Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 2634 2 пікір 12 Маусым, 2020 сағат 12:54

«Элитаның» пост-митинг пропагандасы жайлы

Қазақстандағы алғашқы және әзірге жалғыз митингіме былтыр жазда қатыстым. А.Ильяшев 36-талпынысында рұқсат алған митингіге ҚР азаматы және саясаттанушы ретінде қатыстым.

Маған митингішілермен қатар әкімшілік өкілдерінің, мәслихат депутаттарының, полицияның және митингіні басынан соңына дейін камераға түсірген, қара көзілдірік таққан, қара сөмке асынған бір топ жігіттің іс-әрекетін бақылау кәсіби тұрғыдан қызық болды. Сол кезде қара киімді жігіттердің жүріс-тұрысына қарап, оларды КНБ, әкімшіліктің ішкі саясат бөлімі немесе әкімшілікке қарасты мекеменің қызметкері болуы мүмкін деп болжадым.

Ася Тулесова “полицейдің фуражкасын ұшыратын” монтаждалған роликті митингіден қалмайтын сол қара киімді жігіттің бірі түсірген болуы мүмкін деп ойлаймын. Яғни, өткен сенбіде “элитаға” танымал белсенділерді жағымсыз кейіпте көрсетуге керемет мүмкіндік туды. Полицейлер әдеттегідей митингішілерге қысым көрсетті, "кара киімді операторлардың" жолы болып, бейбіт митингіге шыққан медиада аты танымал белсендінің эмоцияға берілген сәтін жақсылап түсіріп, оны қара ниетті кураторларына, олар оны ары қарай арсыз идеологтарға өткізді, олар оны Фейсбуктегі жалдамалы пропагандистерге таратты.

Одан кейінгі саяси репрессия пропагандисттерінің жиіркенішті іс-әрекетін Фейсбукте бәріміз көріп отырмыз. “Элита” маскасы талай шешіліп, беті әбден ашылып кеткен жандайшаптарды не үшін әлеуметтік желідегі кезекті пропагандаға қолданып отыр?

Менің ойымша, оның екі мақсаты бар. Біріншіден, “элита” осы пропаганда арқылы А.Тулесоваға қатысты соттың шешімін қоғамдық және саяси дискурста легитимизациялауды жеңілдетіп, батыс елдері мен халықаралық ұйымдардың алдында өзінің бейбіт митингілердегі репрессив амалдарын ақтау үшін жасап отыр. Екіншіден, А.Тулесованы осындай резонанспен жазалау арқылы қоғамдағы саяси белсенділерді үркітіп, азаматтарды үрейде ұстау үшін, митингіні агрессив адамдардың ермегі деп көрсету үшін жасалып отыр. Яғни, алда болатын митингілерде өз жұмысын жеңілдетіп, саяси протестті “заң үстемдігін” орнату арқылы ауыздықтауға тырысудың амалы.

Алда А.Тулесова және өзге саяси белсенділер “Госдептің агенттері”, “шетелдік гранттарды игеру үшін митингіге шығып жүр”, “пятая колонна”, “ЛГБТ-ны қолдау арқылы қазақты азғырушылар” деген дәстүрлі тізесі шыққан шаблондармен посттар жазылса, таң қалмаймын. Мүмкін жазылып та қойған шығар.

Сондықтан дәл қазір “қара киімді операторлар” мен олардың кураторлары, ішкі саясаттың идеологтары мен жалдамалы пропагандисттерге қоғам ретінде есейгенімізді дәлелдейтін кез. Олардың адамгершіліктен ада және идеялық тұрғыдан импотент екенін дәлелдейтін кез. Дәл қазір бетсіз пропагандистер саяси белсендіні жазалау арқылы “заң үстемдігін” талап ететін кез емес. Дәл қазір осы уақытқа дейін жаппай үнсіздік пен қорқыныштан жол берген конституциялық құқықтарымызға қол сұғуды “элитадан” тоқтатуды талап ететін кез.

Дәл қазір саяси репрессияға қарсы күресетін кез.

Шалқар Нұрсейітовтың әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5480