Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 3964 5 пікір 9 Маусым, 2020 сағат 13:45

Бұл орталық «Ұлттық кино» деген атауға лайық емес!

«Ұлттық киноны қолдау» мемлекеттік орталығы ұйымдастырған II питчинг – қазақ тілінде қорғалған жобалардың болашағы жоқтығын, өндіріске жіберілмейтіндігін, қазақ тілінде жазылған сценарийлердің оқылмайтындығын, жалпы, ондағы 12 адамнан құралған эксперттік кеңес мүшелерінің 10-ы қазақша оқып, түсінбейтіндігін, ал, түсінеді деген 2 адамның өзінде ешқандай салмақ жоқ екендігін және сол мүшелердің «Ұлттық кино» деген түсініктен мүлде ада, мәңгүрттігін, ең бастысы, бұл орталық өзінің «Ұлттық кино» деген атауға лайық емес, ұлттың атын жамылған көзбояушы орталық екендігін көрсетті.

Бұл іс бұлай жалғаспауы керек. Мәдениет министрлігі кадр таңдауда қателескен сияқты. Себебі, бұл мамандар – «Ұлттық киноны» түсінетін, оны жасайтын мамандар емес. Осы министрліктегі кино саласына жауапты, оны бақылап, қадағалап отыратын Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры қайда қарап отырғаны белгісіз?! Бұл орталық – мемлекет бюджетіне қатысы жоқ, өз алдына тәуелсіз, жеке тараптардан қаржыланатын Қор болса бір сәрі. Онда қандай бағыттағы жобаны іске асырам десе де өз еріктері. Керісінше, тікелей министірлікке қарайтын, соның жанынан құрылған, түгелдей мемлекет тарапынан қаржыландырылатын Қор емес пе еді?!

Экспертік кеңестің өзара талқысында Орталық өздерінің таным-талғамына сай жобаларды іріктеді дейік. Алайда 25-мамыр күнгі министірдің және бірнеше депутаттың қатысауымен өтеді делінген водомствоаралық отырыста министірлік өкілдері Орталық басшысы қорғаған, ондағы жобалар «Ұлттық кино» деген атауға сай болуы керектігін неге бақылап, соған баса назар аудармайды?! Жоқ әлде, олар «Ұлттық кино» деген ұғымды мүлде түсінбей ме? Мүмкін олар үшін «Ұлттық кино» деген тіркес жәй ғана сөз немесе жұрт алдында көпшіліктің көзін алдау үшін қолданылып, былай шыққан соң бұрынғы соқпақтың ізін жалғастыру ма?

Егер «Ұлттық кино» деген түсінік таяз болса, онда оның анықтамасы мынау болуы шарт:  «Ұлттық кино» дегеніміз – туындыда ұлттың, бізше, қазақ халқының дәуірлерге жалғасып, қанымызға сіңген, ұлттың өзіндік эстетикасы, этикасы, философиясы мен психологиясы көрініс табатын, тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік үні бейнеленетін, осы халықтың өз тілі қолданылатын, түйіндей айтқанда қазақтың жаны суреттелетін фильмдер! Ал, бұрынғы жылдары шала-шарпы қабылданған «Кино туралы заңдағы» «Ұлттық фильмдер» атауына берілген анықтама өте әлсіз әрі қарабайыр болды. Алдағы уақытта сол заң қайта қаралып, «Ұлттық киноға» жоғарыдағы анықтама берілуі тиіс!..

«Ұлттық кино» дегенде, осы талаптан шығады деген оймен біз де өз жобамызды ұсынған едік. Жоба «Әбіл» деп аталатын. Уақиға желісі ежелгі Әбіл мен Қабыл сюжетінің незігінде алынып, 90-жылдардың басындағы қазақ халқының болмыс-тынысын суреттейтін. Жоба концепциясы – Советтік жүйенің бүкіл бір буынды өзіне дейінгі автохтонды дәстүрінен айырып, оны тек аграрлы қоғамның жұмысшы табы ретінде ғана қарастырып, ауылдық аймақтарда изоляцияда ұстап, ұлттық руханиятқа орасан зор қиянат жасағанын, нәтижесінде ұлттың зор интеллектуалдық қуатының далаға шашылуына негіз болып, бір қауым жұртты «Жоғалған ұрпақтар» санатына қосқандығы жайында ой қозғайтын. Жобада осындай потенциал болса да, оны бағалаған ешкім болмапты. Ал, негізінде бұл жобаны 2015-2016 жылдары «Қазақфильмнің» көркемдік кеңес мүшелері оқып, талқылап, оң бағасын беріп, содан кейін киностудия келісім-шартпен өзіне сатып алған еді. Айта кетерлігі, ол жердегі кеңес мүшелерінің көбі Асанәлі Әшімов, Сатыбалды Нарымбетов, Қасым Аманжолұлы сынды тұлғалар еді. Яғни, көркемдік кеңес мүшелері жобаның потенциялын таныған. Алайда, көркемдік кеңес потенциалын танығанмен сол кезде «Қазақфильмді» монополиясында ұстаған экс-министірдің ұстанған шығармашылық саясатының кесірінен жобаның одан арғы тағдыры баянсыз болды.

Ендігі кезекте сценарий оқиғасы неге 90-жылдары өтеді деген сұраққа жауап берелік. 90-жылдар десе біз нені ойлаймыз? Ол кезең көз алдымызда базар жағалаған халық пен рэкитер-бандиттер бейнесімен ассосциацияланады. Анығында ол жылдар Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңі, халықтың бір қоғамдық формациядан екінші қоғамдық формацияға өтуі, өткенді сараптауы, болашаққа ұмтылысы, ұлттың өзіндік идентификациясын іздеу кезеңі ретінде сипатталуы тиіс еді. Ассоциация осындай әлеуметтік-философиялық бағытта құрылуы керек-ті. Олай болмады. Сондықтан да енді бұдан да кеш болып қалмай тұрып, біз ол кезеңге өзінің нақты тарихи бағасын беріп, көркемдік бейнесін жасауымыз қажет. Мысалы, қазіргі біз үшін 1960-70 жылдардағы халықтың әлеуметтік-рухани бейнесін суреттеу біршама тұманданып, оны зерделеу зор ізденісті қажет етсе, ертең араға 10-15 шақты жыл салған соң Тәуелсіздіктің басы, 90-жылдар жайында тақырып көтеру де соншама күрделі бола түспек. Өйткені, ұрпақ ауысады, заман өзгереді, сол кезеңді көзімен көрген қауым тарих сахнасынан жылжиды. Сол себептен де бұл тақырыптың көтерілер кезі осы сәт.

Жобаның алдағы тағдырын уақыт көрсетер. Біздің ендігі айтпағымыз мынау. Қалай болғанда да бұл Орталықтың басына қазақтың мәдениеті мен әдебиетіне қанық, өнерге деген өресі жоғары, ұлттық танымдағы менеджер келу керек. Бұл заман талабы! Ұлттық аудиториямен санаспай болмайды. Мәдениет министірлігі шынымен мәдениет тудырғысы келсе – бүгін бар, ертең жоқ дүниелер емес, халықпен бірге жасап, оның рухани құндылығына айналатын көркем туындылар жасауға мүдделі болуы тиіс. Оның ең басты шарты – «Ұлттық кино» тудыру. Ал, «Кино Фонд» пен Айманов атындағы киностудияның арасында болып жатқан дауға байланысты, ендігі ретте бұл Орталық «Қазақфильмге» қайтып келген немесе тәуелсіз өмір сүруін жалғастырғанның өзінде, бұндағы басшылар «Ұлттық киноға» деген өз ойларын өзгертуі, не басшылық құрам түгелдей ауысып, ондағы концепция қайыра қарастырылуы тиіс. Ал Экспертік кеңес мүшелері қайыра жасақталуы қажет. Бәрі емес, бірақ, жартысынан көбі. Олардың құрамында қазақ мәдениетін, өнерін терең түсінетін Әлия Бөпежанова, Назира Мұқышева, Әсия Бағдәулетқызы, Гүлзат Көбек сынды өнертанушы, сыншы мықты мамандардың болуы маңызды. Әрине, шетелмен байланыс жүргізуге сауатты, прокат, жобаларды дамыту ісіне білгір азаматтар сол кеңесте қалсын. Ал «Ұлттық кино» дегеннің не екенін түсініп, айырып беретін жоғарыда аты аталған мамандар болуы тиіс. Осындай мамандар бұл орталыққа тартылмаса, қазақ киносы қазаққа жат күйінде қала бермек.

Ойымыз осы.

Тәмәм!

Елзат Ескендір,

кинорежиссер.

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5409