Біз балаларға бағдар берудің орнына, отчет үшін жұмыс істеп жатырмыз
Балаларға жеңіс туралы өлең жаттатып немесе соғысқа қатысқан ата-бабасы туралы айтқызып, видео түсіргеннен кімге қандай пайда бар? “Мұндай видеолар арқылы біз балаларға тәрбие беріп жатырмыз” дейтін шығарсыздар. Бірақ қандай тәрбие? 10 жылдан кейін, тіпті 5 жылдан кейін сол жаттаған өлеңнің, түсірген видеоңыздың балаға мүлдем қажеті жоқ екенін түсінесіз бе? Оданда балаларды неге ғылымға, өнер табуға қызықтырмаймыз?
Өткенде Зайсанда бір оқушы істемей қалған тоңазытқыштан инкубатор жасапты. Керемет емес пе?! Неге осыдан челлендж жасамаймыз? Инкубатор жасаған бала: “Мен карантин кезінде мынандай дүние ойлап таптым. Осыны ауданның басқа оқушыларына жолдаймын”, десе, біз, мұғалімдер, түкке керегі жоқ видео жасап уақыт кетіргенше, оқушыларымызбен жаңағы челленджді жалғастырсақ, нағыз, тәрбие жұмысы болар еді.
Ол видеолардан маған келіп-кетер пайда да, зиян да жоқ. Бірақ тәрбие жұмысымен арасындағы байланысты түсіне алмай отырмын. Жалпы, өлең жаттатып немесе сыныптың оқушыларының фотосынан слайд жасау, еще оған “біз біргеміз”, “мен үйдемін” деген ұрандарды қосу балаға азық бола ма? Әрине, жоқ! Ұрандарыңды бала түсінбейді де!
Елдің балалары марсқа ұшуды ойлап жүрсе, біз жүрміз әлі өлең жаттатып, слайд жасап. Соған кеткен есіл уақыт-ай.... Мұндай “креативті” идея кімдікі екен?
“Өткенді ұмытсаң, болашақ саған тас атады” деген сөз бар еді ғой. Болашақ бізге шынымен тас атады және бетімізге түкіреді. Оған толық хақысы бар. Өйткені біз оларға бағдар берудің орнына, отчет үшін жұмыс істеп жатырмыз.
Гүлден Сайранованың әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz