Тоқаев: Коронавируспен күрес шараларына 6 трлн. теңге жұмсалды
Қазақстан Президенті COVID-19 пандемиясымен күрес шаралары жөнінде ТАСС бас директорының бірінші орынбасары Михаил Гусманға эксклюзивті сұхбат берді.
Президенттің айтуынша, бұл бағыттағы шараларға мемлекет 5 жарым, тіпті шамамен 6 трлн теңге жұмсаған.
-Жалпы, біз қабылдаған шараларға мемлекет бес жарым, тіпті шамамен 6 триллион теңге шығындады – бұл 13 миллиард доллар немесе жалпы ішкі өнімнің 8 пайыздан астам көлемі. Яғни, тағы қайталап айтамын, бұл бұрын-соңды болмаған, шұғыл әрекет етуді қажет еткен шаралар.
Бұл шараларды мақсатты түрде қолға алдық, әрине, ертең сын-ескертпелер болуы мүмкін, мәселен ақшаны желге шашты дегендей. Бірақ мен, ең алдымен, бұл жағдайда біздің азаматтарымыздың өмірі мен әл-ауқаты үшін аянбай күресуіміз керек деп санаймын, – деді ол.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 4298 адамға жетті. 1299 адам жазылып шығып, 29 адам қайтыс болған.
Abai.kz