Ресейде соңғы аптада Мәскеу және Санкт-Петербург ауруханаларында екі рет өрт шықты. Нәтижесінде COVID-19 вирусымен ауырып жатқан алты науқас қайтыс болған. Алдын ала болжам бойынша, "Авента-М" аппаратындағы сымның тұйықталуы өртке себепші болған.
Қауіпсіздік мақсатында Нью-Йорк және Нью-Джерси штаттарының билігі ресейлік аппараттарды FEMA-ға қайтарып жатыр.
"Авента-М" жасанды тыныс алу аппараттары Орал құрал жасау зауытында шығарылады. FEMA өкілі құрылғылардың АҚШ-қа сәуір айының басында әкелінгенін растады.
Ресейлік зауыттың құрамына кіретін радиоэлектронды технологиялар концерні "Авента-М" аппараттары барлық сынақтан өткенін хабарлайды. Бірақ бүгінде бұл аппараттардың АҚШ-қа қалай әкелінгені сұрақ туғызып отыр. Себебі аталған концерн АҚШ санкциясының тізімінде.
Кремль бұл құрылғылар өзге медициналық жабдықтармен гуманитарлық көмек ретінде жіберілгенін айтады. Бірақ белгілі болғандай, АҚШ бұл жүктер үшін үлкен сомада ақша төлеген.
Abai.kz