Жұма, 26 Сәуір 2024
2536 9 пікір 20 Мамыр, 2020 сағат 13:04

«Nur Suńqar»: Журналистер байқауына өтінімдер қабылдау басталды

«Nur Otan» партиясы журналистер арасында жыл сайын өтетін «Nur Suńqar» республикалық байқауының басталғанын хабарлайды.

Қазіргі таңда «Nur Suńqar» сыйлығы – қазақстандық журналистердің ең үздік шығармаларына берілетін отандық медиа саласындағы беделді марапаттардың бірі. Сыйлық отандық БАҚ пен журналистиканың дамуына серпін беруді көздейді.

Байқауға еліміздің қоғамдық-саяси тақырыптағы, экономикалық, рухани жаңғыру және партияның бағдарламалық құжаттары мен жобаларын іске асыруға арналған, сондай-ақ партия мен оның Көшбасшысы
Н.Ә. Назарбаевтың қызметі жайлы материалдар қабылданады.

Байқау шарты бойынша 2019 жылдың 1 қыркүйегі мен 2020 жылдың
18 маусымы аралығында жарық көрген әртүрлі жанрдағы: очерк, сұхбат, мақала, теле және радиохабар, журналистік зерттеу материалдары қабылданады.

Байқау жұмыстары мемлекеттік және орыс тілінде тапсырылады. Өтініштер 2020 жылдың 19 мамыры мен 18 маусымы аралығында Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 23:00-ге дейін қабылданады.

Жеңімпаздар 9 аталым бойынша анықталады:

  • «Телевизия үздігі» – үздік телевизиялық журналист;
  • «Ұшқыр қалам» – үздік газет журналисі;
  • «Үнжария» – радионың үздік журналисі;
  • «QazNet үздігі» – интернет басылымның үздік журналисі»;
  • «Партияның «қайта жандануы» бойынша үздік материал»;
  • «Елбасы салған сара жол» – Елбасы қызметін үздік жарыққа шығарғаны үшін;
  • «Блогосфера үздігі» – әлеуметтік желідегі үздік жарияланым;
  • «Алғы шеп» – Төтенше жағдайды жария ету бойынша қажырлы еңбегі үшін;
  • «Біз біргеміз» – волонтерлік жұмыс туралы үздік жарияланым;

Жеңімпаздар Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында марапатталады. Байқау жеңімпаздарына ақшалай жүлде мен бағалы сыйлықтар табысталады. 

Байқау ережесімен партияның сайтынан танысуға болады. Ал материалдарды ұйымдастыру комитетінің электронды поштасына жолдай аласыз. Байқаудың шарттары туралы мәліметтерді мына сілтемеден таба аласыздар.

Abai.kz  

9 пікір