Қазақ тіліндегі 422 қатеге қатысты министрлік жауабы
Күні кеше ғана ҚР Парламенті Сенаты «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасын Мәжілістің қарауына қайта жібергені ақпаратта жария болды.
Сенаттың аталған заң жобасына жауапты депутаты Сәрсенбай Еңсегенов өз баяндамасында 6 бапқа байланысты 16 ұсыныс айтқан. Ал депутаттардың барлығы дерлік бұл ұсыныстарды қолдаған.
Сондай-ақ, заң жобасының қазақ тіліндегі мәтінінен 422 қате жіберілгені айтылды.
Бүгін заң жобасын әзірлеуші ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» және «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының қазақша мәтініндегі грамматикалық қателіктерге қатысты түсініктеме беріп, ресми жауап жолдапты.
Сонымен министрлік жауабы:
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бейбіт жиналыстар туралы заң жобаларының мәтінінде кездесетін қателіктер туралы түсініктеме бергісі келеді.
Қазақстан Республикасының «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңында және заң жобалау жұмысын ұйымдастыру қағидаларында заң жобаларын әзірлеу кезінде сақталатын нақты ережелер қарастырылған.
Міндетті талаптардың бірі - заң жобаларын ғылыми-лингвистикалық сараптау.
Бұл жағдайлар бейбіт жиналыстар туралы заң жобаларын әзірлеу кезінде ескерілді, заң жобаларының мәтіні Парламентте талқылануға дейін екі рет қажетті тексерулер мен лингвистикалық сараптамадан өтті. Ғылыми-лингвистикалық тексерулер нәтижелері бойынша барлық ескертулер ескеріліп, қателер түзетілді.
Заң жобалары Парламентке ұсынылған кезде оларға ілеспе құжаттар, оның ішінде ғылыми-лингвистикалық сараптама қорытындылары қоса беріледі.
Анықталған қателіктер туралы ақпарат бейбіт жиналыстар туралы заң жобаларының бастапқы нұсқасына қатысты, заң жобалары Парламентке жіберілгенге дейін бұл қателер жойылды.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі
Abai.kz