Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 14766 30 пікір 18 Сәуір, 2020 сағат 13:29

Сыртымнан хат дайындаған кім?

Айналайын, ағайын!

Мына бір сөзіме құлақ асқандарыңыз жөн. Мен ардагер спортшымын. Мені қазақ халқы Олимпиада чемпионы деп құрметтейді. Халықтың осындай құрметіне бөлену үшін мен талай жыл боз кілемде тер төктім. Сан мәрте жарақат алып, қиналған күндерім көп болды. Бірақ, мен оған мойымадым. Аяқтан шалып, қыспаққа алған кездерді де бастан өткердім. Осындай қиыншылықта жүріп, мен елімнің атын шығардым. Міне, менің бар ерлігім осы. Үлкен спорттан кейін мен мал шаруашылығымен айналысып келемін. Еліме қандай да болса, бір пайдам тисін деген жалғыз ойым. Кәсіп ашып, елге жұмыс беру, сол табыстың бір бөлігін халыққа бөліп беру. Ауылды жерге қандай қолдау білдіріп отырғынымды, оны өздеріңіз де білесіздер.

Мен істегенімді айтайын деп отырғаным жоқ. Мені толғандыратын бір мәселе. Менің атымды жамылып, мен білмейтін іске араластыру. Саясатқа мені араластырып, Президентке ашық хат жазғандардың тізіміне менің де аты жөнімді қосып қойыпты. Мен бұл іске мүлде қатысым жоқ. Бұл ашық хат ұйымдастырғандарды мүлде танымаймын. Менің рұқсатымсыз сыртымнан қосып жіберу нағыз арандатушылық. Егер қаттырақ айтар болсам, бұл нағыз қылмысқа жатады.

Айналайын ағайын, мен мына иентернет деген жүйені толық түсінбейтін адаммын. Мен жастайымнан газет оқып өскен жанның бірімін. Әлі күнге дейін қолымнан газет түскен емес. Ал мына «Фейсбук» деген желіге Хали Бекет деген азамат жариялапты. Бұл сол хаттың авторы ма? Оны да анық түсіне алмадым. Мұны мен балаларымнан білдім. Бұл хатты дайындаған кім? Неге меннен рұқсат сұрамайды. Әр іске менің атымды жапсыра беретін болсаңыздар, менің Жақсылық деген атымнан не қасиет қалды?! Саясатпен мүлде араласпайтын адамды апарып, ашық хаттың түбіне тіркей салғандарың дұрыс деп санамаймын. Менің өз ұстанымым, өзіндік кәсібім бар. Оның сыртында спортта жүрген іні-қарындастарыма ақыл кеңесімді айтып, батамды беріп жүремін. Қиналып жатқан жері болса, қол ұшымды созып, болысып жүремін. Міне, менің кәсібім. Қартайған шағымда ақсақалдық қасиетімнен айырылғым келмейді. Менің өтінішім, мұндай іске мені араластырмаңыздар, сыртымнан тоң пішіп, босқа арам тер болмағандарыңыз абзал. Ең бастысы менің арым таза, ешкімнің алдында арызданып барған емеспін. Сондықтан, бұл іске мені қоспағандарыңыз жөн. Қайталап айтамын, мұндай істің қайталанбауын өтінемін!

Жақсылық Үшкемпіров,

ҚР Еңбек ері, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы.

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5659