Сенбі, 23 Қараша 2024
4184 4 пікір 15 Мамыр, 2020 сағат 16:36

Шетелдегі қандастарға қазақ тілі үйретіледі

15 мамыр шетелдегі қандастарға қазақ тілін оқыту жобасы қорытындыланып, болашақтағы жұмыс жоспары талқыланды. Жиынға «Отандастар қорының» вице-президенті Мағауия Сарбасов, «Отандастар қоры» президентінің кеңесшісі Дидар Болат, қордың білім бағыты бойынша қызметкері Нұрымжан Қасымұлы, «Зерделі ақыл-ой дамыту орталығының» директоры Өжет Мәуіт және білім орталығының қызметкерлері қатысты.  Бұл туралы «Отандастар қорының» баспасөз қызметі хабарлады. 

Ана тілімізді алыстағы ағайынға оқыту сабақтары ақпан айының басынан басталды. Шетелде тұратын Иран, Түркия, АҚШ, Ресей, Еуропа елдеріндегі 700-ден астам қандасымыз қазақ тілін үйрету курсына белсене қатысқан. 12 маманның қатысуымен аптасына 3 күн өтетін қазақ тілі курсына арнайы әдістеме де әзірленген. Әдістеме аясында сөз жаттау, сөйлем құрау, сұрақ-жауап, әңгімелеу әдістері қолданылады. 

– Teams трансляция форматында 180 студиялық сабақ өткізілді. Оқу бағдарламасына әліпбиден бастап, әр сабақта қазақ тілі грамматикасы, морфологиясы қамтылып, тіл үйренушілерге базалық жаңа сөздер үйретілді. Жаңа тақырып өтілгеннен кейін, бекіту тапсырмалары беріледі. Қатысушылардың жауаптары тыңдалып, талқыланады. Қандастарға түсінікті болу үшін, тапсырмалар мен жаңа сөздер қазақ, орыс, ағылшын және парсы тіліне аударылды. Әр 4 сабақтан кейін, тақырыпты бекіту мақсатында шығармашылық жұмыстар берілді, - дейді «Зерделі ақыл-ой дамыту орталығының» директоры Өжет Мәуіт. 

Сабақ өтілетін күні WhatsApp және Telegram әлеуметтік желілері арқылы сілтеме мен хабарландыру жіберіліп отырады. Әр елден 17 жеке WhatsApp топтары құрылып, тыңдармандардың сұрақтарына жауап береді. Онлайн трансляция бейнежазбаға жазылып, «Otandastar channel» YouTube арнасына жүктеліп отырды. Осы күнге дейін өткізілген 22 бейнесабақ жүктелген. Курс уақыты әр елдің сағаттық белдеуіне байланысты таңғы және кешкі уақытта күніне 4 рет өткізіледі.  

– Курс уақыты күніне 4 рет өткізілетіндіктен бір сабаққа үлгермеген талапкерлер келесі сабаққа қатысуға мүмкіндік алды. Және YouTube арнасындағы бейнесабақтар да қол жетімді. Дүниежүзіне тараған жұқпалы коронавирус дерті дендеп енген уақытта да, тіл курсы тоқтаған жоқ. Қандастарымыздың ана тілін үйреніп және карантин режимі кезінде уақытын тиімді пайдалануына зор мүмкіндік жасалды. Еңбектеріңізге жеміс тілеймін, - деді «Отандастар қорының» вице-президенті Мағауия Сарбасов.

Жиын соңында қазақ тілін үйрету курсына қатысушылардан тест алу, курсты аяқтаған азаматтарға сертификат тапсыру мәселелері пысықталды. Мұғалімдер тарапынан биылғы жылғы тәжірибеге сүйене отырып тіл курсын (бастапқы, орташа, жоғарғы)  деңгейлеп оқыту жоспары ұсынылды. Қазақ тілін үйренуге ниетті қандастардың сұранысына қарай жаз маусымы мен тіл курсының келесі семестр өткізу жобасы талқыланды. 

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5529