алған. Препаратты жасаушылардың айтуынша, клиникада қолдануға әлі ерте, тек бір-бір жарым жылдан кейін мүмкін болады. https://esquire.ru/articles/164083-4-mifa-o-koronaviruse-pro-kotorye-nuzhno-zabyt-nemedlenno/#part3
9
«Коронавирусты тек егде жастағылар жұқтырады»
Коронавирусты балалар да, егде адамдар да, орта жастағылар да жұқтыруы мүмкін. Алайда жас мөлшері айтарлықтай маңызды рөлге ие. Мыңдаған аурулар арасында 10 жастан кіші балалар саны 1%-дан кем болып шыққан. ДДҰ сарапшылары «Қарттар мен жүрегі сырқат, демікпе, диабетпен ауыратындардың коронавирусты жұқтыру қаупі жоғары» деп көрсеткен.
10
«Бетпердемен (маска) жүрсе, ешқандай қауіп жоқ»
Қазір киіп жүрген медициналық (хирургиялық) бетперделер тек вирустың ағзаға кіруіне кедергі жасайды. Яғни түшкіру, әңгімелесу, жөтелу кезінде сілекей тамшыларынан қорғайды. Оларды сағат сайын, ең көп дегенде 2 сағаттан кейін ауыстырып отыру керек. Бетперде науқас пен сау адамның екеуі де киген кезде вирусқа тосқауыл болады. Алайда оның ешқандай түрі коронавирустан (медициналық, респираторлы) 100% қорғай алмайды.
Түйін. Ақпан айының ортасында өткен коронавирусқа арналған конференциялардың бірінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус: «Біз тек індетпен емес, инфодемиямен де күресеміз. Өйткені жалған ақпарат вирустың өзіне қарағанда жылдам әрі оңай таралады және қаупі де кем емес», - деген еді. Расымен де жалған ақпаратқа сеніп, опық жеп жатқандар жетерлік.
Бүгінде дүниежүзі бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 1 млн 300 мыңнан, ал қайтыс болғандар 73 мыңнан асты. Сондықтан карантин талаптарын орындап, Covid-19-дан сақтану формуласын (2 апта барынша оқшаулану, адамдардан кемінде 2 метр алшақ жүру, 2 адаммен ғана қарым-қатынаста болу) есте ұстайық.
Әзірлеген Рамина Чакирбаева
Abai.kz