Сенбі, 23 Қараша 2024
2731 0 пікір 4 Маусым, 2020 сағат 12:08

Мемлекеттік рәміздер күніне орай бірқатар шаралар ұйымдастырылды

Бүгін Мемлекеттік рәміздер күніне орай Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бірқатар шаралар ұйымдастырылды,-деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елордада мерекеге  орай салтанатты автошеру басталды.

«Бүгін мемлекеттік рәміздерімізге 28 жыл толып отыр. Осынау мерекеге орай салтанатты автошеру өткізуді жөн көрдік. Бұл шараның басты мақсаты - ұлттық құндылықтарымызға балайтын рәміздерімізге деген сүйіспеншілік сезімді ояту. Ол бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашы кезеңде 28 автомобиль мен 28 мотоциклдің қатысуымен 28 шақырымдық шеру болады», - деді шеру басталар алдында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Нұр-Сұлтан қалалық жастар мәселелері басқармасының «Астана жастары» КММ басшысының орынбасары Аян Ерментаев.

Шеруге қатысушылардың барлығы қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген және оларға карантин режимі ережелерін сақтау бойынша нұсқаулық берілген.

Ал, Алматыда көптеген нысандар рәміздер күніне орай безендірілген.

Қалалық Мәдениет басқармасы мерекеге байланысты қаланың 8 ауданында түрлі мәдени шаралар ұйымдастырған.

Атап айтқанда, бүгін Рысқұлов пен Әшімов көшелерінің қиылысынан бастап байкерлер әнұранды шырқап, Рысқұлов-Момышұлы-Мөңке би- Саин көшелерін аралап келіп «Алматы Арена» жанына тоқтайды.

Сондай-ақ, әр аудандағы тұрғын үй кешендерінде Қазақстан Республикасының туы көтеріліп, әнұран шырқалады.

Одан бөлек, түрлі ұлт өкілдері мен мамандық иелері арасында мемлекеттік әнұранның онлайн флешмобы өтеді.

Бүгін Достық даңғылында Қазақстан қонақ үйінде «Менің туым» мемлекеттік акциясы жоспарланған.

Кешкі 16:00 шамасында Абай көшесінде Мемлекеттік туды көтерген автошеру өтеді.

Сонымен қатар, «Премьера» ТК, «Шұғыла» шағын ауданында тұрғындар салтанатты түрде әнұранды орындайды.

Сондай-ақ бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Twitter -дегі парақшасында қала тұрғындары мен қонақтарын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.

«Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын! Барлық қиындықты бірге еңсеріп, қуанышқа себеп көп болсын. Туған қаламыз бен Отанға деген махаббатымызды өнегелі істеріміз және қол жеткізген биік жетістіктеріміз арқылы көрсетейік», - деп атап өтті әкім.

Айта кету керек, осыдан тура 28 жыл бұрын, нақты айтқанда 1992 жылдың 4 маусымында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңдарға қол қойған еді.

Ал «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351