Сенбі, 23 Қараша 2024
6449 12 пікір 5 Маусым, 2020 сағат 11:52

Праймериз - білікті депутат таңдаудың таптырмас тәсілі

Бүгін «Nur Otan» партиясы «Праймериз туралы» ережесін жариялады.

Аталған «Ережеде» праймеризге «Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне және барлық деңгейдегі мәслихаттарға депутаттыққа, партияның, филиалдарының органдарына кандидаттарды ұсынуға және мемлекеттік органдардағы лауазымдарға ұсыным жасауға арналған партиялық тізімдерге одан әрі енгізу үшін алдын ала партияішілік іріктеу;» деген анықтама беріліпті.

Демек, Партия алда келе жатқан Мәжіліс және барлық деңгейдегі сайлауға түскісі келетін азаматтарды осы праймериз арқылы іріктейтін болады.
Праймериз Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет өткелі отыр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Парламенттік оппозиция туралы» заң жобасының Парламентте бірауыздан мақұлданғанын ескерсек, болашақ депутаттарды праймериз арқылы іркітеудің тіпті де маңызы екеніне көз жеткізе түсеміз.
Бұл – Елімізде жүргізіліп жатқан Саяси реформаның тағы бір жарқын қадамы. Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға білікті депутат таңдаудың таптырмас тәслі. Заң шығарушы органға кілең тұлғалар мен тәжірбиелі мамандардың келуіне кең жол ашады.

Бір кереметі, аталған «Ережеде» партиялық және әлеуметтік топтар бойынша квота да қарастырылыпты.

Партиялық квотаға партияның белсенді, танымал, партияда көпжылдық еңбек өтілі бар, партиялықтар арасында беделді және халықтың сенімі білдірілетін, кәсіби қызметінде және қоғамдық өмірінде жетістіктері бар партия мүшелерінің қатарынан кандидаттар қосылады екен.

Ал, әлеуметтік топтарға арналған квотаның ішінде көпбалалы аналардың, ҚАНДАСТАРДЫҢ, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың және басқа да әлеуметтік топтардың өкілдері сайлаушылардың өңірлік құрылымына сәйкес енгізілуі мүмкін екені айтылыпты.

Өткен жылы 25 қарашада Елбасы «Nur Otan» партиясының өңірлік филиалдарының өкілдерімен кездескенде «Әрбір мәслихаттың сайлауалды партиялық тізіміне халықтың түрлі санатының өкілдері, отанына оралған ҚАНДАСТАРЫМЫЗ, мүмкіндігі шектеулі адамдар, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері енгені жөн», деген болатын.

Елбасының сол тапсырмасы, міне, бүгін нақты «Ережеге» еніп, атқарылғалы отыр.

Бұл үшін «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы мен оның Бірінші орынбасары Бауыржан Қыдырғалиұлына қандастарымыздың атынан зор алғыс айтам!

Қазіргі таңда осы аталып отырған әлеуметтік топтардың қай-қайсысының да проблемасы жетерлік. Әсіресе, қандастарымыздың түйткілді мәселелерін айтсақ, түн ұйқыңыз төрт бөлініп, төбе шашыңыз тік тұрады.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 1991 жылдан бастап 2018 жылға дейін Қазақстанда халық саны әрең 11% ғана өскен.

Бұл көрсеткіш көрші Өзбекстанда 60%, Тәжікстанда 68%, Қырғыстанда 43%. Сөйтіп, Орта Азиядағы көшбасшы мемлекет бұл жағынан көшстің соңында қалған.

Есесіне, 1991-2018 жылдар аралығында Қазақстаннан басқа елдерге көшіп кеткен адамдар өте көп. Олардың саны 3,7 млн. адамға жеткен. Тек, соңғы он жылдың ішінде (2009-2019 ж.) ішінде Қазақстаннан Ресейге 300 мың адам көшіп кеткен.

Ал, 1991 жылдан 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін 1 057 280 этникалық қазақ (313 256 отбасы) Атажұрқа оралған.

Көшіп кеткендердің саны оралғандардан үш есе артық.  Бұл мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін аса қауіпті мәселе!

Сондай-ақ, Сарапшылардың пікірі бойынша, шетелдерде 7 милиондай этникалық қазақ тұрады екен. Бұл – Қазақстанда тұрып жатқан 18,5 млн. халықтың 38%-ін құрайды.

Демографиялық аспектіде зор екпін беретін осы дайын ресурстарды біз тиімді пайдалана алмай-ақ қойдық.
Себебі біреу ғана.

Ол – Парламентте көші-қон процессін басынан кешірген әрі сол саланың заңнамалары мен проблемаларын жеттік меңгерген, заңнамалардағы кемшіліктерді түзеуге ықпалды тұлғаның жоқтығы.

Әрине, мен Қазақ Парламентін түгел жоққа шығарушы емеспін. Бірақ, 2015 жылдан бері Мәжілістегі Көші-қонға қатысты Заңнамаларды талқылауға қатысып келе жатқан азамат ретінде осылай айтуға тағы мәжбүрмін.
Қайта, өзіміз батыл қадамдар жасап, есіктерді қоғып жүріп, «Халықтың көші-қоны туралы» заңына біраз оң өзгерістердің енуіне ықпал еттік. Сөйтіп, қандастарымыздың кедергісіз құжаттануына жол аштық. Қазақ көшіне деген көзқарас та өзгере бастады...

Бұл – бар мәселе мұнымен шешіліп бітті деген сөз емес. Алда көшіп кеткендердің орнын толықтау, бос қалған оңірлерді қазаққа толтыру жұмысы тұр. Бұған дейінгі отыз жылда алыс-жақын шетелдерден бір миллион қандасымыз көшіп келсе, біз енді әр бес жылда бір миллион қазақты көшіріп әкелуіміз керек!

Сонымен бірге, Елбасының алыстағы ағайынды Отанына оралтудағы Ұлы еңбегі өз деңгейінде бағаланбай келе жатқанын да айта кеткім келіп тұр.
Біз «Нұрсұлтан Назарбаев!» дегенде, бірінші сөзді оның Көші-қон саясатынан бастауымыз керек!

Сөз соңында «Nur Otan» партиясының жаңа бастамасын қос қолдап қолдай отырып, Елбасы партиясының мүшесі, көші-қон саясатымен, қандастар мәселесімен ұзақ жылдан бері тұрақты түрде айналысып келе жатқан тәжірибелі маман және танымал азамат ретінде аталған праймеризге қатысуға шешім қабылдадым.

«Өлеңге әркімнің де бар таласы»-депті ғой кемеңгер Абай. Сол секілді, шартым толып, партиям құп көріп жатса, алда келе жатқан жаңа форматты додада менің де бақ сынап көргім келді. Жеңсем, Мәжіліске депутат болармын. Жеңілсем, баяғыдай қазақтың қарапайым ұлы болып, қандастарымның мүддесі жолындағы азаматтық жұмысымды ары қарай жалғастыра берем.

Ауыт Мұқибек

«Ерен еңбегі үшін» медальының иегері,

ҚР Президенті жанындағы
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351