Жұма, 29 Наурыз 2024
Ақмылтық 4328 23 пікір 29 Сәуір, 2020 сағат 19:02

Жовтисті тыңдасақ жолда қаламыз...

Халықаралық Адам құқы мен заңдылықтарды сақтау бюросы басшысына Қазақ Елінің де өз құқықтары мен заңдылықтары бар екенін ескертеміз!..

Қазір елдің көбісінің елеңдеп күтіп отырғаны Қазақстандағы саяси митингілер туралы заң жобасы. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында көтеріліп, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің алғашқы отырысында қолдау тапқан бұл заң Парламент Мәжілісінде қабылданды. Енді қазір Сенатта талқыланып жатыр.

Аты айқайлап тұрған бұл заң жобасы туралы әлеуметтік желіде айтпай қалған адам аз - түрлі пікірлер толып жүр. Саяси митингілерді қашып-пысып, түкпір-түкпірде тығылып өткізіп келген елде енді тек онлайн ескертумен ғана қаланың орталық алаңдарында митингі өткізуге рұқсат берген бұл заң Қазақстанның демократиялық дамуы жолындағы игі қадам екені анық.

Бірақ Қазақстан билігі не істесе де, қандай заң қабылдаса да, қарсы шығудың өзін "заңға" айналдырып алғандар да өз миссияларын орындап қалуда.
Таяуда құқыққорғаушы, Қазақстандағы Халықаралық Адам құқықтары мен заңдылықтарды сақтау бюросының директоры Евгений Жовтистің өзінің фейсбук парақшасында Саяси митингілер туралы заң жобасын сынаған пікірін көзім шалып қалды.

Иә, сонымен Евекең не дейді десеңші?!.

Ең алдымен менің күмәнімді оятқан мәселе - Жовтис мырзаның шетелдік сарапшылардың пікірлерін алдыға тартып, Қазақстанда шетелдіктер мен азаматтығы жоқтарға да митингіге шығуға рұқсат беру керек деген талабы.

Евгений Жовтис мырза өзі заңгер болғандықтан біз де алдымен заңға жүгінейік. Әрине, Жовтис секілді өзге елдің, Ұлыбританияның заңына емес, өзіміз өмір сүріп жатқан Қазақстанның Конституциясын қарайық. Атазаңымыздың 32 бабында "Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы" деп, тайға таңба басқандай жазулы тұр екі тілде де. Конституцияны қайта қарап шығыңыз Жовтис мырза, "Қазақстан Республикасының азаматтары" деп тұр мұнда, "шетелдіктер мен азаматтығы жоқтар" деп тұрған жоқ.

Жыланның ізін көріп, інін білетін Евекеңнің Конституцияның қай бабына қарай қисайып отырғанын да сезуге болады. Ол Конституцияның 12 бабы, 4-ші тармағындағы: "Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттер атқарады"-дегенге жабысып отырған болуы керек шамасы. Анықтап қарасаңыз, бұнда да "Конституцияда, заңдарда өзгеше көзделмесе"-деп жазулы тұр, Евеке! Ал Конституцияның 32-ші бабында не көзделгенін жоғарыда айтып өттік.

Ал Саяси митингіге шетелдіктер мен азаматтығы жоқтардың қатысу құқы жоқтығының заңдылығын заңгер мырзаға көзге шұқып көрсеттік. Енді бұның Қазақ мемлекетінің Тәуелсіздігіне төнер қатері де жеткіліктігі туралы да бір-екі ауыз айта кетейік.

Шетелдіктерге митинг өткізуге рұқсат беретін болсақ, ертең, мысалы АҚШ-тың Үкіметтік емес ұйымдарына байланысты шетелдіктер көшеге шығуы мүмкін. Қытайлықтар жер сұрап, Ресейліктер солтүстікке көз алартып, шетелдіктердің мүддесін қорғаған митинг болса, не істейміз? Мемлекеттік органдар оларға жауап беруге міндетті болады. Біздің елде... митингіге шыққан азаматтарының мүддесін қорғаған Қытай, Ресей, Америка үкіметтері қысым көрсете бастаса, оларға жовтистер жауап бере ме?

Әрине, Евгений Жовтис өзін қаржыландырып отырған шетелдің жырын айтып отырғанын түсінеміз. Бірақ Халықаралық Адам құқы мен заңдылықтарды сақтау бюросы басшысына Қазақ Елінің де өз құқықтары мен заңдылықтары бар екенін ескертеміз. Яғни, қайдан қаржы алса, сол елдің, қай тілде сөйлесе сол тілдегі елдің мүддесін қорғағыш Жовтистерге еріп, жолда қалатын жағдайымыз жоқ.

Қазақстанда ішкі саяси және қоғамдық мәселелерді шешуге тек қазақстандықтар ғана құқылы болуы керек!

Қазыбек Иса,

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3558